Главная » Файлы » Қазақ әдебиеті

Көлбай Төгісовтың әдеби мұрасы

Скачать реферат с сервера 07.11.2010, 14:50
загрузка...
КӨЛБАЙ ТӨГІСОВТЫҢ ӘДЕБИ МҰРАСЫ

Мақалада Көлбай Төгісовтың ағартушылық бағыттағы шығармалары сондай-ақ, ондағы көтерген өзекті мәселелер мен қазақ халқының саяси тұрмыс жағдайын толық ашып көрсететін туындылары қарастырылған.

ХХ ғасырдың басынан өрістей бастаған қазақ зиялыларының саяси қозғалыстарының басты талап-мақсаты қазақ елін отарлау жүйесінен құтқарып, езуші тап өкілдерінен азат ету, ұлттық тең құқылықты орнату, оқу-ағарту ісін жетілдіріп, өркениетті елдер қатарына қосылу еді. Осындай талаптарды жүзеге асыру барысында зиялыларымыз Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жаһанша, Райымжандармен бірге қоғамдық-саяси аренаға шығып, тұңғыш социалистік «Үш жүз» партиясын құрған, «Алаш», «Үш жүз» газеттерін ұйымдастырып шығарған, заң, әдебиет, тарих салаларына маңызды мақалаларымен үлес қосқан азаматтарымыздың бірі- ағартушы, драматург, публицист Көлбай Төгісов.
К. Төгісовтің өмірбаянына үңілсек, ол 1879 жылы Семей облысы Зайсан уезінің Шорға болысында дәулетті жанұяда дүниеге келген. Найманның Қаракерей руының ішіндегі Байжігіттен тараған арғы аталары Сарыарқаға әйгілі болған Ұлтарақ би, тобықты Бөжейдің нағашы атасы Бөжей, Сара ақын өлеңіне қосқан құт Шаянбай, Абаймен араласқан Төгіс пен Бөгіс. Шаянбай ұрпақтарынан сегіз адам қажылыққа Меккеге барған. Бұл жөнінде 1895 жылы Сара Біржанмен айтысқанда:
«Сөйлейін Қара Шорға, Байжігітті,
Ботабай Шаянбаймен екі құтты.
Ұрқынан сегіз адам қажы барған,
Болыпты осы кезде дінге мықты»,-деген екен. Осы қажылыққа барғандар: ағайынды Бөгіс пен Төгіс, Иса, Құсайын Бөгісұлы, Айдос, Андабай Төгіс ұлдары, Бөжейден Әділ мен Қайран. Төгіс осы қажылық сапарында қайтыс болып, ұлы Айдос әкесін Семейге әкеліп, Ертістің шығыс жағалауындағы зиратқа жерленген. Төгістен Тобықты, Айдос, Андабай, Әбділдабек, Солтан, Көлбай туған.
Көлбай Зайсан ауыл шаруашылық мектебін бітірген. Орыс тіліне жетік болғаннан кейін жергілікті үкімет орны оны Зайсан уезінің бітімгерлік сотының тілмашы қылып алады. Жалпы Көлбайдың жоғарғы заң орнында оқығандығы туралы дерек жоқ. Сондықтан оның заң саласына келіп, кейіннен адвокаттық іске араласуының бірден- бір себебі орысша білуінде болса керек. Ал Төгіс ұрпақтарының айтуынша, ол Петербург университетін экстерн жолмен бітірсе керек.
Көлбай Төгісовтің өмір жолы ХХ ғасырдың басындағы революциялық күрес жылдарымен тығыз байланысты. Сондықтан оның саяси қайраткер болып шыңдалуына елде болып жатқан өзгерістер әсер етпей қоймады. Оның публицистикалық қызметінің де оянуы осы кезеңге тап келді.
1905-1907 жылдары қазақ зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаевтармен бірге патша үкіметінің қазақ жеріне жүргізіп отырған саясатына қарсы шығады. 1905 жылдың 15 қарашасында Қарқаралыда патша манифесіне қарсы болған толқуға қатысады. Осы манифестация кезінде ол Жақып Ақбаевпен танысып пікірлес болады. Қазақ- орыс зиялыларымен бірлесе патша үкіметінің әділетсіз заңына қарсы шығып, өзін ел арасында күрескер ретінде таныта біледі. Жергілікті үкімет орындары Қарқаралыда өткен манифистацияны «бүлік» деп жоғарғы жаққа хабарлап, көмек сұраған кезінде Әлихан Бөкейхановқа болған мән- жайды түсіндіріп «бүлік» еместігін дәлелдеп, қол қойып, жеделхат жіберген қазақ- орыс зиялыларының арасында Көлбай да бар еді. Осы жағдайдан кейін ол «Семипалатинский листок» газетіне Қарқаралыдағы болған оқиғаның жайын түсіндіріп, уезд басшысы Оссовскийдің мәліметінің жалғандығын айтып Қарқаралы уезінің 21 болысының өкілдері патша ағзамға жедел хат жібергендігі жөнінде хабарлама жариялайды.
