Главная » Файлы » Қазақ мерекелері

Наурыз мейрамының жаңаша тұжырымдамасы

Скачать реферат с сервера 19.08.2010, 04:48
загрузка...
С.ЕРҒАЛИ

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ ЖАҢАША
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Кіріспе

Наурыз - әлем халықтары арасындағы ежелгі және жылдың жаңаруын алғаш әйгілеп, адамзатқа дәстүрлеген бірден бір әуелгі мереке. Бұл дәстүрдің аталуы мен «наурыз» сөзінің таралу аумағына қарағанда, оның адамзаттық жыл мерекесі екенін мойындауға тура келеді.

Саясаттың өзгеруі Қазақстандағы Наурыз мерекесіне де салқынын тигізіп келді. Мыңдаған жылдар бойы мерекеленіп келген Наурыз мейрамы, кеңес өкіметі тұсында 1926-1988 жылдар арасында жалпыхалықтық сыйпаттан өңірлік және ауылдық ауқымға тықсырылды. Наурыз көптеген атрибуттық және мазмұндық тұрпатынан ажырап, қарабайырланды әрі сүреңсіз тартты. Ұлыстың ұлы күні саналатын Наурыз мерекесі кеңес өкіметінен тәуелсіздік алған түркі елдерінде ХХ ғасырдың 1988 жылдан бастап қана ресми түрде қолға алына бастады. Алайда, Наурыздың Қазақстандағы мерекеленуіне қарап, оның этностық мейрамнан ұлттық, мемлекеттік мерекеге айналғанына көңіл сенбейді.

Мемлекеттік мерекеге айналған Наурыз мейрамын ресми мерекелеу жөнінде соңғы кездері біршама сыни пікір қалыптасты. Соның бірі – «Наурыздың мерекеленуі Жаңа жылдың аталып өту деңгейіндей емес, тар ауқымда және жұпыны» дегендей уәж. Бұған қоса, «Наурыз мерекесі бұқаралық сыйпаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген де пікір бар. Қысқасы, Наурыз мерекесі уақыт талабы мен егемен елдің өміріне сәйкес бүкілхалықтық идеологиялық көз қуанышқа айналды деуге ертерек.

Шынында да, Наурыз жалпыхалықтық мерекеден гөрі, этнографиялық еске алу күніне айналып барады. Сондықтан да аталмыш мерекені мұндай қарабайырлықтан құтқаратын уақыт келді. Оның өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, мерекелік ұғымдары мен мағынасын орнықтыратындай шаралар қажет. Ол үшін оған заман талабына сәйкес оның тарихи нышандары мен атрибуттарын лайықтап, кәзіргі адам санасы қабылдайтындай, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпықазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн, уақыттас әшекеймен, мүмкіндіктермен байыту керек.Ең бастысы - Наурыздың қайнар көзін тауып, басқы кейпін қалпына келтіруге тырысқан абзал.

Ресми атап өту дәстүріне 20 жыл толған Наурыз мейрамын мерекелеу үрдісін талдағанда, екі жайтқа тап боламыз:
- Наурыз мерекесін сағына қолға алған қазақ халқы, өзінің бірнеше мыңдық тарихы бар мейрамының негізгі көріністері мен мәнінен ажырағандықтан, оның орнын бірыңғай ұлттық фольклормен сахналауды (театрландыруды) толтырды;
- мерекені фольклорлық сахналау оның бүкіхалықтық мәніне кедергі болып, таптаурынға ұшырап, кәзіргі кезде тоқырауға түскен сыңайы бар.
Аталған жайттар Наурыз мерекемізді қайта қырынан қарауға мәжбүр етуге тиіс. Егер біз Наурыздың этностық мағанадан бүкілелдік сыйпатқа тарауын қаласақ, оған нағыз ұлттық мазмұнмен бірге азаматтық мерекелік тұрпат беруге мәжбүрміз.
Бүгінгі отырық өмір салтын меңгере бастаған қазаққа көшпелі өмір үрдісінен туындаған фольклорлық тұрпаттағы дәстүрдің барлығы бірдей сіңісе алмайтындығын ескеретін уақыт жетті. Оның үстіне, Наурызды тек қана қазақтар үшін мерекелеу де, елдік саяси ахуалға сыйымсыз. Кәзіргі ұлттық идеологияның маңызы сол – егер де оған өзге жұрттар да тартылып, өздеріне сіңіріп жатса.
Мерекенің жалпыхалықтық сийпаты барын ескеріп, оны жұрттың бәріне бірдей, тіпті, ұлты мен тегіне қарамастан жатырқамай, қабылдайтындай, жарқын өмірдің үлгісіне айналатындай шаралар мен істер қажет-ақ. Мереке дегеніміз – адамдардың қызықтай жүріп, демалуына қажетті атқарылатын шаралар жыйынтығы; мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы. Ал, фольклор белгілі бір этностық топқа ғана тән, сол топтың ғана қатысып, солардың игілігіне жарататын шаралары болып табылады.
Енді Наурызды жарқылдата мейрамдауға кедергі боларлық жайттарға көңіл аударалық. Наурызды о баста көшеге шерулетіп, шығару көрінісі көпті қызықтырғанымен, оған көпшіліктің қатысуы қарастырылмады және ол көп шығын мен ұйымдастыру күшін қажет етті де, ол шаралардың аяғы құрдымға айналды. Содан кейін, әрбір мекемені міндеттеп жүріп, қарүй тігуді шығардық та, наурыз көже пісіруді қолға алдық, сол маңда сахна жасақталып, жұрттың санаулы өнерпаздардың өнерін қызықтаумен қол қусыруы ғана жүзеге аса бастады.
Алайда, тігілген қарүйлеріміз санаулы адамдардың рахаты мен ішіп-жеу ордасына айналып тынды да, сырттан бақылайтын қарапайым жұрттың әлгі «наурызотауларға» деген алакөздігін тудыра бастады. Отауларды тігу мен күйелеш-күйелеш болып көшеде көже пісірудің де, ешкімге рахат сыйламайтынына көзіміз жетуде. Оған өзге этностар түгелі қазақтардың өздері жатсына, мысқылдай қарауда. Алайда, мерекені ұйымдастырудың басқа ешбір нұсқасы ұсынылмағандықтан, қалыптасқан жағдай сарапталмағандықтан, ұшыраған тоқыраудан шығу жағы барған сайын тұйыққа тірелуде. Ақырында, басты ұлттық мерекеміз болып табылатын Наурыз мейрамы қарабайырланып, тартымсыз күйге ұшырауда. Бөлінген қаржы ішіп-жеуге кетіп, не рухани байуымызға болмаса құмарта тынығуымызға септік болмауда.

