Түркістан тағылымы - Қазақстан тарихы - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Қазақстан тарихы

Түркістан тағылымы

Скачать реферат с сервера 07.11.2010, 15:02
загрузка...
ТҮРКІСТАН ТАҒЫЛЫМЫ

(Тарихнамалық эссе)

Олар да бұл дүниеге келген-кеткен,
Керуен секілденіп қонған-көшкен.
Оларды да жер құшқан, ажал алған,
Арттарында қу фәни дүние қалған.
Кетімді де келімді бұл дүние,
Ақыр соңы өлімді тұл дүние.
Қорқыт Ата

Басынан әркімнің бұл жалған өтер,
Баянсыз – жатпай жиған мал да бекер.
Қарындас, атаң-анаң қайда кетті?
Ағаш aт әлі-ақ бір күн саған жетер.
Қожа Ахмет Иассауи

Түркістан... Жүректі дір еткізер бірауыз сөз.
Оған сыйып тұрған салқар мазмұнға түгел қанығу үшін түп бастауға түбегейлі үңілуге тура келеді.
Әуелде тіршіліктің күннің нұрынан, жердің құнарынан, ылғалдың нәрінен өрбігені аян. Сондықтан да ол әуелі литосфера (тас қабаты), гидросфера (су қабаты), атмосфераның (ауа қабатының) ойдағыдай астасатын аса қолайлы аймақтарында пайда болып, өніп өркендепті. Ол кезде тіршілік өзін құрайтын үш бөліктің арасалмағындағы айта қаларлық өзгерістерге орай жаралыстық құбылуларға ұшырапты. Ол көбіне көп, ғарыштық ықпалдардан туындапты. Біз өмір сүріп жатқан ғаламдағы мұндай ықпалдың бірден бір көзі – Күн екені белгілі. Жер де Күнді айналып жүріп өз кіндігінен айналады. Бұның нәтижесінде күн радиациясының, ауа қабаттары қозғалыстарының ылғалдың таралу қарқыны құбылып, жер бедері мен мұхит көлемі де өзгеріп отырыпты. Олар жер бетінде пайда болған тіршілік иелерін айта қаларлықтай таралыстық құбылуларға ұшыратады. Бұдан жер бетіндегі тіршіліктің баяндылығын қамтамасыз ететін бірден бір тетік – ортаға бейімделу процесі келіп шығады.
Ол процесс те ылғи бірқалыпты өрістемепті. Ара-тұра күллі тіршілік дүниесін түбегейлі өзгерістерге ұшыратып, соның нәтижесінде оны жаңа бір сапалық деңгейге көшіретін қопарылмалы тұстары да болыпты. Ол ғалами ықпалдардың ырғақтылығынан қалыптасқан уақыт ұғымы тұрғысынан қарастырылып, кіндік кезеңдер деп айтылып келеді. Ондай кезеңдер адамзаттың қорек айыруында жаңа айла-амал табылып, жаңа үрдіске көшуінен көрініс табады. Бірақ, бұл бірден жүзеге аспайды. Әуелі үйреншікті үрдіс мүмкіндігі түгел сарқылып, дағдарысқа ұшырайды. Дағдарыс жаңа амал-айла табуға жетелейді. Бұл жолдағы ізденістер ақыр аяғында өз нәтижесін беріп, атымен жаңа үрдіс орныға бастайды. Осындай бірі-бірінен балалап жататын құйқылжыма құбылыстарға қарқын бітіретін кезеңдер көбіне көп кіндік кезең саналып келеді.
Бірақ, бұл құбылыс тек уақытқа ғана тәуелді ме еді? Олай болса, ондай түбегейлі құбылыс неге жер шарының барлық түпкірінде бірден және бірдей жүзеге аспайды? Демек, одан кеңістік те тысқары тұра алмайды деген сөз. Ендеше, келелі өзгерістердің кеңістікте де кіндік межелері болуы мүмкін ғой.
Бүгін таңдағы ғылым тіршіліктің әуелде күн нұры, су, жер нәрінің өзара ықпалдастығының ең ұрымтал аймағы болып табылатын экватор маңында жаралғанына ден қояды. Адамдардың жаралуын да, сана иесіне айналуын да әлгі белдеуге телитіндер бар. Оған қосылмай, адам әуелде экватор маңайында жаралғанмен, санаға өзі тараған өзге аймақтарда ие болған дейтіндер де бар. Қалай болғанда да, жер шары адам қоныстанатын мекенге, ойкуменаға, бірден емес, біртіндеп айналған. Санаға да адам нәсілі сол тіршілік ортасына бейімделу арқылы жүре келе ие болған.
Табиғаттың дайын ырзығын иемденетін тұста тіршілік аясы күн нұрының таралу қауқарына байланысты ауа райына тікелей тәуелді күн кешті. Жер шары суық, қоңыржай, субтропика және тропика – төрт климаттық белдеуге бөлінді. Суық кіндік (жер полюсі) мен ыстық белдеу (экватор) арасы күн нұры мен ылғалдың мөлшеріне байланысты арктика, тундра, орманды тундра, тайга, аралас және қылқан жапырақты орман, орманды жазық, дала, шөлейт және шөл аймақтар деген белдеулерге бөлініп, бір-бірімен ұласа жалғасып жатты.
Сана иесі адам бұл белдеулерге де біртіндеп аяқ басты. Оның әрқайсысы жаңа ортаға жаңаша икемделу қажеттілігін туғызды. Ол аса қиын, кейде мейлінше күйзелістерге толы рухани ізденістер арқылы жүзеге асты. Ондай бұрынғы үйреншікті үрдісті түбегейлі қайта қарауды немесе оған түбірлі өзгерістер енгізуді талап ететін іркілісті кеңістіктер ойкуменаны одан әрі игеруге соны серпін қосары түсінікті.
Осындай тың серпін берген іркіліс аймағының ең алғашқысы – Жерорта теңізі төңірегі болса, екіншісі – Теріскей Еуразия жазиралары еді.
