Главная » Файлы » Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану

Мақаш Тәтімов

Скачать реферат с сервера 25.08.2010, 04:10
загрузка...
ДЕМОГРАФИЯМЫЗДЫҢ ТАЛҒАРЫ

Қазақстанның демография ғылымының негізін салушы, саясаттану ғылымдарының докторы, Орталық Азия университетінің ректоры Мақаш ТӘТІМОВ хақында бірер сыр

Бүгінде әлем таныған атақты ғалым Мақаш Тәтімов демографияға қалай келді, қалай демограф болды? Мәселеге байыппен тереңірек үңілсек, мұның әсте кездейсоқ емес, заңды құ¬былыс екенін байқаймыз. Себебі, демография – халық туралы ілім. Ал алпысыншы жылдарда атамекенінде азшылыққа айналған қазақтар қатты қағажу көре бастады. Тілі де, ділі де, мәдениетте де, мектепте де, ғылым-білімде, кадр мәселесінде, ұлттық байлық пен әлеуметтік игіліктердің бөлінісінде де жергілікті халық шетке қағылып өгейсітілді. Мұның өзі үлкен ауқымдағы ұлттық кемсіту мен қорлауға айналып бара жатты. Ұлт мұратына қауіп төнді.
Осындай қиын жағдай, өліара мезгілде қа¬зақты қорлық пен құрып кетуден құтқаратын, ұлт¬сызданудан сақтайтын бірден-бір жол – халықтың санын көбейту, оның атамекендегі үлес салмағын өсіру, ұлттық демографиялық тінін жақсарту екенін тереңнен түйсініп, саналы түрде сезінген адамдардың бірі – арманшыл жас жігіт Мақаш Тәтімов еді. Қазақ ұлтының демографиялық ахуалы өзінің төменгі шегіне жете құлдыраған осы шақта өз халқын сүйген, сол бір кезеңнің нақты жағдайын терең түйсіне зерделеген Мақаш сияқты зерделі де пайымды жас азамат демография ғылымына бетті бұрмауы мүмкін емес еді. Бұл кезде Мәскеу отаршылдығынан шынжыр үзіп, тәуел¬сіз¬дік алу түске де кірмейтін. Тығырықтан шы¬ғаратын ең дұрыс, ең парасатты жол – тыныштықта, бақуаттылықта, дамудың табиғи ағысында дау-дамайсыз, дабырасыз жүзеге асырылатын демография майданы болатын. Осыны дәстүрлі даналығымен, ішкі түйсігімен ұғынған қазақ халқы алпысыншы жылдардың басында демография майданына шықты, қазақ шаңырақтарында жетеуден, оннан қара¬до¬ма¬лақ¬тар жүгірді, қазақ ауылдарында “демо¬графиялық дүмпу” белең алды. Ұлтының перзенті, болмысынан дегдар Мақаштың да демография ғылымындағы мылтықсыз майданы нақ осы тұста басталды. Біздің ойымызша, өз атамекеніңде 28-29 пайыз азшылықта тұрып бастаған қазақ халқының осы демографиялық майданын үнді халқының ағылшындарға қарсы Махатма Ганди бастаған атақты “азаматтық мойынсұнбауымен” салыстыруға болады. Ал Мақаш алғашында сол майданның үгітшісі, жаршысы болып, келе-келе ту көтеруші, қолбасшысына айналды. Қазақтың демография ғылымын жөргегінен бастап тербетіп, әлемдік деңгейге көтерді. Қазақ мемлекеті жүргізетін демографиялық, көші-қон саясаттарын қалыптастыруда мінеки, жарты ғасыр бойы жанкештілік танытып, әлі күнге дейін өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.
