Главная » Файлы » Қазақстан тарихы

Қазақстандағы репрессия құрбандары

Скачать реферат с сервера 15.10.2010, 10:54
загрузка...
Жоспары:
Кіріспе
Негізгі бөлім
а) «Қызыл қырғын» құрбандары
ә) НКВД балалары
б) Алты Алаштың арыстары
3. Қорытынды
4. Пайдаланған әдебиеттер

1988 жылдың күзінде «Казахстанская правда» газетіне «Қоғамтанушылар нені тани алмаған?» деген ғылыми мақала дайындалды. Ондағы мақсат ұлттық республиканың шыққан тегіне балта шапқан Қазақстандағы қаралы кезеңнің қасіретін орыс тілді оқырмандарға жеткізу еді. Бірақ мұнын орнына 1989 жылдың 14-17 қаңтары аралығында екі республикалық газеттің бетінде ресми түрде сірескен тақырып партия тарихшыларының үлкен мақалалары жарияланды. Онда Голощекиннің қасақана ұйымдастырған ашаршылығы кезінде құрбан болғандардың санын әдейі екі еседей азайтып көрсетті. Былайша айтқанда, бұл орталық партократия зұлымының қазақ халқының алдындағы кешірілмес күнәсін баяғы зымияндық әдетіне салып, екі еседен артық жеңілдетті деген сөз.
Мұндай үлкен ғылыми оғаштықты КОКП тарихшыларының демографиялық зерттеу әдісін білмегендігінен ғана болды деу шындыққа жанаспайды.
Кейінгі кезде ізденімпаз жас зерттеушілеріміздің (Ә. Ғалиев, Т. Омарбеков, М. Қойгелдиев, Қ. Атабаев) арқасында көптеген архив деректері табылды. Сөйтіп, біздің бұрынғы таза ғылыми демографиялық талдауларымыз расқа шықты. Мысалы, 1927 жылғы республикалық ЦУНХУ-дің болжамы бойынша 1932 жылы Қазақстандағы ауыл халқының саны ғана 4.2 млн адам болуға тиіс еді.
Ал 1933 жылдың ортасында жүргізген ресми санаққа қанша адам қосып жазуға тырысып бақса да, өлгендердің санын көзбояушы шенеуніктер қанша азайтқысы келмегенмен, ауылдық жерде тірі қалған адамдардың санын 1.5 млн-нан асыра алмады.
Жоғарыда жасалған қылмыстың кесірінен есепші-зерттеушісымақтарымыз құрбан болғандардың саны 1.1-1.2 млн адам деп анықтаманы төмендетіп берді. Өкінішке орай, олар осы деректердің өзін бастапқыда жасырып келді де, кейіннен «темір сандыққа» салып тастады. Қазақстанда ашаршылықтан 2.5 млн адам өлді деген дерек шындыққа жанаспайды. Өйткені, бұл деректер зұлматтың беті ашылып, қателік зардаптарын тез арада түзету керек деген ақ ниет жеңген кезде жиналды.
1926 жылғы халық санағынан кейін құрбан болған адамдарының санын 1937 жылға дейін қалпына келтіре алмаған қазақстандық төрт ұлт туралы мынадай ресми деректер келтіруге болады. Мысалы, 1926-1937 жылдар аралығында қазақтар – 3,627,6 мыңнан 2,181,5 мыңға дейін, украиндар – 860,2 мыңнан 549,6 мыңға дейін, ұйғырлар – 63,4 мыңнан 33,4 мыңға дейін, өзбектер – 129,4 мыңнан 110,0 мыңға дейін кеміп кетті. Олар осы он жыл аралығында барлығы 1,816,2 мың адамын жоғалтқан екен.
Голощекиннің құрығынан құрбан болған жазықсыз жандардың бейнесін мәңгілікке есте тұту мүмкіндігі енді ғана туды.