Солтүстік-шығыс Африка мен Жерорта теңізі төңірегінен жан-жаққа таралған адамзат ұрпағы солтүстік жарты шарды батыстан шығысқа дейін көмкеріп жатқан тас белдеуден – бірі-біріне жалғасып жатқан сеңгір таулы аймақтардан асып түскесін әу бастағы экватор маңындағы экологиялық құндағында қалыптасқан көп сипаттарынан біріндеп айырыла бастаған сыңайлы. Экватор мен аталмыш тас белдеу арасындағы алаптағы шаруашылық үрдістері көбіне-көп бір-біріне қатты ұқсас еді. Аңшылық, терімшілік, малшылық, егіншілік тығыз сабақтастықта дамыған-ды. Олардың аймақтық ауқымнан шығып, тұтас ендіктерді түгел қамтитын дербестікке ие болуы адамзаттың Теріскей Еуразияға дендеп орнығуынан туындады. Суық кіндік пен оған шектес тундралық аймақта балықшылық пен аңшылық, жартылай тундра мен тайгада аңшылық, қоңыржай белдеуде аңшылық пен терімшілік, орманды-шалғынды далалықтарда аңшылық пен малшылық, шөлейт және шөл далаларда таза көшпенді малшылық, олардан күнгейдегі таулы белдеудің етегіндегі жіңішке дария бойы алқаптарында егіншілік өрістеді. Бұл шаруашылық белдеулері аймақтық, материктік ауқымнан асып, құрлықаралық сипатқа көшті. Қорек айырудың бұл түрлерімен теріскей жарты шарға Жерорта теңізі аумағынан Қара теңіз, Каспий маңы қақпалары арқылы тура өткендер де, Қытай жазықтары арқылы айналып өткендер де шұғылданды. Олар Теріскей Еуразияның ұлан-ғайыр жазираларына бірден тарап кете алған жоқ. Әуелі қос алып материктің пұшпақ-пұшпағына шоғырланып, әр сатыдағы этникалық ұжымдасу процестерін бастан кешірді. Кейін көбейе келе дәстүрлі қорек айыру аяларын біртіндеп ұлғайта бастады. Бұл қиыршығыстық нәсіл өкілдерінің солтүстікке және батысқа қарай, жерорталық нәсіл өкілдерінің солтүстікке және шығысқа қарай үдере таралуына мұрындық болды. Тіпті шығыс жарты шарды қойып, батыс жарты шарға ауа көшуді де әуелі осы Теріскей Еуразияға өткендер бастады. Алайда бойлықтарды баса-көктей қоныс аудару қорек айыруда терімшілік пен аңшылық үстем түсіп тұрған дәуірлерде онша кең қарқын алып кете алмаған сыңайлы.
Оның етек жаюына біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың ортасына қарай көшпелі мал шаруашылығының бөлініп шығуы зор әсер етті. Аты айтып тұрғандай, үнемі қозғалыс үстіндегі бұл үрдіс доңғалақты ойлап тауып тасымалды, мыс пен темірді пайдаланып, құрал-жабдықты жетілдірді, сол арқылы кеңістіктерді шапшаң және батыл игеруді жүзеге асырды. Ендік бойындағы қозғалыстардың күшейюіне шешуші ықпал еткен климаттық өзгерістер бойлық бойындағы қозғалыстарға да жаңа қарқын бітірді. Аграрлық күнкөріс жағдайында күнделікті ырзық айырумен шектелмей, келешекке де керек дәулет жиюға ең оңтайлы шаруашылық ретінде көшпелі мал шаруашылығы қанат жайды. Ол аңшылар мен терімшілерді де жаңа кәсіпке еліктіре бастады. Бұл бойлық бойымен де, ендік бойымен де мәдени-әлеуметтік және этникалық қарым-қатынастардың күшеюіне түрткі болды. Теріскей Еуразиядағы нәсілдік-генетикалық процестер жеделдеді. Ол географиялық, климаттық, этникалық, саяси-құрылымдық және солар арқылы қалыптасқан мәдени-әлеуметтік шекаралар кедергісіне ұшырамай қалған жоқ. Сондай межелер неғұрлым көп тоғысатын аймақтар ең ірі іркілісті кеңістіктерге айналды. Жаңа технологиялық ізденістердің де, идеологиялық ізденістердің де ерекше қарқынды өрістеген тұстары да әлгіндей кеңістіктерге тап келді.
Түркістан қаласы орналасқан алқап ежелден дәл осындай келелі ізденістер кеңістігі болып келеді. Ол расында да, бойлықпен санағанда да, ендікпен санағанда да дәл кіндік ортаны иемденген. Сондықтан да оның төрт қақпасы батысқа да, шығысқа да, күнгейге де, теріскейге де бірдей ашық болды. Ол – отырықшы үрдістің ең теріскейдегі, көшпелі үрдістің ең күнгейдегі алғы шебі еді. Оған шығыстан да, қиыр батыстан да өрбіген мәдени-рухани, саяси-дүниетанымдық, шаруашылық-тұрмыстық құндылықтардың ешқайсысы жетпей қалмаған-ды. Алғашқы аңшы соқпақтардан бастап құрлықаралық қатынас магистральдарының ешқайсысы оны аттап өте алмапты. Тіпті ғарышқа да адам сол маңайдан самғаған. Әлемдік діндердің барлығы да (зороастризм, тәңіршілдік, иудаизм, буддизм, христианшылық, ислам) бұл өлкеге соқпай кетпеген. Кир мен Ескендірдің, Еділ мен Шыңғыс ханның аса зор жаһангерлік жорықтары да оны айналып өте алмаған. Ал Селжүктер мен Ақсақ Темірдің құрлықаралық жиһангерлігі осы арадан бастау алғаны баршаға мәлім.
Демек, ол дәйім ең қиын тайталастар мен тарихи таңдаулардың сахнасы болып келді. Адамзат қоғамына тән рухани ізденістердің ешқайсысынан да бұл өлке қағыс қалып көрген емес.
Ежелгі қаланы желке тұсынан қоршап жатқан Қаратаудан табылған тас құралдар бұл араға алғашқы аңшылар қауымы бұдан бір миллион жылдан астам бұрын аяқ басқанын аңғартады. Осыдан 50-45 мың жыл бұрын саналы адамды қалыптастырған жоғарғы палеолит аңшылары қаңқаларының жұрнақтары қазақ даласынан да ұшырасыпты. Олардың тас құралдарын жасаған бір орыны Түркістан төңірегіндегі Ащысайдан да табылыпты.