Мәкең кезінде металлург те болып кете жаздаған. Онда қазақ халқы өзінің бірден-бір демографынан, қоғам қайраткерінен, біздің қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің демографиялық саясатын жасап-ұсынушы саңлақ саясаткерінен көз жазып қалған болар еді. Бақытымызға қарай, бұл жолы құдайдың көзі түзу болған екен. Соған қарағанда, бір халықтың бірден-бір демографы болу маңдайына жазылған Мақаш та тегін емес. Жетінші атасы дүйім қазаққа аты шығып, сүйегі қасиетті Түркістанға қойылған Қалыбай батыр… Тоғызыншы атасы жауырыншы Жүгіней сүйек қарап болжам айтып, қарауындағы халықты көлденең қауіп-қатерден талай аман сақтап қалған дейді. Қаз дауысты Қазыбек бидің жауырыншысы болған. Ендеше, Мақаңның демографияны таңдап, халқымыздың өткенін шолып, бүгінін ба¬йырқалап, келешегін болжауға құзырлы де¬мограф болуының өзі, сірә, сол әулиеден ауысқан қасиет шығар!
Қалай болғанда да, Алматының іргесіндегі Талғарда он баланың кенжесі болып туып, әке-шешеден он үш жасында қалған жас Мақаш орта мектепті бітіре сала арман қуып Қазақстан Магниткасын көтеру үшін Теміртауға барады. Болашақ Президентіміз Нұрсұлтан Назар¬баев¬пен бірге Украинаның Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищеде екі жыл оқиды. Осында 1959 жылы Бүкілодақтық халық санағын жүргізуге атсалысады. 1962 жылы Мәскеуге оқуға аттанады. Онда Мемлекеттік педа¬гогикалық институтының арнаулы пси¬хо¬лог¬ия факультетінің студенті болады. Талапты жас оны да місе тұтпай, өз бетімен Мәскеудің экономика және статистика институтында атағы әлемге әйгілі ғалым, профессор Б.Ц. Урланистен дәріс алып, ғұламаның ізін басады, 1967 жылы осы институттың аспирантурасыңда қалдырылып, жабық тақырыпқа мезгілінен бұрын кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шығады.
Мәскеу кезеңінен айтпауға болмайтын бір-екі әңгіме бар. Мақаш 1964 жылы екінші курстың студенті кезінде СОКП Орталық Комитетінің түкірігі жерге түспей тұрған бірінші хатшысы Никита Хрущевқа жаппай ұжымдастыру мен отырықшыландырудағы асыра сілтеуден қазақ халқының қатты зардап шеккені туралы хат жазып, мұның “қасақана жасалған геноцид, нағыз халықтық трагедия” болғандығын атап көрсетеді. Кеңестік қоғамның қоясын ақтарған, туған халқының демографиялық сергелдеңдеріне жан айқайын қосқан осынау шыншыл да батыл хаттың авторы сол кезде небәрі 24 жаста болатын.
60-шы жылдары қазақ мектептері бірінен соң бірі жабылып жатты. Қазақ ауыл¬дары болашағы жоқ, “перспективасыз” деп жарияланды. Қазақ тілінің тұнығы лайланып, аясы тарылып, тұншықты. Домбыраны “мыңқылдатпай”, мәдениетімізден аластап, сахна маңына мүлде жолатпауға ұсыныс жасалды. Қазақтар өз атамекенінде түрлі жағдайда, түрлі деңгейде, басы Димаш Ахметұлы Қонаев болып, кемсітушіліктің небір көкесін көреді. Ұлттық мүддеміз Орталық тарапынан аяққа басылды. Осы бір ауыр кезеңде Мұрат Әуезов, Мақаш Тәтімов және басқалары бастаған мәскеулік қазақ студент-жастары қазірде аңызға айналған атақты “Жас тұлпар” ұйымын құрды.
