Главная » Файлы » Қазақ әдебиеті

Жыр сұлтаны Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы сөз

Скачать реферат с сервера 15.10.2010, 08:07
загрузка...
ЖЫР СҰЛТАНЫ ТУРАЛЫ СӨЗ

Қазақтың Абай атындағы Академиялық театрында
ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жылдық
мүшел тойында сөйленген сөз

Иә, сол бір жылғы жан біткенді жадыратып, тән біткенді балбыратып, жасарып-жаңғырып жатқан жаратылыс атаулыны түгел шаршысына толтырып шалқытқан мамыр айының дәл жиырма бірінші жұлдызында кемеліне келіп, кенеле құлпырып тұрған керемет өлкедегі бір шаңырақтың астында болған осы бір оқиғаны көрген түгілі естіген жанның ет-жүрегі өзілмеуі еш мүмкін емес еді. Қасиетті Сары Арқаның қақ төрінде қадым замандардан бері бұрала басқан бұла бойжеткеннің бұрымындай бұлаң қағып, бұлқына аққан Шідерті бойына шілдің жұмыртқасындай шашырай төгілген ағайын ортасында қызметте жүргенде аяқ астынан төсекке алып ұрған ауыр дерттен қатты қалжырап, біраздан бері оң жақта сартап болып, сұлқ жатқан құр сұлде әбден сылдырап, қалған қаңқасын кенет көрпе астынан көтеріп ап, жан-жағына шаншыла қарады. Көптен көлбей жығылған талықсы кірпіктердің тасасында жалбыз басып, бітеліп қала жаздаған қайнардай тарс жұмық жатқан қос жанар ойда жоқта шоқтай маздап, үрпиісе қалған үй ішіндегілердің ешқайсысына кідірмей не көкте, не жерде екені белгісіз, кеңістіктің әлде бір нүктесіне қадала кетті. Қырылдай шыққан әлжуаз үн: «Апырай, енді бір-екі жыл тұрғыза тұрсаң ғой»,– деді де, кілт мүдіріп, күрт үзіліп жүре берді.
Әлгі бір жантәсілім лебізді әр кім әр саққа жррыды. Әрине, мынау құрт-құмырсқа, бақа-шаянға дейін мәз-мейрам масайрай өніп-өрбіп жатқан жарық дүниеден татқанынан тартқаны, сүйінгенінен күйінгені көп болып, бармағын тістеген қалпы қыршынынан қиылып бара жатқан есіл боздақтың өйтіп өксік атардай өкініші аз емес еді. Алайда, жанға тән, ғұмырға ғұзыр көзапараға қиянат жасап, талай нәрседен әлдеқашаннан бері-ақ баз көшіп, жар қызығы мен бала қызығынан өз күдерін өзі үзген-ді. Айттырулы қалыңдығының да обалына қалмайын деп, сырлас құрбының сыйластық қалпынан әрі асырмай, тек көңіл жалғасып келген-ді. Демек, жаны алқымға келгенде жан айқайын шығарған бұл гәп болмаса керек-ті. Атақ шығарып, бақ асырудың да жолына түсіп, өлімін сатып керген емес-ті. Басқасын былай қойғанда, атасы қазақты аузына қаратқан от тілді, орақ ауызды бабалары Шоң мен Торайғырдың жолын ңуып, қолына қамшы ұстап, билік құрса да, талайдан талайы ілгері боп, басқалардан басы озары даусыз еді. Бірақ, ауылдас жарлы-жұтаңға жақсылығы тие ме деп, Шорман тұқымының біреуіне ісі түсіп барып, оң қабақ көрмеген соң: «Шоң, Шорман едік, бір-бірімізге қорған едік; Шоңның, Торайғырдың көк жапырақтары бұтағына келіп қонған едік; онымызға қарай сіз де: «кім келіп, кім кетпеген ауыл едік» деп, бауырлығыңды білдірмей, арқаңның жауырлығын білдірдің; Шоң, Шорманға бастамасаң да, ілтипатыңнан тастамағаныңа рахмет, хош»,– деп, қол алысып жүре бергені, былай шыға серіктерінің алдында: «мұнан былай малға басым имеске, рия тонын кимеске, кісі құрметің сүймеске, өз ісіме тимеске, кісі тіліне ермеске, «қазақшылыққа» енбеске, аштан елсем, адамға намысымды бермеске, май тамызса тілінен, еш адамға сенбеске, әз ақылымнан басқаға құлағымды кессе де, кенбеске кәміл уағда етілді»,– деп ант-су ішкені бар еді. Тірісінде тапжылтпай ұстап келген сол антынан фәниден бақиға ауып бара жатып айнуы, аяқ астынан осалдық жеңіп, ағайынға шағынуы ақылға симас еді. Әлде жастайынан көңілін арбап, көз майын сарыққан ала қағаз бен көкіректегі талай шерменде шерін жеңілейткен улы сияны қимады ма екен? Бұның да реті бар. Бірақ, енді екі жыл тұрғанда да күн сайын өз-өзінен қордаланып жатар ойды бәрібір сарып тауса алмасына басқа түсінбесе де, ол түсінетіндей еді ғой. Ендеше, ол және бір-екі жыл тұра тұруға соншама неге құштар болды? «Жасамаймын еңбектің жемісін көзбен керем деп, жасаймын бір қолғабыс кейінгіге берем»,– деп өткен ақынның әлгі мінезін фәнидің баянсыздығына бола назалануға да, қадірін танып үлгере қоймаған халқына айтқан ақырғы бопсаға жорудың да еш реті келмейді. Қайсар рух иесі қасындағы мен қатарындағыға қадірін бұлдамас болар. Жүз жылда есімін алғаш рет әспеттеуге қолы әзер жетіп отырған кейінгі ұрпақ бізге де ол тап сол көздің өзінен сағын тіктеп, салмағын салған шығар. Ендеше, көз жұмар алдында көкірегін қарс айырып айтқан әлгі өкініш адамға емес заманға, тағдырына емес тарихқа бағышталған болса керек. Оған түсінсеқ енді түсіне алармыз. Онда да араға жетпіс үш жыл салып барып, әзер түсінгелі тұрмыз.