Біздің заманымызға дейінгі ХІІ-Х және III мыңжылдықтардағы мезолит пен неолит дәуірінде, садақ пен тас балта, келі, келсап, шот пайда болған заманда да Қаратау бойының құр жатпағанына Бүркітті, Үшбұлақ, Қараүңгір коллекциялары дәлел бола алса керек.
Біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдық басында Еуразия далаларында кешенді егінші-малшы шаруашылықтары қалыптасып, біздің дәуірімізден бұрынғы I мыңжылдық басында көшпелі мал шаруашылығы дүниеге келген. Бұл солтүстік жарты шарда ылғал азайып, ксеротермиялық минимумның дендей түсуіне, шөлейттенудің күшеюіне байланысты болған. Осыған орай қауымдық құрылым айта қаларлық өзгерістерге ұшырайды. Атабилік біржолата үстемдік алады. Климаттық өзгеріс Еділ, Орал бойлары, Қазақстан далалары және Оңтүстік Сібірдің энеолиттік аңшылары мен терімшілерінің өзара байланысы нығайып, этникалық және мәдени-шаруашылықтың ықпалдасуы нәтижесінде андроновтық мәдениет түзуіне ықпал етеді. Аңдарды қолға үйрету, дақыл себу, кен қорыту кеңінен етек жаяды. Батыс, Теріскей, Шығыстағы далалықтардың мұндай мәдени жандануы Күнгейдегі егіншілік аймақтарымен қарым-қатынасқа ұмтылдырады. Орта Азия отырықшылары мен далалық малшылардың Арал маңындағы, Төменгі және Орта Сыр бойындағы ұшырасу аймақтарында алғашқы мәдени жалғастық процестері өркен жаяды.
Сол заманнан бастап Түркістан алабы әлемдік мәдени-рухани ұшырастықтың ықпалды аймақтарының біріне айнала бастады деп айтуға әбден болады. Кең жазиралардағы айта қаларлық климаттық және этникалық өзгерістер дала экономикасын жаңаша жүйеледі. Малшылықтың өзі көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы сипат алды. Оңтүстік Қазақстан аграрлық шаруашылықтың отырықшы үрдістеріне мықтап ден қоя бастады. Бұл мәдени диалог отырықшы егіншіліктің Арал төңірегіне дейін жетіп солтүстікке сұғынуына, жартылай отырықшы малшылықтың Қаратаудың күнгей баурайларына дейін жетіп, оңтүстікке сұғынуына ықпал етті. Сыр мен Қаратау көшпелілік пен отырықшылықтың қоян-қолтық араласуының алдыңғы шебіне айналды. Осыдан туындайтын технологиялық ықпалдастық мәдени ықпалдастықты да күшейтті. Бірақ, ол бәр-бәр уақытта бейбіт түрде өрістей қойған жоқ. Үрдіс жарастығының орнына үрдіс шарпысулары үстем түсіп тұрған тұстар да болды. Теріскей Еуразия қауымдары қалған әлемге ең алғаш сондай шарпысулар арқылы мәлім болды. Оның ең алғашқысы – Ахеменид патшасы Кирдің Сыр бойы сақтарынан жеңіліс табуы және Ескендір Зұлқарнайынның Сыр бойына жетіп, далалықтар арасына дендеп кіре алмаса да, ойкуменаны түгел жауладым деп қайтуы болды. Бұл жорықтарда күшпен жаулап алу пиғылы жеңіліс тапқанмен, мәдени ықпалдастық пиғылы жеңіске жеткен еді. Оған ежелгі Хорезм мен Қаңға өркениеті, Бируни, Әбу Әли ибн Сина, Фараби сынды әлемдік даңққа ие ғалымдар тағдыры жеткілікті дәлел бола алады.
Ежелгі Түркістан атырабы дәл осындай мәдени жарастық кеңістігіне кірді. Ол “Авеста” мен “Махабхаратада” айтылатын көне Қаңға мемлекетінің құрамында болды. Қаңға мәдениетінің Отырар-Қаратау бұтағына жатқан бұл төңіректегі археологиялық ескерткіштер, әсіресе Құйрықтөбедегі қабылдау сарайы Сыр мен Қаратау алқабының ол кездегі айта қаларлық саяси-мәдени ықпалын айғақтай алғандай.
Алайда, Түркістанның саяси-рухани ізденістердің бастамашы аймағы ретінде азиялық, еуразиялық және әлемдік маңызға шындап ие болар тұсы әлі алда еді.
Ол негізінен, Орталық Азияда біздің дәуіріміздің V ғасырынан басталған жаңаша жіктелу процесіне тығыз байланысты еді. Шығыстан қиыршығыстық, батыстан Жерорта теңізі маңы, түскейден үндістандық нәсіл өкілдері, батыстан малшылық, теріскей мен шығыстан аңшылық пен терімшілік, түскейден егіншілік өкілдері тоғысатын Алтай алабы ұзақ уақыт ұдайы үрдістік шарпысулар аймағына айналып келді. Шартараптық шарпысулар нәтижесінде жаңа этностар пайда болып, олар аймақтық, еуразиялық, тіпті әлемдік үстемдікке жетуге ұмтылды. Ғұндар, үйсіндер, оғыздар, қимақ-қыпшақтар, моңғолдардың шығыстан батысқа қарай құрлықаралық баса-көктеулері солай пайда болды. Олардың бәр-бәрі өз дегендеріне жете алмады. Әрқайсысының үстемдік жолының өрістеу шебі әрқилы деңгейде болды. Алғашқы түрік қағанатының геосаяси ықпалдық дүмпуі Алтайдан аса алмады. Гүндер өзінің геосаяси ықпалының биігіне алыс батыста – Еуропада жетті. Үйсіндер тегеуріні Алдыңғы Азия, Еділ мен Теріскей Қазылықты (Кавказды) қамтып барып тұншықты. Оғыздар Сыр мен Қаратау алқабынан бастау алып, Таяу Шығыста күшейіп, күнгей-шығыс Еуропада дәурендеді. Қимақ қайраты теріскей Азия далаларынан аспай жатып сарқылды. Моңғол дәуірінің қос құрлықтағы жаппай дәурендеуі үш ғасырға жетер-жетпесте жаппай құлдырауға ұшырады. Азия демографиялық қарқынынан басқаның бәрінен айырылып, идеологиялық та, технологиялық та, саяси да тегеурінін жоғалтып алды.