ӘЛИХАН НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ БӨКЕЙХАН
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан Қарқаралы оязы, Әлтеке-Сырым болысы, Желтау баурайындағы Мырзатай қыстауында дүниеге келген. Қазіргі әкімшілік аймақтық бөлініс бойынша бұл елді-мекен Жезқазған облысы Ақтоғай ауданы , «Қаратал» совхозына қарайды. Оның нақты туған жылы туралы да жазба деректерде түрліше пайымдалып жүр. Кеңес үкіметі пәрменімен Әлихан Нұрмұхамедұлын «Халық жауы» деген нақақ айыппен тұтқындап, ату жазасына кесілген үкімнің шыққандығын айғақтайтын іс қағаздары арасындағы өмірбаяндық жеке құжатында ол 1866 жылы Семей облысының Қарқаралы оязындағы жетінші ауылында жарық дүниеге келгендігі баяндалған.
Қазақ халқының қоғамдық ой санасын биік белеске көтерген ірі қайраткерлердің туып, туған-өскен ортасы жайында да өкініштісі, әзірге ауыз тұмытарлық, мардымды ештеңе жазыла қойған жоқ.
1917 жылы Ақпан революциясы жеңіске жетіп, патша өкіметі құлатылғаннан кейін қазақтың зиялы қайраткерлері: Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, М. Тынышбайұлы, Ж. Досмұхамедұлы, Х. Досмұхамедұлы 1917 жылы сәуірде облыстық қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізеді. Облыстық және уездік қазақ комитеттері құрылды. «Жалпы қазақ съезі» өткізілсін деген қаулы қабылданады.
Бірінші жалпы қазақ съезі Орынбор қаласында 1917 жылы 21-26 шілдеде өткізілді. Съезде қаралған 14 мәселенің бірі – қазақтың саяси партиясын құру еді. Партияның аты – «Алаш» аталсын деп ұйғарылады. Партияның бағдарламасын жасау, қазақ автономиясын құру мәселесіне даярлық жоспары белгіленеді.
Осы съезде Әлихан Нұрмұхамедұлы көпшілік дауыспен «Алашордасының» басшысы болып сайланады. Бұл 6 миллион алаштың Әлиханды өзінің саяси көсемі ретінде танығандығының айқын дәлелі.

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ
Оның тағдыр – қиын, бірақ кісі қызығарлық тағдыр. Ғұмыры ащы арманға толы, алайда адамға өнеге боларлық ғұмыр. Мақсат-мұратының мазмұны, кей тұста қайшылықтарға соқтырды десек те, өте терең.
Біз онымен енді ғана таныса бастадық. Әлі танып болғанымыз жоқ Аса ірі халық қайраткері, ағартушы-ұстаз, ғұлама ғалым, көрнекті ақын, жалынды публицист, қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы ірі түрколог, этнограф, ғажайып сыншы, композитор-музыкант және шебер орындаушы, ауыз әдебиеті ме мәдениет зерттеушісі, профессор екенін енді ғана біліп отырған жерлесіміздің күреске толы өмірі мен мұрасына там-тұмдап үңілген сайын оның қуатты тұлғасы зорайып, еңсесі биіктеп бара жатыр.
Жас қазақ үкіметінің мүшесі болған мемлекеттік қайраткер басына 1929 жылы-ақ бұлт үйірілгендей. Бұл Голощекиннің қазақ жерінде білгенін істеп, бүлдіріп жатқан кезі еді.
1929 ж. қамауға алынған қазақ зиялыларының ішінде «рухани көсем» А. Байтұрсынов та бар. 1937 ж. 9 қазанда сталиндік репрессияның қанды пышағына ілігеді.
ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ
Адам ретінде де, қоғам және саяси қайраткер ретінде де ерте есейіп, есімі жиырма жастан асар-аспас кезінде жұрт аузына ілініп, халыққа танымал болды.
1984 ж. 26 желтоқсанда Жетісу облысы Верный уезіне қатысты Шығыс Талғар болысында дүниеге келген Тұрар шешеден де, әкеден де ерте айрылып, жетімдіктің ауыртпалығын көрді.
1916 ж. бастап жиырма жастан жаңа асқан Тұрар қоғамдық-саяси өмірге қызу араласып кетті, ол 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің Әулиеата-Мерке ошағына идеялық тұрғыдан басшылық жасады.
Тұрар Рысқұлов бүкіл саналы өмірінде мемлекеттік және партиялық саясаттағы ұлы державалық шовинизмнің көріністеріне батыл күрес жүргізді, ол жергілікті ұлтшылдық көп жағдайда ұлы державалық шовинизмге жауап ретінде бой көрсететіндігін дәлелдеумен болды.Ол өзінің осы мәселелер төңірегіндегі ойларын РКП(б) – ның XII съезіндегі сөзінде әсіресе 1923 ж. 9-12 маусымда РКП(б) Орталық Комитетінде өткен ұлт республикалары жауапты қызметкерлерінің IV мәжілісінде ешбір бүкпесіз айтқан болатын. Бұл мәселеде партия мен мемлекеттегі билікті сол кезде өз қолына шоғырландыра бастаған И. Сталинге қарсы келе беретін. Екеуінің арасындағы алғашқы ашық қақтығыс жоғарыда айтылғандай ұлт республикалары қызметкерлерінің IV мәжілісінде орын алды. Осы мәжілісте Сталин Тұрарды «татар ұлтшылы» Сұлтанғалиевпен пікірлессің, өзің де Сұлтанғалиев сияқты партия жолынан ауытқып жүрсің деп айыптағанда, ол олардан үзілді-кесілді бас тартып, «... Сталин жолдастың мәлімдемесі дұрыс емес. Сталин қателесіп отыр», – деп батылдықпен тура жауап береді.
Ол Сталиндік-Голощекиндік «Кіші Қазан» бағытын жүзеге асыру нәтижесінде жаппай ашаршылыққа ұшыраған өз халқына ара түсіп шырылдады. Сталинге хаттар жазды. «Ұлы көсеммен» сөзге келіп, айтысқа түсті, оның диктаторлық ел билеу тәртібіне қарсы шықты. Нәтижесінде 1937-1938 жылдары бүкіл ел көлемінде орын алған үлкен террордың құрбаны болып кете барды.