Мақаш ұйым қатарында жүріп қазақ халқының Кеңес өкіметі жылдарындағы демографиялық тарихын һәм сол кездегі демографиялық ахуалы мен болашағын зерделеген лекциялар оқыды. Қазақ ұлты демографиялық даму барысында көрген қиянаттар мен әділетсіздіктерді суыртпақтап айтып отырды. Сол кездегі саяси жағдайда бұл көзсіз ерлік еді. Бұл уақытта ХХ съездің “жылымығы” ұмытылып, саясаттағы ауа райы қайтадан ызғарланып, тоталитарлық тоңы қатая бас¬таған-тын. Міне, бүгінгі ха¬лық¬на¬ма¬мыздың темір¬қазығына ай¬налған мәш¬һүр ғалым Ма¬қаш Тә¬ті¬мов қазақ демог¬ра¬фиясындағы алғашқы қа¬дам¬дарын осылай жасаған болатын. Студенттік кездің өзінде-ақ ғылыми ортада “Қазақстанның Урланисі” атанған Мақаш қазақ халқының саны мен құрамы және орналасуы жөніндегі тырнақалды монографиялық ғылыми еңбегі – “Цифрлар шежіресін” (1965 жылы) жазып бітірген-ді.
Мақаң жетпісінші жылы елге, Алматыға оралған соң Ы.Алтынсарин атындағы педа¬гоги¬калық ғылыми-зерттеу институтында, 23 жыл бойы Ғылым академиясында өзінің жаны сүйген, соның халық зарын айта білетін ащы шындығынан өзегі күйген ғылыммен дендеп шұғылданды. Қазақстан мен қазақ халқының демографиялық даму сатыларының өткенін, бүгінін талдап-сараптады, болашағын па¬йым¬дап, болжады. Қазақ және орыс тіл¬дерінде жиырмаға жуық кітап, іргелі монографиялар жазды. Солардың әрқайсысы алыс-жақын жұртшылықты елең еткізіп, ғылыми-мәдени өмірде бір-бір толымды оқиға болып отырды.
“Демография – халықтану”, “Развитие народонаселения и демографическая поли¬ти¬ка”, “Өркені өскен өлке”, “Социальная обус¬ло¬вленность демографических процессов”, “Ауыл¬дағы демографиялық ахуал”, “Ха¬лық¬нама немесе Сан мен Сана”, “Қазақ әлемі”, “Дербестігіміз – демографияда”, басқа да кітаптары халықтың демографиялық сауатын ашты. Қаншама ғылыми мақалалар жариялады, сұхбаттар берілді. Мәкеңнің 1989 жылдың басыңда “Жұлдыз” журналында шыққан “Мешін жылғы апат” атты мақаласы әлі есі¬мізде. Жұртты дүр сілкіндіріп еді. Ақиқатымен. Ал¬мастай өткірлігімен.
Әрине, кеңес кезінде көптеген архив жадығаттары мен құжаттары жабық болды. 16-жылдың ақиқатын, 21-22-жылдардағы ашаршылық жайын, 32-жылғы сталиндік-голощекиндік геноцидтің сұмдығын, қазақтың қаймағы сыпырылған 29 және 37-жылдардың қызыл қырғынын, тың игеру кезінде Қазақстанда орын алған миграциялық қиғаштықтарды ашық айту мүмкін емес-тін. Қысқасы, қазағым қиянат көріп еді деп айтуға болмайтын. Бұлар, көбінесе тұспалдап жеткізілді. Ал іште тынған сол шеменді ақтарып, ақиқатты ашық айтатын заман келгенде, Мақаш ағамыз қапастан шыққан бұлбұлдай еркін тыныс алды, барша шындықты үлкен парасатпен кеңінен толғады.