Бұл жағдайға бірнеше себеп бар. Біреуі ұйымдастырудағы мереке мен фольклорды шатастыруымыздан, ұлттық келбетімізді тек қана ескі дәстүрге байлауымызда, оны жаңғыртуға шорқақтығымызда, өткенімізді театрландырумен шектелуімізде. Мәдениет пен руханият саласындағы ізденістің жоқтығы мен сол саладағы ұйымдастыруда қолдағы мол әлеуетті шебер пайдалана алмай, үйлестіре білмеуден туындауда. Бұған этнографиялық зерттеменің белгілі бір деңгейде тоқырап, оны жаңа заманға лайықтау ниетінің жоқтығы да қосылады.
Наурызды мерекелеудің бірнеше нұсқалық жолдары бар екенін оны жөнге салу мен қоғамға енгізудің жолдары қарастырылған емес. Бар болғаны аудандық, қалалық деңгейлердегі мәдениет басқармаларының бөлінген азын-аулақ қаржыға ірілі-ұсақты өнерпаздарды дірдеңдетіп көшеге шығарумен шектелуі жүзеге асып жатыр. Ал, жаппай жұртты, ұжымдарды, жанұяларды өз алдына мерекелеуге тартатындай дәстүр мен атрибуттар қалыптаспаған.
Басында жаңажылдық сипаты бар Наурыз бүгінде күн мен түннің теңелу сәтін, көктемнің келуін атап өтумен ғана шектелуде. Өйткені, жаңа жылдық сипатты күнтізбелік жылдың басы болып табылатын 1 қаңтар өзінің мықты да бүкілхалықтық сипатымен, идеологиясымен, жасанды жолмен толыққан атрибуттарымен, қалыптасқан индустриясымен Наурыздан «тартып алды». Сөйтіп, Наурыздың әуелгі жылды айырбастау мәні быт-шыт болды да, ескі жылдың қысы жаңа жылға телініп шыға келді. Әрбір жылға айуандық астрологиялық сипат берген Наурыздың о бастағы мазмұны тәрк етілді. Қысқасы, Наурыз мерекесі шаралар тұрғысынан ғана емес, мазмұндық жағынан да жұрдай етілуде.
Бай мазмұн мен мәннен жұрдай бола бастаған, ұлы да айтулы Наурыз секілді мерекені арашалау, ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғыртудың, оларға жаңа тыныс берудің ізденісі нәтижесінде ғана жүзеге асатынын ұққанымыз жөн. Сондықтан да Наурызға араша боларлық іргелі ізденістер мен әрі тарихи, әрі уақыттас шаралар керек. Ең бастысы, шектеулі топтың сахналаған көрінісін қызықтаумен емес, жұртшылық болып жанұямызда мейрамдайтын мерекелік дәстүр мен атрибуттарды қалыптастыратын мезгіл жетті.