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ
М. Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Ақмола уезінің Полудень болысы Булаев ауданында дүниеге келді.
Ақынның адам ретінде, азамат ретінде қалыптасуына ардагер Міржақып Дулатов ықпал жасады. Ол Мағжанды әлем мәдениетінің озық үлгілерімен сусындатып, ақындық әлемінің сиқырлы есігін ашты.
1913 жылы ақын Омбы қаласына келіп, оқытушылар семинариясына түседі.
Мағжан – табиғат жаршысы, махаббат жыршысы. Оның бұл тақырыптардағы өлеңдерінің де негізгі тақырыбы тәуелсіздік.
Ел тәуелсіздігінің жыршысы Мағжан ақынның өзі де 1937 жылы 30 желтоқсанда өз тәуелсіздігінен айрылып, қызыл қырғынның құрбандығына айналды.
Ел болып алыптарымызды жаңа танып жатқанымызбен Байтұрсынов, Аймауытов, Дулатов, Жұмабаев десе ішкен асын жерге қоятын көнекөз қариялардың бары – «шіркін-ақ, талай сұңғыла кеуде сырын ашпай кетті-ау» деген өкініш отын қоса тұтатады екен.
Мағжан ресми түрде 1960 жылы ақталса да, шығармалары халыққа жете қоймаған тұста сол кезде Орталық партия комитетінің хатшысы болған, көрнекті мәдениет қайраткері Ілияс Омаров: «Мағжан – қазақ поэзиясының жарық күні. Күн нұр шашса, кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады. Осы бір кертартпалардың қырсығынан күніміз әлі күнге дейін нұрын шаша алмай келеді», – депті. Жалпы Мағжантану ісі енді-енді қолға алынып жатыр. Мағжан екінші рет ақталып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің қаулысы шыққаннан кейін біршама дүние жарық көрді. Ақын шығармалары «Жазушы», «Жалын», «Балауса», «Ана тілі» баспалардан оқушыға тартты.
ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ
Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебиетіндегі аса ірі тұлғалардың бірі. Ол – ақын, прозашы, драмашы, сыншы, публицист, аудармашы. Әдебиеттің әр алуан жанрларында белсенді қызмет ете отырып, ол революциядан кейін туған жаңа советтік әдебиеттің негізін салушылардың алғы легінде болды. Көптеген ірі шығармаларымен жаңа жанрдағы ізденістерді орнықтырды.
Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Қызылтау болысының бірінші ауылында туған. Арғы аталары ауқатты болған дейді. Бірақ өз әкесі Дәндебай да шағын шаруалы адамдар болған. 15 жасқа дейін өмірі өз ауылында өтеді. Ол ауыл молдасынан оқып сауат алады. «Қартқожа» романында суреттелетін бала молда өзі екенін жазушы мойындап жазған.
1907 жылы молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс мектебіне түседі. Бірақ ауыл шаруашылық мектебінде ұзақ оқи алмайды. Осыдан кейін біраз уақытын ол ауылда бала оқытумен, Баянауылдағы мектептің үшінші класында оқуын жалғастырумен өткізеді. Содан кейін 1911 жылы Керекуге келіп, екі класта орыс-қазақ мектебіне орналасады. Кейін интернатта білім алып, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі, оны 1919 жылы бітіреді. Жүсіпбектің алашордашылардың істеріне араласатыны да осы кез. Семейде ол «Абай» журналын шығарылысады. 1919 жылы алашордадан бөлініп, Совет өкіметі жағына шығады. Коммунистік партияның қатарына кіреді. Семейде, Павлодарда партия, совет жұмыстарын атқарады. 1920 жылы Қазақстан советтерінің құрылтай съезіне делегат болып қатысады. Сосын қазақ АССР Халық ағарту комиссариатында басшылық қызметте болды. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып ауысады. Кейін «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып істейді. 1922-1924 жылы Қарқаралыда мектеп мұғалімі болып, 1924-1926 жылы Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында қызметтер атқарды. 1926-1929 жылы Шымкент педагогикалық техникумының директоры болады. Ара-тұра сол кездегі саяси науқандарға араласады. Торғай уезінің ашыққан халқына жәрдем ұйымдастырып, жиналған малды «өзі пайдаланып кетті» деген жаламен жауапқа тартылып, артынан ақталады. Содан 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйымымен байланысы бар деген сылтаумен қайта тұтқынға алынады. ОГПУ органдары істі тергеп-тексеруге тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ бірден айыптау мақсатына кіріскен. Әлгі аталған 14 адамның бәрін де тұтқындау үшін жеткілікті негіз боларлық айыптары жоқ болса да, прокурордың санкциясынсыз-ақ қамауға алынған. Тергеу бір жылдан астам уақыт жүргізілген және заңсыз тұтқынға ұсталған осынша ұзақ мерзім ішінде сол 14 айыпталушының қылмысын дәлелдерлік бірде-бір объективті дерек табылмаған. Контрреволюциялық ұйымның программасы, уставы әлдебір алға қойған практикалық мақсаттары мен соларды жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекеттері жөнінде тергеушілер ешқандай нақты дерек жинай алмаған. Соған қарамастан, айыптау қорытындысы жасалған да, ешкімнің бекітуінсіз-ақ соттан тыс органның қарауына берілген. Айыпталушылар іс материалдарымен таныстырылмаған, ешқайсысына да өздерін қорғау үшін мүмкіндік туғызылмаған. «Осындай қолдан ұйымдастырылған жасанды іс бойынша жаңа 14 адамға түгелдей сырттай үкім шығарылған» – дейді Аймауытовтың ісін қайта қарауға қатысқан қазақ ССР Жоғарғы сотының председателі Т. Қ. Аймұхаметов.
Міне солардың қатарында Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі 1931 жыл 42 жасында, нағыз творчестволық толысқан кезінде қыршынынан қиылды.