К.Төгісов қазақ даласындағы болып жатқан өзгерістерді бақылап қана қоймай, оған қызу араласты. «Семипалатинский листок»газетіне патша өкіметінің қазақ өлкесіне жүргізіп отырған отаршылдық саясатын әшкерелеп бірнеше мақала жариялады. 1906 жылы маусымда Семей қаласындағы Халықтар үйінде болған қазақ сайлаушыларының жиналысына ол да қатысады.Жиналыс төрағасы болып Зайсан уезінің қазағы Отыншы Әлжанов, ал хатшылығына Көлбай сайланады.Жиналысқа Семей өңірінен 180-нен астам қазақ қатысады.Әскерлік міндеткерлік, земство ісі, жер мен дін мәселелеріне қатысты қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері Отыншы Әлжанов, Өмірбек Жамулов, Шәкәрім Құдайбердиев, Сәдуақас Шорманов, Қызырмолла Қоңызов, Әбубәкір Құрмановтармен бірге Көлбай Төгісов те сөз сөйлеп, өз пікірін білдіреді.Жиналыс шешімі бойынша қазақ зиялылары бірауыздан Орынбордағы мұсылман жиналысымен қосылып, бірлесе жұмыс жүргізу қажет деп табады. Осы жиналыстың шешімін ол Санкт-Петербургтегі «Наша жизнь»,»Речь» сынды газеттеріне хабарлама ретінде жариялайды.
Патша шенеуніктері сайлаушыларға қысымшылық көрсетіп, кей кездерде қорлау фактілері де кездесіп жатты. Көлбай осындай бір жәйттің Зайсан уезінде орын алғандығын «Семипалатинский листок» газетінің бетінде қынжыла жазып, «әділдік күн туса» деген ойын ашық білдіреді.
1906 жылы 21 шілдеде Семей облыстық басқармасында Семей облысын земстволық мекемеге енгізу мәселесіне байланысты мәжіліс өткізіп, оған осы облыстың уақытша генерал-губернаторы А.С Галкин мен вице- губернаторы Н.Ф. Ницкевич қатысады. Патша шенеуніктері орыс шаруалары мен казактар мекен етіп жатқан жерлерді облыстық земствоға енгізу мәселесін қолға алуға айрықша тоқталады. Осы мәжіліс жөнінде хабарлама «Степной пионер» газетіне жарияланады.
К. Төгісов земство мәселесіне қатысты генерал- губернатордың басшылығымен өткізілген мәжіліске облыстық басқармадан 5-6-ақ қадам жерде тұрып жатқан қазақ өкілдерінің мәжіліске шақырылмауынан басты кемшілік дейді. Жалпы жергілікті шенеуніктердің отырықшы орыс жұртшылығының қызығушылығын тудыратын ережелерге ғана тоқталып, ал тұрғылықты халықтың 85 пайызын құрайтын қазақтарға патша әкімшілігінің «жабайы саяси және экономикалық өмір сүруге әлі лайықты емес» деген пікірді ұстанып отырғандығы оның ызасын туғызды. Сондықтан Көлбай земство ісіне зиялы қауым өкілдерінің тікелей араласып, «жеті миллиондай қазақ халқының атынан ұлтымыздың мәдени дамуына жұмыла кірісіп, еңбек етуіне шақыратынын» 1906 жылғы «Семипалатинский листок» газетіне жариялаған мақаласында ашық жазды. Ол Жер басқармасының ендігі жерде көне беруге болмайтынын, сондай-ақ ескі әкімшілік аппараты өз орнында қалса қазақ халқының сол бұрынғы қалыппен басқарыла беретіні сөзсіз екенін баса көрсетеді. Кейін осындай ниетте жазылған мақалалары оның тұтқындалған кезінде үлкен айып болып, алдына көлденең тартылады.
Осы мақала жарияланғаннан кейін Семей облыстық басқармасының земство мәселесіне қатысты комиссиясының мүшесі Запаловский оның сынына мүлдем келіспейтіндігін, комиссия мүшелерінің жұмысын өткір сынап отыр деген қарсы пікір айтады. Земство мәселесі бұдан кейін де осы және басқа газет беттерінде бірнеше рет көтеріледі.
М. Әуезов «Ақаңның елу жылдық тойы» мақаласында көтерілген үш мәселенің екіншісі «қазақ жұртына земство беруді сұрау» екендігін көрсеткен болатын. Алаш жетекшілерінің бірі Ә. Бөкейханов та ақпан революциясы жеңіске жеткен алғашқы күндерде Ресейдің федеративті республика емес, кең земстволық басқару жүйесі бар республика болуын жақтағаны белгілі. Оның 1917 жылғы шілдеде өткен бүкілқазақтық съезден кейін ғана Алаш ұлттық- территориялық автономиясын құру туралы шешім қабылдағаны Ә. Ермековтың 1930 жылы 15 қарашада ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында келтіріледі.