Наурыздың түркілік тұрғысы
Наурыз тарихын саралай отырып, отырық өркениеттер шаруашылыққа қолайлы оның күнтізбелік қана мәніне назар аударып, ал көшпелі түркілер Наурыздың теологиялық-мифологиялық мазмұнын барынша маңыз еткен. Оған дәлел, ежелгі парсылық жазбалардағы Наурыздың күнтізбелік шежіресінің ғана хатталуы болса, ал көшегендердің Наурызды мерекелеуі сол отырық өркениет өкілдерінің таңданысын жасыруға мұрша бермей, олардың барлық ғұрыптық, жоралғылық рәсімдерінің қағазға түсуі еді. Және де отырық жұрттар күнтізбені шаруаға қолайлы болу болмауына барынша мұқият болса, көшегендердегі наурызға деген көзқарас ғұрыптық, жоралғылық рәсімдермен айшықталған. Бұл - олардың Наурыз мерекесіне деген теологиялық мәнді жоғары қоюының дәйегі еді. Осындай жазбаны А.Сейдімбекұлы былай келтіреді: «...Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан» (Квинт Курций Руф. Поход Александра. VII-VIII тараулар. Мына кітапта: Хрестоматия по истории древней Греции. В.В.Струвенің сарабымен шыққан.М.,1951).
Көріп отырғанымыздай, О.Хайам парсылардың он екі айға бөлінген жылдан күнтізбе түзгенін басты дерек ретінде келтірсе, ортаазиялық көшегендер, тіпті, бір жылдың ішінде 365 күннің барына дейін рәсімге балалардың өздерін қатыстыру арқылы мән берген. Және де Наурыздың күнтізбелік мәні оның мифологиялық мағынасымен қабысатындай жоралғы жасауы, шынында да таңданарлық қана емес, ұлы мерекенің тео-мифологиялық мазмұнға бай екендігі.
Түркілік тарихпен шұғылданушы Қайрат Бегалин де Наурызға соқпай кете алмайды (www.proza.ru, «Стерегущие золото грифы»), наурызды ол өзінше былайша суреттейді: «...С наступлением весны жители Алтайских гор отправлялись в степь, чтобы встретить там начало нового года. В повозках сидели старики, женщины и дети, а вокруг них на резвых конях гарцевали воины, одетые в длинные штаны, кожаные куртки и остроконечные войлочные шапки-кулахи.
В день весеннего равноденствия отмечался большой праздник, которым начинался отсчет дней нового года. Это великое торжество собирало шумные толпища. Удальцы мерились силами, устраивая состязания на широких равнинах, а тем временем на привольных пастбищах паслись тучные отары и табуны.
После весеннего зеленого изобилия трава в степи жухла под беспощадным летним солнцем, и тогда люди уходили в предгорья, где еще только зарождалась весна. Зеленые ковры сочных пастбищ цвели тут в первозданном изобилии. И тогда люди отмечали второй праздник – день летнего солнцеворота...». Ал, оның идеологиялық сыйпаты мен теологиялық қасиетіне қаншалықты мән берілгендігін орта ғасырлық түркілік тілгер, М.Қашғари былайша атап кетеді: «Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда, барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір біріне ізгі тілектерін айтады». Көшегендердің белінен тастамайтын қару-жарақтарын тастауының өзі, олар үшін Наурыздың дағды мен дәстүрден де жоғары ұлы таным мен сенімнің болғандығы емес пе?! Ал, таным мен сенімге берілгендіктің ондай мысалы өгей өркениеттен сіңірудің нәтижесі болуы мүмкін бе?!
Қазақ даласында Наурыздың қандай сыйпатқа ие болғандығын этнограф-ғалым А.Сейдімбекұлы («Қазақ әлемі» 228-бет) төмендегіше бейнелепті. «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді...
Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, Қызыр атаның назарын аударып бақытты боламыз деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді... Осынау қызық-думанның ішінде «жандықуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады...»