Одан бұрын да үндемей тұра алмаған-ды. Кеңес Одағындағы әр ұлтқа әртүрлі қол¬да¬нылған, түркі тектестердің табиғи өсімін шек¬теуге, славяндарды артықшылық жағдай жасап көбейтуге бағытталған екіжүзді демографиялық саясатқа қарсы шықты. Әр халықтың демографиялық өсімі өз еркімен табиғи түрде, бірдей жағдайда шешілсін. Үкіметтің отбасы, яғни ерлі-зайыптылардың нәзік мәселесіне, киелі құпиясына араласуға, бейнелеп айтқанда, олардың “көк көрпесін” ашып қарауға хақысы жоқ, “көк көрпе” өз еркімен бүлкілдесін, – дейді Мақаш. – Бұл ретте біреуге қысым¬шы¬лық жасап, тағы біреуге артықшылық беруге бол¬майды. “Шын мәнісінде бұл кемсітушілік саясат”, деп жазды қазақ демографы. Сондай “шәлкес” мінездерін жақтырмай қалған өктемшіл Мәскеу орыс тіліндегі екі монографиясы, қазақша бес-алты кітабы бола тұра, докторлық қорғаудың жолдарын тарс бекітіп жауып тастаса да, Мақаш Байғалиұлы тәуелсіздігіміздің төрінде 1995 жылы “Жас мемлекет – Қазақстан Республикасының жеке өзіндік демографиялық саясатын қалыптастыру мәселелері” деген тақырыпқа докторлық дис¬сертация қорғады. Сонда академик Дос¬мұхамед Кішібеков, белгілі заңгер, про¬фессор Сұлтан Сартаев және басқалар еңбектің әділ сарабын жасай келе: “Мақаш шын мәнісінде баяғыдан бері доктор еді. Бүгінгі қорғау соны тек қағаз жүзінде ресми заңдастырып бекітудің рәсімі ғана. Тәтімовті демография саласында әлемдік деңгейдегі ірі ғалымдардың қатарына батыл қоюға болады”, деп айтқандары құлағымызда қалыпты.
Шынында, батыстың ғалымдары Мақаш Байғалиұлын әу бастан-ақ бағалады да, мойындады да. Сонау 1979 жылдан бастап оған үзбей сілтеме жасап отырды. Тәтімовке жүгінсек, – дейді аме¬рикалық саясаттану докторы Роман Солжанук, – 2000 жылы Кеңес Одағындағы орыс¬тардың үлес салмағы 43-45 пайызға дейін кемиді. Қазақтардың саны қазірдің өзінде 7 миллионға жақындап қалған. Бұлай ашық айту – кеңес ғылымындағы бірінші һәм өте батыл қадам.
1985 жылы ағылшынның демография профессоры Шиху Энна мен немістің саясаттану докторы Бэсс Браун былай деп жазды: “Тәтімов қазақтар 1970 жылы ғана 5-6 миллионға жетіп, өзінің бұрынғы санын қалпына келтіре алғандығын растайды. Бұл арада ол КСРО-дағы идеология мен саясат тұрғысынан тыс, шетін тұсқа аяқ басқан… Тәтімов адал ғалым ретінде қазақтар бұрынғы санын қалпына келтіріп отыр дегенде, ұжымдастыру кезінде күштеп көшіру мен отырық¬шыландырудың салдарынан қазақ¬тар¬дың орасан зор құрбандықтарға ұшырағанын айтып отыр”.
Мақаштың өзі де демографиялық ақпарат¬тарды ашық айтамын деп 1986-87 жылдары “Правда” газетінің қаһарына ілініп, Жел¬тоқсанның демократиялық дүрбелеңінде басты ұйымдастырушылардың бірі деп танылып, құрбандыққа ұшырай жаздағаны бар. “Правда” газетінің сондағы Мақашты төмпештеп сына¬ға¬нын “Еуропа дауысы” “Правданың” ора¬шолақ пікірі деп мысқылдаған-ды.
