Тыныштықбек Әбдікәкімов - Әдебиет тұлғалары - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Әдебиет тұлғалары

Тыныштықбек Әбдікәкімов

Скачать реферат с сервера 19.08.2010, 03:28
загрузка...
“КҮН ТҰТЫЛҒАН БІР ӘЛЕМ ЖҮРЕР ІШТЕ...”

АҚЫН ТЫНЫШТЫҚБЕК ӘБДІКӘКІМОВ ТУРАЛЫ

Бұл – менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім.
Өлеңдері көзіме, дәлірек айтсам, көңіліме оттай басылды. Ойыма қай-қайдағы оралды. Көз алдыма нелер келіп, нелер кетпеді?..
Басқасын қойғанда, ырғағымен, әуезі, көз тастасы мен сөз саптасының өзі талай-талай жайттарды жадыма салды.
Біруақ Алматының көктайғақ көшесінде жаңа ашылған гастрономия дүкенінің алдында шыны жайманың ар жағында тойған торайлардай торсия жайғасқан білем-білем шұжықтарға – “буржуйдай семіз колбасаларға” мадақ жыр оқып тұрған сүмбі талдай ұзын, қайыңның қабығындай жұқалтақ, сөзі сүңгідей суық та өткір, көңілі мартен пешіндей лапылдап тұрған Төлеужан Ысмайылов, біресе есіктен қыз алдына келген ұялшақ жігіттей сыптия киініп, сыпайы кіріп, сыздиып тұрып, сыздана сөйлейтін Тоқаш Бердияров, біресе өлеңін алдыңа жайып салып, өзі құмарта сорған ащы “Беломордың” көк түтінінің арасында, онсыз да қысыңқы көзін одан әрмен сығырайтып жымсия күліп, дымыңды қаралай құртатын Жұмекен Нәжімеденов, бірауық сырт тұлғасы сексеуілдей шып-шымыр да, мып-мығым, бірақ ауызын ашса, көмейі көрініп, ақ қауырсындай үлпілдеп, ақ періштедей елпілдеп тұратын Төлеген Айбергенов көз алдыма келгендей болды.
Өзі өлеңдеріне Мұқағали Мақатаевтың сөздерін көп қыстырады екен. Бірақ, жаны дүлей болғанмен, жырларында жортаққа ұрынбайтын, жорғасынан жаңылмайтын Мұқағалидың бастан-аяқ жайма-шуақтығы жоқ.
Абай мен Махамбетке де тәу ететіні сезіліп тұр. Абайды абыржытқан алаң дүние мен Махамбетті ашындырған қараң дүниеге өкпесінің қара қазандай екендігі қатты аңғарылды. Бірақ, біреуінің күңгірт күңіренісі мен екіншісінің өрепкіген өжеттігіне сүліктей жабысып қалған ештеңесі байқалмайды.
Кей-кейде сонау алпысыншы жылдардағы Еркін Ібітановтың жағасы жайлау, жайдарман көңіл, жайбарақат айта салар аяқасты тапқырлығы көзге ұрады.
Ара-тұра әзелгі Өтежан Нұрғалиевтың жоп-жорта аңқауси қалатын, кейінгі Өтежанның әп-әдейі қитықтана сөйлейтін сайқымазақтығы қылаң береді.
Алайда, бұл әлгілердің ешқайсысын сол қалпында қайталамайтын, қазақ өлеңінде ара-тұра ұшырасып қалып жүрген талай-талай соны соқпақтарды соңына дейін жеткізіп, айдын жолға айналдыра алған аршынды, сонысымен де көзіңе сойқан елестейтін айбынды ақын. Бұрын-соңды болмаған ақын...
Қазақша айтқанда, біртүрлі ақын.
Қазақтың “біртүрлі” дегені мақтағандықты да, масаттанғандықты да білдірмейді. Бірақ, тосырқағаны мен таңырқағанын жасыра алмай, амалсыз мойындағанын аңғарта алады. Түптей біліп, түбегейлі түсіне алмай жатқандығын да сездіртеді.
Тынышбек Әбдікәкімовті де біреу ұғар, біреуі ұқпас, біреу құптар, біреу құптамас, бірақ ол ешкім елемей кете алмас, ескермей қала алмас, айрықша нысаналы ақын.
Жиырмасыншы ғасырдың кейбір ең данышпан суретшілерінің шығармаларын көргенде оның, ең алдымен, сурет сала алатындығына шүбә келтіретінің бар.
Дәл сондай өлең жаза алатындығына еріксіз шүбәландыратын ұлы ақындары мен әдемі әуезді аңғарып, әдемі әуенді ести алатындығына күмәндандыратын ұлы сазгерлері де баршылық.
Ондайда: “Бұған неменесіне бола таңдай қата болып жүр екен бұл жұрт?”, – деп шыннан аңыратындар да аз емес. Сөйтсе, бұндайда талай гәп бар екен.
Бұл әуелде өткен ғасырда Париж салондарында етек жайыпты. Классикалық бейнелеу өнеріндегі Ренессанстан кейінгі адамды әспеттеу үрдісі қалыптастырған эстетикалық қағидаларға байқатпай басталған шабуылдар бірте-бірте үдей түсті. Адамға тамсану азайып, адамға таңырқау көбейді. Адамға табыну адамды аяушылықпен алмасты. Таңырқау табалауға, аяушылық әшкерелеуге жалғасты. Сөйтіп, өнерде бір кездегі Құдайдың орынын иемденген адам бірте-бірте құбыжыққа айнала бастады. Өмірлік көріністер буалдыр елестерге ауысты. Қай нәрсе де табиғи қалпындағы тартымдылығын жоғалтып, қилы-килы қитұрқысыз қызықтырмайтын қым-қиғаш құбылуларға ұшырады. Екі дүркін жаһандық соғыс дүниені екі рет асты-үстіне шығарды. Адамдардың бұрынғы көзқарасының ойран-ботқасы шығып, мінез-құлықтары да қырық құйқылжыды. Құйқылжыған құбылма көңіл төңірегіндегі ештеңені қаз қалпында көруге құлық таныта қоймады. Құбылтып, құйқылжытып көргісі келді. Қалай құйқылжытқысы келсе, солай құйқылжытты. Қалай құбылтқысы келсе, солай құбылтты. Суреткерлер тәңірімен тайталаса бастады.