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН
Отыз жетінші жылдың қанды қырғынына ұшыраған есіл ердің бірі – ақын және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин.
Сәкеннің (шын есімі Сәдуақас) дүниеге келген жері Ақмола облысы, Ақмола уезінің Нілді болысындағы Нілді мыс қорыту заводына таяу тұстағы қазақ ауылы. Қазір бұл жер Жезқазғанның Жаңаарқа ауданына қарайды.
1914 жылы қазанда «Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын бастырады. Сәкеннің қоғамдық, творчестволық қызметінің жаңа дәуірі 1917 жылдан басталады. Патша өкіметін құлатқан ақпан революциясынан кейін-ақ Ақмола қаласына ауысып, революциялық жұмыстарға белсене араласады. Сол жылдың көктемінде құрылған Қазақ комитетінің председателі болып сайланады. Оның қатысуымен Ақмола жастарының революцияшыл тобы «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік» атты газет шығарады.
1922 жылы «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» пьесалары кітап болып басылды.
Проза жанрында «Тар жол, тайғақ кешу» (1927) атты мемуарлық романын, «Айша» (1922), «Жер қазғандар» (1928), «Жемістер» (1935) повестері мен әңгімелерін жазды.
Бүкіл саналы ғұмырын Совет өкіметі мен коммунистік партияға арнаған қазақ даласының «қызыл сұңқары» да «қызыл қырғынның» құрбандығына айналуы сол бір қиямет күндердің заңдылығы секілді болды.

СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСОВ
Алты алаштың ардақты азаматы Смағұл Сәдуақасов 1900 жылы Ақмола губерниясының, Омбы уезі Қорған болысында дүниеге келген. Полтавка поселкесіндегі екі жылдық бастауыш мектепте оқып, орысша сауат ашқан. 1915 жылы Омбының ауыл шаруашылық мектебіне қабылданған. 1920 жылы Батыс Сібір кооперация одағында қызмет атқарып, бұратана халықтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бүкіл қазақстандық кеңестердің бірінші съезіне делегат болып сайланады. «Жастарға жаңа жол» атты кітабын жазады. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, республика Халық ағарту комиссары қызметтерін атқарады. Ол – Қазақстандағы жоғары оқу орнын тұңғыш ұйымдастырушысы және ҚазПИ-дің алғашқы ректорларының бірі. Смағұл Сәдуақасов – әдебиеттанушы, қазақтың тұңғыш ұлттық театрын ұйымдастырушысы.
25 жасында мемлекеттік ірі істерге белсене араласқан өжет, тура сөйлейтін, ойы терең, сөзі салмақты, айтқанынан қайтпайтын Смағұлды республика басшылығының тізгінін ұстаған Голощекин ұнатпаған. С. Сәдуақасов Сталиннің Қазақстандағы қолшоқпары, «Кіші қазанды» бастап, қазақ жеріне зобалаң, зұлмат әкелген Голощекинді сынап, пікірлерінің, іс-әрекеттерінің терістігін көзіне, көпшілік алдында айтқан.
Оның шовинистік астамшылығына тежеу салуға тырысқан. Қазақтың тілін, қазақ кадрларын, білімді азаматтарын қорғап, соған қамқорлық жасағаны да әумесер басшының қанын қайнатқан. Сонысы үшін қызметтен алынып, қудалау көрген, Мәскеуге кеткен. 1928 жылы транспорт инженерлерін дайындайтын институтқа түсіп, оны бітірген соң С. Сәдуақасұлы Москва-Донбасс темір жолында бас инженер қызметін атқарады. Сонда жүріп қатты сырқаттанып, 1933 жылы желтоқсанда Кремль ауруханасында дүние салды. Оны «халық жауы» атанудан ажал «арашалап» қалса да, қасіретті қара таңба оның жетпістен асқан әкесі Сәдуақас ақсақалға таңылды. Ол кісі айдауда көз жұмады, ал қарындасы Орынбасар қуғын-сүргінді көп көреді.

