ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы көші-қон жолдары - Қазақстан тарихы - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Қазақстан тарихы

ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы көші-қон жолдары

Скачать реферат с сервера 04.09.2010, 18:50
загрузка...
ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы көші – қон жолдары
ІРГЕБАЕВ Ғылымбек,
Ә.Х. Маргұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері
Дәстүрлі мал шаруашылығы көшпенділікке негізделіп, оны ұйымдастырудың негізгі тәсілдері сан ғасырлық тәжрибеде жыл маусымдарына сәйкестендіріліп, жазылмаған "көші-қон ережелері" қалыптасып, бүкіл мал атаулы маусымдық табиғи жайылымдарда бағылды. Мұның өзі кең байтақ өріс, қоныс және шөптің сонысы мен судың тұнығын таңдап, көшіп-қонып отыруды керек етті. Өмір сүру ортасының ерекшеліктері жайылымдарды пайдалану тәсілдерін айқындап берді. Талай ғасырлар тәжірибеден туған шаруашылық басқару тәсілі мал жайылымдарды маусымға қарай пайдалану тәжрибесін қалыптастырды, төрт маусымның төрт қонысы болды. Бұлар: жазғы жайлау, қыстағы қыстау, көктемгі көктеу, күздегі күзеу. Жазғы жайлауға — бетегелі белестер, өзендер мен көлдердің алқаптары, ауасы салқын, шыбын-шіркейсіз жерлер, таулардың қойнаулары қажет болса, қысқы қыстауға ызғырық желден паналайтын, ықтасын, жылыуыт күнгей таулы жерлер, төбе-төбе құмды адырлар немесе малды бораннан сақтайтын тоғайлы, құмсаулы-қонысты, түңгелі жерлер қажет болды. Көктеулі және күздеулік жайылымдар көбінесе мал төлдетуге және жас төлді аяқтарынан ширатуға қолайлы, жері жатық, суы мол өзендер мен көддердің маңындағы қар кеш түсіп, ерте еритін жерлерге орналасты.
Қазақтарда қой шаруашылығында еңбекті ұйымдастыру қысқы, жазғытұрғы, жазғы және күзгі көшумен тікелей байланысты болды. Бұл үрдіс жылдық өндіріс ауқымының әр түрлі сатысы болып есептеледі. Мәселен Қазалы, Перовск, Ырғыз уезінің малшылары жыл сайын оңтүстіктен, солтүстікке қарай меридиандық бағытта көшіп отырды. Қысқы көшудің орны Іңкәр-Дарияның, Қуандарияның, Жаңа-Дарияның арнасы, қой малының қысқы жайылымына жарамды Қызылқұмның қуаң даласындағы топырақты кеңістігі болды. Бұл жерлер 80—90 пайыздың көлемінде түрлі жайылымдық шөптердің өсуімен ерекшеленді және осы өңірлерде қыс айларында қатты боран болмайды. Қазақтар бұл жерлерді қызылдың қиясы деп атады. Қызылқұмның топырақты жерлері қой малы үшін қыстың суық күндерінде де, тіпті, қалың қар басқан уақытта да тендесі жоқ жайылым деп есесптелді. Қызылқұмды қыстаушылар жұтты білмейді, егер жұт бола қалса, айтарлықтай сезілмейді. Қазалы, Перовск және Ырғыз уезінің малшыларының Қызылқұмдағы қысқы жайылымнан жазғы жайылымға қайта көшулері наурыз айының алғашқы күндерінде басталды.