Бұл ағым әуелі Батыс Еуропаны түгел меңдеп, қалған құрлықтарға да аяқ салды. Бірақ, Балтықтан бері өте алмай, ұзақ малтықты. Алпысыншы жылдарғы Хрущевтың эстетикалық тоңмойындығы едәуір бөгесін болғанымен, бәрібір біржолата тойтарып тастай алмады.
Сексенінші жылдар серпілісі идеологиялық тосқауылдардың бәрін жайпап кетті.
Эстетикалық бостандық бізге де жетті. Оны біреулер әншейін суреткерлік желік ретінде қабылдап, жеңіл-желпі түрлік қылтың-сылтыңға бой алдырды. Енді біреулер санадағы түбегейлі өзгерістер ретінде қабылдап, болмыстың бұған дейін үңілуге болмай келген астарлары мен қабаттарын зерделейтін ой жіттілігінің өткірленуі деп түсініп, бостан ойды қасаң қағидалар тізгінінен тезірек азаттандыруға тырысты.
Түр тәуелсіздігі ой тәуелсіздігінен өрбіп жатыр деп түсінді.
Қазақ топырағында сексенінші жылдардың орта шамасынан аяқ басқан бұл әуен әуелі саз және бейнелеу өнерлерінде сес берді.
Енді, міне, әдебиетке де...
Айтпақшы, қазақ поэзиясы қай заманда да елгезектік танытқан. Қадым жырларына қарағанда зар заман әдебиетінің тек мазмұндық қана емес, түрлік өзгерістері аз болмаған. Олардан Абайдың, Абайдан Сұлтанмахмұттың өзгешеліктері қаншама?! Ғасыр басындағы Мағжан жаңалықтары өз алдына... Кеңестік авангардизмнің әсері тиген Сәкен, Сәбит ізденістері сірә белгілі. Отыз жетінің ойранынан кейін жүні жығылып, желігі басылып қалған қазақ өлеңі елуінші жылдарғы Қасым серпілісінен кейін қайта жандана бастады. Әсіресе, алпысыншы жылдары бой көрсеткен үйреншіктілікке, үрдісшілікке шабуыл, түптеп келгенде, өлеңдік түрдің қасаң қағидаларына шабуыл болды. Төлеужан Ысмайылов қазақ өлеңінің ұйқастық, ырғақтық, құрылымдық жүйелерін өзгерте отырып, метафоралық сонылығы мен публицистикалық уытын арттыруға тырысты. Тоқаш Бердияров қазақ өлеңінің құрылымдық қаңқасына көп тиіспей, бейнелілік қауқарын нақтыландыра, осы өмір сүріп жатқан заманымыздың көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап жүрген етене шындығымен мейлінше туыстырып, шынайыландыруға ұмтылды. Оразбек Сәрсенбаев пен Жүсіп Қыдыров ақ өлеңге құлаш сермеп, рухани “ақ таңдақ” болып келген оқиғаларды, қоғамдық санадағы “қара таңдақтарды” жіліктеуге талаптанды. Сырбай Мәуленов пен Әбділда Тәжібаев қазақ верлибрінің сәтті үлгілерін тудырды. Мұқағали Мақатаев қазақы қара өлеңнің табиғи мүмкіндіктерін тауыса меңгеру арқылы да ұлттық поэзияны мағыналық жағынан салиқаландыруға болатындығын дәлелдеді. Төлеген Айбергенов пен Жұмекен Нәжімеденов қара өлеңге айта қаларлықтай әуендік, ырғақтық, строфикалық сонылықтар сіңіре отырып, ұлттық жырымыздың эстетикалық тартымдылығы мен әлеуметтік ауқымдылығын арттырды.
Ал, Тынышбек Әбдікәкімов ше?
Ол расында да, ет турай алмаған есіл тамақтың есін кетіреді дегендей, өзі дұрыстап өлең жаза алмайтын болған соң, дәстүрлі қара өлеңнің ұлма-жұлмасын шығарып жүрген көп солақайдың бірі емес пе?
Ендеше, әділін өзіңіз айта жатарсыз. Әуелі мына бір шумаққа көз жүгіртіңізші:
Біздер “гомосапиенс” кезімізден білгір ек...
Ал, мен өзім, мысал үшін, альфа жылы,
игрек тәулігінде туыппын да...
Кейін, икс-бесінде
(омега жылы)
қайтыс болам.
Соным үшін кешіріңдер.
Айтпақтайын,
мына біздің болмысымыздың жұмбағы –
кәдімгі әлгі Менделеев таблицасындағы
элементтер жиықтығы.
Солар – ішкен, сүйіскен!..
Өлгеннен соң, ыдыраймыз қалайы мен күміске...
Өлеңге тән ұйқас, ырғақ, әуен ыңғайластығынан гөрі математикалық, физикалық ұғымдардың молдығына бірден назар аудардыңыз.
Кеше сен де мемлекеттік фәниді
Шабыттана жырлап едің,
сонда қаламақыңа
кепкен балық сатып алдың,
Оныңды кім оқымақ?