Түркістан сөйтіп соңғы бір жарым мың ғасырдағы теріскей Еуразиядағы әлгіндей саяси-идеологиялық метаморфозалардың шет аймағына емес, кіндік өрісіне айналды.
Оған бұл атырапта түркі нәсілінің қалыптасуы мен мұсылман дінінің көшпенді қауымдар мен далалық аймақтарға тарауына еткен жетекші ықпалы себепші болды.
Түркістанның мұндай маңыз иемденуі, негізінен, оғыз мемлекетінің күшеюімен тығыз байланысты болды. Бұрынғы үйсін мемлекетінің аумағын алып жатқан батыс түрік қағанатының күйреуі басмыл, түргеш, қарлық, ұйғыр, қырғыз, қимақ, қыпшақ, оғыз үстемдігіне әкеліп соқтырды. Бірақ, олардың басым көпшілігі Азия тарихындағы эпизодтық құбылыстар ғана болып қалды. Олар да бір кездегі Алтай-Саян атырабындағы шартараптан бас қосқан этникалық, шаруашылық, рухани жағынан әртекті, бір-бірімен кірігісіп кете қоймаған тайпалардың уақытша ұжымдасқан конфедерацияларының кебін киді. Ішкі алауыздық пен сыртқы баса көктеушіліктің қыспағында қалған қағандықтар тез әлсіреп, артынан көп ұзамай жойылып кетіп отырды. Мұндай қоса қабат қыспаққа ұзақ уақыт шыдас бере алған, соның арқасында аймақтық ауқымнан асып, әлемдік сахнаға шыққан және әлі күнге тікелей ізін жалғастырып келе жатқан тек оғыз мемлекеттігі ғана болып табылады.
Оның дүниеге қалай келгендігіне байланысты Ибн Әл-Фалих (“Китаб ахбар ал-булдан”), Амин Рази (“Хафт иклим”), Наджит Хамадани (“Аджаиб ал-махлукат”), Рашид ад Диннің “Оғыз-наме” т.б. ескілікті қолжазбалардан талай аңыздар табуға болады.
Гардизи сол аңыздарға сүйене отырып, мынандай дерек айтады: “Нұхтың үш ұлының біреуі Яфеттің тәңірінің аты жазылған тасы болған. Сол тастың қасиетімен қалаған уақытында жаңбыр жаудыра алған. Ол өлгесін оғыздардың қолына тиген. Бұған қалған балалары келіспей, жеребе тартуды талап еткен. Жеребе Халлухқа түскен. Бірақ, әлгі тас оғыздардың көсемі шын жайтасты өзіне қалдырып, Халлухқа жасанды көшірмесін берген.” (“Записки Императорской Академии наук. Историко-филологическое отделение”. Т1. №4, 1894. 80-104 беттер.)
Біз бұдан Батыс түрік қағанаты құлағаннан кейінгі қарлықтар мен оғыздар арасындағы билікке таластың кескілесті сипат алғанын көреміз.
Кейінгі мұсылман авторлары Рашид-ад-Дин, Салыр баба Гулалы, Салыр оғлы Хырдары, Мехмед Нешри қолжазбалары Оғыз ханның анасының құрсағынан мұсылман болып туғанын, жарыққа келе сала дінсіз әкесімен жауласқанын, соның салдарынан Жетісу аймағын тастап кетуге мәжбүр болғанын жазады. Мехмед Нешридің баяндауынша, Оғыз хан жақтастарымен Түркістанға келіп, Иасы деген жерге бекінген. Сол арада әкесімен шайқасып жеңіске жеткен.
Бұдан аңғаратынымыз: оғыздар этнос ретінде Жетісуда қалыптасады. Алғашқы ордасын Ыстықкөл жағасында көтереді. Қарлұқтармен шайқас нәтижесінде біртіндеп батысқа қарай жылжи бастайды. Талас, Сайрамды алып, астанасын сонда көтереді. Одан арғы бұрынғы Қаңға мемлекетіне қараған аумақтарды да жаулап алады. Түркістан атырабын алғаннан кейін түпкілікті жеңіске жете бастайды. Бұған олардың мұсылман дінін қабылдауы шешуші ықпал етеді.
Бірақ, оғыздардың Орта Азиядағы мұндай дәурендеуі ұзаққа созылмайды. Оған ішкі де, сыртқы да себептер жеткілікті болды. Оғыздар әуелде жолындағы қарлұқтар мен қимақтармен күрескенмен, кейін оларды біржолата бағындырып ала алды. Ал, бірақ Сырдың орта және төменгі аймағындағы ар жағы Дон, Еділ бойларымен Орал етегінен, сондай-ақ Копет-Даг сілемдерінен келіп, әбден түркіленіп кеткен үндіеуропалықтар мен угрофиндерден шығатын қаңғар-пешене одағына кірген тайпалар ұзақ қарсыласады. Сырдария мен Еділ аралығын емін-еркін мекендеп келген бұл тайпалардың бір тобы батысқа қарай шегіне ұрыс салып шайқасады. Ақыр аяғында олардың бір тобы Шығыс Еуропаға ауып кетеді де, екінші бір тобы оғыздардың қол астына кіреді. Масудидің айтуынша, пешене, башқұрт, нукерт және бажына тайпаларының басым бөлігі IX ғасырда Хорасанның теріскей батысын жайлап жүрсе, X ғасырда Жайыққа дейінгі далаларға қоныс аударады, ал сол ғасырдың аяқ тұсында, 932-933 жылдары Византия империясы аумағынан барып бір-ақ шығады.