«Наурыз» сөзінің тегі
«Наурыз» (өткен ғасырда қазақша «науырыз» болып жазылатын) сөзін індетушілер, оны парсының «ноу» - жаңа, «руз» - күн сөздерінен туындатып жүргені рас. Алайда, Наурыздың аса ежелгі мереке екенін ескеріп, Наурыз мерекесінің тео-мифологиялық мәнінің әуелгі тарихы барына ой жібердік. Ал, «Наурыз» ұғымының атау ретінде пайда болуы аталмыш нұсқадан да басқаша түрде түзілген болуы әбден мүмкін. Оған ежелгі Қосөзен (Тигр-Евфрат) өркениетіндегі сақталған мәліметтер мен жоғарыда келтірілген түркілік наурыз тарихын ескермегеннің өзінде, Қазақстандағы жартас суреттерін куәлікке тартуға болады. Бұған қоса, осыдан кемінде төрт-бес мың жыл бұрынғы парсының «жаңа» және «күн» ұғымдары сәйкес түрде «ноу», «руз» сөздерімен аталғанына күмәнмен қарауға тура келеді. Тіпті, олардың біржақты парсы сөздері екендігіне де шүбә бар.
Аталмыш сөздің туындауына қатысты деген қазақ тіліндегі сырттай ұқсас сөздердің түсіндірмесін қарастыра отырып, оған өз мәндетпемізді беріп көрелік.
«Қазақ тілінің сөздігі» (А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білім институты, Алматы, 1999 ж.) – 1-сөздік;
(«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 1961 ж.) – 2-сөздік.
1- сөздік:
Нау 1. (көне): дау, жанжал. «Нау жүрген жерде дау жүреді» (мақал).
2. нау тарту – гүлдің, өсімдіктің жаңадан өсіп,шешектенуі.
«Нау» сөзінің 1-нұсқасының түсіндірмесі бұлдыр және айқындалмаған, келтірілген мақал бойынша «наудың» орнына мәндес сөздерді қойғанда, мақалдың орнына мәнсіз сөйлем аламыз: «Дау (жанжал) жүрген жерде дау жүреді». Жанжал мен даудың қатар жүретіні мақалсыз да белгілі. Сөз мағынасын талдаушылар бұл жерде қатеге ұрынып отыр, өйткені, даудың жүретін жері көп: арақ жүрген жерде де, топ адам жүрген жерде де, ойын-тойда да болуы ықтимал. Сондықтан бұл талқыма «нау» мағынасын ашып тұрған жоқ. Алайда, соңғы шыққан сөздіктерде («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы, 2008, «Дайк-пресс»), тіпті, сілтемесіз «нау – көнеше дау, жанжал» деліне салған. Бұл жердегі «нау» сөзі «науқан» сөзінің басқы нұсқасы болмаса «көп немесе жас адам» мағынасында болуы мүмкін. Дауласу мен жанжалдасудың жасқа тән екені де белгілі ғой. Бұл - «нау тарту» тіркесі арқылы «нау» сөзінің «жас», «жаңа» мағынасын берумен беки түсетін қисын. Оның тағы бір сипаты “жаппайлық” (массовость) болуы ықтимал. Жоғарыдағы мақалда көпшілік жиналған жерде даудың туындау ықтималдығы аталса керек.
1- сөздік:
Науа: 1. үлкен, ұзынша астау;
2. Астық, көмір, т.б. заттар ағып тұратын арнаулы нәрсе.
2- сөздік:
Науа – 1. Малға жем беру, суару үшін тақтайдан не басқа материалдан екі басы тұйықталып жасалатын қуыс астауша.
2. түбі мен екі жағын ағаштан, тақтайдан не басқа материалдан екі басы ұзынша етіп қуыстап істеген су ағызғыш.
Мұндағы «науа» сөзі кәзіргі «эскалатордың» (жаппайлық сипат емес пе?!) сұйыққа қатысты ежелгі нұсқасы болып тұр.
1- сөздік:
Науадай: науадай құйды – табысты көп тапты. Жалпы, «науа» сөзі шығырмен тартылған суды жөңкілтіп арыққа қарай айдауға арналған ұзын астау болса керек. Ал, оның ежелгі мифологиялық мәні де болған секілді, оның мәні - Көктен тасқындатып құйылатын нұрдың жолы болуы ықтимал.
1- сөздік:
Науан: үлкен, биік. «Алдымнан ашылды бір науан есік» (Шалабаева).
2- сөздік:
Науан – өте жақсы, тамаша, әдемі. Туындыда келтірілген «науан есік» тіркесіндегі «науан» сөзі сын есім ретінде қолданылып тұрғанымен, ол бір «науан» аталатын ірі нәрсеге теңестіріліп тұрғанын аңғарған жөн. Біздіңше, ол науан бәйтеректің бір атауы болуы ғажап емес. Бәйтеректің Көк пен Жерді қосушы мифологиялық мәнін ескерсек, адам үшін одан асқан ірі нәрсені табу оңай болмас. Міне, ақын ежелгі тіркесті интуитивті түрде қолданып отыр. Ал, 2-сөздік бойынша «науан» сөзі мүлдем басқа мағына білдіріп тұр. Алайда, бұл екі мағына да, оның ежелгі бір сөзбен берілгендігінен хабар береді, егер «науан» деп мифологиялық бәйтерек аталса, онда оның бүгінгі сананы шатастыруы әбден орынды.
1- сөздік:
Наубай: нан пісіретін орын, наубайхана. Базарда наубайға жабылған нан сатылады (Бақбергенов). Жалпы, «наубай» сөзі о баста «нау» мен «бай» сөздерінің қосарланып «нау-бай» түрінде қолданылуынан пайда болған сияқты. Және де аталмыш екі сөз де әуелде мағыналық жағынан бірін бірі толықтыратын сөздер болған: «нау» жаңа (піскен нан ұғымын берсе) болса, «бай» сөзі «бақ», «ырыс» ұғымдарын беретіні рас.
1- сөздік:
Науғы: арғы тек, тұқым. «нау» сөзі «жаңа» ұғымын бергенімен, ол «әуелгі», «соны» (свежий) дегенді де меңзейді; ал -ғы, -қы жұрнақтары арқылы қазақ тілінде түбірге қатысты туынды зат есім жасалатынын ескерсек, бұл жердегі «нау» сөзі осы жолы әуелгі, түпкі (первичный) дегенді аңғартып тұр.
1- сөздік:
Науқан: қауырт істелетін мерзімді іс.Бұл сөздің мағынасын мына түсіндірме қосымша айқындай түседі:
2- сөздік:
Науқан – кезектегі қоғамдық-саяси және шаруашылық міндеттерін жүзеге асырудағы маңызды шара.
Әрине, бұл кеңестік дәуір тұрғысынан берілген түсіндірмелер. Ал, оның бұрынғы мәні не болды екен? Шамасы, кезек күттірмейтін, басқа іске қаратпайтындай, маңызды да мәнді, аса өзекті де құзырлы шара болуы керек.
1- сөздік:
Науша – 1. жаңа. 2. жас жігіт,бозбала.3.Ауыспалы мағына: бойшаң, бойжеткен, сымбатты – жігіт (қыз).
2- сөздік:
Науша – балиғатқа толмаған өрімдей жас.

Жоғарыда қарастырылған «нау» түбіріне қатысты сөздердің барлығы дерлік “жас”, “соны” немесе “мол”, “жаппай” деген мағынаға саяды. Осыны ескере отырып, мынадай жорамал жасауға болады. О баста жыл мен мүшелдің қабат алмасуы қарастырылған ежелгі түркілік мағынасында, мереке «нау ырыс» (ну ырыс) аталған болуы керек. Бірақ «нау» немесе “ну” сөзі соны, тың, жас, жасыл деген ұғымдардың әуелгі айтылымы болумен бірге жаппай, жалпы ұғымдарын да берген. Оған жоғарыда келтірілген «нау» түбіріне қатысты бірнеше сөздің түсіндірімі куә. Өйткені, ежелгі адамдарда «жаңа» ұғымы болды деу қыйсынға келмейді. Ал, түркілерде кез келген үдерістің басы сонылық, жастық ретінде мойындалып, жаңа құбылыс есебінде қабылданған. Олардың пайымында істің, құбылыстың барысы оның басталуына байланысты болып саналған. Құбылыс пен іс-әрекеттің басына зор маңыз беретін түркілерде мұны дәйектейтін сан алуан көріністер жеткілікті.
«Руз» сөзінің өзі «ырыздық» таратылатын «жаңа күн, соны сәт» ұғымы ретінде «ырыс» (ырыз) сөзінен туындауында шүбә аз. Бұл уәжіміз, ежелгі адамзаттық өмір салты мен ғұрыпқа осы заманғы «жаңа жыл» рәсімінің қарабайыр ұғымын тықпалаудан гөрі жөндірек болар деген ойдамыз. Оның үстіне, Омар Хайамның жазбасына қарағанда, Наурыздың туылуы ғаламның жаратылу сәтіне арналған, яғни, жеті ғаламшар жаратылған күннен басталады-мыс. Демек, ғаламның жаппай бір күнгі жаратылысын Ұлы құбылыс деп таныған ежелгі ата-бабамыз оны «НАУ -ЫРЫС» сөзімен беруінің жөні бар еді.

