Қазақ хандары - Қазақстан тарихы - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Қазақстан тарихы

Қазақ хандары

Скачать реферат с сервера 04.09.2010, 18:38
загрузка...
Шыңғысұлы Жошы хан
(1187-1227)
Шыңғысұлы Жошы хан (1187-1227) - монғол шапқыншылығынан кейін Қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет Жошы ұлысының негізін қалаушы, атақты Шыңғыс ханның қоңырат қызы Бөрте бәйбішесінен туған төрт ұлдың үлкені. Ол ересен күшті, ер жүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар адам болған. Ол, алдымен, монғолдардың басқыншылық әскери жорықтарының бәріне қатысқан аса ірі әскери басшы ретінде танылады.
Жошы Шыңғыс ханның батысқа қарай бағытталған бір қатар шапқыншылық жорықтарын басқарып, Оңтүстүк Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаларды бағындырып, Жетісу өңіріне жетеді.
1211-1215 жылдары Қытайды жаулау жорығына қатысады.
Содан үш жыл өткен соң, Жошы қыпшақ даласына басып кіріп, Ырғыз даласына жеткенде Хорезм шахтың алпыс мың әскерімен шайқасқа түседі. Күш ара салмағының кемдігіне қарамастан, Жошы қолбасшылық дарынымен ерекше көзге түседі. Хорезм шах әскері ашық шайқаста жеңіліп, қала қорғандарына барып тығылады.
Бұдан кейін Жошы Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Аспас, Жаңакент қалаларын алып, арада жыл өткенде Хорезмді бағындырып, Түркістанды иеленді. Келесі жылдың көктемінде Жошы әкесінің шақыруымен Сайрам мен Таластың арасындағы Құланбасы жазығында өткен құрылтайға қатысады.
Құрылтайдан кейін Шыңғыс ханның басқа балаларының бәрі кері қайтып кеткенде, Жошы өзінің жаңа иелігінде қалады. Ол осында 1227 жылы қайтыс болады.
Жошының өлімі жөнінде әр түрлі әңгіме бар. Оның бірі Жошы аң аулап жүргенде, жараланған құланның айғыры шайнап өлтірді десе, екіншісі аттан құлап, мойны үзіліп өлді дейді. Қалай болғанда да, Жошы ханның қазақ жерінде, Ұлытауда өлгені анық. Соның куәсіндей болып, Жезқазған қаласынан 45 шақырымдай жерде Кеңгір өзенінің сол жағасында Жошының мазары сол күйі әлі тұр.
Болатұлы Керей хан
(?-1473)
Болатұлы Керей хан (?-1473) - қазақ хандығының негізін қалаушы, Көк Орданың ханы Өрістің (Орыстың) шөбересі.
Шайбан әулетінен шыққан Дәулет шейхтың баласы Әбілқайыр ханның көк кесене төңірегіндегі шайқаста Үз Темір Тайшы басқарған ойрат әскерінен ойсырай жеңілуі Барақ ханнан кейін биліктен айрылған Өріс хан әулеті сұлтандарының бас көтеріп, жеке бөлініп шығуына мүмкіндік туғызады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланған Өріс ханның ұрпақтары Болат ұлы Керей мен Барақ ұлы Жәнібек өздеріне қарайтын тайпаларды бастап, Әбілқайыр хандығынан бөлініп шығып, Моғолстан жеріне кетеді. Онда оларды Моғолстан ханы Есен бұға аса құрметпен қабылдап, өз мемлекетінің батыс жағынан Шу бойы мен Қозыбасы өңірін оларға бөліп береді. Осы арада олар жаңа Қазақ хандығының шаңырығын көтереді. Хан тауында Керейді ақ киізге отырғызып хан көтереді.
Керей хан немере інісі Жәнібекпен біріге отырып жас мемлекеттің іргесін бекітіп, шаңырағын биіктету үшін үлкен еңбек сіңіреді. Моғолстан ханымен бірлесіп, ойрат тайпаларына қарсы күреседі.
1468 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болып, оның орнында таққа талас басталады. Осы тақ таласы Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына қайта оралып, мұндағы күреске белсене араласуларына мүмкіндік береді. Әбілхайырдың ұлы, ханның мирасқоры Шейх Хайдардың жеңіліп, жақын адамдарымен бірге қырғын табуы ұлыстағы бар биліктің Керей ханның қолына көшуіне жағдай жасайды. Осы кезден бастап Қазақ хандығы іргелі мемелекетке айналуға бет алды.
Керей ханның есімі 1472-1473 жылдардың тарихи деректерінде Бұрыш оғлан деген сұлтанның моғолстан ханы Жүністің ордасына жасаған шабуылына байланысты соңғы рет аталады, содан кейін еш жерде кездеспейді. Сондықтан оның қашан және қандай жағдайда қайтыс болғанын анықтау қиын. Тек кейінгі оқиғалардың даму барысына қарағанда, ол сол 1473 жылдың оқиғаларынан кейін көп ұзамай қайтыс болған секілді.