Иә, ол мына дүниеге таң қалуға емес, таң қалдыруға келгендей, тым ерекше тылсым, жұмбақ тұлға еді...
Расында да, қайтып таңғалмайсыз?!.. Өзіңіз ойлап көріңізші... «Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз Құз, таудың ұшар басынан, етегіне дейін сыңсыған сыпсың қарағай, ақ қайың, барғын, мойыл, қиядан ойға, ойдан орманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бұйра бұлақ, шөккен алыптай асқар Баянның оң қолтығында айнадай жарқыраған Сабындыкөл, сол қолтығында түндей түнерген Шойындыкөл, жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса, көкорай шалғын, көк балауса, жасыл жапырақ, гүл, жеміс, тау іші ығы-жығы аң, Бұта толған жыршы құс... Міне, сол зөулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай бала шағын өткізді»,– деп Жүсіпбек Аймауытов тамсана жазғандай, оның туған аймағы пейішке бергісіз ғажайып өлке-тұғын. Сол пейіштен дүниеге келген ақын перзент те: Аузынан мәйегі шығып, уызға бөккен, жайлауда туған ақ көпештей болып, маңқиып отырушы еді»,– деп, көзін көре қалған жеңгелері еске алғандай, нағыз періштедей сүйкімді бөбек болып өсіпті.
Ал, сол пейіште туған періште ақынның жырларын ашып қараңызшы. Әлгіндей ұлбіреген әдемі дүниені таба аласыз ба? Маңайына маңқия қарайтын ақ көпеш баланың он төрт жасында қолына алғаш қалам алғанда ауызына: Секілді өмір қысқа, жарты тұтам, надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам,– деген сөз түсіпті. Көзіне де тамылжыған табиғат ілікпей, қайдағы бір «жібек торғын жапқанмен» «жүндеген түйедей боп қара қайысы» көрініп тұрған сырт настық пен «мұрыны сасық сиырдай судан жерір» жан біткенді менсінбей «тұмсығын шүйірген» іш найсаптық, бәрін де «ұрып жығып, малмен алған, қара көңіл, топас ой» «қыжыр мінездер» шалыныпты. Неге олай? Жанына жолап кеткенге азуын ала жүгіретін туа біткен қырыстық пен ештеңеге көңілі бітпейтін сүйекке сіңген қазымырлық па? Олай десең, он алтыға толар-толмасында: «жан сәуле, кеуде күйген, жүрек жалын!» Кеудем от, жүрегімнің байқа хәлін?! Дауасы ауыр дерттің – жалғыз сенсің, қолың бер, кетсін қайғы, сөнсін жалын!»,– деп неге үздігеді?!
Жоқ, ол бұл дүниеге бәрінен жеріген, бәрінен суынған салқын ақылмен емес, ғашық, бәріне құштар нағыз періште сөзіммен туған-ды. Бірақ, сол әу баста асқақ арман арқалай келген ақын көңіл маңайынан арзымсыз мінез, аяр қылық, бөтуасыз шындық керді. Тіпті төңірегіндегілердің неге мәз болып, нені медет тұтатынына түсінбеді. Көріп жүргені – көңілге азап болмаса, ләззат дарыта алмас дозақы құлық, тозақы тірлік еді. Ызалы жүректен ызғарлы сөз шығары белгілі. Ол да нәнсінген надандықтың, пәлсінген пенделіктің, бажылдақ пақырлықтың, тапсынған тасырлықтың сөзін сөйлемей, апшыған адамгершіліктің, арланған азаматтықтың сөзін сөйледі. Күйкі дүниенің күйінген күлдіргі емес, күйдіргі сөйледі. «Ызалы жүрек, долы қол – не жазып кетсе, жайы сол»,– деп ұстазы Абай айтқандай, тұсы мен тұстастарының көңілін аулай сейлемей, қауымның қамын қамдай, заманның алдын барлай сөйледі.