Оны мына біз оқыдық:
Өлі балық сырамен
Кетті ішіліп!...
Өлең қайда?
Оны да дәл мына мен
айта аламын,
әжетхана шындығына жуықтап,
өлең шіркін азоттана
химиялық қуықтан
ағып кеткен...
Енді таңырқайсыз. Таңырқамақ түгілі абыржисыз.
Сөйлемеші,
Елге деген сенің антиқалпың бар!
Партиялық съездерге кардиограммалық толқындар
кәлләм іші – нуклеинбелогымды қызартып...
Бірге туған қарындастан комсомоли қыз артық!...
Советтенген жадымызға:
Мәжілісхат – парақтар,
Көсемдердің туған күні,
Бесжылдықтар!..
Арақ та
Жұмысшы мен Шаруа аңқиды!..
Дәу де болса, бұл арада бас шайқайсыз. Адам арақ аңқымай, арақтың адам аңқуы қалай?
Менде тағы бір Елес бар,
бар болған соң, ол да енді
жоғалмайды!
Тек әзірше құр кезіп жүр бөлмемді.
Мәселеңки, ертеңдері әйтеуір бір өлем мен:
Плюс – минус жұлдызданған ет-сүйекті денемнен
элементтер ұшқын атып, жер мен көкке кеткенде,
сол бір Елес соңғы оттегін тұтандырып өкпемде,
Қанымдағы соңғы қызыл түйіршекке Күн тиіп...
Ақымақтау жусан болып, қайта өсемін қылтиып!
Шайқалақтап тұрған басыңыздың кілт кідіре қалары сөзсіз.
Әне,
Менің ел зарыққан Мәңгі Өмірді сүйетін
ғұмыр бойғы эволюциялық-революциялық Ниетім –
топырақтан жаратылған өсімдіктің реті
түрден түрге көшіп жүрер Құбымалы Жүйе-тін.
Демек, әлгі Жусаниялық Құштарлығымның Обалы –
Жалмаңдаған Жануарияның тұмсығында жоғалу?!
Тағы да бас шайқарыңыз күмәнсіз. Бірақ, бұл жолы тек таңырқап қана емес, таңғалып бас шайқадыңыз. Бағанадан бергі мағынасыз сандырақтай көрініп тұрған сөз түтегінің ар жағынан әлде бір мән қылтиғандай болды.
Яғни,
“боққа айналу”
деген сөз бар, боқ тілде!
Кие де жоқ!
Аруақ та жоқ!
Періште де жоқ мүлде!
Тым құрмаса, Түлен де жоқ, түртіп ойнар көңілді!...
Тфу-у!..
Өйткен жанталасы құрып кетсін өмірдің!
Олай болса,
Тозбай, сынбай, ыдырамай, буланбай,
He шірімей, не болмаса жанып кетпей тұрғанда,
Жұлдызданған Аспанды да (барлығынан жоғары)
жұмыр баспен дар-р еткізіп жыртып шығам мен әлі!!
Қалай екен?! Өлең бе? Өлең ғой... Ақын ба? Ақын ғой...
Бірақ, біртүрлі ақын. Біртүрлі өлең. “Материя”. Оған не жатпайды? Автордың манағыдан бері әр қырынан алып тізбелеп отырған қоқыстарының бәрі де жатады. Сол қоқысқа көміліп қалуға да, тіпті өліп қалуға да болады. “Ақымақтау жусан болып,”, “қайта қылтиып өсуге” де болады. Ақырында “жалмаңдаған” “Жануарияның тұмсығында жоғалуға” да, қайтадан қоқысқа айналуға да болады. Бірақ, ақын рухы тіршіліктің бұл заңына көнгісі келмейді. Түрден түрге көшіп жүрер Мәңгі Өмірдің эволюциялық-революциялық құбылмалы жүйесін “жұмыр баспен дар-р еткізіп жыртып” шыққысы келеді.
Қырық құбылған қоқыс материяның қырқылжың хикматтарына мәңгі бақи өз қалпында тұрғысы келетін Адамдық Рух атой салып қарсы шығады.
Бүкіл кітап – осыны көксеп осқырынған асау жанның ауыр азабының шежіресі.
Аты да қызық – “Ырауан...” Түнекті серпіп, жарықтың жолын ашатын таң алдының шырайлы нұры еске түседі. Бірақ, бұл ақынның айтып отырғаны – әрі сол, әрі ол емес көрінеді. Кітаптың соңындағы авторлық түсініктемеге үңіліңізші: “Ырауан – ырушы, тілуші, жазушы; өткір: острый, резкий; проходящий, пронизывающий, протекающий; өткір яғни Жүз: лезвие; Лик; ағын; өзен; қараңғылықты тіреуші, ыраушы Жарық; күннің ғаламдық Кемпірқосағы (кем бір қосақ); Таң Жарығы; Күн; Күн Нұры”.

Не де болса, бұл – атар таңға тамсанған Рахат кітабы емес, батар күнге кәрленген Қаһар кітабы.