К. Төгісов земствоның қазақ жұртына тигізетін пайданың зор екенін, земство жүйесін тек отырықшы аудандарда ғана емес, көшпелі жұртқа да енгізу қажеттігін баса айтқан. Кейіннен 1917 жылы бірінші жалпы қазақ съезінде де земство жүйесін көшпелі жұртқа енгізуді қажет деп тауып, шешім щығаруды Уақытша үкімет алдына қояды.
Патша әкімшілігінің жергілікті қазақ халқына жүргізіп отырған әділетсіз билігіне арашашы болу мақсатында Көлбай Орыс үкіметінің тарапынан қысымшылық көрген қазақтардың істі мәселелеріне араласып, көпшілік жағдайда әділетті шешім табуына себепкер болады.
Көлбайдың 1905 жылғы ереуілге қатысқаны, революциялық пиғылдағы әрекеттері мен жергілікті әкімшілік басшыларын сынай жазған мақалалары үшін патша үкіметі оны 1909 және 1910 жылдары екі рет тұтқындайды. Оған Семей губернаторы А. Тройницкий: «1900 және 1907 жылджар аралығында Зайсан уезінің сот басқармасында тілмаштық қызмет атқарып, одан босағаннан кейін Көкбекті қаласында заңсыз түрде адвокаттық іспен айналысып, ұры- қарыларға арашашы болды, орыс пен қазақ арасында жер шекарасын белгілеу мәселесін шешуде халық арасында жағымсыз пікірлер айтып екі ұлт арасында қақтығыс болатындай жағдайлар туғызды, 1905 жылы жергілікті баспасөз беттерінде әкімшілік басшыларын қаралаған, 1907 жылы «Семипалатинский листок» газетінде орыс өлкеде қоныстануына жол бермеу қажеттігін айтқан мақала жариялап, қазақтар арасында « автономия» мәселесін талқылап жүр»,- деген кінәлар тақты.
Көлбайдың жазықсыздан-жазықсыз қамауға алынып, түрмеде отырғандығын айтып зайыбы Бәтима Дала генерал- губернаторына жеделхат жолдайды. Көлбайдың өзі де Дала генерал-губернаторы еш кінәсіз қамауда отырғандығын айтып бірнеше рет шағымданды.
ХХ ғасырдың бас кезінде демократиялық бағыт ұстанған қазақ тіліндегі газет-журналдар дүниеге келе бастады. Ел болашағына алаңдаған қазақ интеллигенттерінің басым көпшілігі осы баспасөз төңіругіне топтасты. Олардың қаламынан шыққан пікірлер бір мақсатқа тоғысып, ортақ қоғамдық ойдың арнасына құйылып жатты. Қазақ зиялыларын толғантқан басты мәселе – тәуелсіз мемлекеттікке қол жеткізу еді.
Ағартушы, журналист, драматург Көлбай Төгісовтің де публицистикалық жолының басталуы осы мақсатта туындады. Оның мақалалары әр түрлі тақырыптарға арналды. Өмір ағысымен туындап жатқан құбылыстардың дамуына ілесе қалам тартып, өз ойын оқырман жұртқа мерзімді баспасөз арқылы жеткізуге тырысты. Патша өкіметінің қазақ халқына жүргізіп отырған отаршылдық саясатын әшкерелейтін, елдің әлеуметтік – саяси жағдайы туралы мақалалары ең алғаш Семейде шығып тұрған «Семипалатинский листок» газетінде жарияланды. К. Төгісов кей мақалаларын «Киргиз – кайсак», «К. Найманский», «Степняк», «Киргиз – степняк» деген бүркеншік аттармен жариялады. Ал оның ағартушылық бағытта жарияланған «Әй, қазақ» өлеңі «Айқап» журналының 1912 жылғы 13- санына басылды. Бұл өлеңінде ол қазақ баласының дұрыс жолға түсіп, бос сандалмай, надандық қапасын бұзып, білім алып, пайдалы іс істегендігі жөн екендігін жас буынға түсіндіруге тырысады. Қазақ халқын ілгері бастырмай, езілген, адасқан, тығырыққа тірелген халін дәл көрсетеді.
Қ. Төгісов осы мақалалары арқылы халық арасындағы мәдениеттің төмендігі мен сауатсыздықтың ертеңгі болашағымыздың ең басты кедергісі екендігін түсіндіре келіп, ағартушылық бағыт ұстаудың қажет екендігін баса көрсетеді. Сондай-ақ, халық үшін мектеп ашып, кедей балаларының оқуына барлық жағдайды жасаған Қапал азаматтары Маманов, Тұрысбековтің игі істерінен көпшілікті хабардар етті. Бұл игі іс жөнінде сол тұста белгілі жазушы, журналист, комиссар Сабыржан Ғаббасов та «Қапалға да ай туды» мақаласында: «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Мешіт, медресе былай тұрсын, оқу оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ. Шаһар ішінде қазақтардан бірлі-жарымды оқығандар бар болса да, олар жұрт қайғысымен шаруасы жоқ. Күні- түні босана алмайтын еді»-, деп жазған еді.