Барақұлы Жәнібек хан
(?-1480)
Барақұлы Жәнібек хан (?-1480) – Қазақ хандығының шаңырағын көтерушілердің бірі, Көк Орда ханы Өрістің (Орыстың) шөпшегі, Барақ ханның баласы. Асылы, Жәнібек ханның лақап аты, оның азан шақырып қойған есімі Әбусаид (кей деректе Бусаид).
Жәнібек жөнінде нақты дерек жоқтың қасы. Сол кездерден жеткен дерек көздерінде оның есімі үнемі Керей ханмен бірге аталып отырылады. Оның алғашқы белсенді қимылы өздеріне қоныс берген Моғолстан ханы Есен бұғаға көмектесіп, қалмақтарға қарсы шайқаста көрінеді. Ол Әбілқайыр ханның баласы Шейх Хайдарға қарсы соғыста бірнеше ел ағаларымен тіл табысып оларды өздерінің одақтасы етеді. Осы соғыста оның есімі Керей хансыз алғаш жеке аталады.
Жәнібек Керей ханнан кейін жеті жылдай Қазақ хандығының ханы болған. Қазақ хандығының бастау кезінен мол дерек беретін атақты тарихшы Мұхамед Қайдар Дулати қазақтардың Моғолстан жеріне келген кезін баяндаған да, үнемі Керейді хан, ал Жәнібекті сұлтан деп ажырата атап отырады. Содан кейін Әбілхайыр өліп, оның қарамағындағы ел ыдырап, бұрынғы көшпелі өзбек тайпаларының дені қазақтарға келіп қосылып, өзбек қазақ атанған кезден, яғни Қазақ хандығының елі көбейіп, жері кеңейген кезден бастап, Кереймен бірге Жәнібекті де хан дейді. Осыған қарағанда, Жәнібек Керей ханның тұсында “кіші хан” есебінде елді онымен бірге басқарып, ол өлгеннен кейін билікті тұтас өз қолына алған сияқты. Оны Қадырғали Жалайыридің: “ Оның (Барақтың) ұлы - “ кіші Жәнібек хан ” деп атанған. Осы Жәнібек хан атасының ұлысын өзі биледі ” деп жазуыда дәлелдей түседі. Жәнібек өлгеннен соң билік басына Керей ханның баласы Бұрындық келеді.
Жалпы Жәнібектің аты өзінің жеке істерінен көрі, оның бірінен бірі өтетін тоғыз көкжал ұлының істерімен әйгілі. Бұрындық ханнан кейін Қазақ хандығының тағын иеленушілердің біріңғай Жәнібектің балалары мен олардың ұрпақтарынан болуы да осы айтылғанға айғақ бола алады.