Өзі алты бөлімнен және авторлық түсініктемеден тұрады. Әр бөлімге айдар тағылмаған. Бірінші бөлім: “Құйрық жалы төгілген кіл қысырақ күндер өтті ойнақтап... күйкі сынақ! Мұң аңқыған сезімнің шатқалынан маңырайды таутеке ұйқысырап...”, – деген, екінші бөлім: “Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату...”, – деген, үшінші бөлім: “Омыртқасының өзегін күн кернеген ашқарақ – көкірегімізде құбылады қас-қабақ”, – деген, төртінші бөлім: “Ой мен сезім отқа толы қып-қызыл, неде екенін біле алмайсың түпкі сыр. Өзін өзі танымайтын Санаға Өзге дүниені мүмкін бе еді ұққызу? Қара тәнге қалатыны – бүк түсу. Ал, былайша, бәрі – заңды, түп-түзу: қарын қамы, жемір топырақ, күпті су!.. Естілерден есалаңдық жұққызу! Қайғы ойламау мықтылықтың мықтысы?”.. Ой мен сезім отқа толы қып-қызыл!”, – деген, бесінші бөлім: “Ой атаулы төбе шаштай тік тұрып, берсе бәрін бір-ақ сәтте ұқтырып! Уһ-һ, күптілік!...”, – деген, алтыншы бөлім: “Бұл дүние – жасанды. Ресми. Жүрек – жылқы, тулайды... Иесі – ми”, – деген емеурін жолдармен, “Түйіні”: “Қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып күн болам”, – деген Сұлтанмахмұт сөздерімен басталады. Кітаптың құрылымдық жүйелілігі концептуалдық салауаттылық пен бүтіндікті аңғартады. Бұл – әр жылдары жазылған өлеңдердің әншейін бір көгенде бас қоса қалған кездейсоқ жиынтығы емес, музыкада симфонияны, архитектурада келісті ғимаратты еске түсіретін сом шығарма, біртұтас ансамбль.
Алғашқы бөлімде – ауыл, туған өлке, таныс табиғат, бақташы өмір. Бәз-баяғы орта мен байырғы ахуал. “Ауылым болушы еді күнде боран... Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң. Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап, түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам. Мендегі сөз – құлынды, көз – боталы, бұл дәурен қайталанса жазда тағы!.. Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп, топырақ жапырағын маздатады. Бір білсе, жер қадірін, тау қадірін, білер ме жусан емген марқа түлік... Қыз-Көктем көл басына асығады, бұрымы бұлт ішінде тарқатылып. “Сезімнің сынықтарын құрсар күйді сен маған осы қазір қисаң қидың!” – деп түнгі құрбым отыр, омырауынан бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқиды...” Ыстаған сабаның жомарт пұшпағынан құйылған қысырақтың қымызындай өн бойыңды балқытып қоя берер қайран қазақы өлең!
“Май сағымды маңғаз Тау үріп ішкен, өлең аға жөнелер тіліңізден!.. Қаз дауысы аңқыған қоңыр желге қазанақтың, қайыңның бүрі піскен. Дәрменің жоқ ойыңнан жаңылмасқа, тау тыңдаған саз басқа, сарын басқа, шегірткенің інжулі шырылынан моншақ теріп алар ма еді қарындасқа!..” Пай-пай, таңдайыңды жұлар тәтті сөз-ай! Елігіп үңіле түсесің, елітіп сіміре түсесің.
Кенет – тіліңнің ұшын қышқыл шымшыды ма қалай?.. “Сөз сүйегін өлшеме, мұңды өлшегін; ой – көп, қобыз ділімнің түртер ішегін. Сары дала дөңбекшіп Күн астында, сайтан – сағым сорады бұлт емшегін. Айнала – кіл күйік тау, ісік төбе, айғай жолға көрдім сан түсіп те мен. Құла дүздің кіндігін құйын бұрап.... қарағандар ғана тек күшіктеген. Сор тағдырға Даламның көнген түрі: шала-жансар болса да, ермен тірі. Тобылғының гүлі жоқ!.. Гүл орынына көрінеді қызарып шеңгел тілі”.
Кенет жүрегің шаншып қоя береді. “Мұңсыз да аман болғанмен, құнсыз да аман, көбелектер бітті өліп жұлдызтабан; қаталаған – шөлдеген шерлі Түздің шекесінде күлтілдеп Күн сыздаған! Ақылды жұрт ішкізсін бүгін уын, ашырқанар мендегі ыңыл-уіл. Жел қып-қызыл! Тау ессіз!.. Ессіздіктің езуінің сағымы шұбыруын!..” Жайма-шуақ идилия кенет жұмсақ элегияға, ол – аяқастынан апшыған ызаға айналып бара жатқандай. Манадан бері пейіштеніп тұрған көкжиектен көлгір сағым арылып, тамұқ табы біліне бастағандай.
Сезімтал жүрек өлі төңіректен секем алып, тірі төңірегін тінткілей бастағандай. Екінші бөлім – пәк махаббат, періште көңіл жырлары. Сартап сағыныштың зары. Жандәрмен жалғыздықтың шері. Баяғы Ләйлінің еркетотай назы. Баяғы Мәжнүннің естен танған есірік халі.
Басқаша Махаббат болушы ма еді?! Ол басқаша жырланушы ма еді?! Бірақ, бүгінгі Ләйлі, бүгінгі Мәжнүн ахуалы: “Міне, міне, қоңырау шалып тұрсың! (Көкейіңде пенделік қалып тұр зіл?) Парық-тылсым... Дауысың талықтырсын; айта берші, қайдасың?.. ал, ұқтыршы!.. Күлкі менен күдік те жүре ме бір? Өмір бақи көңілде түнемегір!.. Қалай, қалай?.. ағаң ба?.. жұмысында!.. Дейді бізге: “Тезірек ұғысыңдар!”. Алло-ау, алло-ау!.. Алло-ау, жауап бер, жалындырма, жаным менің тұр қазір сым ұшында!..” Телефон құлағына асылып өліп қалардай бүгінгі Мәжнүннің жан дауысы шыққан жалбарыншы.