Көлбай Төгісов қазақ жастары оқу- білімге ұмтылып, көзі ашық ел азаматы атанса екен деген үмітте болды. Ол үшін ел арасында оқу- білімді, ғылымды, мәдениетті насихаттайтын газет-журналымыздың көбейсе деген ойын «Айқап» журналы арқылы көпшілікке білдіреді. Егер газет шығарылатын болса, бес жүз сомды өз мойнына алатындығын дәлелдей отырып, «Бұл газетіміз шыға қалса маһурлыққа (редакторлыққа) Жаһанша мырза Сейдалин, Бақытжан мырза Қаратаев, Әлихан мырза Бөкейхановтар сияқты білімділерімізден, біреуден тиісті заявлениесін беріп қойсақ, ғылымға жүйрік зиялы жігіттеріміздің һәр уақыт сөз жазып тұрсаңыз қалайша бір газет-дуам еткізе аламыз»,- дейді . Осы «Айқап» журналының 1913 жылғы 2 санында жарияланған мақаланы Көлбай Қапал тұрғындары «Мамания» мектебін ұйымдастырушы Есенғұл Маманов және қазақ зиялыларының бірі Мұхаметсәлім Кәшімовпен бірлесе жазды.
К. Төгісовтің ағартушылық бағыттағы ұсыныстарын, әсіресе газет-журналдарды көбірек шығаруға қатысты көтерген мәселесін қазақ оқығандары мен байлары құп алды.
Көлбай ауқаттыларды алыс жерлерде білім алып жатқан қазақ балаларына ақшалай көмек беруге шақырады. Аягөз қаласына барған бір сапарында осы мәселе бойынша қазақ байларының арасында жиналыс өткізіп, мұқтаж студенттер мен шәкірттерге жәрдем беру қажеттігін түсіндіреді.
Қапалдағы үш жыл мерзімі біткеннен кейін Көлбай 1915 жылы Наманган қаласында болған, ал 1916 жылы Ташкентке келіп, 26 қарашадан бастап «Алаш» газетінің шығуына ат салысады.
«Алаш» газетін қазақ халқы қуанышпен қарсы алады. Газет ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдірген хаттар күннен- күнге редакцияға келіп жатты. «Алаш» газетінің жарық көруіне басқа ұлт өкілдері де тілектес болды. «Алашта» Көлбайдың «Вильсонның жаңа қадамы», «Государственный Дума һәм хүкімет», «Граф Игнатьев», «Жоғалсын Романовтар» және т.б тақырыптағы мақалалары жарық көрді. Ол әр мақаласында маңызды бір мәселені көтеруге тырысты. Мәселен, «Сорлы қыздар» мақаласында қазақ қыздарының аянышты халінен, от басы, ошақ қасынан шықпай, өз теңіне бара алмай, әйел үстіне әйел болып, кәрі шалға кете баратынынан мысал келтірді, қыз балаға деген қазақ арасындағы көзқарастардың зиянды, залалды тұстарын қынжыла отырып, ашып көрсетуге тырысады.
Ағартушының «Алаш» газетінде көтерген мәселелерінің бірі – халықтың ескі мәдени мұралары- ертегілер, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, жұмбақтарды жинастырып, еітап шығару, яғни ескі асыл қазыналарымызды халық жадында сақтау еді.
Белгілі ғалым Қ. Нұрпейіс атап көрсеткендей, «Алаш» газетінде бастапқы кездерде ресми өкіметке ашық қарсылық көрсетілмей, тек оның 1917 жылғы 24 ақпандағы 12 санынан бастап қана революциялық- демократиялық бағыттағы мақалалар жариялана бастады. Оны Көлбайдың «Оян» деген мақаласынан байқауға болады. Қазақ халқының ауыр тұрмысын жеңілдетіп, қараңғы қапастан щығарудың бірден-бір жолы, дүниенің кілті оқу екендігін түсіндіргісі келген ол қазақ жастарын білім алуға шақырды. « Осы заманда дүниеде тұрам, жасаймын, адам қатарына өсем деген адам оқу дариясынан татпай «адамшылық» санына қосылмайтыны мағлұм болған жоқ па? Әсіресе таласып оқу біздің мұсылмандарға өте керек уақыты емес пе еді? Біздерге адам қатарына қосылып, сілкінетін уақыт жеткен жоқ па?”,- деген сауалдарды халық алдына тартады.