ҒАБДҰЛХӘКІМ БӨКЕЙХАНОВ
Ғабдол Бөкейханов 1896 жылы 15 көкекте сол кездегі Астрахан губерниясына қарасты Бөкей Ордасында дүниеге келіпті. Әкесі малшы болған екен. Баласын оқытуға дәулеті жетерлік болса керек. Сауатын үйде қазақша аштырыпты. Одан ауылдағы бір кластық орыс-қазақ мектебіне беріпті. Алайда әкесі ерте дүние салады. 12 жасар бала Хан Ордасындағы интернатта жатып, төрт кластың қалалық училищеде оқиды. Оны 1912 жылы бітіреді де, өз бетінше дайындалып, 1914 жылы Оралдағы реальді училищеге түседі. 1917 жылы Мәскеудегі ауыл шаруашылық академиясына қабылданады. Мұнда ол бір-ақ жыл оқиды...
1928 жылы қаңтардан Қарақалпақ Автономиялық облысында облжоспар төрағасы және облатком төрағасының орынбасары болып істеді.
Қарақалпақстаннан Ғ. Нұрмұхамедұлы 1932 жылы Алматыға шақырылады. Астанада бір жылдай қазақ мақта комитетінің төрағасы болды, 1933 жылы Шымкентке мақта-трактор орталығын басқаруға жіберіледі.
1937 жылы 30 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер бөлімінің бастығы Кальнинч дегенге «ағынан жарылған» өтініш түседі: «Мен, Бөкейханов Ғ. Н. Бүгінгі күннен бастап контрреволюциялық зиянкес ұйыммен барлық байланысымды үземін. Мен, Бөкейханов, өзім құрамында болған осы ұйымда өткізген уақыттарымның аралығынан жиренемін. Ұйым туралы қосымша көрсетулерді егжей-тегжейлі жазып беремін. Ойымды жинақтауға мүмкіндік беруді өтінемін.»
Оның ойын жинақтауға мүмкіндік беру жолы Алматыда ойластырылып қойылған: «... тергеу мен соттан жалтарып кету тәсілдеріне тыйым салу шарасы ретінде Оңтүстік Қазақстан ішкі істер басқармасының ішкі түрмесінде қамап ұстау таңдап алынсын»- деп лейтенант Катаков, капитан Брайловский дейтін НКВД-нің екі бірдей бөлім бастықтары қаулы шығарып Шымкентке жіберіпті, онда мұны кіші лейтенант Полюдов 31 шілдеде өз қаулысын шығару арқылы жүзеге асырады. Алдында, 29 шілдеде үйіне тінту жүргізіпті. Тұтқынға да сол күні алса керек... Ертеңіне «мойындау», жеке өтініш білдіру.
Бөкейханов қылмыстарын мойындайды. Ісі 1934 жылы 1 желтоқсан заңына сәйкес КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының қаруына берілмек. Липень мен Гитлин 1937 жылы 28 желтоқсанда айыптау қорытындысына қол қояды. КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының төрағасы диввоенюрист Горячев, мүшелері – бригадвоенюристтер Г.А. Алексеев, А.Н. Микляев, хатшысы – 3 рангілі военюрист Шапошников 1938 жылы 24 ақпанда дайындық мәжілісін өткізіп, Бөкейхановты көшпелі сессияның жабық сотында айыпталушылар мен қорғаушыларды қатыстырмай, куәлерді шақырмай соттау жайында хаттама жасайды. Ертеңіне сағат 17-де осы құрам сотталушының соңғы сөзін тыңдайды, кеңесуге кетеді, қайтып келеді. Сөйтіп, сағат 17-ден 20 минут өткенде Бөкейхановты ату жазасына кескені туралы үкімін оқиды. Үкім табан астында орындалады.

ИМАМ ӘЛІМБЕКОВ
«Алаш» партиясының көрнекті қайраткерлері болмаса, басқа мүшелерінің көбінің аты-жөні, тағдыры белгісіз ғой. Сондай тарихтан аты өшіп, ұмыт болып бара жатқан алаш азаматының бірі Имам Әлімбеков. Ол Қарқаралының тумасы, сондағы орысша-қазақша оқытатын мектепті аяқтағаннан кейін Семейдегі мұғалімдер даярлайтын семинарияда қазақтың көптеген алдыңғы қатарлы жастарымен бірге, соның ішінде Қаныштың ағасы Әбікей Сәтбаевпен бірге оқыған. Семинарияны бітірген соң Семейде қалып, гимназияларда қызмет атқарады, зиялы қауымның басын құраған «Алаш» партиясын ұйымдастырушылар, халқымыздың біртуар ұлдары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ә. Ермековтермен серіктес болып, халық қамы үшін бірге күрес жүргізген азамат....
И. Әлімбеков 1937 жылы 17 наурызда мектепте «халық жауы» ретінде ұсталады.
УНКВД үштігінің 1937 жылы 17 қырқүйектегі қаулысымен «контрреволюциялық ұйымға қатысқаны» үшін ең жоғарғы жаза –ату жазасына кесіледі.