Жаны сым ұшындағы сезімталдық. Жаны тырнақ ұшындағы жанкештілік. “Бәрі осылай – тез өтіп, тез бітеді, шырқалып ән, айтылып сөз бітеді. Жамандықтан жанымыз күйер әлі, сол күйіктің орынына көз бітеді; болды деген сәтінде жігер үстем, есік қағып тұрар-ау реніш те. Досың барда – қасың бар, күреңітіп күн тұтылған бір әлем жүрер іште”.
Үшінші бөлім – сол күн тұтылған әлем. Жапандағы жалғыз үй. Жарық әлемнен тек жақсылық дәметкен жадағай қыр тіршілігі. “Бастап келмей әркімді, аңғал соқпақ, жалғыз үйді кесірлі жаннан сақта!” Қапияда жапа шектірмесе, жалғыз үйлі тіршілік болар ма?! “... Біреу келді, Күн оты жана-жана, Қазан-Аспан астында сөнген шақта”. “Екі көзі – қос қанжар, қос қанжардың қылшылдаған жүзіне қан жұғыпты”. “Қалың қабақ қалқалап ішкі райды, қарасұрға қара мұрт сұс құрайды. Көлденеңнен түсіп ап көздерімен келіншектің мықынын ысқылайды”. Бейсауат келген бейтаныс қонақ. Бейтаныс мейманның бейәдеп көздері. Сұс шашқан сұғанақ жанар. Төріңнен төнген оспадар үрей. Бұл жапандағы жалғыз үйді шошытқан жан алар адам ба? Әлде жапандағы жалғыз үйдей жалтақ-жұлтақ күн кешкен қорғансыз қауымның желкесінен төнген жексұрын заман ба?!
Одан әрмен оқи түссең, бұның жауабын өзің табасың. Дымы ішінде далбаса қарекет. Шыны ішінде даңғаза тіршілік. Түнектен өрбіген түн баласы. Қылышқа басын тосқан қылша мойын. Үрейден үсік шалған үркек көңіл. “Миымды бүре-бүре бұлты ажалдың, жұртқа еріп, мың ластандым, мың тазардым; міне, енді... Қала – қара, Ай – сап-сары, сарғайып жалғыз тісі тұр Тажалдың... Тірлік-ай, тәттісі бар, жұмсағы бар, санама қайдан енді мұнша күмән? Өмір не? Қараңғылық ішіндегі бір түннің жаралу ма құрсағынан?.. Азабым – айналамды түсінбегім, арманым – өңімдегім, түсімдегім. Мен кіммін қыбырлаған, қабат-қабат қап-қара құрсақтардың ішіндегі?!...”
Мұндай тіміскі сана қандай түнекке қамап қойсаң да, төңірегін тінткілемей тұра ма? Өзінің кім екенін, қайда жүріп, қайда тұрғанын білмей тына ма? “Осы жайды Жаратқаннан сұрамаққа дұрыстап, бір күдікті тоқтаттым мен қараңғылау бұрышта... Келіп жеттік. Қирап жатыр Хақ-тағала Храмы!... Қайта құру нәтижесі болса керек, сірә бұл?.. Құдай қайда?... Сайтан білсін... Мүсіні тұр көсемнің. Тұрса тұрсын, мен Тәңірді іздеп жүрген есермін. Іздей-іздей, көп есікті ашып-жаптым... Қысқасы... Жолдас Құдай жаңа ғана ішуде екен түскі асын. Әй, Құдай-ай, неге келдім ес білмейтін балаша: Түскі асының уақыты – миллиард жыл, санасам!”
Бүйтіп бір Тәңірдің өзімен қаймықпастан бет ашысып алған бетпақ Сана бет алған мақсатына жетпей қоя ма? Бұған дейін ар жағына не тыққаны белгісіз Беймәлім Дүниенің бедірейгеніне қарамастан, ұңғыл-шұңғылының бәрін үңгіп ала жөнелсін. “Терезелер торланып, темірленген есіктер... “Ура!” – дейді бір бала, мұрт ширатып бесіктен. Түсіне алмай қойған ем... тістей қойдым тілді мен: бір көршіні бір көрші андып-бағып дүрбімен, таразыға тартуда ауыздардың икемін; борап жатыр көшеде қызыл нанның қиқымы... бір досымды іздеп ем арасынан халықтың, жолың болғыр, ақшадан көрпе тігіп алыпты.” Үстірт үңілсең – елес. Дұрыстап қарасаң – шындық. Сөйтсе, күні кешегі далиған дарқан дала деп жүргендері қараң қалған Қарау Дала екен! “Қасқыр да жоқ ол жақта, арқар да жоқ, құрыған; тек иттері мияулап, мысықтары ұлыған... Жер төсіне сол жақта Атом сына қаққан-ды. Мекендейтін халқы да – қара халық, ақ қанды. Жаратқанға сенгендей, өздері тым аңғал-ақ, мал баққан боп жүр әлі, маңдай тері сорғалап.” Келеңсіз дүниені кезе-кезе зорығасың. Көре-көре торығасың. “Зарлы көңіл – қайтқан қаздың көмейіндей сұп-суық, заһарлатып, күте берме, маңдайыңның жіпсуін. Пиғылыңа пысқырмайды, пысық елдің баласы; мақтауда олар – тым ескішіл, даттауда – тым жаңашыл!.. Үкілердің қанатындай үрей үні кеулеген, үміттерің ғана қалды; салар талай әуреге!” “Біздер кімбіз? Не тілейміз? Бағыт қалай? Құбыла? Иіріліп, жиырылып, өз ойыма тығылам.”
Сонда, жанды мұнша жадатқан не?