«Алаш» газеті редакциясы 1917 жылдың күзінде Ташкенттен Омбы қаласына көшті. Бұл кездерде К. Төгісов Петроградқа Бүкіл ресейлік шаруалар съезіне «қазақ демократиялық ұйымының» атынан өкіл ретінде қатысуға кеткен болатын. Оның «Оқушыларға өтініш» деген мақаласында К. Төгісовтің халық мәжілісіне, Петербордағы шаруалар съезіне өкіл болып сайланып, газет шығару жұмысы Т. Жанбаевқа тапсырылады. Алайда газет басшылығының дұрыс жұмыс істемеуінен «Алаш» 1917 жылдың екінші жартысынан бастап тоқтап қалады.
Көлбай драматургия саласында да қалам тербеп, еңбек етті. Оның қазақ драматургиясы тарихында өзіндік орны бар туындысы- «Надандық құрбаны» пьесасы. Үш перделі пьеса 1915 жылы Уфа қаласында «Тұрмыш» баспаханасынан жеке кітап болып басылып шықты. Кітапшаның алғы беттерінде Көлбайдың «Зармыз», «Құрбыма», «Қайғы», және тағы басқа өлеңдері басылды. Пьесасының сөз басында ол «Қырда болып жатқан көп надандықтың бірер жарымын қолдан келгенше жазып, қазақ жастарына ұсынамын. Егер де ұнаса һәр шаһарда, һәр ауылда ойнап қазақтың өз көздеріне көрсетсе мұндай жолдан тиылар еді деп үміт қылам»,- деп қазақ халқын ілгері бастырмай жүрген надандықтан, қараңғылықтан арылып, ақ жолға түссе деген ниетін білдіреді.
Пьесаның негізгі идеясы – қазақ халқын ілгері бастырмай, аяғына тұсау болып келген рулық-патриахалдық салт-дәстүрді жою. Бұл тұста Көлбай ел арасында сараңдықты, пасықтықты, надандықты ашып көрсетпек болады. Пьесаның «Надандық құрбаны» аталуы да сондықтан.
Пьесаны жұртшылық қуана қарсы алып, қалаларда, ауылдарда «ойнады». Омбыдағы Қазақ оқушыларының демократиялық советі (Ә.Досанов, Т.Арыстанбеков, Ж. Сәдуақасов әдеби кеш ұйымдастырғанда осы пьесаны қояды. Алайда, пьеса кітап болып шыға салысымен бірден сынға ұшырады. Міржақып Дулатов Көлбайдың бұл пьесасының мазмұнын талдап, оның мағынасына тіптен келіспейтіндігін 1916 жылы «Қазақ» газетінің 170 санында жарияланды. Міржақыптың ойынша, бұл пьеса- «байқаусыз-мақтаусыз құр сөз, біріре – бірі қалаф оқиғалар. Кітап 40 бет. Мұның 26 беті өлеңмен толған, 16 беті ғана драмаға арналған». М.Дулатов көрсеткендей, бұл пьеса мазмұны жағынан кемшілікті болса да, тақырыбы қарапайым, халық тұрмысындағы келеңсіз көріністерді сынға алған өз кезеңіндегі бірден-бір туынды еді.
Ғылыми зерттеулерде, саяси әдебиеттер мен көркем шығармаларда «Үш жүз» партиясы жөнінде буржуазиялық ұлтшылдар деп жаппай қаралаған пікірлер жазылып келді. Негізінде «Үш жүз» партиясының құрылуы, оның саяси және экономикалық, әлеуметтік мақсат-мүддесі, бағыты жөнінде сол кездің өзінде-ақ әр түрлі тілде, баспасөз беттерінде жариялана бастады. Мәселен, Омбы кеңес депутаттарының органы болған «Революционная мысль» газетінде де көптеген мәселелер көтерілді.
« Үш жүз» партиясы жөнінде іле-шала «Алаш» партиясының органы «Қазақ» Х. Ғаббасов, И. Әлімбековтердің ұйымдастыруымен шыққан «Сарыарқа», Қызылжарда шығатын жастардың «Жас азамат» газетінде әр түрлі пиғылда жазылған бірнеше мақала жарияланған. Әрине, көпшілігі «Үш жүзді» мақтай емес, даттай жазды.
1990-шы жылдары «Үш жүз» партиясының тарихын арнайы зерттеген тарихшы Б. Елкеевтің мақалалары «Қазақстан коммунисі, «Жұлдыз», «Алматы ақшамы» басылымдарында жарық көрді. Ғалым «Алаш» партиясымен бір мезгілде дүниеге келген партияның негізгі бағыт- бағдарын талдап, «Үш жүз» жетекшілерінің бірі К. Төгісовтің саяси қызметіне тоқталады.