Таң қалатын нәрсе бұл емес еді. Талантты дегендердің, сұңғыла дегендердің өзі талай тауқыметті бастан кешіріп, талай жерде маңдайы тасқа тиіп барып, көзі жететін тапжылтпас ақиқатты он алты жасар бала бесіктен белі шықпай жатып, қайдан ұғып; «жан қайда әділетті іздейтұғын, адамшылық атақты көздейтұғын, тірлік пен елген күнді бірдей ойлап, екі жәйден күдерді үзбейтұғын»,– деп күңіреніп жүр? Әуелі бір дүниенің ләззатын түгел татып ұлгермей жатып, екі дүниенің абыройын бірдей ойлау тегін кісі түсіне алмас ұғым, ұстана алмас мұрат тұғын. Қашан қыр-сырға қаныққан соң емес, қай-қай құбылыстың да болмашы шетін көрер-көрместе-ақ бүкіл болмысын түгел танып, түгел түйсігу көз келген кембл таланттың емес, ілуде бір жолығар кемеңгер таланттың ғана қолынан келер шаруа еді. Көкіректе көріпкелі бар дара тұлғалар, дана тұлғалар ғана замана сыңайын алыстан аңғарып, сол әлі алыс болмысқа тезірек жетуге асығатынды. Жақын жайлаудың шүйлілігіне қызығып, жайбарақат жайылып қалған жабы тұғырдан тұлпар шықпайтыны сияқты оңай ләззат, оңай баққа тоғайып, тоқмейілсіп пөлденген пендеден де кемел азамат, кемеңгер қайраткер шықпасы түсінікті. Аяғы жүйрік пырақты талай ағаттықтан сақтандырып, сейіс суытып, сейіс баптайтыны сияқты аңылы жүйрік азамат тек өзін-өзі ғана сақтандырып, тек өзін-өзі ғана сабаға салып, тек өзін-өзі ғана баптай алмақшы. Сұлтанмахмұттың да өз қасындағы пейішті, өз басындағы нәсіп пен дәрежені қызықтап кетпей, елінің басындағы тозақ пен елінің тағдырындағы кесір-кесапатты ойлап жер-көкке сия алмауында да осындай бір алабөтен тектіліқ осындай бір айырықша рухани ақсүйектік жатырған сияқты. Тағы да сол он алты жасында жазылған бір елең: «бір адам көп жасады жер бетінде, мекендеп жақсы жайды ел шетінде; зорлықшыл арам ойлы, ұры болды, құралған арамдықтан дәулеті де; нашарды зар жылатқан жалғызын жеп, тірлікте ойламаған «өлемін» деп, жалғанды жалпағынан басып өтті, «жазғанын көрге барып көремін» деп, сол сорлы ауырып жатыр елейін деп, қимайтын аманатын берейін деп таусып ап желдей ескен аз өмірді, қойнына суық көрдің енейін деп; өлді ол мөзгілінде ажал жетті, өлшеулі дүниеден демі бітті, оранып үш қары без басқа түк жоқ, сақтанбай тірлігінде көрге кетті; Жатты ол қараңғыда зәресі ұшып, тірлікте молда айтқаны еске түсіп, дейтұғын: «имансыздарға періштелер көрсетер көр азабын тәнді қысып», қозғалып, шамасы жоқ тұратындай, созылды қараңғылық таң атырмай; «Қайда жүр періштесі сұрайтұғын, кешікті-ау, бұлар қайда,– деп,– апырмай». Сонымен әлденеше жылдар етті, тән шіріп, топырақ боп, тозып бітті. Шыбын жан айналсоқтап сасық көрде «періште келеді» деп босқа күтті. Ал енді молда қайда, сөзі қайда, беретін ұжмақ, дозақ анау жайда, білмеймін анығын да, танығын да, бас қатты шешемін деп, жоқты ойда». Ақылыңды айран, ойыңды ойран етер тәпсіл. Бір көзде Асанқайғыға жел мая мінгізіп жер көздіріп, Қорқытқа ажалдан қашып құтылар айла таба алмай, көр қаздырып жүрген де осындай рухани максимализм ғой. Бақ пен дәулеттің әлеуметтік нарқы. Іс пен әрекеттің адамгершілік парқы. Дала фәлсәфасының үйреншікті тақырыбы, өзекті арнасы. Егер бұл дүниедей абзалдығың ол дүниеде бағаланып, жұмақ бұйырып жатса, нұр үстіне нұр. Егер бұл дүниедегі кәззаптық ескеріліп, ол дүниеде тозақ бұйырып жатса, ол да мың асқанға бір тосқан, залалға зауал, шырқ айналып келгенде, әділеттің барлығы. Ал егер жасаған жақсылығыңның шуағы, жамандығыңның жазасы болмаса ше?! Онда өмір деп аталатын күйкі күйбеңде қандай мән қалады? Әділет пен қиянат ескерілмес жерде азап та жоқ, тозақ та жоқ. Пері де жоқ, періште де жоқ.
Бұйырғанын жеп, тигенін киіп, тап болғанға көніп жүре беретін пенде ғана бар. Бұндай анық, танықтың айырмасы шамалы дүниенің арзымы қанша? Ондай дүниеде шеккен азаптың қасіреті, көрген бақыттың қасиеті бола ма? Бұл – Сұлтанмахмұтты бала жастан қинаған батпан сауал. Ол осы сауалдың жауабын ғана ақиқат деп танымақшы болды. Сондықтан рахат емес, ақиқат іздеп шар тарапты түгел шарлайды. Троицк барады, Томск ауады. Қызылтал мен Керекуді былай қойып, Семей мен Өскеменнің қоғамдық өміріне араласады. Алтай асады. Қытай басады... Ел шетіндегі Шыңғыстай мен ел ортасындағы Шыңғыстаудың да дәмін татады. Молла, медресе, курс, мектеп... білім іздеп шарқ ұрады, жур-налистіқ мұғалімдіқ саяси қызмет... Өзін емес, елін қарқ қылам деп, басын тауға да ұрады, тасқа да ұрады, Ғайса, Мұхамбет, Платон, Руссо, Фурье, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Надсон, Блок, Абай, Тоқай, Маркс, Энгельс, Ленин, Бакунин, Плеханов – адасқақ ақын көңілдің шарлап қайтқан рухани шартарабы. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Шәкәрім, Ермеков, ерлі-зайыпты Құлжановтар, ағайынды Сәтпаевтар, туысқандары Аймауытов, Көпеев, Аймановтар, алыстағы Қажымұқан, Сералиндер – күнде-күнде бір тұрып, бірге жүрмесе де, күн бе күн өз ой, өз пікірін салыстырып, салғастырып отыратын рухани нысаналары.