Шамасы, «нау+ырыз» ежелгі сөйлем ретінде парсылық «жаңа күн» тіркесіне отырық мәдениетке тән, нақтыланған мағына түріне түсіп барып кейінірек жеткен, ал оның ежелгі мәні: «Жаратқанның бұйрығымен жаңа құтқа кенелу сәті». Демек, Наурыздың арғы мәнінде Уақыттың жаңаруын Жаратқанның еркімен болатын табиғаттың жаңарысымен және адамзаттың құдыретті жаңа құбылыс күтуімен байланыс бар. Қысқасы, «Наурыз» - саясатқа айналмаған пәк сенім мен ежелгі түркілік ұғымдардың жыйдасы (коллекциясы). Бұл ұғым бүгінгі түркілерде дүниетанымға негізделген алуан сипатты ғұрып пен мәнге толы.

Наурыздық басты нышан
Жалпы алғанда, түркілік ғаламтанымды көрсететін мифтік мынадай көріністен аттап өтуге болмайды. Ол көрініс мифологиялық арқау ретінде түркілік ертегілерге тән болып келеді. Айдалада бәйтерек өсіп тұрады, оның басына ұя салған самұрық құс тұрады екен, бірақ самұрықтың балапандарын жалмайтын айдаһар бәйтеректің түбінде мекендейді. Сөйтіп, айдаһарды өлтіретін асқақ батыр туылмайынша, самұрық бұл тажалдан құтылмайды екен. Батыр туылады, айдаһармен айқас болады, жігіт жеңеді, самұрық оның мұратына жетуге қызмет етеді. Міне, бұл - типтік мифологиялық арқау. Біздің пайымымызша, бұл жерде әңгіме әдеттегідей Жақсылық пен Жамандықтың күресі турасында емес, Ғалам мен Адамның қарым-қатынасы жөнінде. Бәйтерек – адамзаттың арманы, аңсары, Көкке өрлеу жолы, ғұмыры. Бәйтерек – түркілік танымдағы ғаламдық ағаш. Ал, бәйтеректі орап жататын жылан кейіпті жеті басты айдаһар – Уақыт. Айдаһардың жеті басты болуы оның о бастан аса жетілген ғаламдық құдыретті апат (стихия) екендігінде. Жеті санымен түркілер құдыретті кемелдікті таныған. Ал, самұрық - Бақ құсы, адамның мұраты, арманға жеткізер «көлігі»! «Уақыттың талай тажалына төзген адам ғана мұратқа жетеді, Көкке самғайды, Жоғарғы әлемге өрлейді» деген даналық жатыр бұл әфсанада.
Міне, осы типтік мифарқаудағы бәйтерек Наурыз рәсімінде ЙОЛ (жолтерек, бақан) ретінде кейіптелсе, ал айдаһардың рөлін “йолды” айнала тізбектелген адамдар атқарған. Бір қызығы, қол ұстасқан адамдар он екі шоқ жұлдызды, он еі айдың айдың немесе он екі мүшелдік жылдың болмаса үш жүз алпыс бес күннің кейпінде билеп айналады. Мұндағы Жер мен Көкті жалғаушы Бәйтерек - Кеңістің бейнесі де, ал айдаһар - Уақыттың кейпі.
Аталған мифологиялық аңыз бен Наурыздың арасынан қыл өтпейді деуге болады. Бұл аңыз, адам көзімен қарағанда, жауыздық пен бауырлықтың арбасуы болғанымен, түпкі идеясы ғаламдық үйлесімді паш ету. Міне, Наурыз да әуелде сол үйлесімге қызмет етудің басты жоралғысы болатын.

Наурыз бен түркілік күнтізбе
Наурыз қашан пайда болды деген сауалға, әрине, нақты жауап беру қыйын. Алайда, Адам баласы Уақытты есептеу мен бағалай білгеннен бастап, бейнелі ойлау қабылеті туған сәттен Наурызды мерекелеу қажеттігі туылған болар. Бізді осындай ойға жетелейтін кемінде бес мың жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттер. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағында күндидарлы адамкейіпті киелі тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтанкейіпті - Ыңыр (Іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының 4 маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сыйыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұл – ежелгі наурыз мерекесі емей немене?! Бұл - сиыр жылының Наурызын мейрамдау емей немене?!
Әзірге Наурызды парсыға біржақты телитіндей дәйек тапшы: оның бірі «новруз» сөзі болса, екіншісі түркілерге де тән наурыздық ғұрыптар мен дәм тұтыну рәсімдері. Ал, «новруз» сөзінің о бастағы тегі парсыға қатысты сөз екені әлі толық дәлелденген жоқ. Жоғарыдағы дәйектерді қорыта келе, Наурыз мерекесінің түркілік тегіне де көздің көбірек жететінін жасыру қиын. Дұрысы - Наурыз мерекесі Тұран мен Иран аталатын мемлекеттік құрылымдар пайда болғанға дейін, тіпті, түркі мен парсы жұрттарының ара жігі ашылғанға дейін пайда болып, Арилік (Арыстық) дәуірде қалыптасқандығын жоққа шығару мүмкін болмас. Десек те, Наурыздың ежелгі мәні мен сәнін сақтауға келгенде жүйесіз болса да, бұл жөнінде түркілердің қымсынбастан, мол мұрасын алдыға жайып салатындай ахуалы бар.
Наурыздың туындауы мен оның мәнін зерттеу үшін, оны құрайтын көріністер мен атрибуттарды қалпына келтіріп, зерделеген жөн. Осы жағынан қарағанда, Наурызды он екі мүшелдік түркілік күнтізбеден тыс қарау мүмкін емес. Өйткені, 90 күндік қыс шығатын 14-наурыз (бұрынғыша - 1 наурыз) күні ескі жылды шығарып, батыс аймақтағы қазақтар бірін біріне «Жыл құтты болсын!» айтады, Жаңа жыл басын 14-наурызда кірді деп есептейді. Қыстың шығуымен, жаңа жылдың Бала маусымы – Көктем кіретінін ескермейміз! Ал, біз кәзір астрологиялық жаңа жылды ешбір негізсіз 1 қаңтарда енгізіп жүрміз.
Наурызды ежелгі түркілік онекімүшелдік күнтізбеге қатыссыз қарай алмаймыз. Бұл мерекелік рәсім аталған дүниетанымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекімүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі. Бұл жүйе бойынша адам мен айуан денесінің он екі мүшеден тұруы ғаламдық құрылымның он екілік жүйесінен алынған.
Жалпы, скиф-сақтардың «айуандық стилі» көшегендердің зергерлік, мүсін өнеріндегі жан-жануарға деген ерекше құрметтері ғана емес, ол - ең алдымен олардың дүниетанымдық мәдени көрінісінің мәйегі. Ал, мүшелдік күнтізбеге арқау болған айуандық бейнеленім болса, бұл - олардың дүниетанымдық көрінісінің өмірге тығыз енгізілу дәйегі, бейнелеу өнеріндегі олардың дүниетанымдық параллелі. Міне, Наурыздың мәні де - осы айуандық бейнеленім түріндегі табиғи, ғарыштық құбылысты дәріптеу, танымды паш ету. Сайып келгенде, Наурыз – түркілік онекімүшелдік күнтізбенің рәсімдік нұсқасы.