Алаштанушы К. Нұрпейіс «Үш жүз» партиясының құрылуы, олардың көтерген әлеуметтік- экономикалық мәселелері, «Үш жүз» бен «Алаш» арасындағы автономия, ұлтаралық қатынас мәселелері жөніндегі көзқарастары бірде қайшы, бірде жақын екендігін, «Үш жүз» партиясының басшыларының бірі К. Төгісовтің жүргізген қызметі жөнінде нақтылай көрсете келе: «Үш жүз» 1917 жылғы қазан – қараша ай ларында пайда болды. Әуел баста ол «Алашпен»бірлесе әрекет жасау мүмкіндігі туралы мәлімдегенімен, ол ойынан тез қайтты да, көп кешікпей Қазақстанның қоғамдық- саяси мәселелері жөнінде «Алаштың» бәрі де басты сынаушысына айналды», -деп жазса, ал М. Қойгелдиев «Үш жүз» өзінің пайда болу негізі жағынан да, әлеуметтік жағынан да толық қалыптасып үлгермеген, бірақ ықпалды саяси күшке айналу ниеті бар ұйым деп көрсетті.
Жаңа партияның орталық комитетінің төрағалығына М. Әйтпенов, төрағаның жолдасы болып К. Төгісов, хатшылыққа Ы. Кәбеков, ал Ә. Қылышбаев қазынашы қызметін атқарушы боп сайланды.
«Үш жүз» партиясы 1917 жылдың желтоқсанының соңғы күндерінде жұмысшы және солдат депутаттар кеңесінің толығымен қолдайтынын мәлімдеді, кеңестік өкіметті жақтайтындарын білдіріп жеделхат жолдады. К.Төгісов қол қойған жеделхатта Семей өңіріне қазақ демократиясын ұйымдастыруға «Үш жүз» партиясының өкілдері келді деп хабарлайды. Семей облыстық қазақ комитетін қалай да тарату қажет көрсетеді. Партия 1918 жылдың қаңтар айынан бастап жергілікті кеңестермен бірлесе жұмыс істеді және өздері қабылдаған қаулы-қарарларында қазақ даласында үкімет билігін халыққа беруді талап етті. 1917 жылы желтоқсанда «Дело Сибири» газетіне жарияланған «Ответ органу киргизской партии» атты мақаласында Көлбай Төгісов «Алаш» партиясының өкілдері мен оның басшысы Ә. Бөкейхановтың қызметін сынға алады. Үшжүзшілер өздерінің алға қойған ең негізгі мәселелерінің бірі «Алаш» партиясымен ашық күрес жүргізу деп есептеді. Ол үшін «Үш жүз» партиясының Омбы орталық комитеті алашордашыларға қарсы облыстық қазақ революциялық комитетін құрып, өздерінің солшыл социалист-революционерлерді, халық комиссарлар кеңесі, жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің бағдарламасын қолдайтындықтарын білдіріп, Омбы большевиктік газетіне жариялайды.
К. Төгісов биліктен ғылым мен мәдениетті жоғары қояды, қаруға емес, білімге табылады.
Көлбайдың «Сорлы қыздар» деп аталатын еңбегінде әйел теңсіздігін терең ой тастап жазады. Қазақтың қыз-келіншектерінің хал-ахуалы, адамшылық дәрежесі қандай аяныш, қандай қоршылдықта екені ешбір талассыз әр адамға мағлұм. Осы күнге дейін бейшара қазақ қыздары саудагердің дүкендеріндегі кездемедей сатылып, әр адамның қолына ойыншық болып, ғұмыры гүлдей сөніп, суық қара жерге барады. Алмадай жаңа ғана басқан қазақтың жас қыздары қайдағы намыссыз біреуге кете барады. Көлбайдың қабырғасына қатты батқандықтан осы мәселеге ерекше тоқтала кеткен. Оны мына жерден көреміз: « Қыз сорлылар өздері сүйіп сондай сұмдарға бармайды, ықтиярсыз қолға салған жүзіктей сатылып кетеді. Қалың малдың алды келіп белдеуге байланған соң махаббатсыз жүрегі қара, көңілі соқыр.Ата-анасы сы қыздың көз жасына қарамайды. 15-16 жасқа жаңа шығып, сұм дүниенің дәмін татып, ыстығына күйіп, суығына тоңған, ақ жүрек, ақ көңіл қыздарды қартайған, жақсылық, жамандықтың бәріне тойған, мұздай суық, тастай қатты махаббатсыз ата-ана жеңбей қоя ма?» Осы жолдарға біз зерделей қарайтын болсақ, оның қазақтардың сол кездегі салт-дәстүріне қарсы болғанын байқаймыз. Оның көтерген мәселесі- қыз теңсіздігі. «Алаш» газетіне келіп түскен хаттарды газет бетіне жиі жариялап отырған.