Ол кешегі есімізді шығарған Есерлік. “Қызыл тулы шұбырынды Ақтабан”. Төртінші бөлім сол қиямет-қайымға бүгін кеп қанығып, бүгін кеп қамығып отырған көңілдің гөй-гөйінен тұрады. “Имендік-ау шүлдірден! Именуіміз илену екенін кім білген! Мықтады ғой! Ұқпады ғой ұл тілді! Түйе болып, Кие болып құтылдық! Ойқоңыр ма? “Байқоңыр” ма бұл тірлік?... Басталды да!.. Аспанды да тілдірдік. Намыс таптап.... нан ұстап та, қол алдық, бүлінбей-ақ, білінбей-ақ тоналдық! Ақталдық та... мақталдық та... құп алдық... Жүз мың жылға жетерліктей сыналдық!” Бұны ойласаң, санаң сапырылып, миың жапырылып қоя бергендей. “Шала қазақ түсінікпен шалап ішіп сан дарын, Арманды Елдің Әліппесін Орманды елдің томдары жаншып жатса, Ар алдында жөн көргендей бұғуды, көкжол Ойлар үнсіз-түнсіз көкірекпен ұлуды әдет қылып, тірлік мәнін күнкөріспен өлшетті!.. Бөбектерге талмап өскен рәзеңке емшекті!.. Не боларын ойламайтын ертесін, Ел – есінен, меңдеп алған дерт Есін! Па десеңші! Қалай өзі ұлт Миын коммунизм Елесімен өртесу?!” Елің әлгіндей болғанда, кісің қандай? “Бес жалғанның құлысың сен, сәл тыншы; құдай берген ессіздік бар алтыншы: ысып-тоңып, естіп, көріп, иіскеп, татып... құшып-сүйіп!.. тындырып!.. жетісінші дәретіңді сындыру!.. Аспан-Ана күнде дұға оқиды. Үні қалай, естілмей ме Бақидың? Сенікі тек – құлшыну да құлшыну! Бақи саған айта қоймас шын Сырын. Неше кілті бар сендегі ырықтың? Ұлы Аспанның ұлы едің ғой. Ұмыттың? Ұмыттың...” Түсінгеннің түңілмеуі мүмкін емес. Қамыққан сайын қай-қайдағыға қанығып, қаныққан сайын қаныңды зәһар жайлап, ойың қажыңқы, тілің қыршаңқы тартатындай. “Қалалары – қояншық. Дала – сұлық. Өзен-көлдің суалып қарашығы, орман-тоғай орынында қара шілік; елін сүйген елдердің санасы ұлып, жаны біткен тобырдың тәні ашылып, жүрегіңе қадалып нала-сүлік, сорып алар болғанда бар асылын, тіл айналып жүрекке бір-ақ сәтте сыймай кетер ауызыңа ала сұрып!...”
“Ар не? Бар не? Түйсіктерді жоқ баулу. Түсінікке түкірдім, ал, таптаурын... Әні бітер Сезімдердің түбінде, наны бітер Төзімдердің түбінде былапыт Сөз және Қанжар сақтаулы...” Міне, біртүрлі ақындар мен біртүрлі кітаптар қайдан шығады? Таптаурын түсініктерге түңілгеннен шығады. Ал ол түңілдірер құбылыстардың түп төркініне үңілгеннен шығады?
Сонда адамды да, қоғамды да, тіпті заманды да осыншалық жын қақтырып жүрген жадының аты не?
Кітаптың аңғартуынша, “ындын” немесе нәпсі. Тойса күптілікке, тоймаса күпірлікке ұрындыратын нәпсі. Мұншама ыңғыршығы айналған ындынның жалқылық та, жалпылық та желігі егжей-тегжейлі жіліктеледі. Жалқылық арнасының өзі екі тарам боп жарыса өрбіп отырады. Бірі – автордың өзі немесе өзі тақылеттес бөріктілер басындағы аума-төкпе гәптер арқылы ашылса, екіншісі – автор қаяусыз сүйген жар, көңіліне күдік қашырған, кейде көңілін қалдырған ұрғашылардың айтуға жайсыз жағдаяттары арқылы байыпталады. Еркекті есерлікке, әйелді мекерлікке, әлеуметті әумесерлікке бастап жүрген бұл жадыны қашан жерге отырғызып кеткенше қай-қайсысы да аңғара алмайды. Ал, қашан жерге қарап қалғанын аңғарған соң, қайтадан ағарып-тазарып, ақ періште қалыптарына түскісі келіп құлшынып жатқан еркек те, әйел де, жалқы да, жалпы да көрінбейді. Тіпті күнәкар кешегісін аңсап, күні өтіп бара жатқан бүгінгісімен қоштасқысы келмейді. Ақынды бәрінен де сол көбірек қинайды.
Ойбай-ай, ұят-ай, Ындынның Жаны қайда, мен қайда?
Мүңки иірімденіп, суылдап өтіп жатқан алапат күнкөріс
Құрдымына күмп-п етіп түсіп кету дегеніңіз осы шығар?!..
Шынында да, солай екен!
Күмп-п ету, о күмп-п ету!..
Тірі шөпті көрмей өскен інжілтану үмбеті
Көңілдерін терезелерінен телміргендерге селт етпей,
Ермек үшін, ергежейлі ит асырап пәтерде,
Таң сәрісі күлгінденген бейғасырға өтерде,
Ежелгі елдің көшелердегі көлеңкелеріне де кіжініп...
Кешегі өткен империя мастығының қызылы
Тұмсықтарында ғана қалған дарындылар шүбәлі
Ертеңгі күн елестеріне де еріндерін шығарып,
Әулиелер әулетінен санағанда өздерін,
Іңірдегі тұрмыс түрі телесекс көзденіп,
Қылмыс қылы тиген сайын қытығына Пәктіктің,
Аязыңа пысқырмайтын
Радиоактивті
Масалардың ызыңынан да беймаза жұрт қозданып...