Демография қоғам мен халық өмірінің барлық саласына араласады. Әсіресе, тәуел¬сіз¬дік жылдарында демограф Мақаш Тәтімовтің күрескерлік, қайраткерлік, саясаткерлік, азаматтық тұлғасы одан әрі тұғырланып, айқындала түсті. Өз ұлтының адал перзенті әлдекімдер ұнатпай қалар деп үрікпей-ақ, “Желтоқсан”, “Азат”, “Алаш” сынды отаншыл қозғалыс, партиялардың жұмысына белсене қатысты. Тікелей және қоғамдық қызметімен “үлкен ресми саясатқа” да игі ықпалын тигізе білді. Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық татулық пен азаматтық келісімді сақтау, саяси тұрақтылықты нығайту, демографиялық және миграциялық саясатты қалыптастыру жолында да күш-жігер мен ғылыми зердесін, талант-қабілетін аянбай жұмсап келеді. Бұл орайда, әсіресе, Президенттің және Министрлер Кабинетінің ақпараттық-талдау орталығында аға сарапшы, Стратегиялық зерттеулер инс¬титутында бас ғылыми қызметкер болып істе¬ген жылдарында толымды жұмыстар атқарды.
Мақаң жүрген жерінде әрі күлдіріп, әрі байыпты түрде “Көк көрпе бүлкілдей берсін” деп насихат айтса, ол керауыздық немесе бейпілдік емес. Ол Қазақстан халқын сан және сапа жағынан өсіруге шақырған азамат ғалымның жанайқайы, өмірлік мұраты деп білуіміз керек.
Мақаш Байғалиұлы мен Елбасы арасында жаймашуақ достық қатынас орнаған. Бір кезде бірге оқыған досымен 31 жылдан кейін, 1991 жылдың маусымында кездескенде “Әділеттің ақ жолы” деген кітабына: “Құрметті Мақаш! Жас кезімізде өмір жолын бірге бастап, металлург мамандығын бірге игерген тәтті күндердің ескерткіші” деген қымбатты қолтаңба жазып беріп еді. Нұрсұлтан Әбішұлы әрбір кездескен сайын: “Қазақты қашан көбейтеміз, Мақаш?” деп әзіл-шыны аралас сұрап жүреді. 2008 жылы Днепродзержинскіде бірге оқығандардың Теміртауда болған бейресми кездесуінде Нұрекең: “Әй, Мақаш, сен бұл жерде қыдырып жүргеніңде өзің көп айтатын көк көрпені басқа біреу бүлкілдетіп кетіп жүрмесін”, деп демографиялық астарлы қалжың айтып жұртты ду күлдірген. Президентіміздің демография мәселелерін өте нәзік әрі терең түсінетіндігіне Мақаш та тәнті. Сол себептен де өткен жылы еліміздің демографиясымен сабақтастыра “Елбасы және ел саны” атты кітап жазып шығарды. Осы еңбекпен қатар өзінің ауыр¬ыңқырап жүргеніне қарамастан, ашаршылық зобалаңы жайында “Зұлмат пен зардап”, одан соң орыс тілінде әлем халқының өсуі мен дамуының әлеуметтік-саяси проблемаларын зерделейтін “Глобализация демографии” атты толымды еңбегін жақында ғана бітірді. Құдай бұйыртса, бас демографымыздың басты еңбегі осы кітап болмақ.
Менің Мақаш ағаны білгеніме де жиырма жылдан асып барады екен. Осы жылдарда Талғарда орнығып, етене болып кеттім. Мақаш ағаның да туған жері Талғар. Ол белгілі журналист қаламгер Бекболат Әдетовпен, партия қызметкері Жұмаділ Сатыбалдиевпен Талғар түбіндегі Ақдала ауылының фермасында балалық шақтарын бірге өткерген. Үш аға дос әрбір кездескен сайын: “МТФ-дан шыққан үшеуміз” деп мақтаныш етіп отырады. Мен бірде: “Талғардан шыққан төртеуміз” десек қайтеді деп інілік базына айтқанмын. Олар үндей қоймады. “Әй, бала-ай!” дегендері болар. Шынында да, Талғардан шыққан, бұл күндерде Демографиямыздың Талғар сынды биік шыңына айналған Мақаңдардың қатарына қосылу кім-кімге де оңай болмас.