Тек осының өзінен-ақ оның жанындағы рухани ізденістер өрісінің қаншалықты кең, қарқынының қаншалықты мігірсіз, мазмұнының қаншалықты күрделі болғанын аңғару қиын емес.
Шындықтың ауылын іздеп жолға шыққан албырт шәкірт бірте-бірте әлеуметтік болмыс деп аталатын ию-қию джунглидің ну жынысына сұғына енген сұңғыла зерттеушіге айналады, сұғынған сайын іздеген сүрлеуінің бұралаңы жиілеп, бұлтара түседі... Тапқан жауабынан гөрі жанын қинаған сауалы көбейе түседі. Жан қайда әділетті іздейтұғын?.. Оқудағы мақсат не?.. Көңілім, неге жасисың?.. Бұлар кім?.. Нешелер көз жас төгілді?.. Қызық қандай адамды қыздыратын?.. Неге жасаймын?.. Осы да әділдік пе?.. Көзек қашан келеді?.. Ғайса кім?.. Өң бе, түс пе?.. Кім жазықты?.. Ойыңды опырып, санаңды сапырып кетер қорғасын сауалдар... Сұрқай тіршілікке ақыл аспанынан сорғалай жауған бомбалар... Дүниенің астын үстіне шығаратын тегеурінді дүмпулер... Ол аласапыранға алдымен осындай сауалдарға бола бас қатыратын абзал жүректер мен асыл көкіректер ұшырайды. Сұлтанмахмұтты да көктей солдырған жұлын құрттар да міне, осындай күн-түн миды үңгіп, мігірсіз қойылып жататын мың-мың сұрақтар еді. Соның біріне де селт етпей, тапқанды ішіп, табылғанды киіп, бұйырған жарықты тауысып шығуға да болады. Бірақ, ол ақынға айтқызсаңыз, бүйіріңнің бұлтиғанынан басқа уайымың жоқ мал өмір. Әлгіндей сұрақты төбеден түскендей қып, өзің қоймай, өзге қойса, қиыннан жалтарып, оңайына жалпайып, тірлік кешуге де болады. Бірақ, ол ақынға айтқызсаңыз, жанын қинамай жаратылып, жанын қинамай жоғала салатын маймыл өмір. Ал адам болу деген, ең алдымен, төңірегіндегі кереметті көріп, таңғалу емес, келеңсіздіктерді көріп қиналу, одан арылар амал іздеп аңтарылу. Ар деген нәрсенің өзі де сондай қиын сауалдарды өзгеге қоймай, өзіне қою үшін берілген. Ақындық өнер де солардың сөзін сөйлеп, ардың жоқшысы болар қолғанат. Содан жалтарып, төтен сауалдан айламен сытылып кетуге тырысатын рухани алаяқтық – перілік, төтен сауалға тура жауап беруге тырысатын рухани адалдық – періштелік, тырысып қана қоймай, жауап таппай тынбайтын рухани жанқиярлық – пайғамбарлық.
Сұлтанмахмұт осы ең соңғы биікке кетерілген бірегей тұлға... Жанын жегідей жеген жебір сауалдарға жауап іздеп жүріп, басқа қызықтың бәрін ұмытқан нағыз періштелер. «Дүниедегі қызықтың, бәрі де арам мен үшін, дауасы жоқ Бұзықпын, талпынбаймын ем үшін; тосқаным – қабір құшағы, қашан ол келіп құшады; ойланып һәм шарланбай, құтылған жоқ менен ой, ешбіреуін малданбай, семді, қатты тұла бой; болсам деген үміттің, бәрінен бездім, ұмыттым»,– деп сөйлеуге қазақ топырағында тек Сұлтанмахмұттың ғана қақысы бар. Бірақ, бұл ләззат, бақыт атаулыдан баз кешкен диуаналық емес, көптің бабы табылар ортақ бақыттың сырын таппай тұрып, өзінің ғана бабы табылар оңаша бақытты қызықтауды арсыздық көріп, ақиқат іздеп шарқ ұрған нағыз пайғамбарларға тән адалдық, нағыз пайғамбарларға тән жанқиярлық еді.
Құлдық атаулыға жаны қас абзал азамат Сұлтанмахмұттың тап мұндай он екі мың ғаламды жаратқан жаппар хақтың өзімен жарыса айтылатын астам атақтан ат тонын ала қашатыны даусыз. Алайда, пайғамбарлардың да арғы түбі адам нәсілінен екенін ұмытпалық.