Айдаһары зауыттардың ми қыртысы газданып...
Даласына саусақ безеп тұрған қола Сұлбаны
Тәңір тұтқан Ұлы Түздің қара көзді ұлдары
Жат тілінде бұқаралық аят оқып, күні үшін...
Саясаттың қоза түскен ұрғашылық жынысы
Сақал-мұртын түземеген пролетар түрінде
Түске енетін
Халықаралық қорқыныштың түнінде.
Тәубеге елді түсіретін (күндердің бір күнінде)
Бір жасыл сөз барын білем Жапырақтар тілінде!..
Құбылмалы заңға емес-ау
Қанға ғана көнетін
Сол жасыл сөз
Мына Жалған Дүниеде көне тым
Бұзылмауын тілей жүріп әлеуметтік дәреттің
Сүттей таза бір жарықтық жер тапсамшы өлетін!
Бесінші бөлім санадан өшпек түгілі көз алдыңнан кетіп болмаған кешегінің кесапаттарын кескіндейді. Жамандықтың кетіп болмағаны, жақсылықтың келіп болмағаны зығырданды қайнатады. Кеткеннің қинағаны өткен, келгеннің алдағаны өткен келеңсіз кезеңде ештеңе өз қалпында көрініп, өз мағынасында ұғылмақ емес. “Баяғы бала кезгі ұлы бесін тәубесіз пенделердің бүріп Есін... маңырап босағамнан аппақ елік... бұлттардың күркірінен шөп көгеріп... бір жері Дүниенің тағы сыздап... Ой қалқып Сөздің қызыл соғысында... ажалмен арбасқан бір бақсыдағы иектің ең ақырғы қағысында күп-күрең ит бейнелі құс кісінеп... Заңынан көмекейдің тыс кісілер ертеңнің елесіне саусақ малып... аңырып ақиқаттан алшақ халық... ыңырсып қарсы алдымнан тұрмыс тағы, алмасып бір қайнағы, бір мұздағы... өзіме өзім кейіп... Қара түнде отырам қызылшақа жұлдыз бағып...”. Бұл – өлеңдегі сюреализм, бірақ көңілдегі реализм. Өйткені, көз әлі ештеңеге түбегейлі жеткен жоқ. Көңіл әлі ештеңеге түбегейлі біткен жоқ. Ендеше, ол қалай жайбарақат бола алады?! Қалай аунақшымайды?! Қалай төңбекшімейді?
Алтыншы бөлім сол аунақшып-төңбекшіген алаң көңілдің анатомиясын іреп-сояды.
Бесінші бөлімді: “Шексіздікте көшіп жүрген бүгін ғана бар мәңгі!” – деп аяқтаған ақындық пайым алтыншы бөлімді: “Бақи деген – қарапайым айналым: ойлануды сезіну мен сезінуді ойлану”, – деп бастайды. Ой мен сезім бірін-бірі ерткен бұзаулы сиыр сынды ноқталы ұғымдар. Бірақ, енесі – сезім, төлі – ой шығар. Өмір сезімді емізеді. Сезім көңілді емізеді. Көңіл ойды емізеді. Пікір солай туып, солай өрбиді. “Оу, Өлмес-ау, сезім – тәтті, ой – ашты? Түйсігіңді нендей үндер оятты? Күн астында құр күңсисің шараптан, Қырық Пышақ бар, қызаратын Ай асты! Мынау Дүние керіс пе, жоқ, кіріс пе? Жауабы оның – Жаннан нәзік, жіңішке. Жауға деп, сен сүт құйғанда алтынға, саған деп, жау у құяды күміске!” Бәрібір сол баяғы гәп: “Өмір – Күрес, Өлмес-ау, Күрес – Өмір, сайтан мінген пендеге ілесе біл. Өмір – Күрес! Әйтсе де, Дүние – Кезек: біресе жын әндетер, біресе құл... Байлық пенен мансаптан, дабырадан бас тартпаған пенде – адам, жемір – адам... Сайтан оған мінсе де, ол – сайтанға, өзгермейді ешқашан өмір одан!” Тіршіліктің трагедиясы да осында. Бәрі де өзгерер. Жау да өзгерер, дос та өзгерер. Бар да өзгерер, жоқ та өзгерер. Заң да өзгерер, заман да өзгерер. Бірақ, құлық өзгерер емес. Құлықты өзгертетін ындын өзгерер емес. Жұрттың бәрі де бақытты болғысы келеді. Кеше жоқтар барды талап жаппай бақытты болғысы келді. Бүгін жалқылар жалпының несібесін жабыла талап жаппай бақытты болғылары келеді. Аңсайтындары – әйтеуір, обал-сауапты ұмытқан озбырлықпен келетін бақыт. “Еруліге – қарулы!” – деп аталар бұл, шайқастың бітпейтіні мәңгілік, екеуі де ұққан емес, бірін-бірі мәңгіріп!.. Екеуі де, күндер де күн, қалар, бәлкім, моласыз?... Сегіз қиыр Шартараптық Таң пен Баққа таласып, тәубені ұмытып алған кезде Өзара Ортақ ісінде, Тәнің түгіл, жаның түсіп кетер басқа пішінге!” Таңмақшарда тайраңдайтын Тажалды бес күн тірлікте сайрандатып қойған жетесіздіктің тегін, төркінін, салдарын жан-жақты талдай-талғай алған ақын тоқтамдарына біреу қосылар, біреу қосылмас. Бірақ, тебіренбей, теңселмей, енжар қала алмайды. Тіршілікке қажет сыбаға емес үлес, енші емес меншік іздеген сімсік ындын сілікпесін шығарған бүгінгі адамзат бұл ібіліс ұғымдардың қыл тұзағын қалай шешіп шығудың жолын бақ пен таққа жабыла таласқандай, жабыла іздемесе, құлағын қылтитып тұрған Қиямет-қайымнан қашып құтыла алмайды. Ақын сол Қиямет-қайымның қаупі мен қияпатын көлкештемей, көлгірсімей, таусыла бейнелеп, тапсына сөйлейді. Өйткені, Ақынның Ақиқатқа қиянат жасауға хақысы жоқ. Бірақ, Ақынның Үміттің онсыз да әлсіз отына су шашуға да хақысы жоқ. “Мына Жалған Дүниеде бес Күндік, Өмір – күрес!” деген ұғым ескірді”, – деп түйіп, “бір шаңырақ – күн астындағы бар халықты” жарастыққа шақырады. “Тектен текке шаттанбаймын бұлай мен, О, Сор Тірлік, сынайсың ба, сынай бер! Бүкіл әлем оңға айналып, ұдайы, есін жиып – тілдеседі құдаймен! Оң мен солдан Биіктік пен Тереңнен Жаратылған Ой жайнайды Өремнен!.. Жұдырықтай жүрегіммен мықшия бас орынына күн көтеріп келем мен!..”