Бұл, негізінен, сол тұста батысқа қарай еңсере жылжыған оғыздардың тегеурінінен болып жатқан құбылыс еді. Оған қаңғар одағындағы пешенелер мен оғыз одағындағы салырлардың өзара қырқысы себепші болады. “Түрікмен шежіресінің” айтуынша бұл тартыс бес-алты ұрпақтың ғұмырына дейін созылады. Пешене “маңдай” деген ұғымды білдіреді. “Пешенеме жазылған”, “бесенеден белгілі” дейтін қағида да содан шықса керек. Пешенелер – қаңғар одағының маңдай алдында жүретін тайпа. Оғыздар Сыр бойын алғанда, салырлардың көсемі Қазан Қазықұрт тауында әкесіне ас беріп жатқанда, Тоймадық бастаған пешене қолы Қарашық (Қараспан) тауы маңында отырған ауылын шауып, анасы Шашақты, әйелі мен ұлын тұтқындап әкетеді. Астан оралған Қазан елінің таланған орынын көріп, қырық мың қолмен пешенелерге қарсы жорыққа аттанады. Ата жауларын қойдай қырады. Азғантай тобы ғана қашып құтылады. Кейін Салыр Қазан ит-пешене елінің бір қызына құда түседі. Қонақта отырған батырды жаңа қайын жұрты зұлымдықпен өлтіреді. Кейін інісі Ерсары ағасының өшін алады. Бұл көне шежірелерде Еділ-Жайық атырабында болған оқиға ретінде баяндалады. Расында да, салырлар Қазанның кезінде жеңіске жетіп, Жайық пен Атырау жағалауларын иемденсе керек. Маңғыстаудың Бозашы түбегінде Қызан (Қазан) деген жер бар. Оны жайлаған салырлар кейін Серахс ауып кеткен. Жаңаөзен қаласының теріскей шығысында Ерсарының қайрағы деген оқшау діңгек тас бар. Маңғыстау ерсарылары да кейін Иран ауған. Бұл тарихи орындар да әлгі оқиғалардан хабар бергендей.
Аталмыш оқиғалар “Қорқыт ата кітабындағы” аңыздар мен қазақ эпосының “Қобыланды батыр”, “Қамбар батыр”, “Алпамыс” сынды туындыларына негіз болған. Әлкей Марғұлан мен Әуелбек Қоңыратбаев дастан кейіпкерлерінің тарихи баламалары жайында қызықты тұспалдар жасайды. Бұның әбден жаны бар.
Эпос ескі қолжазбаларда келтірілген деректермен үндеседі. Көп ретте кейбір күнгірт тұстарды айқындай түседі. Әдеби нұсқа мен деректік нұсқаларды салыстыра келе аңғаратынымыз, оғыз тарихы – біздің ұлттық тарихымыздың етене бөлігі, сүбелі тұсы. Қажет десеңіз, қазіргі ұлттық болмысымыздың негізгі өрмегін құрып берген тұс.
Оғыздар – Алтайдан бас алған түрік мемлекеттілігінің заңды мұрагері. Оның құрамына жетісулық түріктермен қоса, Ертіс пен Oп атырабындағы Алтайдан кейінірек ауған далалық тайпалар, Сыр мен Арал, Еділ мен Орал төңірегіндегі бұрынғы сақ, массагет, ғұн, үйсін, қаңға замандарынан іркілген тайпалар енген. Отырықшылары оғызға дейін, көшпелілері оғыздар тұсында немесе оғыздардан кейін мұсылман дініне енген. Осыдан туындайтын екіұдайылық оғыздардың құрамдық жүйесінде де, тарихи тағдырында да анық байқалады. “Оғызнаманың” көрсетуінше, олар Боз оқ, Үш оқ деп аталатын екі қанаттан тұрған. Боз оқтың Күн хан әулеті деп аталатын аға баласына: қайы (құдіретті), байыт (дәулетті), алқараулы (ырысты), қара иолылы (жолы болғыш); Ай хан деген екінші ұлдың балаларына: иазыр (жақтасы көп), догер-тоқа (ұйымшыл, жиыншыл), дөдірге (пәрменді), жапарлы (ұлы), үшінші Жұлдыз хан ұлына: аусар-апшар (оралымды), қызық (білікті), бегділі (сөзі өтімді), қарқын (ауқатты) тайпалары, Үшоқтың Көк хан деп аталатын баласына: байындыр (ауқатты), бежене (ыждаһатты), шәуілдір (елгезек), шепне (жау басар) тайпалары, Тау хан деген баласына: салыр (алыпсоқ), емір (жанды-жақты), аюнтлы огұз (алуан түлікті оғыз), өрегуер (өршіл, өжет), Теңіз хан деген баласына: егдір (дегдар, кемел), биіктұз (тілтапқыш), йиуа (абзал, түзік ниет), қынық (қадірлі, сыйлы) деген тайпалар кірген.
Олардың тақ қасында отырар орыны, еншілі жілігі, құсы, таңбасы да жүйеленген.
“Оғызнаманың” айтуынша, бұл жүйе Оғыздың батыс, шығыс, күнгей жорықтарынан кейін түзілген. Жолда тауып алған садақ пен жебені алты ұлына үлестіру арқылы ел бірлігін бірқалыпты ұстаудың амалын ойластырған. Садақты үш бөліп, үлкен үш ұлына, жебені үш бөліп үш кіші ұлына ұсынған. Үлкен ұлдар жастарына қарап бірін-бірі өзара сыйлауға, кіші ұлдар жастарына қарап бірін-бірі өзара сыйлауға міндетті болған. Үшоқ тайпалары Боз оқ тайпаларына жол беруге тиісті болған. Өйткені, садақ әмірші, жебе оның әмірін орындаушы деп есептелген. Боз оқ балалары оғыз әскерінің оң қанатын құрап, Сайрамнан Қарабаққа дейінгі, Үш оқ сол қанатты құрап, Құртақтан Алатаудағы Алмалыққа дейінгі жерді қоныстанған. Тарихи деректердегі Ескі Оғыз бен Жаңа Оғыз ұлыстары осы екі қанаттан туындап жүрсе керек.
Оғыз тарихындағы екіұдайылық та осыдан өрбиді. Әлгі жора да сол екіұдайылықты бейбіт үйлестіруді көздеген. Бұл жора бұлжытпай орындалған алғашқы түс дәуірлеу кезеңіне тап келген де, ол бұзыла бастаған кейінгі тұс құлдырау кезеңіне тап келген.