Жәнібекұлы Қасым хан
(1445-1518)
Жәнібекұлы Қасым хан (1445-1518) - қазақтың ұлы хандарының бірі, Қазақ хандарының негізін қалаушылардың бірі, Жәнібек ханның ортаншы баласы. Шешесі Жаған бегім Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі.
Қасым әуелгі кезінде Бұрындық ханның атты әскерін басқарады. Ол осылай жүріп, қан майдандағы ерлігімен, ел басқаруға қосар ақылымен, көрші елмен байланыста қиыннан жол табар саясаткерлігімен, жұртты соңынан ертіп әкетер шешендігімен ел көзіне ерте түссе де, жеке билікке ұмтылмай, ел бірлігіне жарықшақ түсірмей, Бұрындық ханның дегеніне көніп, оған қалтқысыз бағынады.
Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы өзінің дәуірлеу биігіне көтеріледі. Ол қауіпті көршісі Мұхаммед Шайбаниді талқандап, оның мемелекетінің құлауына себепші болады. Моғолстанның ханы Сұлтан Сайд ханмен достық қатынас орнатады. Сондай ақ ол таяу көршілерімен ғана емес, сырт елдермен, мысалы, Мәскеу мемелекетімен терезесі тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнатып, орыстың сол кездегі кінәзі III Василиймен байланыста болған.
Қасым ханның ел басқарудағы кемеңгерлігіне, қол астындағы халқының қамын ойлар даналығына тәнті болған көрші елдердің танымсыз қақтығыстан мезі болған ру тайпа көсемдері әр кезеңде ақырын жылысып, мұның қарамағына еніп жатқан.
Керей хан мен Жәнібек хан тарихта Қазақ хандығының іргесін қалап, шаңырағын көтеруімен ерекшеленсе, Қасым хан сол хандықты нығайтып, халқын көбейтіп, жерін кеңейтіп, даңқын алысқа жоюымен, “ Қасым ханның қасқа жолы ” деген атпен халық жадында сақталған қазақтың тұңғыш конститутциялық құжатының негізін жасаумен әйгілі болған ұлы хан.
Ол қартайып барып, Сарайшық қаласында өз ажалынан жылы (кей деректе 1523-1524ж.) қайтыс болады. Тарихшы А.П.Чулошников Қасымханның Сарайшықтағы мазарының XVII ғасырдың басында құламай аман тұрғанын жазады.

Шығайұлы Есім хан
(1628-1645)

Шығайұлы Есім хан (1628-1645) - Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз әңгімелер, дастан жырлар көп. Оны халқы Еңсегей бойлы ер Есім деп ардақтайды.
Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұндай ойрат тайпаларының бірігу процесі жүріп жатты.
Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұл таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұл жағына аунап түседі. Иманқұлмен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.
Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында Есім салған ескі жол деген атпен қалған әдет ғұрып нормаларын қалыптастырған конститутциялық құжат болғаны белгілі. Мұны Есімнің заңы деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы Қасым салған қасқа жолдың бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Жалпы көшпелілер мемелекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының Еңсегей бойлы Ер Есім деп марапаттайтыны да содан.
Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай Салқам Жәңгір деп атаған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды.

Жәңгірұлы Тәуке хан
(1626-1718)
Жәңгірұлы Тәуке хан (1626-1718) Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Кунделен тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгінін қолға алған кезде (1680ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемелекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған білікті жан болатын. Cондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді.
Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел алдырмағаны. Екіншісі елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтап торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып өргізетін, беделімен елдің бірлік берекесін, кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарады, ақыл ой, парасат үстемдігін орнатты. Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлібекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек, Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік берекесін кетірер ішкі дау жанжалды, барымта сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды. Жұрт елді ер қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез халық есінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш берекелі заман болып қалды.