ҒАЗЫМБЕК БІРІМЖАНОВ
Қазақ ССР Жоғарғы Сотының қылмысты істер жөніндегі коллегиясы 1988 жылы 4 қараша күнгі мәжілісінде 1930 жылы сәуірде сталиндік репрессия құрбаны болған 14 зиялы азаматтарымызды ақтады. Солардың бірі – Ғазымбек Бірімжанов.
Осы кісі кім еді?
Москвадағы Бутырка түрмесінде жатқан М. Дулатовты 1929 жылы 3 тамызда сұраққа алған жендет одан: «Бірімжанов туралы не айтасыз?» деп сұрапты. Сонда ол: «Бірімжанов Орынбордағы реальді училищені бітірген. Бізбен бірге Алаш Ордада істеген, Ташкенттегі университеттің дәрігерлік факультетінде оқыған. Кейін «Ақ жол» газеті ұйымдастырылғанда редакцияға ауысып, сонда істеді. «Шеген» деген үлкен атасының атымен жазып тұрды. Онан соң Германияға оқуға кеткен. Бұл 1922 жылдың күзінде болатын», – деп жауап берген.
Ғазымбек Германияда 6 жылдай оқып, агроном мамандығын алып қайтқан. «Енді еліме еңбек етем» деп келгенде, 1928 жылдың күзінде Москвада «халық жауы» деп танылып, тұтқынға алынған, 1930 жылы атуға бұйырылып, артынан ол үкім бұзылған. Он жыл айдауға жіберіліп, сол кеткеннен оралмаған.
Бұл деректерден Ғазымбектің қоғам қайраткері, қаламгер, дәрігер, агроном, ағартушы адам болғаны аңғарылады. Ол негізінен осы ғасыр басындағы қазақ сахарасында күн тәртібіне қабырғасынан қатты қойылған қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді жалғастыра жырлаушы журналист, елді оқу-ағарту, әйелдерді езгіден азат ету жөнінде А. Байтұрсынов, М. Дулатовтардың шәкірті, ізбасары болған, солармен үндес, пікірлес болған өрелі өрен.

«НКВД» БАЛАЛАРЫ
Сталинизм тепкісінен тентіреген сәбилердің тағдыры
Тұрар Рысқұловтың жасы 16-дан жаңа асқан жалғыз ұлы Ескендір Рысқұлов Мурманск лагеріне жөнелтіліп, қабырғасы қатпаған жігіттің сол жерде опат болуы, екі қызы Сәуле мен Розаның еліміздегі әртүрлі балалар үйіне өткізген жанкешті қиын өмірінен біз не білеміз?
Сәкен Сейфуллиннің жалғыз ұлы Аян поездағы ыстық-суыққа төзбей, тұлпардың соңғы тұяғы жол үстінде үзіліп кетті.
«Алжир» тұтқыны Мәриям Есенгельдинаның екі жастағы жалғыз ұлын НКВД қызметкерлері қолынан тартып алып, Саратовтағы балалар үйіне жіберіп, нәресте сонда шетінепті... . Қатыгездіктің нағыз шығанға шығуы осы болса керек.
Ілияс Жансүгіровтың ұлы Болаттың өмірінің сақталуы кісі таңданарлық. Қолынан тірідей алатын болған соң Фатима апай НКВД қызметкерлеріне «одан да, өз баламды өз қолыммен өлтірейін!» деп балға алып, сес көрсеткен! Анасының нағыз ерлігінің арқасында Болат Жансүгіров НКВД балаларының қатарына алынбады, бірақ жиырмасыншы съезге дейін «халық жауының баласы» болып келді... .
Зобалаңға ұшырағандардың әйелдері «халық жауының әйелдері» деген жаламен ұсталып, Ақмоладағы әйелдер лагеріне («АЛЖИР») ұзақ мерзімге айдалғанда, балаларының көрген құқайы да жетерлік екен. «Сталиндік тәрбие беретін балалар үйіне» жіберіліп, жетімдіктің тауқыметін аяусыз тартты.
Сүлеймен Есқараевтың балалары да, қуғын-сүргінне көз аша алмаған қызы Әлия қазіргі Қызылорда қаласында тұрған. Ал ұлы Марат Есқараев Қазақ ССР Байланыс министрлігінде жауапты қызметкер болған.
Тағдыры ерекше тәлкекке түскендердің үлкен бір тобы – балалар, «НКВД балалары». Сталиндік қанқұйлы заманның зұлматын оларға қарап отырып салмақтауға болады. Олар өте көп. Оларға ортақ бір қасиет бар. Ол – ерекше мейірімділік. Мүмкін, сәби кездерінен мейірімге шөлдеп өскендіктен болар?!

АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРЫСТАРЫ
Атылған жер алыста емес, Алматының іргесінде
Сталиндік сыңаржақ саясаттың қанды шеңгеліне ілініп, 37-нің зұлматты жылдары құрбан болған қазақтың маңдай алды азаматтарының жамбасы жерге тиген жер бүгінгі күні белгілі болып жатыр. Ол – Талғар ауданына қарасты Әли елді мекенінің Диханбай қыстауында. Осы жерде 2,5 мың озбыр саясат құрбандары мәңгілік дамыл тапқан. Қай жерден топырақ бұйырғанын біле алмай, ах ұрып, аңсаумен жүрген асыл жарларың, ұл-қыздарың, арысым деп ардақ тұтқан халқың көк байрағын төмен салып тағзым етіп келіп тұр бүгін бастарыңа. Бұған да тәуба! Топырақты туған жер төсінен бұйыртқанын тәуба!
Қазақтың арыстары жерленген жерді анықтауда «Әділет» қоғамының үлес салмағы айрықша. Сондықтан да, межелі жерге бет алғанда, осы қоғамды ұйымдастырушылардың бірі, жаны жайсаң ағамыз Мардан Байділдатегі:
– «Әділет» қоғамының 1989 жылы сәуірінен бері жұмыс жасап келе жатқандығы белгілі. Содан бергі тынымсыз еңбектің жемісі ғой бұл. Топырағы торға, жатқан жерлері жайлы болғыр С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ахмет Байтұрсынов сынды аяулы азаматтардың, жалпы 2,5 мың боздақтың жерленген жерін анықтап отырмыз. Жерледі деген жай сөз ғой, атылғаннан кейін бәрін «қара құзғынға» тиеп, Диханбай қыстағындағы шұңқырға тастап, бетін шала-шарпы жаба салған. Амандық болса, оларды арулап басына құран шығарып, бүгін қайта жерлейміз. Сол жерден табылған төрт адамның мәйітін бүгінгі күнді күтіп сақтағанымызға да біраз болды. Құдайға шүкір, бұл күнге де жеттік!
Диханбай қыстауында жатқан 2,5 мың арыстарымыздың кімдер екендігін, олардың есімдерінің қалай анықталғанын «Әділет» қоғамының төрағасы, академик Манаш Қозыбаевтың сөзінен білдік. Ол кісінің айтуынша, бұл жерде жерленген 2,5 мың адамның 499-ның есімдері анықталыпты. Ол тізімді Ресей қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері табыс етіпті. Жоғарыда біз сөз еткен қазақтың маңдай алды азаматтарының есімдері де сол тізімде аталған. Ресейліктер табыс еткен құжат бойынша 499 боздақ, не бары 14 күнде атылып, осы жерге құпия түрде көмілген.

Қорыта айтар болсақ, біздің қоғамтанушылар тікелей голощекиндік геноцид салдарынан, тағы басқа өміршіл зұламаттың зардабынан күні бүгінге дейін қазақ халқының ұлттық дамуы демографиялық детерменизм, яғни амалсыз санға тәуелділік жағдайында қойғанын әлі біле алмай келе жатқан сияқты. Сол демографиялық кәріптік жеңіп, сол дертті бір жола жазбайынша қазақты ұлт ретінде ұшпаққа шығара алмаймыз.

Пайдаланған әдебиеттер:

Қызыл қырғын. 37-де опат болғандар
Абақты
«Егемен Қазақстан» газеті (1993 жыл 14 тамыздағы шығарылымы)

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Косжанов
Просмотров: 17102 | Загрузок: 859 | Рейтинг: 4.3/21
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>