Бірақ, бұдан оғыздардың құлдырауы әу бастағы келісілген жораның дұрыс ұсталмауынан ғана болды деген қорытынды шықпаса керек. Қайта ол кезінде жөн түзілген жораны кейінгі жағдайларға уақытылы бейімдей алмағандықтан болды деген түйін орындырақ сияқты. “Заманына қарай амалы” деген қағида қандай ережеден де жоғары тұрса керек еді. Ежелгі бабалардың “уәде – Құдайдың аты” дейтіні де, қазірге дейін жасалған келісімшарт заңнан да жоғары қойылатыны осыны аңғартса керек еді. Заманалық жағдайға уақытылы ыңғайласа алса ғана жол-жора өз қызметін дұрыс атқармақшы. Сонау түріктердің бірыңғай көшпелі кезеңіндегі қағидалар бойынша жасалған көнелікті жора жаңа өлкедегі соны да құбылмалы жағдаймен сәйкесе алмаған сыңайлы. Өйткені, оғыздар Қаратау мен Сыр бойына келгесін діншілдік пен дәстүршілдік, көшпенділік пен отырықшылдық қыспағында қалып еді. Өздері көшпелі үрдісті, қарауындағылар отырықшы үрдісті, өздері дәстүршілдікті, қарауындағылар діншілдікті қолай көрген-ді. Бірте-бірте бұрынғы жолды берік ұстанатындар емес, жаңа жайдайды ұтырлы ескеретіндер үстем түсе бастады. Билік аға балаларынан іні балаларының қолына өтетінді, тіпті ақсүйектердің тұқымына емес, кәсіпқой қара сүйектердің қолына өтетінді шығарды.
Оғыздардың Сыр бойындағы эпопеяларының басты қаһарманы Боз оқ емес, Үш оқтың өкілдері, аға балалары емес, іні балалары болуы да – соның дәлелі. Билікке бұрынғыдай Боз оқтың емес, Үш оқтың пешенелері, салырлары, қынықтары таласты. Алғашқы кезде салырлар үстем түсіп, жалпақ оғыздың астанасын парсылар Нау-Керд, арабтар Әл-Харият, сарматтар Дахи-Нау атап кеткен Жаңакентке көшірді. Ол салырлардың тұсында Оғыз елінің бас ордасына, ал Жайық бойындағы Даранда (Дендер, Индер), Дарқу жазғы ордасына айналды. Жаңакент үстемдігінің соңғы өкілдері барани әулеті болды. XI ғасырдың бастапқы кезеңінде Алп Қара Барани Жаңакент тағында отырса, сол ғасырдың аяғында салыр тайпасына кіретін барандылар, орыс шежірелеріндегі “берендейлер”, Шығыс Еуропадан барып бір-ақ шығады. Баран – көне түркі диалектілерінде қой-ешкі деген ұғымды білдіреді. Ұсақ қара мал деген сөз. Үйлі-баранды деп сөйлеу соны аңғартады. Қазақтар малға байланысты қаралтым түсті – баран дейді. “Алдыңғы ат қылаң болмай, баран болды”, – деуіміз де сондықтан. Демек, берендей деп жүргеніміз қарақойлылар болып шығады.
Сөйтіп, XI ғасырда салырлар үстемдігі тыйылып, қынықтар үстемдігі орнайды. Бұл – оғыздардың Азиядағы дәуірлеуін едәуір тежегенмен, әлемдік дәуірлеуін айта қаларлықтай алға бастап берген оқиға болды.
Оғыздардың Қаратау мен Сыр бойын қоныстануы жаппай көшпеліліктен жартылай отырықшылыққа ауысуына жағдай жасады. Тайпалардың арасында бұрынғыдай өріске талас емес, қонысқа талас басталды. Алым-салық алу үрдіске енді. Бұл Жаңакент билеушілерін одан әрі байытса, қалған тайпаларды күйзелтеді. Сондай наразылықты қынықтар бастайды. Әлихан билік құрған тұстағы сондай наразылық кезінде бір деректе бітімші боп келген байыт Қорқыт, екінші деректерде қынықтардың рубасы Қазықұрт Әмірен деген балгерден: “Бұның арты немен тынады?” – деп сұрайды. Сонда көріпкел: “Араларыңнан бір әрі әділ, әрі сахи батыр жігіт шығып, таққа отырады”, – деп жауап береді. Қынықтардың Керекуші қожа деген талдан кереге иіп үй жасайтын шебері болыпты. Бұл Павлодар қаласының бұрынғы Кереку атының қайдан шыққанын аңғарта алса керек. Ол Коряково деген сөзден емес, көне түріктің Кереку – кереге деген сөзінен шыққанға ұқсайды. Сол керегеші шебердің өз жолын қуған Тоқсұрмыш Елші деген кедей баласы бар екен. Оның Тұғақ, Тоғрұл, Арыслан деген үш ұлы болыпты. Сол түсінде кіндігінен үш бәйтерек өсіп шығып, төбелерімен көк тіреп тұрғанын көреді. Түсін жорытса, Әмірен: “Тісіңнен шығарма, үш ұлыңның үшеуі де падиша болады”, – дейді. Айтқанындай, үш ұлының үшеуі де керемет аңшылықтарымен көзге түсіп, үш бектің міршәкәрі болады. Олардың ішінде ең алдымен Тұғақтың бағы өрлейді. Бір деректерде хазар, бір деректерде оғыз падишаларының біреуінің ең ықпалды шонжары деп келінген Тұғақты көп деректер Түркістан атырабы бегінің оң қолы болғанға меңзейді. Ол өлгенде жалғыз ұлы Селжүк жас қалады. Әмірші өзі тәрбиелеп өсіреді. Ол да өте беделді болып, айналасының өсегіне ұшырайды. Ханымнан бастап барлық шонжардың көз қырында жүргенін байқап, ордадан қашып кетеді. Араб саяхатшысы Ибн Фадланның Еділ бойына кетіп бара жатып, Үстірт үстінде жолығатын Кіші Иналын зерттеушілердің бір қатары Тұғақ деп, екінші бір тобы оның ұлы Селжүк деп санайды. Кім де болса, ол Жаңакент билеушілеріне оң көзімен қарай қоймайтын Хазар ханымен байланысты тайпалардың, Шеклі Әламұштың ұлысымен аралас ұлыстардың ортасында жүр. Оғыз жағбуының орынбасары болып есептелетін қодарқын Атректың аты аталғанда немкетті қарауында да бас ордаға деген салқындық байқалады. Қалай болған күнде де Селжүк өзінің саяси мансабы жолында бас ордаға деген наразылықты шебер пайдалана алған. Жаңакент сарайына наразы күштердің басын жинап, X ғасырдың ортасында қазіргі Қызылорданың оңтүстік жағындағы Жент аймағында мұсылман дінін қабылдайды. Әли ханнан мұсылмандардан салық алмауды талап етеді. Бұл оғыздардың екі жарылуын тездетеді. Бүлікшілердің жақтастары көбейе бастайды. Олар, шамамен, 992 жылы Жент қаласын өз қолдарына қаратады. Сол жылдары Селжүк бір түсінде отқа дәрет етіп жүреді. Оттағы шоқтар жан-жаққа шашырап жатады.