«Граф Игнатьев» деген мақаласында оқу-білімге баса назар аударады. Граф Игнатьев барша жанға бірдей ауырлық түсіп тұрған кезде оқу тізгінін қолға алып,Россия елінің әр бұрышынан щам жағып, қараңғылықты қуа бастап еді.Оқу министрі Граф Игнатьев сол елдің балаларын білім нәрімен сусындатқан асыл азаматтардың бірі болған. Ол кісі адамдарды ұлтына, нәсіліне бөліп жармай, барлығын өз ұлтының азаматындай көріп, өнер-білімге шақырған. Дүние жүзіне ауырлығы білінген қалың соғыс уақытында граф Игнатьевтің еліне істеген қызметін, халқыеш уақытта ұмытатпаған. Россияның әр жерінен университет ашып, жаға гүлденіп келе жатқанда ісін шала тастап, қызметтен шығып қалған графтың еңбегін зор ынтамен жазады. Осындай бір суық уақытта граф Игнатьевтің мемлекет кемесінен кеткені саяси жағынан қарағанда тарихта бір жол болып қалса керек. Мемлекеттің әр бұрышынан шам жағып, қараңғылықты қуа бастаған көзі ашық көкірегі ояу асыл азаматты үлкен сүйіспеншілікпен жазады. Бір жағынан өзін де соған ұқсатады.
«Қазіргі күйіміз» мақаласында сол кездегі халықтың ішкі саяси жағдайын ашып көрсетеді. Мемлекет басшыларының жиі-жиі қызметінен ауыса беруін, әр басшының әр түрлі жүргізген саясатына наразылық танытады.
Оның «Оян» атты әңгімесінде елдің сауатсыздығын жою басты мәселеболған. Халықтың көкірегінен орын алған сауатсыздықты жою, халықтың көзін ашу мақсатымен осы мақаланы жариялайды.Онда: «Түркістан жаққа да сәуле көрініп, ғылым шүмегінің құмды жарып шыққандай көзі ашылып, халыққа сусын боларлық құдық орнамақ. Міне, мұндай жақсы хабарды естіп, оқу дариясының қадірін білетін, бізден гөрі көздері бұрынырақ ашылған орыс халқының ақ жарқын зиялылары « темірді қызған кезінде соғу керек» деген пікірді қолға алып, дереу іске кірісті.Түркістан жаққа ашылмақ болған жаңа білім ордасын ашпақшы болған ақ жүрек азаматтарға рахмет»,-деп өз ризашылығын білдіреді.Россия мемлекеті – зор мемлекет. Бұл мемлекет алға бармаса, кейін кетпейді. Россия мемлекеті алға кетіп, өсіп жасаған сайын, Россияға қарап мұсылиандар, біздер өсіп, жасап,гүлденеміз, бірақ біздің сол өсіп жасағанымызға, жоқ болып кетпесімізге бір-ақ нәрсе жолдас. Ол- жалғыз оқу.
Б. Елкейұлының Көлбайдың қызметі жөнінде былай дейді: « К. Төгісов басқарған «Алаш» газеті «үлкен саяси» саласында да «бостандық», «теңдік» туралы мәселелер көтерді. К. Төгісов қазақ жастарын әскер қатарына шақыруға да тікелей қарсылық білдірмеді, сондағы мұның көздеген мақсаты, қарапайым түсінігі қазақ жастарын орыс, украин балаларымен бірге әскерге алып, қазақ халқының правосы басқалармен тең болар еді,- деген болатын. «Алаш» газетінің редакторы К. Төгісов.
К. Төгісовтің «Надандық құрбаны» атты драмасында қазақ халқының қиын- қыстау күндері суреттеледі. Болыстардың халықты билеген кездегі көрсеткен озбырлықтары, аранын ашқан билердің халықты қан қақсатуы, аса бір қиын кездер көрсетілген. Надандық құрбаны деп аталуының өзі өмірде орын алып жүрген үстем тап өкілдері мен төменгі тап өкілдері арасындағы талас-тартыс. Дүниеде орын алған озбырлық үстем тап пен төменгі тап өкілдері арасындағы татулықты, бейбіт өмірді аңсайды. Сондай-ақ жастарды өнер-білімге шақырады. Оқу-білімге құштарлық танытқан адамның бойында надандық тұрмайды,- деген. Надандықты жауызға теңеп одан бойды аулақ ұстауды үндейді.
Сор маңдай боп қалың малға сатылып, қор болған қыздардың тағдырларына да тоқталып кеткен. Қазақтарды надандықтан құтқарудың жолын іздейді. Ұйқыда жатқан қазақтарды оятады:
«Ұйқыда жатқандардың көзін ашып,
Құлыңды оята гөр, бар құдайым!» деген тіркестер арқылы танытқан.
«Біздің қазақтан басқа алға кеткен жұрттың арасында да неше түрлі надандық, жауыздық, соқырлық, қиянат істер көп болған Һәм қазір де азырақ бар деп айтсақ болады.Бірақ сондай істердің азаюына, халықтың көзі ашылуына, алға басуына себепші болған 1,2 оқу арқасында жетіліп жұрттың қамын ойлап, неше түрлі өнер, білімнің кілтін алып есік ашқан жігіттер»,- деп жариялайды. Надандықтың ұшқынын біз жиі кездестіреміз. « Ауырып өлгелі тұрған әйелді бақсы сабап, «міне албасты, әне албасты!». Мұндай надан бақсылар қанша әйелдің ажалына қалған. Қырда балаларға шешек егем деген фельдшерлер шықса, қазақ қатындары баласын төсек астына тығады. Сөйтіп шешектен қанша бала ажалдан бұрын өлгеніне ншкім таласпас.