Наурыз – космогониялық таным қоры
Наурыздың бүгінге соншалықты әлсіреп жетуі, рәсімдер мен атрибуттан жұрдай болуы, тек қана тарихи таластың нәтижесі емес, оның аса ежелгі тұрпатының да белгісі. Тарихи нысан неғұрлым ежелгі болған сайын ол жұрнақ күйінде ғана талықсып жететіні табиғи жайт, ол үшін біреуді жазғыру дұрыс болмас. Тіпті, оның туындауына да таластың болуы сол себептен. Сонымен, Наурыз неден жұрдай болды? Шын мәнінде, Наурыз о бастағы бірегей тұжырымынан ажырап, өзі әркімге діни, рәсми атрибуттар ретінде таланғандай күй кешті.
Наурыздың тіні үш санаттан (категория) тұратын және үш принципке негізделген болмысын жоғалтқан деп пайымдауға болады. Оның үш принципі: құбылыстың, жылдың және маусымның басы екендігі; ал үш санаты: дәм, үн және өң.
Наурыздық санаттар о баста Құбылысты құрайтын құрамталар ретінде мойындалған болуы керек. Ежелгі түркілер ондай құбылыстың белгілі бір қорегі (дәм), үдерістің дыбысы (үні) және нәтиженің өңі (бояуы) болады деп мойындаған. Осыдан келіп, Наурыз Құбылыс басы ретінде қабылданады да, барлық істің бастауы есебінде қайырым мен жақсылықтың нышанындай бұлақ көзін ашу, дақылды (сүмелек) өскіндету, гүлді және ағашты егуге, болашақ ұлы істі бастауға, бойжеткен мен ержеткенді қосуға итермелейтін ойындар мен кештерді ұйымдастырып, «ұйқыашар» ырымдарын жасауға, «селтеткізер» (сюрприз) сыйлауға т.б. тек қана жақсылық ырымдарына негізделген «Жақсылықтың басы ғана жақсылыққа ұласады» деген бастамаларға орын берілген.
Наурыз Құбылыстың басы болғандықтан, оның санаттарының жетік те кемел болуы ойластырылған және іске асырылған. Сол себептен, Наурызда біртекті дәм емес, жетітекті наурызкөже пісірілген. Тіпті, мұндағы «көже» сөзінің өзі ең ежелгі тәңірлік танымның терминдерінің жұрнағы болып табылады: кө – Көк, же – ас, «Көктің ырқына сәйкес киелі ас» деген мағана сыйып тұр. Наурызкөжеге сүр еттің салынуы, әлгі Жылаңның өз құйрығын өзі тістелеуі секілді, өткен Уақыт тізбегінің жаңа Уақытпен сабақтастығын қамту пыйғылын паш етсе керек.
Наурыз рәсімінің шарықтау шегі болып табылатын күн мен түннің теңелу сәтін білдіретін таңғы сәулені қарсы алу кезінде ауылды азан-қазан қылатындай жастардың дауылпаз ұрып, қоңырау соғып, кернейлетіп, сырнайлату арқылы түрлі дыбыс пен үнге ерік беруі Ұлы күнді үдеріс ретінде мойындаудың бір көрінісі және құбылыстың Үнін жетік етуден туатын ырым. Бұл - қуаныштың, жақсылық пен қайырымның үні ретінде қарсы да кері үнді қашыру, «ыңырсуды» болдырмау, жұт пен жағымсыздыққа жол қалдырмау әрекеті. Бәлкім, бүгінде қолданысы тым тарылған қазақтың жетіген аспабының о бастағы шығуы осы сәттен бастау алуы ғажап емес. Оның үстіне «жетіген» сөзі «жетіг үн» тіркесінен де туындап тұр. Осылайша бір кезде кең қолданылған бірнеше (жеті) қоңырау тағылған сылдырмақ аспабы да шығуы кәдік.
Наурыздық өң санатына келсек, ол да жеті бойаумен анықталады. Аспандағы алғашқы көктемгі жеті түсті кемпірқосақтан бастап, жер бетіндегі бірыңғай ақ түсті қардың кетуінің өзі жер бетін талай түске бойайтыны, мереке күнгі түрлі түсті киім-кешек пен үйдегі алуан түсті заттарды жайу көріністері жетік түсті принципті қанағаттандыру болып табылады. Ежелгі түркілердің түсінігінде әр түстің өзіне тән құбылыстық сыйпаты бар: солғын жасыл түс балаңдық пен бастау түсі; ақ түс кемелдіктің, қартайудың белгісі болып табылады. Сондықтан да, келіннің шымылдығын, жас жұбайлар отауын әлем-жәлем етіп, алуан түспен жасандырса, қария бейітінің басына шыққан қасиетті ағашқа ақ орамал байлау оның кемелдігін мойындау, екі дүние арасындағы делдалдықты әсерлеу болып есептеледі. Қазырда кең қолданыс тауып отырған қазақы құрақ көрпенің шығу себебі де, осы наурыздық алуан өңді паш етуден туындаған деп топшылаймыз.