Бұның бәрі – құрғақ қиялдың желдірмесі емес, қиналған жан, төгілген ар, шамырыққан намыстың тебіренісі. Оның бір кезде Абай күңіреніп, Шәкәрім шәйіт болып, елу жыл зұлмат тоқпағы төмпештеген Шыңғыстау топырағы түлеткен жас ақынның жанын тербеп шығуы да тегін емес.
Юрий Тыняновтың айтуынша, ең мықты лириктің ар жағында өліп-өшіп сүйген бір әйелден көңілі мықтап қалған, өрттей өкінішті құпия махаббат жатады екен. Біздіңше, бұл кітаптың да ар жағында өліп-өшіп сүйген өмірден қаралай көңілі қалған өрттей улы өкінішті тылсым махаббат жатыр. Күл болған сенім, тұл болған мұрат жатыр. Алданған арман, адыра қалған шындық жатыр. Оны адамзаттың ең қатерлі қылмысы жасалып, ең зұлмат зорлығын кешкен аймақ пен халықтан шығып, соның қақ ортасында жүріп, бәрін көзімен көріп, қанына сіңірген ақын азамат айтпағанда, кім айтады?
Бұндай кітаптың дәл бүгіндері жарық көруі де заңды. Әдеттегідей дәуірге үн қосу, заманды жырлау дегенді әлеуметтік жалпақшешейлік пен желөкпелік деп емес, мойыныңа тарих салып отырған талқыға қаймықпай жауап іздеу деп түсінетін қайсар ұғым да көкірегімізге енді-енді қонақтай бастады. Бұл кітап сонда қай жанрға жатады? Алғашқы бетте көрсетілгендей, “өлеңдер, балладалар, толғаулар” ма? Жоқ, бұл – өлеңдер, балладалар, толғаулар арқылы айшықталған замана панорамасы. Қазақ болмысының әлі бастан кешіріп үлгеріп болмаған рухани одиссеяларының кең қарымды эпопеясы. Екі мыңжылдық тоғысында тағдырын тағы сынап көрмек ұлтының әрі трагедиялық, әрі қаһармандық сағасы. Шерлі баяны. Шерменде Баяны. Өлімшілесе де, өлтіре алмаған өркеуде Баяны. Үшінші мыңжылдыққа да үміт пен күдіктің арпалысы үстінде адым салып отырған қазақ рухының кескекті тағдыры мен кесек кескіні. Барша қазақ баласының рухани драмасы. Бұған дейін қазақ поэзиясында кеңінен таралмаған тосын үлгі мен тосын сарында жазылған, үздіге оқылар үздік туынды. Бір кезде Сұлтанмахмұттың ғұмыры жетпей, Мағжанға мүмкіндік бермей, айтылмай, аршылмай қалған, көмейімізде көп тұрып, көмескі тартты ма деп күмілжіп жүрген көкейкесті сырымыздың ойда жоқта өзінен өзі ақтарыла төгілген сел нөсері. Тосын құбылыс. Төтен құбылыс.
Иә, бұл – өзек өртеген наланың жыры. Тек кешегіге ғана емес, бүгінгіге де бағышталған нала мен наз. Әлі күнге орнығып болмаған қоғамға, оңғарылып болмаған заманға нала. Ең бастысы, әлі күнге адам болып кете алмай жүрген адамға нала. Бәрімізге айтылған наз. Бәрімізді теңселете күйзелтіп, тебіренте ойландыратын шығарма.
Иә, бұл біртүрлі кітап... Тынышбек Әбдікәкімов те біртүрлі ақын. Тек талантты ғана емес... Жә, ар жағын айтпай-ақ қоя тұралық. Әлі жас қой... Әлі жазар... Әлі жарқырар... Айтарымызды айтып үлгерерміз әлі...
Біртүрлі ақынның біртүрлі кітабы жайындағы пікірімізді осылай біртүрлі аяқтағанды жөн көрдік... Айтпақшы, бар болғаны бес жүз данамен басылып, көп оқырманның көзінен көлеңке қалған кітаптың едәуір бөлігіне “Таң – Шолпан” жуық санында өз бетінен орын бермек. Оқырманы, ең болмағанда, жиырма есе көбейеді ғой. Жақсылықтары алдарынан шықсын, Алладан қайтсын!
4 қыркүйек, 2001 жыл.

Әбіш Кекілбаев

Категория: Әдебиет тұлғалары | Добавил: Аслан
Просмотров: 1420 | Загрузок: 195 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>