Перовск уезінің Орта жүз қазақтары Сырдария өзені жағалауында тоғайлы қамысты жерлерде қоныстанды. Қыс жылы болған кезде қойларын жайылым үшін Қызылқұмға қарай айдады. Әдетте, Қызылқұмда қыс жұмсақ, қар қалың болмай, шөп қыстай сақталды, себебі —ол жерлер бүкіл жаз бойы және күз айларында да елсіз болатынды. Қызылқұм аймағында көшпелілер 2—2,5 ай көлемінде ғана болды, ең қашықтағы Бигелік, Бестөбе, Ақбайтал, Бозкемер жайларына 15 желтоқсаннан бұрын келмеген. Көшу жолы Жаңадария, Қуандария және Ескідарияның құрғақ жиектерімен жүргізілген. Көшу жүрісі күніге 15 шқ-нан аспаған. Бұл жазғытұры қойдың әлсіреуімен байланысты болды, себебі елсіз мал ұзақ жолды көтере алмайды деп есептеген. Бұл тәсіл әлсіреген, жүдеген маддың шығынға ұшырауын әлдеқайда азайтты. Қызылқұмнан Сырдария, Байқожа, Төретам, Дирмантөбеге дейінгі жол қашықтығы 300—320 шқ болатын. Бұл қашықтыққа қайсыбір көш 15—20 күн жүрген. Олар жаппай мал төлдетуге жету үшін Сырдарияның мұзы еріп кетпегенге дейін өтіп кетуді қажет деп есептеген.
Мұндай ұмтылысқа итермелеген Сырдарияның оңтүстік жағалауының жазғытұрғы өсімдіктері және ауа райының Солтүстікке қарағанда артықшылығымен байланысты болды. Әдетте Үшқара, Егізқара Дадікқұм, Баршақұм, Бұқа, Айтымбет-Дарбас, Жіңішкеқұм атты жерлерге тоқтай жылжыған олар өз ара белгілі қашықтықты сақтаған.
Көшу жолдары мен көшу тәсілдері көшпенділер қоныстанған аймақтардың табиғатына байланысты қалыптасты. Жетісу өңірінде шұрайлы жайылымдар таулы-тасты аймақтарда болғаңдықтан, олар тау шатқалдарын бойлай "тік" немесе "көлбеу" түрде көшіп отырды. Қарқара өңірі және Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірі, ішінара Орталық Қазақстан қазақтары арасында көшудің "тасымал" түрі қалыптасты. Көштің тасымал түрінде ауылдың бір бөлігі бірінші көшіп, белгілі жайлауға келіп қонған соң, жүк көліктерін қайта қайтарып, ауылдың қалған бөлігін көшірді. Көштің бұл түрі жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар арасында қолданылды. Ал шөл даланы кесіп өтетін көш суат басына тоқтаған кезде малды тойдыра суарып алып, келесі суатықа жету үшін тоқтаусыз "үдере көшіп" отырды.
Семей облысының малшыларының қыстаудан жайлауға көшу ұзақтығы олардың қоныстанған өңірі мен дәстүрлі мал шаруашылығының сипатына қарай әртүрлі болды. Семей облысындағы көшпелі мал шаруашылығын кәсіп қылған наймандар сәуір айының ортасына дейін жайлауға көшіп, жайлауда шілденің соңы, тамыздың басына дейін отырған. Тамыздың басынан қайта көш жолына шығып, қыркүйекте күзеуге тоқтаған. Қазақстанның шығыс және орталық бөлігін қоныстанған наймандардың бір бөлігі қысқа қашықтыққа көшіп, жайлауға көшудің "тасымал" түрін қолданды. Ауылдың бір бөлігі көшіп, жайлауға қонғаннан соң жүк артатын түйелерін ауылдың қалған бөлігін көшіруге қайтарған. Яғни ауыл жайлауға екі-үш кезекпен көшкен. Көшудің бұл түрі жартылай отырықшы мал шаруашылығын кесіп өткен және малы аз наймаңдар арасында ғана жүзеге асты (1).
Ал, Қазақстанның солтүстік өңірі мен орталық аймағында көшіп-қонып жүрген тайпалар "меридиональды" көшу бағытын ұстанды. Олар көктем келіп, көк шыға салысымен жайлауға қарай жылжып, жайлауда шөп қоры азайған уақытта басқа жайылымға қарай көшті. Олардың көшу қашықтығының кемі 800 километрден асып отырған, ірі қара малы ұзаққа көшуге жарамсыздау болғандықтан, олар мал табынында аз кезікті (2). Көші-қон жолын ауыл басшысы "ақсақал" немесе "ру басшысы" сілтеп, жол көрсетіп отырды. Кешкілік көш уақытша тоқтатылып, шағын "жолым үй", "қос" немесе уықсыз керегеден "жаппа" тігілді. Көштің жүгін, тең буу, үй тігіп, оны жығу, т.б. жұмыстары әйел мойнында болды. Сонымен қатар, көшпелілердің жайлау көлемі де әртүрлі болды. Мысалы, Өскемен уезінің Алтай болысындағы наймандардың Жайдақ деген жайлауы, соңдай-ақ, Үркер болысының наймаңдарының Қүршілік жайлауы Алтай тауынан бастап, ондаған шақырым жерге созылып жатты (3).