Наурыздың басты кейіптері
Наурыз мейрамы мемлекеттік ауқымда мерекеленгелі оның атрибуты ретінде түрлі ертегілердің кейіпкерлері телініп келеді, алайда жасандылық ешуақытта баянды болған емес, ертегілермен Наурызды байыту жүзеге аспай-ақ қойды. Шын мәнінде оны соншалықты байытудың қажеті де жоқ еді, өйткені, Наурыз о бастан-ақ қаһармансыз, кейіпсіз емес, тек оны жаңғырта, орнықтыра білу керек еді. Алайда, тәуелсіздікті енді тұшына бастаған халқымыздың тамыры тереңде жатқан танымын таратуға мұршасы болмады. Өткен ғасырдың 90-жылдары қай шараны да ұлттық фольклор мен этнографиялық ауқымда қарастыруға, содан қуат пен ләззәт алуға мәжбүр болды. Міне, Наурыз мерекесінің де біржақты фольклорлық, этнографиялық сыйпатқа ұшырау себебі осы объективтіліктен болатын.
Қаһарман дегенде, Наурыздың тұжырымынан туындайтын Көк пен Жердің кейіптері Қыдыр ата мен Ұмай ананың дайын бейнелері бар. О баста, Қыдыр ата Көктің періште өкілі ретінде құт таратушы міндетін атқаратындай киелі тұлға. Тіпті, «қыдыр» сөзінің өзі түркілік «құд» және «ыр» (гір, ғыр, ғар, гер жұрнақтарының арғы түбі) тіркестерінен туындап, «құт үлестіруші» мағанасын білдірсе керек. Бұл қаһарман міндетінің астарында терең таным жатыр: түркі сенімі бойынша, әрбір жан өзінің ниеті мен еңбегіне орай Жарылқаушыдан сәйкес түрде несібе алуға мүмкіндігі бар. Ал, құт дегеніміз – Жарылқаушының киелі де баянды ету құдыреті, кепілі!
Уақыт өте келе Қыдыр кейпі басқа діндерден де орын алған. Алайда, Қыдыр міндеті тәңірлік дүниетанымның төл туындысы екенін жоққа шығару қиын. Көк пен оның туындысы болып табылатын адамзат арасында құт пен құрбандық түріндегі алым-берім қатынасы мыңдаған жылдар бойы орныққан. Ебразиялық алқапты жайлаған бұл қатынас, тіпті, кеңес өкіметі тұсында да аталмыш «дәстүрді» Қыдырдың дорбалы Аяз ата бейнесінде сыйлық таратып, жалғастыруына ешбір кедергі болмады.

Жердің рухы ретіндегі Ұмай ана Көктің дарытқанын молайтушы, құтты (баталық ақпаратты) нәрселендіруші (материалдаушы) бейне. Береке аталатын көбею мен молдықтың басы – Наурыздың материалдық байлықтың мәні болып табылады. Берекенің белгісі – айуандар мен өсімдік әлемінің жаңаруы: көктің бүршік атуы мен төлдің туылуы. Наурыз айының малдың төлдеу науқанына сәйкес келуі де құбылыс пен көктемгі маусымның көрінісі, жаңа жылды лайықты қарсы алудың мүмкіндігі болып табылады.

Наурыздық мән мен дәріп
Ежелгі түркілерде жеті саны Ғарыштың кемелдік күйінің сыйпырлық мәні ретінде мойындалған. Сондықтан да «жеті» сөзінен «жетік» түріндегі кемелдік сипаттың мәні аңғарылады. Бұл сөз о баста астарында «кемел» ұғымы секілді сын есіммен қатар, діттеген мақсатқа жетуді көздейтіндей құбылыс пен әрекеттің де мағанасы болған «жет» (Йе ед! – Йең секілді кемел бол! Жолыңа ие бол!) түрінде болса керек. Ол – түркілік дүниетанымның кемелдік мағынаны білдіретін басты ұғымдарының бірегейі ғана емес, жан-жақты паш етілген, таңбаланған әрі бейнеленген қасиетті дәріп. Сондықтан да түркілік «жеті» сөзі тәңірлік әмбебап терминдердің бірі. Оның түбірі кәзір бұйрық райлы «жет» болғанмен, ол о баста әрі етістік, әрі зат есім, әрі сан есім мен сын есімдік сипатта қатар болған. Осыдан келіп, кемелдікті, дамуды білдіретін ұғымның сыйпырлық мәні «жеті» болып туындаған және кез келген нәрсенің кемелдігі оның жеті сатыдан өтілуі орныққан. Сөйтіп, Наурыздың санаттары да жетілік санмен қамтылса керек.