Расында да, Селжүк Орта Азиядағы оғыз мемлекетінің отын сөндірді, бірақ оның шоғы жан-жаққа шашырай бастады.
Жаңакент билеушісі қарақойлы салыр Әли ханның Шахмәлік деген баласы Хорасан жағына билеуші болып тағайындалады. Хорасандықтар озбыр ханзадаға қарсы шығады. Бұл наразылықты пайдаланған селжүктер 1742 жылы Шахмәлік әскерін талқандайды. Бұл қайғыға шыдай алмаған Әли хан көп ұзамай дүние салады. Орта Азияның отырықшы мемлекеттерінің билеушілерінің әрқайсысына кезек-кезек көмектесіп, бірін жақтап, екіншісін әлсірету арқылы әбден күшейіп, ақыр аяғында бәрін өз қол астына қаратып алған селжүктер ықпалы енді Таяу Шығысқа тарай бастайды. Бағдаттан бастап Таяу Шығыс пен Кіші Азиядағы үстемдікке қолы жеткен олар Шығыс Еуропа елдеріне ауыз салып, Румды алып, Осман империясын орнатады. Орта Азияда табан тірей алмаған оғыздар үстемдігі Кіші Азияда дегеніне жетіп, әлі күнге дейін іргелі мемлекет қалпын сақтап келеді.
Сөйтіп, Алтайдан бастап Балқанға дейін созылатын түріктер елінің атын әлемге жайған ежелгі Қарашық, қазіргі Түркістан маңынан жан-жаққа тараған оғыздар болды. Олардың отандарында қалған бөлігі қайтадан күшейіп, қуатты мемлекет жасай алмады. Оған шығыстан лек-лек жөңкілген қидандар, шарлар, күндер, қыпшақтар, моңғолдар шапқыншылығы мүмкіндік бермеді. Бірақ, олар Орта Азия мен Қазақстаннан із-түзсіз жоғалып кетті деп айтуға болмайды. Олар Тұран алқабына шығыстан кейінірек келген тайпалармен бірігіп қазіргі қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, башқұрт, татар, кавказ түркілері халықтарының негізін салды. Бір қатары Шыңғыс хан жорықтары тұсында Алдыңғы Азия мен Шығыс Еуропа халықтарының құрамына сіңісті.
Оғыздар екі тарихи процеске бастамашылық етті. Олар теріскей Еуразияның едәуір бөлігінің түркіленуінің және мұсылмандануының тездетушісі болды. Бұл процестердің өрбіген кіндігі оғыздардың рухани астанасы болған қазіргі Түркістан атырабы еді.
Ол оңай жүзеге асқан жоқ. Орталық Азия оғыздары тарихындағы екіұдайылық та осыдан туындап жатыр. Дәстүршілдердің де, жаңашылдардың да қаншалықты қуатты болғанына жоғарыда келтірілген деректердің өзі айқын дәлел бола алса керек.
Алайда екі кереғар күштердің арасында дәнекер күштер де болды. Олар бір кезде Алтайда жүзеге аспаған түркі бірлігін енді Тұранда жүзеге асыруға тырысты. Оны дәстүрлі ата жолымен жүзеге асыруға ұмтылғандардың айқын өкілі Қорқыт Ата болса, дін жолымен жүзеге асыруға күш салғандардың ең көрнекті өкілі Қожа Ахмет Иассауи еді.
Қорқыт Ата тарихи тұлға ма, жоқ қияли тұлға ма? Бұл арада әр ұдай пікір бар. Біреулер оны VІІ ғасырда өмір сүрген Мұхамедтің замандасы және оның өз қолынан тікелей бата алған мираскері деп біледі. Екінші біреулер оғыз билеушілерінің кеңесшісі, ақылгөйі ретіндегі лауазым иесінің лақап аты деп түсінеді. Үшінші біреуі ойдан шығарылған жиынтық бейне деп қарайды. Төртінші біреулері X, XI ғасыр оқиғаларына тікелей араласушы ретінде қарастырады. Ескі шығыс қолжазбалары мен жылнамаларында да, түркі халықтары эпосында да осы соңғы көзқарас басымырақ. Қалай болған күнде де, айтылмыш ғасырлардағы айтылмыш оқиғалар тұсында оғыз одағының ыдырап кетпеуін, оның ежелгі түркілердің іргелі ел болуы мұратын жүзеге асыру жолында табандылықпен күрескен күштер болғанын аңғартады. Қорқыт салыр Қазан туралы жырларда да, Селжүк оқиғаларында да не ана жақты, не мына жақты қолдаушы емес, екі жақтың ат құйрығын үзісіп кетпеуін тілейтін бітімші боп бейнеленеді. Оның ең басты мұраты – ел бірлігі. Сол үшін күйзеледі. Қайда барса да, сол мұратына төніп тұрған қауіпті көріп шошынады. Ақырында бәрінен де баз кешіп, қайғыдан құса болып, өзімен өзі өледі.