Міне, осындай қырда болып жатқан көп надандықтың бірер жарымын қолдан келгенінше халыққа айтқан.
Қазақтың туысы ешбір жаннан төмен емес. Бірақ бізді ақсатып, соқыр қып тұрған оқу дариясынан татпағандық,- деді Көлбай Төгісов.
Қорыта айтқанда, ХХ ғасыр басындағы аумалы- төкпелі аласапыран заманда ел теңдігі үшін атқа қонған, партия құрған, газет шығарған, қуғын-сүргінге ұшыраған, ақыр соңында жат қолынан қаза тапқан Алаш қайраткері, қаламгер – Көлбай Төгісов еді.
Иә, «Алаш қайраткері» деген сөз тіл ұшына бекер оралып отырған жоқ. Жарты ғасыр бойы «Алаш» деген атаудан алапестей үріккен, айтуға, жазуға тыйым салынған заманда һәм бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы оларды «ағарту», насихаттау, дәріптеу тұсында «алғашқы оқығандар», «қазақ зиялылары», «алаш қайраткерлері» сынды теңеу-баламалар тек «Алаш» партиясы басшылары мен «Алашорда Уақытша үкіметіне қатысты ғана қолданылумен келеді. Ал олармен саяси күресте бағыт – бағдарламалары, жолдары түйіспеген, дүнияуи тірлікте өзара тіл табыспаған Бақытжан Қаратаев, К. Төгісұлы, Әліби Жангелдин және тағысын тағылар туралы «Алаш қайраткерлері» не Алаш көсемі» деген баға ауызға алынған емес.Ақиқат жалғыз- дара болғанымен, оған жетер жол - тарам-тарам, бірнешеу. Сол себепті де ел мен жер тағдыры, ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі үшін бел шешіп күрескен, сол жолда құрбан болған зиялыларымызды ұлықтауды мақсұт тұтқан ұрпақтары ескеретіні анық.
Өткен ғасырдағы замана сахнасына шыққан ұлттық саяси элитаның тарихи рөлін толыққанды танып-білу үшін, олардың араларындағы кейбір текетірес, басарсыздық анатомиясын түсіну үшін, ең бастысы, азаттықтың азапты күндерінің үлгі-тәжірибесі мен өкініш сабақтарын ұмытпау үшін- барша мұрамызды түгелдеп, тиянақтап, жарыққа шығару - басты міндетіміз. Газет бетінде жарық көрген мақалаларының барлығы дерлік замана болмысын ашық әшкерелеген құнды мұра болып табылады. Елім, жұртым деп соққан жүректен шыққан жырларды келер ұрпақ дұрыс түсініп, қабылдауы шарт. К. Төгісовтің асыл мұралары әлі де толығымен зерттеліп, әдебиеттен өз орнын тапқан туынды болары анық.

Әдебиет:

1. ТөгісовК. «Шығармалар жинағы» Алматы 2003 ж.
2. СмағұловаС. « К. Төгісов кім еді?» Түркістан журн, 2002ж
3. СалқынбаевС. «Үш жүз» партиясы және Көлбай Төгісов . Қазақ тарихы . 1999ж, №6.
4. ЕгізбаевкК «Тоғысов емес – Төгісов» Қазақстан коммунисі, 1991
5. Елкеев Б. « К. Төгісов кім еді?» Жұлдыз. 1990.№11.
6. Елкеев Б. «Үш жүз» партиясы. 1990. №8.
7. Нұрғалиұлы Т. «Ұмытылып қалмасын Көлбай аты. Қазақ әдебиеті 1996ж, 6 тамыз.
8. Елкейұлы Б.«Төгісов және «Үш жүз» партиясы. Алматы ақшамы, 1992ж.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

ЛИТЕРАТУРНОЕ НАСЛЕДИЕ КУЛЬБАЯ ТОГУСОВА

В данной статье в целом охарактеризовано жанрово- структурные особенности творчества писателя. А также в работе обосновывается выбор темы, определяются актуальность исследования, методологические, теоретические основы работы, ее научная новизна, оцениваются степень изученности проблемы, теоретическая и практическая значимость.

Магистрант Шагатаева А. Ж.


THE LITERARY WORK OF KOLBAY TOGUSOV

The aim of paper is discovering the feature of artistic researching, in Kolbay Togusovs work. Compare- historical and system- complex methods are used in work.Dramatists have an important place in the art of a writer.

Mast. of arts sci. Shagatayeva A. J.

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Косжанов
Просмотров: 2896 | Загрузок: 424 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>