Қазір, 2010 жылдың ортасына қарай, Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның Днепродзержинскіде бірге оқыған досы, қазақтан шыққан тұңғыш демограф Мақаш Тәтімов бірінен соң бірі 70-ке толатын мерейлі жылы өз атамекеніндегі қазақ ұлтының мерейі биік, мұраты асқақ. Бұл күндерде Қазақстандағы қазақтар 10 миллионан еркін асты, үлес салмағы 64 пайызға жетті. Әлемдегі алаш жұрты он бес миллионды еңсеріп барады. Ал бұл жәйт өзінің шешуші ұлттық майданында қазақ халқының жеңіп шыққанын көрсетеді. Бұл туған халқын бақытты болашаққа сарабдалдықпен бастаған Елбасымыздың да жеңісі. Біз мұны сонымен бірге Елбасына дұрыс демографиялық саясат жүргізуге қанаттаса септесіп, “Дербестігіміз – демографияда!” деп ұран көтеріп шыққан, демографияны ғашық жарындай сүйетін (Майра жеңгеміздің құлағына алтын сырға) Мақаш Тәтімов ағамыздың да басты жеңісі, ақжарылқап қуанышы деп білеміз. Және сол қуанышқа шын жүректен сүйініп, оған мына төмендегідей мадақ жырын арнаймыз.
Академиксің, ардақтысың, доктырсың, аға,
Жан-жүрегің жұмсақ, рухыңмен өткірсің, аға.
Жауырыншы Жүгіней бабаңнан дарыған кие –
Қоржыныңды қомақты қылып, тоқ тұрсың, аға.
Көк көрпе, шіркін, бүлкілдейберсін деп зыр қаққан аға,
Селдіреген қазақ көбейсінші деп елден бір ерек үн қатқан аға.
Жалпақ жұртыңның жауырыншысы енді өзің боп,
Санатымызды дүйім дүниеге тыңдатқан аға.
Ұлттың демографиясына үлес қостың сөзбен де және іспен де,
Не жетсін бүгін Сіздің дастарқанда қуанып, шалқып ішкенге.
Қазақтың ырыс дастарқанын ең ұлы Парламент деп,
Парасатпен бұлай, махаббатпен бұлай айтқан жоқ еді бұрын еш пенде.
Кеше мен бүгін, ертеңімізді зерделеген аға,
Қазақтың әрбір миллиондық сатысына статист болып өрмелеген аға.
Әлемде қазақ әлемет миллион болды деп,
Қалпағын көкке атып,
Қаламын газеттерде сермелеген аға.
Елбасымен бірге еліңді болашаққа бастап,
Тайбурылдай құйғыдың өрден өрге, аға.
Айтушы ең өзің: Демография халық туралы ілім деп,
Халқыңа арнап, сол халқың үшін шырқырап сөз айтқан күнің көп!
Кеңес кезінде шаба алмасаң да кең көсіліп,
Еуропа төсінде арман-мұратың естіліп тұрыпты-ау дүбірлеп.
Оянған қазақты ойландыру ұлы мұратың,
Саннан – санаға көшіру керек дейсің ұлттың қуатын.
Демографиялық майданда жеңген халқыңды
Қара қазан, сары баласымен қоса сүйетін және ұғатын…
Ғажап-ақсың! Азаматсың.
Алдаспансың. Өткірсің, аға.
Алаштың даңқы асады әлі деп тұрсың, аға.
Демография – мәңгілік жар боп өзіңе,
Ұзағынан сүйіндіріп, мұратыңа жеткерсін, аға!
Ал, Мақаш аға, әрдәйім елменен бірге,
Бажа мен бауыр, жора мен жолдас, бірге өскен төлменен бірге,
Туыс пен туған, үрім-бұтақпен бірге,
Қосағыңмен қара ағарып
Майра жеңгеммен бірге,
Қазақтың қара шаңырағындағы үбірлі-шүбірлі төрменен гүлде!..

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Категория: Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану | Добавил: Аслан
Просмотров: 3017 | Загрузок: 270 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 2
2  
спасбо большое )))))))))

1  
спасибо))))))))))

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>