Олар да әуелі өз уағызына күллі адамзатты ұйытамыз деп ойлаған жоқ. Басына хикмат бұлты тәнген қауымдарын ғана қатерден құтқарып, түзік жолға салуға ниеттенгенді. Пенденің құлқын түзеу арқылы күллі дүниені түзеуге болады деп сенді. Ендеше, қолына қаламды, өз сөздерімен айтқанда, «Бұзылған ңанымызды түзеп, қарайған көңілімізді жуып, жанымызға пайда, дертімізге шипа» табу үшін алған асқан талантқа ақылмандықтың ең биік дәрежесін қиғандықта тұрған ешқандай күпірлік жоқ деп білеміз. Ал егер Сұлтанмахмұт алдына ондай асқаралы міндет қоймаған, көзінің көргенін, көңілінің көргенін, көңілінің түйгенін мұрнынан тізген көп сөз құрастырушының бірі десеңіз, онда Өлеңге дес беріңіз: «Мен балаң жарық күнде сәуле қуған, алуға күнді барып, белді буған, жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін, болмасам толған айдай балқып туған». Немесе: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам, мұздаған елдің жүрегін жылытуға мен кіремін». Немесе: «А, дүние, берсе қанат тәңірі маған, ерік алып, ұшып кетсем, көкке таман, жер-күннің аймағынан үстін шығып, әлемге көз жіберсем, сол арадан; бойымнан ірілік оты сонда сөніп, планет һәм жасаған елді көріп, тозаңдай басқа әлем қатарында айтар едім елеусіз жерді көріп; «қандай мән бұл адамның өмірінде, дәм татқызар үміт не көңілінде; туысында еріксіз жердің құрты және еріксіз аһ ұрып сөнуінде; әлемге өмір шашқан күні мынау, жердегі көрінбеген сыры мынау, бар-жоғының тозаңдай елеңі жоқ, адам тұрсын, жерінің тұрі мынау; немәнеге мақтандық көкірек керіп, өзімізге сонша артық мағына беріп, барша әлем жаралған адам үшін» деп, қалайша адасып, жүрдік сеніп?» Гагарин орбитаға шықпастан жарты ғасыр бұрын бұл өлеңнің ғарышты игеру тақы-рыбына арналмағаны айтпаса да түсінікті. Бірақ, ғарышкердің көктен оралып келіп, таңғалып айтқан планетамыздың тым құрдым, тым нәзік тағдырын қазақ ақыны жарты ғасыр бұрын жерден жарты елі өкше көтермей тұрып-ақ байқап, қолмен қойғандай, дәл басып айтып кетіпті. Сонда оны айтқызып тұрған қандай құдірет? Аспанға шапшыған асау қиялдың шалығы ма? Әлде жер үсті тіршіліктің жегідей жеп бара жатқан уайымы ма? Әрине, соңғысы. Өйткені, бұл жолдар жер бетінде бар болғаны жиырма жеті жыл өмір сүріп, әдебиетте жиырма жеті жыл көшпей-қонбай еңбек еткен көшелі суреткерлеріміз де қалдыра алмаған мол мұра тастап, екі роман, алты-жеті поэма, жүз ондай өлең, көптеген мақала, очерқ әңгіме, көсемсөз жазған, соның ішінде «Қайғыны», «Жарқынбайды», «Айтысты», «Таныстыруды», «Қамар сұлуды», «Кім жазықтыны», «Адасқан өмір» мен «Кедейді» тудырған автордың аузынан шығып отыр. Солардың қай-қайсысын, өсіресе, соңғы екеуін оқыған кісі мұндай шығармалардың әншейін қиял қуған, жер үсті хикматтарды жер-жебіріне жете зерттеп білмеген адамның қаламынан шықпайтынын айтпай-ақ ұққан болар еді. Тек жеті қат жер түбі мен алты қат аспан арасындағы барша құбылысты тап бұлай бажайлап білу құдайдың ғана емес, адамның да қолынан келеді екен-ау деп таңғалар еді. Жарық дүниеге аз күнге келіп-кеткен көлденең жолаушының көрген-түйгенінен гөрі жер мен көкті жаратқан жаппар хақтың өзінің ағынан жарылып ақтарылып айтқан сырындай бірден ұйытып алар ағыл-тегіл шындық пен айна-қатесіз ақиқатқа амалсыз тамсанар еді. Расында да, адамның Өзін өзі тануының шырғалаң одиссеясын «Адасқан өмір» мен «Кедейден» шынайы жеткізген, жетім қозы емген желіндей, аямай қақтап сорып, сығып, сарқып, әбден тауысып жеткізген терең шығармалар төл әдебиет түгілі әлемдік әдебиетте некен-саяқ. Басқаларды былай қойғанда, дәл осындай мақсатпен жазылған «Тәңір тәлкегі», «Фаустың» өзінде дайын фабулалар, танымал мифологемдер, талай рет сыннан өткен сюжеттіқ зерделік құрылымдар пайдаланылса, қазақ ақыны ешқандай қосалқы тәсілдерге жүгірмей, тек бір пенденің жөргекке түскенінен көр түбінде қурап, шіріп, қайтадан топыраққа айналып кеткеніне дейінгі барлық процесті ештеңені мұлт жібермей, дәл тізіп, дәл сипаттап, сол арқылы тек адамдық болмыстың ғана емес, жалпы әлемдік болмыстың егжей-тегжейлі панорамасын жасап, сол болмысты ұстап тұрған заңдылықтардың ерекше бір математикалық дәлдікпен зерделенген философиялық кескіндемесін түзеді. Құдды, бір оның зейіні рентген сәулесіне, лазерь ұшқынына айналып кеткеніндей, еш қалтарысты қағыс қалдырмай, көптен бері басы балпы, аяғы салпы боп шашалып қалған далалық әлеуметтік болмыстың баоаяғын қайта түгендеп шығады. Қой шеті мен кеніш түбі, тал бесік пен тар лахат, жесірдің төсегі мен сылқымның құшағы, түз бен шаһар, тау мен дала, қиял мен шындық, обал мен сауап, мүсәпірлік пен кісәпірліқ жуандық пен жылпостық,– жер үсті кеңістіктегі көріністер мен құбылыстардан еленбей қалған ештеңе жоқ. Бірақ, бірінен бірі туып, бірінен бірі өрбіп, бірінен бірі дамып, бірімен бірі жалғасып жатқан дүние. Белгілі ғасырдың белгілі кезеңінде белгілі өңірдің белгілі қауымының басындағы ахуал өуелі таза табиғи аймақтық аяда, содан тап-таза табиғи халықтық аяда, одан дөл сондай шынайы ұлттық аяда, одан да күрделі күллі адамзаттық аяда, одан ел мен жер, жер мен көқ адам мен қоғам, заман мен тарих мидай араласып кеткен жалпы әлемдік болмыстық аяда кескінделеді. Бірінен бірі сатылап өрбіп, сатылай биіктеп бара жатқан сарабдал ойшылдықты тек қана әсердің күші, пайымның күші, зейіннің күші деп тану шындыққа қиянат болар еді.