Біз Қорқыттың, расында да, исламды жақтаушы да, даттаушы да емес, ел бірлігін жоқтаушы ретінде қалыптасқан рухани тұлға екендігін көреміз. Ол өз дегеніне жете алмайды. Ел ыдырауын тоқтата алмайды. Ақыр аяғында еңбегі су аяғы құрдымға кетіп, бәрінен торығып, өз зарымен өзі боп, дария ортасында дүние салады.
Соған қарағанда, Қорқыт аңыздары – оғыздардың дәурендеген заманын жоқтау, ел бірлігін сақтай алмаған кесірлі қауымға лағынет, үзілген күдер зары.
Бір кезде Қорқыт жете алмаған мақсатты XII ғасырда өмір сүрген нақты тарихи тұлға Қожа Ахмет Иассауи жалғастырады. Ол ел бірлігіне көшпелілер санасына тереңдеп орнықпай келген исламды олардың дәстүрлерімен етене сіңістіру арқылы жетуге күш салады. Өйткені, Орта Азияға VІІ ғасырда аяқ басқан арабтар екі ғасырдан астам уақыт қарудың күшімен дін таратты. Бірақ, жергілікті тайпалар бірінен соң бірі ереуілдеп қарсы шықты. Күнгейдегі отырықшы аймақтар ғана халифатқа қарады. Сахаралық тайпаларға дендеп кіре алмады. Қожа Ахмет Иассауи бұл текетіресті тойтарудың бірден бір амалы ислам мен жергілікті нанымдар арасын жақындату деп түсінді. Бұл жолда оның көп ізденгені байқалады. Сайрамдағы әкесі Ыбырайымды тастап, Отырардағы Арыстанбабқа кетуінде де сондай мән жатса керек. Ол көшпелілерге тек жаңа дінді ғана емес, сонымен бірге келген және соған тән тұрмыстың үрдістерін де мықтап орнықтыруды мақсат етсе керек. Ислам Тұранға жеткенше көшпенді бәдәуилердің емес, отырықшылықтың, сауда мен кәсіптің, сол негізде құралатын мемлекеттік бірліктің діні болып аттаған-ды. Бірақ, оған дейін отқа табынушылықты да, күнге табынушылықты да, анабилікті де, зороастризмді де, тәңіршілікті де, иудаизмді де, христиандықты да, буддизмді де өз арасына сіңірген отырықшылар ортасындағы политеизм бір ғана Алланы тәңір тұтатын исламға көнбей бақты. Бұған қалай тойтарыс беру керек? Бұл – Тұранда да, оған іргелес елдерде де талайдың басын қатырған мәселе еді. Әуелі Хорасан елінде бой көрсеткен суфизм де осыдан туындаған-ды. Қожа Ахмет Иссауидың Хорасандағы Жүсіп Хамаданиға барып шәкірт болуының да әлгіндей астары бар-ды. Ол жергілікті нанымдарға байланысты киелі орындарды, өлі аруақтарды және тірі пірлерді тірек ету исламның жолын ашады деп санады. Жартылай отырықшы Сыр, Арал, Қаратау бойларында да политеизм ықпалы мықты еді. Талас, Сайрам, Отырар, Иассы, Арал маңы қалаларында бұрынғы әрқилы діни-нанымдық орталықтар көп еді. Тіпті, далалық көшпенділер де көпдінділіктен ақи-тақи ада емес-тұғын.
Мұндай жағдайда Қожа Ахмет Иассауидың да өз мақсатына оңай жете алмайтыны белгілі. Сондықтан, ол да ақыр аяғында Қорқыттың басындағы кепті киді. Оған мына бір мысал жеткілікті дәлел бола алады. Наср ад-Дин Маршанидің “Машайих-и тюрк” атты кітабында Иассы маңын жайлайтын ақпандар мен қарамандар Қожа Ахмет Иассауидың ұлын өлтіріп, қарғысқа ұшырап, ел ауып көшіп кеткендері айтылған. Бұл жайында әртүрлі шежірелерде әртүрлі баяндалады. Абдал руы шежіресінде, Ақпан, Қараман деген ағайынды екі жігіт салықшы Қожа Ахмет Иассауиге риза болмай, сиыр сойып, мешітіне апарып тастап, ұрлықшы деп айыптап, қарғысқа ұшырап, итке айналып, ағайындарын жей бастаған соң, абдалдар Маңғыстау ауып кеткен деседі. Теке руы шежіресінде, Иассы тұрғындарынан салық жинайтын Ақпан, Қараман Қожа Ахмет Иассауидан да салық сұрайды. Малым жоқ деген сұпыны әшкерелеу үшін жылқы сойып мешітке лақтырып кетеді. Қарғысқа ұшырап, руларының Нұратаға ауып кетуіне себепші болады. Үшінші бір аңызда Сауран, Шойтөбе, Атабайды жайлайтын ақпандар мен қарамандар әулиенің егін суаратын су бермегеніне бола, әлгіндей қаралыққа барып қарғыс алады. Біз бұл әңгімелерден Қожа Ахмет Иассауидың өз тұсындағы әлеуметтік оқиғаларға белсене араласқанын аңғарамыз. Ол елге іріткі туғызатын әңгімелерге қарсы болғанға ұқсайды. Шахмәлік жеңіліп, Әли хан өлгеннен кейін, оғыз елі ыдырай бастады. Ақпандар мен Қарамандар оқиғасы да сол тұста орын алса керек. Түрікмен шежіресі бойынша, сол кезде “Қылқ бек, Қазан бек, Қараман бек басқарған елдер Маңғыстауға кетті. Олардың арасында барлық елден де адамдар бар еді, бірақ бәрінен де емір, дүкер, егдір, шәуілдір, (бір кезде, әл-Бирунидің айтуынша хазарлардың оғыздармен шекарасындағы бекінісі болған Фараб (Отырар) қаласы тұрған аймақтың қазіргі аты Шәуілдірді әдетте Шәуіл және Дүр деген қыз бен жігіттің атына теліп айтады; ол – ғылымда “халық этимологиясы” деп аталатын, сөздің арғы төркінін бұрмалап әкететін кейін шығарылған жол-жөнекей қисын; шын мәнінде, бұл атырапты оғыз

Категория: Қазақстан тарихы | Добавил: Косжанов
Просмотров: 2258 | Загрузок: 585 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>