Көш жолдарының жыл бойындағы орташа есеппен алғандағы ұзындығы 50-100 шақырым болған, бірақ жекелеген адай, шекті, табын сияқты ру-тайпалық топтардың көшу қашықтығы 1000-2500 шақырымға дейін жеткен. Мейлінше қашыққа көшіп-қону мал шаруашылығының көшпелі түріне сай келеді. Қашыққа көшіп жүру Қазақстанның Батыс және Сырдарияның төменгі ағысын мекен еткен тайпаларға тән еді. Аралдың солтүстік маңайы, Сырдарияның орта және төменгі ағысы мен Қаратаудың баурайында орналасқан қыстаулардан бастау алатын көшу бағыттары Ұлытау жазығы, Торғай, Ырғыз, Тобыл өзендерінің аңғарларындағы жайлауларға дейінгі аумақты қамтитын.
Маңғыстау түбегіндегі үстірт және сай-құмын адайлар қыстаған. Та-бын рулары Жем, Ойыл, Сағыз, Темір өзендерінің бойын жайлаған. Кіші жүздің шөмекей, шекті руларының қыстауы Сырдарияның оңтүстігіндегі Қызылқұмды жайлаған. Соңдықтан да жем-шөп дайындаумен айналыспаған, ал қойшылардың үй шаруашылығы жыл тәулігінде көшіп-қонып жүруге бейімделген. Бұлар көшпенділер деп аталды. Бұл көшпенді малшылардың қысқы мал қоралары, тұрақты құрылыстары болмады.
Кіші жүз қазақтары қар ери бастаған кезден Қарақұмға, ал бұл жерден маусымның соңына қарай, шұқырлардағы сулар күннің ыстығынан кебе бастаған кезде, батысқа көше бастаған. Олардың көші-қон жолдарының бағыттарын Е.Александров "Пути кочевок киргиз Малой Орды Перовского и Казалинского уездов" атты мақаласында көрсеткен. Олар Қарақұмнан шығып, Ырғыз уезіне, одан Торғай уезіне жетіп, 700-1000 шақырым жерге дейін көшіп отырған (4).
1872 жылы "Туркестанские ведомости" газетінде жарияланған "О направлении летних кочевок киргиз Казалинского уезда" атты редакциялық мақалада Қазалы көшпелілерінің Ырғыздан Орскіге дейін жететінің, тамыздың аяқ жағында кері қайтатынын келтіреді (5).
Г.Загряжскийдің айтуынша, көшпелілер қыстық жайылым үшін де малға ыңғайлы таза, суға жақын жерді қарастырды. Қыстаудан жайлауға көшу наурыздың басынан басталады, бұл кезде қойларды Қызылқұмнан Сырдарияға қыр арқылы өткізуге болады. Наурыздың соңына қарай көшкен қазақтар Ұлытау мен Кіші тау жайлауларынан Сырдария жағалауына қыркүйекте қайтып оралды (6).
Жетісу облысының Верный уезінің көшпелілері тұрақты бір жерді қыстамады. Олардың көші-қон бағыттары жайында Я. Баллицкий Күрті өзенінен Балқаш көліне дейінгі аймақты алып жатқан сары үйсін, темір, ботпай руларының бұл жерде қатты соғатын боран желдің әсерінен мал арып кетпес үшін қойларды Тауқұмға қарай айдайды, ауыз суды қар ауыстырды. Қар аз жауатын жерлердегі сабанның көптігі қойларға азық табуына мүмкіңдік беретінін жазады (7).
Қазақстанның солтүстік жартысын және Сарыарқаның беткейлерін мекендейтін қазақтардың көпшілігі Сарыарқа жүйесіңдегі таулы жерлерді, сусыз аймақтарды қыстаған.