Бұл – нағыз адам жаратып, адам танытушы, әлем жаратып, әлем танытушы жаппар хақтың өзімен жарысқандай жанкешті жұмыс. Бір басты оздырып, бір көкірек-ті масайратып, бір көңілді желпінту үшін мұндай тауқы-меттің мыңнан бірі де жетерлік еді. Жоқ, бір пенденің, тіпті саналы азаматтың, тіпті сұңғыла таланттың тек қана таза өнерпаздық құштарлыгы мен ыждаһаты тап осындай ақылға сыймастай жанқиярлыңқа бара алады дегенге сену қиын. Әрине, ондай жанқиярлық, расында да, өз тағдырының сырына қанығам деп жүріп, барша тарихтың сырына, жанын қинаған жақсы мен жаманның ара-жігін ашамын деп жүріп, күллі әлемдік болмыстың құрылым-түзіліміне қаныға алар ғажайып түйсіқ ғаламат сөзім, алапат рух иелерінің ғана қолынан келеді. Ал олар кез-келген аптада, көрінген көшеде туа бермейді. Тұтас бір қауымдарды, тұтас бір нәсілдерді сарылтып, сағынтып барып туады. Олардың өзі де қиындығы жағынан ақылың жетпестей, жауаптылығы жағынан не жаның, не арың садақаға шалынып кетердей рухани қиямет-қайымға желіккеннен де, мақтан үшін де, мансап үшін де бармайды, тек өзі үшін емес, күллі елі үшін қиналып, қоңыр тоқтыдай құдай жолына басын шалудан басқа амал қалмайтындай тығырық сәттерде ғана барады. Өйткені, әуелден де жұмақ үшін жаратылғандай кең жүріп, кең тұрғанды ұнататын екі аяқты нәсіл тектен текке жанын қинамайды. Ал, өнер, соның ішінде ақындық өнер жанның жегін ауырлату үшін емес, жеңілдетуге арналған.
Оны да әлгіндей өз етін өзі жейтін бейнетке тек елім деп еңіреген жүрек итермелейді. Қауымның не болары, не бордай тозары беймағлұм боп тұрған талқыдағы тағдыры итермелейді.
Сұлтанмахмұт та тап осындай себеппен тап әлгіндей жанкештілікке барып жүр. Ол: «Лағнат бұлты шатырлап, жай түсіп неге қатпаймын; жер жарылып сатырлап, түбіне неге батпаймын; ит, құсқа бас игізген, көкейімді күйгізген, дүниеден ләззат таппаймын»,– деп тек бір басына күн туғаннан күйзеліп жүрген жоқ. Өйтетіні: «анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр, мынау ойда қазақ тұр, қастарында азап тұр; ұйқысы көп, ояуы аз, бұл не деген ғажап тұр? Бұл ұйқысын ашпаса, надандықтан қашпаса, басқаларға мазақ тұр». Өйтетіні, қазақ өз халінің осынша мүшкіл екенін өзі білмейді. Білсе, неге бұлай, неден бұлай болғанын білмейді. Мұнша азып, мұнша тозуларының сырын өзгеден көреді, өзінен көрмейді. Бір-бірінен көреді, білімсіздіктерінен көрмейді. Сондықтан да, ақынның білетін жалғыз жауы – надандық, жалғыз кесепаты – надандық. Ел құтқарудың жалғыз жолы – талай ғасырдан бері туырылып тұрған надандықты серпілту деп түсінеді. Сондықтан да, әлгіндей дүние сырын тәптіштейтін тәпсіл поэмалар жазады. Өйткені, оның ойынша, өлең деген – «көңілді түзейтін машина». Сол арқылы біреулерді табалап, біреулерді дәріптеуден аулақ. Бар мақсаты: адасқанға жол сілтеу, жаңылғанға жөн сілтеу. Кесір мен қиянат үшін кім жазықты? Оған айтқызсаңыз: бәрі жазықты – тойымсыз байлық та, төзімсіз кедейлік те, момынның мүсәпірлігі де, озбырдың кісәпірлігі де. Өйткені, бәрі де бір-ақ түбірден – надандықтан өрбіп жатыр. Надандық деген – ештеңені білмеу, ештеңені сөзбеу емес, заманның өзгеріп кеткенін аңғармау, үйреншікті ізбен далақ-тап шаба беру. Бай да далақтап жүр, жарлы да далақтап жүр. «Далақтап шапқан бай ұлы тоқтаса, көзі жас екен». Ол жасты қалай сүртіп, қалай құрғатуға болады? Топ-топ боп төбелесіп те, жақ-жақ боп жағаласып та заманды түзей алмайсыз. Заманды адамды түзеп түзетесің. Әркім өзін-өзі түзей алса ғана күллі ел түзеледі. Тығырықтан шығудың одан басқа жолы жоқ. Сондықтан да Сұлтанмахмұт: «жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен; тағдыр қылды деулерді шығарамын сөзімнен, өзім қылдым деулерді таса қылман көзімнен; жазалы емес құдай да, күн мен жұлдыз һәм ай да; жұмақ күткіш наданның орны дозақ әр қайда; «теңгерер соңыра»,– деген сөз тек жұбатқыш бір айла»,– деген тұжырымға келеді.