Әскен (Әжі) ұлы Әбілхайыр хан
(1693-1748)

Әскен (Әжі) ұлы Әбілқайыр хан (1693-1748) қазақтың Кіші жүзінің ханы, Аңырақай шайқасындағы қазақ қолының бас сардары, қазақ сұлтандарының кіші буыны Үсектің ұрпағы. Болат хан өлгеннен кейін тақ таласында Сәмекенің (Шахмұхаммедтің) Әбілқайырдың атасына хандық әуелден бұйырмаған. Жеті атасынан хан болып келе жатқан менің тұқымым, хан тағының заңды иесі менмін деуі де оның осы кіші буыннан екенін меңзейді.
Ол 1723 жылға дейін Түркістан қаласында тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққан соң, Бұқар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын тайпалардың арасына кетеді.
Болат хан өлгеннен кейін қазақтың бас ханы болу жолы менікі деп сеніммен жүрген Әбілқайыр жеме жемге келгенде билік тізгінінің басқаның қолында кеткенін көргенде шарт сынып, ашуланып, бәрін тастап еліне кетеді. Қазақтарды әлсіретіп, бүкіл Орта Азияға жол ашар қақпанның кілтін тезірек қолға түсіру жөнінде патшасынан нұсқау алған орыстың далалық әкімдері бұл оқшаулануды өз мүдделеріне пайдаланып қалуға жанталаса кіріседі. Бұл ретте отарлаудың ежелден сыналған тәсілі жабайыны жабайының қолымен құртуды іске қосады. Сөйтіп олар өздерінің бодандары Еділ қалмақтарын да, башқұрттарды да, айдап салып, Кіші жүз қазақтарының тынышын кетіре бастайды. Соның аяғы Әбілқайырдың 1730 жылы өзін Ресей империясының қол астына алуын сұрап, Петербургке елшісін жіберуіне әкеп соғады. Онда ол өзінің Ресей империясына башқұрттар секілді қызмет етіп, солар сияқты алым төлейтінін айта келіп, өздеріне Ресейдің өзге бодандары тарапынан ешқандай қиянат және шабуыл болмауын талап етеді, патша тарапынан тиым салынбаса, башқұрттардың өздігінен шабуыл жасауды тоқтатпайтынын айтады.

Уәлиұлы Абылай хан
(1711-1781)

Уәлиұлы Абылайхан (1711-1781) - қазақ халқының әйгілі ханы. Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, төре. Шежіре деректері бойынша Шыңғыс хан - Жошы хан - оның төртінші ұлы – Тоқайтемір - Қожа - Бадақұлан - Өріс хан - Құйыршық хан - Барақ хан - Әз Жәнібек - Жәдік - Шығай хан - Ер Есім хан - Жәңгір хан - Уәли Сұлтан - Қанішер Абылай сұлтан - Көркем Уәли - Абылай (Әбілмансұр) хан болып тартылады.
Абылай хан, әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін жойылып кету қауіпі төніп тұрған, өлім мен өмір арасында күн кешкендей алмағайып заман болатын. Батысында отаршылдық дәмін татып, тәсілін меңгеріп үлгерген Ресей империясы кеуделеп келе жатты. Шығысында өзін аспан әміршісіне балайтын Қытай империясы айдахардай ысқырып тұрған кез. Оңтүстігіндегі елдерді ислам фанатизмі тұтастандырып, тәңірлік наным сенімді өмір салты еткен қазақ даласына олар да ит көрген ешкідей ажырайып қарайтын. Осынау тарихи жағдайды сол кездің дуалы ауыз ақыны бір ауыз өлеңмен былай бедерлейді:
“Былай барсаң Қоқан бар,
Қоқандаған әкең бар.
Былай барсаң Қалмақ бар,
Күшіңді еппен алмақ бар.
Былай барсаң Қытай бар,
Жапырағыңды бұтай бар.
Былай барсаң орыс бар,
Балаңды берсең қоныс бар”
Абылай хан ауырып жатқанда Бұқар жырау былай деп көңілін сұрапты деген сөз бар:
“Қалыңсыз қыз алдырған, ханым ай,
Қайырусыз жылқы салдырған ханым ай.
Үш жүздің боздағын жолыңа шалсам,
Қаларма екен бір шыбындай жаның ай!” депті.
Халыққа қадірі артқан ханға айтылар сөз осындай ақ болар еді.