Ертіс бойындағы наймандар қыстаудан мамыр айында көтеріліп Алтай таулары етегіне дейін жетіп, жайлауда бір айдан аса отырып, кері қайтқан. Ауылдың күзеулік жайылымы қыстауға жақын Ертістің сол жақ жағалауындағы шабындық жерлермен бір болып қар түскенде қыстауға көшті. Қара Ертіс наймандарының ерекшелігі шабындық жердегі жұмыстың науқанына байланысты жайлауға қарағанда күзеуде көбірек отырды. Жалпы бұл өңірдегі жайылымдар қыстау, жайлау, күзеуден құралды (8).
Лепсі уезіндегі наймандар арасында ауыл ақсақалын "қыстау басы", "елу басы", "ауыл басы" деп атау кеңінен тарады (9).
Солтүстік облыстарда көктеу, күзеу қысқы жайылым жерлерден қашық болмады. Бұл жарелерде мал наурыз, сәуір айларына дейін, қайсы бір жылдарда мамырдың ортасына дейін ұсталды. Қазан мен қараша айларында көшпелі қазақтар кейін қарай қайтып, желтоқсан айында қысқы жайлауларына келіп жеткен. Орташа есеппен көпшелілер наурыз айының алғашқы күндерінен бастап қайтадан солтүстікке қарай көшіп-қона бастады.
Қазақтар үшін, әсіресе, Бетпақ дала сияқты шөлді кесіп өту өте қиын болған. Бетпақ дала (басқа да шөлдерге қатысты) арқылы Орталық Қазақстанға қарай көшетін тайпалар ыстық түспей жайлауға жетіп алу үшін наурыздың басынан-ақ көш жолына түсіп қысқа қарай Сырға жету үшін Бетпақ дала үстінен күзгі алғашқы қар түскенде өткен. Бетпақ даладағы осындай жолдар мал шаруашылығын күшейтіп, қой басын көбейту мақсатында туған (10).
"Шөл даланы — дейді ағылшын тарихшысы, социолог А. Дж. Тойнби (1889—1975), — тек бақташы ғана меңгере алады. Бірақ сол далада тіршілік етіп, табыстарга жету үшін ол өзінің шеберлігін тынбай жетілдіре беруге міндетті, ол ерекше адамгершілік және парасаттылық қасиеттерді қалыптастырады" (11).
Ертеректе қабылданғанына қарамастан, Батыс Сібір Бас басқармасының 1849 жылғы 4 наурыздағы және 1860 жылғы 23 шілдедегі ережесі мен 1867-68 және 1886—1897 жылдардағы реформалардың күші сақталып, қазақтарды шүйгін жайлауларынан ығыстырып, ол жерлерге мал жаюына ғана емес, сонымен қатар, 20 шақырым қашықтықтан әрі жақындауына да тыйым салынды (12). Мұндай жағдай қазақтарда жер тарлығын тереңдете түсті. Осы тұрғыда қазақтардың егіншілікке көшуі көшпелілерді азық-түлік өнімдерімен, мал шаруашылығын пішен қорымен қамтамасыз етудегі бірден-бір балама жол болып қалды.
XIX ғасырдың орта кезінен жайылымдардың тарылуы қазақтарды тіршілік етудің жаңа түрлерін іздеуге мәжбүрледі. Жергілікті қазақтар өз жерінде жер үшін салық төлеуге мәжбүр болды. Мысалы, 1900 жылы Баянауыл қазақтары сол жерде қыстаған 50 шақты қазақ отбасынан жылына 200-300 сом салық алған (13).
XX ғасырдың бас кезінен көшпелілердің отырықшылыққа ауысуына байланысты көшу қашықтығы қысқара бастаған. XX ғасырдың 20 жылдарының аяғы, 30 жыддардың басында Қашаған қазақтарының екі бағыттағы қыстаудан жайлауға, жайлаудан қыстауға көшу жолы 200 шақырым болған. Бұл кезеңде Бұқтырма, Зайсан уездері көшпелілерінің көшу аумағы 100 шақырымнан аспаған, тіпті, 40 пайызы 5—30 шақырым жерге ғана көшуге мәжбүр болды (14).
Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Косжанов
Просмотров: 2339 | Загрузок: 403 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>