Бар тілегі елінің үстінде, бар аңсары халқының болашағында болып, мігірсіз күрес, тынымсыз ізденіспен өткен ақын мазасыз өмір жолын: «қарағай да қайғырып, суылдайды заманға, иесінен айырылып, көздескен берік қамалға, ақ қайың да дірілдеп, әлденені күткендей, қайғылы үнмен күбірлеп, сөйлейді тіл біткендей, дауылға әлсіз қара ағаш, күдерін үзбес өмірден; Бұтасыз түбі жалаңаш, тас топыраққа көмілген; шоғырлы біткен сом тереқ жыл сайын қажып кемиді; қуарып қызыл гүл шешеқ өлімге өзін телиді; жаңа өспірім жас шіліқ жер тұлғасы болады, бақытты тұрмыс тіршілік бір көзде соған қонады»,– деген жолдармен тәмамдалады. Өлең сөзіне өзек болған осы ұлағатты тақырыпты көсемсөзінде де жалғастырады. Өйткені, Сұлтанмахмұт заманы – күллі адамзаттың алдынан үш тарау жол шығып, дағдарып тұрған тұсы еді. Барша адамзаттың бай тәжірибесін бір өзі иемденіп, жаңа еркениет жасап алып, табиғи мүмкіндіктер үстемдігінен біржолата құтылып, жер-жаһанның жылы-жұмсағын қанжығасына өңгере бастаған Батыс Европа қалған дүниенің ол білетінді білмей, баяғы таз қалпында қала беруін қалады. Халықаралық өзіндік сипатын сақтағансып, оларды бірөңкей ата кәсіптерімен Шұғылдануларына жағдай жасағансып, жаңалықтан шет қақпай ұстауға тырысты. Бұның аржағында қандай құлта жатқанын түсінгісі келмеген хадимшіл Машырақ үйреншікті үрдісшілдікті әспеттеді. Жәдишіл Мағұрып жаңа өркениетті озбыр отаршылдықтың бодауына беріп қоюға қарсы болып, өнегені үйренбеушілдікке шақырды. Іргедегі Ресей бар тәжірибенің бәрін мойындамай, атымен соны бағытта өрістеуді дәріптеді. Бұл үш ағым қазақ даласында да көрініс берді. Уақытша азаттықты пайдаланып, біреулер қайтадан кең сасыған көне жұртқа көшіп алуға үндеді. Өзгеден үйренсе, жаңасын үйренбей, көнесін үйренді. Ата кәсіпті қуып, ата жолын ұстап отырмыз деп мадиықтанды. Бірақ, шөп басындағыны үзіп жеп өзек жалғаған терімшіліқ қолға түскен тағыны қорек еткен аңшылық, айдаған малының шетінен сойып жеп азық айырған малшылық жер басып жүрген барлық нәсілдің бәрінің де бір көздегі ата кәсібі екенін, соған қарамастан бүгінде тропикадағы пигмейлерден тасқа терімші, қар жастанып, мұз төсенген лапландтар мен тұңғыстардан басқа аңшы, жалаң аяқ құм кешкен бәдәуилер мен туарегтерден басқа көшпенді қалмағанын ешқайсысы ескергісі келмеді. Атамекенінің бетіндегіні өндіріп, өңдеп, қажетіне жарату ата кәсіп болғанда, астындағыны өндіріп, өңдеп, қажетіңе асыру неге ата кәсіп болмайтынын ешкім айтып бере алмады. Доңғалақ, қыш күйдіру, ұршық, Темір ауыздық, бұғалық, тор ау, қақпан күллі адамзатқа ортақ болғанда, станок пен машина, будың күші мен судың күшінің күллі адамзатқа қалайша ортақ бола алмайтынын түсінгілері де, түсіндіргілері де келмеді. Мұндай жолмен қазақшылдықты көксегендердің уағызын Сұлтанмахмұт «қатын ойбай» санады. Әлгіндей үрдісшілдік – мешелдікке ұштасқан кеселдік еді. Ал енді барлық нәрседе де өзгенің жолымен жүрмей, өз сүрлеуімізді табамыз деген өзімбілемдікке түсіп, басңалардың баяғы да түзеп алған қателіктерінің бәрін бүгін қайтадан қайталап шығу – Сұлтанмахмұттың тілімен айтқаңда, «көре-біле тұра отқа түскендік» болар еді. Ақын жедел даму үшін дайын үлгілерді өз жағдайыңа икемдей білетін жәдишілдікке шақырды. Бұл арада алыстағы жапон жұртын өнеге тұтты. Отаршылдық көрмеген азат халық озат тәжірибені өз еркімен үйреніп, төз жетілді. Ал мимырт даму азаттықтың көсеғесін көгертпейді. Жедел даму жоқ жерде кемел мәдениетті елдердің алдындағы тікелей не жанама кіріптарлықтан шамалыда құтыла алмаймыз. Ақын айтқандай: «міне, көршіміз Русь жұртында бізден гөрі өнердің ер жеткендігінен тапқан пайдамыз: Русьтің не қыл дегеніне де көніп тұру болатын». Ондай кіріптарлықтан төз арылудың амалы, ақынға айтқызсаңыз, «озат мәдениеттердің көп жылда жеткен жеріне аз жылда жетіп алу», бұл үшін «олардың мыңдаған жылдар ішінде, жүздеген буындардың еңбегі мен салулы даяр жолдарын» пайдалану білу.