Бөкейұлы Жәңгір хан
(1801-1845)
Бөкейұлы Жәңгір хан (1801-1845) - Кіші жүздің Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілхайырдың шөбересі, Нұралының немересі. Оның шын аты - Жиһангер.
Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі Сұлтандық дәрежеде басқарады да, кейін орыстың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай 1812 жылы хан атағын алды. Бірақ ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Бөкейдің артында қалған үш баласының үлкені Жәңгірге бұйырады. Алайда Жәңгірдің жас болуына, әрі сыртта Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде оқып жүруіне байланысты, ол ер жетіп, оң солын жете танығанша билікті Бөкейдің інісі Шығай сұлтан қолға алады.
Европалық білім алып, орысша тәрбиеленіп, хандықта әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас жігіт 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алғаннан кейін, патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі болады.
Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тиым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен жер бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп қосылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады.
Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Ол ашқан мектептен білім алған алғашқылардың бірі - белгілі қазақ этнографы, Орыс география қызметкер мүшесі Мұхаммед Салық Бабажанов бұл ретте: «...ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасында, өзінің ынтасымен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, онда 60 адам Мұхаммед діні, орыс жазуы және тілі жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келеді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» - деп жазады.
Жәңгір хан - бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып, аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікті биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.
Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасындағы хан өкіметі жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды.

Қасымұлы Кенесары хан
(1802-1847)

Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу Мерге ноянының қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.
1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады.
Кенесары көтерілісін жер жерден қолдаушылар көбейді. Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды, көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды. Кенесары бастаған көтерілісті жан-жақты қолдауға итермеледі. Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ хандығының ханы болып сайланды.
Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болады. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынын өзіне сүйеу іздейді. Хиуа ханы мен Бұқар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өздеріне қажетті қару жарақ, оқ дәрі алып тұрады.
Отты қарумен қаруланған патша әскеріне қарусыз халық жасақтарының төтеп беруі қиын еді. Соған қарамастан Кенесары өзінің аса дарынды қолбасшысы екендігін танытып, түрлі әскери тәсілдер арқылы оларға бірнеше рет ойсырата соққы беріп, бірнеше бекіністің талқанын шығарады. Солардың бірі Кенесарының Екатеринбург станциасына жасаған шабуылы. Шабуылдың тұтқиылдан болғандығы сондай, казактар, тіпті, қарсылық көрсете алмай қалады. Осы жолы Кенесарының жігіттері 18 мылтық, 2 пистолет, 18 қылыш, 27 найза қолға түсіреді.
Көп жылға созылған күрес негізгі күшін әлсіреткен Кенесары патша әскерінің қысымымен 1846 жылы Орта жүзден Ұлы жүз қазақтарының жеріне кетуге мәжбүр болады. Мұнда ол қырғыз манаптарына Қоқанға қарсы бірігіп соғысуға ұсыныс жасайды. Бірақ Орман мен Жантай бастаған манаптар оның бұл ұсынысын қабылдамай, орыстың генерал губернаторы Капцевичке өздерінің Кенесарымен соғысатынын хабарлап, одан көмек сұрайды.
Ресей әскери күшінің дем беруімен болған Кекілік тауындағы қазақ қырғыз арасындағы қақтығыста Кенесары қолға түсіп, қаза табады. Кенесарының тәуелсіздік жолындағы күресі де және осы жолда тек қана түркі халықтарының күш біріктіруі арқылы оң нәтиже күтіп, әрекет етуі де оның кең қарымды саясаткер, көреген стратегі екенін айқын аңғартады

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Косжанов
Просмотров: 10417 | Загрузок: 642 | Рейтинг: 4.5/11
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>