Ежелгі түркілік Ғарыштың кемелдік сипаты үш категорияның жеті еселенуімен анықталады: жеті дәм (наурызкөже); жеті өң (алуан бояулы әшекей, түрлі түсті киешек); жеті үн (жетіген, жеті дауылпаз немесе жеті адамның хоры).
Наурыз Құбылыстың басы болғандықтан, оның санаттарының жетік те кемел болуы ойластырылған және іске асырылған. Сол себептен Наурызда біртекті дәм емес, жетітекті наурызкөже пісірілген. Наурызкөжеге жеті дәммен қатар ескі жылғы соғымнан қалған сүр еттің, қарынға салынған сары майдың, басқа да дәмнің араластырылуы Жыйыл принципін қанағаттандырудан шыққан. Тайқазанға бір астың пісірілуіне әр уақыттағы алуан тұрпатты дәмдердің салынуы Уақыт пен Кеңістің бір сәттік және бір қауыздық мәнге ие болу сипатын паш ету болып табылады.
Бояудың кемелдік сипаты түркілердің түсінігінде ақ түс болып табылады. Сондықтан да ақ түс - қарттықтың нышаны. Ал, қыс - Жылдың “қартаю” кезеңі (маусымы). Сол себепті кемеліне келген адамның бейітіне ақ шүберек байланады да, ал той-думанда жас-кәрісіне қарамастан қазақтар қызылды-жасыл (ақ пен қара түстен өзге) алуан түсті киім киінеді. Алуан түсті құрақ көрпе жаяды. Ал, әзербайжандар Наурызда жұмыртқа бояуды бірнеше ғасыр бойы жалғастырып келеді. Бұл – мерекелік мәнді жеті өңді принципті қанағаттандыруға тиіс Көк шартына бағындыру белгісі.
Наурыз мерекесінің жеті үндік принципін Жаңа жылдың алғашқы таңын қарсы алу кезінде таңмен таласа қыз-бозбалалардың ауылды бастарына көтеріп, құлын-танаға қоңырау байлап, азан-қазан, у-шуға бөлеу дәстүрі болғандығын көрсетеді. Ал, ежелгі замандарда, бәлкім, жеті түрлі аспап тартып, адамдар хормен ән шырқау дәстүрінің болуы әбден рас. Бұған ежелгі Шумерде жасанып киінген жұрттың дауылпаздатып шеруге шығу көрінісін алуға болады. Батыс Азияда (Таяу Шығыс) арфатекті аспаптардың таралуы бұған куә. Әсіресе, қазақтың жетіген аспабының (Қытайда ол «жеті ішек» аталған) қолданылуы да Наурыздың бас таңын қарсы алу кезінде тартылуы ғажап емес. Ал, бүгінде хордың көптеген діндердің басты ритуалы болып сіңірілуінде де, Наурыз мерекесінің ежелгі сілемі жатқаны анық. Қорыта келгенде, Наурыздың жаңажылдық сипатының бірнеше ғасыр бойында қалыптасуына, нығаюына ежелгі түркілік дүниетанымның үлесінің бар екендігін бүгінгі күн тұрғысынан мойындап, тиісті шараны қолға алған абзал.

Наурыздық ұғымдар мен нышандар, ғұрыптар мен рәсімдер
Бүгінде наурыздық нышан ретінде қазақ халқының алуан түрлі фольклорлық туындыларын Наурыз мейрамына телу орын алуда. Алайда, мейрамды олайша «байыту» мерекенің маңызы мен өзегін бұрмалауға, ақырында оның дәйексіздендіруге апарып соғатынын ескеру керек.
Ежелгі Наурыздың мерекеленуі ғарыштық жыйылу құбылысының мәнін құрайтын үш санатына: дәм, үн, өңге негізделіп, бұлардың әрқайсысы ғарыштық жетілудің кепілі ретінде жеті еселенуден тұрған. Йағный, жеті дәмнен – наурызкөже; жеті түспен – құрақ көрпе тігу (басында алуан түсті мата парақтарды ілу ғұрпынан туындаған, бүгінде құрақ көрпенің о бастағы мәні көмескі тартып, оның тек қана тұрмыстық сыйпаты қалған), айналаны, үйді, адамды, жануарларды алуан түске безендіру; жеті үнмен – жеті қоңыраумен, жетіген аспабымен болмаса жеті адамның хор айтуымен ескі жылды есіркеп, жаңа жылды мадақтау жүзеге асырылған. Аталмыш нышандарды паш ету арқылы аспан көшінің көрінісін іске асыру арқылы кәзіргі адамзаттық карнавалдар (ғаламдық көшті паш еткен) мен хоровод (ғаламдық үнді дәріптеу) секілді дәстүрлер туындаған.
Аңырақай тауындағы жартастағы суретке куә болғанымыздай, Наурызды мерекелеуде он екі мүшелдік айуан бейнелерінің қатысуы міндетті нышан болғандығында ешкімнің дауы жоқ. Сондай-ақ, «Аластау» рәсімінің де өз алдына орны болғандығы күмәнсіз. Ал, «Ұйқыашар», «Селтеткізер» секілді дәріптер де Ырыс таңын қарсы алуға арналған бірден бір ғұрып болса керек.
Бұған қоса, Наурыздың мерекеленуі жеті күнге созылса керек, оған қазырғы еліміздің батыс тұрғындары 14 наурыздан көрісу мен наурызкөже асуды бастап кететінін

Категория: Қазақ мерекелері | Добавил: Аслан
Просмотров: 7961 | Загрузок: 1776 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 4.3/11
Всего комментариев: 1
1  
керемет саит

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>