Біздіңше, ақынды ажал алдында абыржытқан тап осы жағдай сияқты. Өйткені, ол шектеулі сағатының жеткенін біліп жатты. Біле алмай бара жатқаны: мынандай алмағайып кезеңде оң мен солын әлі түгел танып болмаған, тоғыз жолдың торабында тұрған аңқау халқының қандай бағытқа бет алғаны еді.
Амал не, біз ақын сілтеген жолдан, ақын көксеген бағыттан тағы да адасып кеттік. Өтірік пен шынды айыра алмай, бір-біріміздің жағамызға жармасып жүріп, бөгденің шылауында кеттік. Қайтадан отаршылдық кебін кидік. Қайтадан кеңге шықпай, кеңге оралдық. Жалпымыз шетте қалып, жалқымыз ғана топқа кірдік. Өз жерімізде еркендеп жатқан өркениетке не алыстан көз саттық, не ішіне ене алмай, есік-терөзесінен сығалап жүргенімізге мәз болдық. Сөйтіп, жетпіс жыл бойы соныдан жол табамыз деп жүріп, сол аяғы тоғыз жолдың торабынан қайта кеп шықтық. Тағы да жол айырығында тұрмыз. Тағы да тағдырымыз талқы үстінде. Бір көзде Сұлтанмахмұтты алаңдатқан кеу-кеу, сол көздегі «байбаламшылдық» пен «ойбайшылдық» қазір де естіліп қалып жүр. Үрдісшілдік пен өркениетшілдік, жедел даму мен мимырт даму, кімнен қандай өнеге алу – тағы да талас тудырып жатыр. Бірақ, бұл жолы бетімізбен лағып кетуге ешқандай қақымыз жоқ. Аузымыздың күйгенін былай қойғанда, көңіліміздің түйгені де жетерлік. Өсер ел өнегелі ұлдарын әке тұтады. Ондай ұлдар, құдайға шүкір, бізде де баршылық. Бір көзде Сұлтанмахмұт қазақ жұртының арғы-бергі аузы дуалыларын сарапқа салып отырып, Абайдың жолы бір бөлек деп еді. Шамасы, бұны ұлы ақынмен нағашы жағынан табысатын қан туыстығынан емес, зар заманда запыран жұтқан жан туыстығынан айтқан болар. Өйткені, өз мінін өзі түзей алмас, өз осалдығын өзі жеңе алмас қауым өзгенің озбырлығын да жеңе алмады. Шындықтың ала жібін аттамайтын әділ көзқарасы жағынан, халқының қамын ішінен қан жылап отырып ойлайтын адал махаббаты жағынан, онсыз да көп адасқан аңғал қауымды әр саққа бір далақтатпай, тура бағытқа, жемісті жолға бастай алар көсем пікірлігі жағынан, ұлттық ойлау жүйемізді басқалармен тайталаса алар рухани естиярлыққа көтеріп берген ұстаздығы жағынан Сұлтанмахмұт Абайға ерекше жақын тұр, ерекше етене тұр. Ендеше, қазақ рухының кеңістігінде Абай екеуінің орны бір төбе.
Кәні, халайық, сондай ардағымызды, баршамыз үшін шыбындай жанын шүберекке түйіп, тығырықтан шығар жол іздеген рухани әкеміздің, асыл ұстазымыздың, өнегелі көсеміміздің, абзал ақын – нағыз Жыр Сұлтанының есиеттерін ерекше қастерлейтінімізді білдіріп, ең болмаса, бір ғасырда бір рет есімімізге алып, орнымыздан тұрып, өлмес аруағы, ешпес даңқы алдында шексіз риза сөзіммен бас иелік.
1993 жыл.

Ә. Кекілбаев

Категория: Қазақ әдебиеті | Добавил: Косжанов
Просмотров: 3863 | Загрузок: 348 | Рейтинг: 4.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>