Главная » Файлы » Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану

Тәуелсіздік толғауы

Скачать реферат с сервера 07.11.2010, 17:53
загрузка...
ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ

Медет етсек бір мезет

Адамзат қашанда алдағыны әрі аңсай, әрі абыржи тосқан ғой. Әсіресе, ғасыр, мыңжылдық сынды межелі кезеңдер таянғанда қатты қобалжыпты. Үшінші мыңжылдыққа да бір ғасыр бойы әзірленіп, әр қилы милленаристік қозғалыстарды қоздатыпты. Сарыуайымшылдар: «Киелі кітапта айтылатын қиямет-қайым орнаса, осы жолы орнайды. Жасаған күнәміз шашымыздан да асып кетті. Ол үшін күллі адамзат болып жауап беретін кезіміз енді келді», – деп қорқыпты. Қиялшылдар: «Жаратқанның жердегі үмбетін тегіс жарылқайтын заманы енді орнайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқаласа, енді жұмыртқалайды», – деп қуаныпты.
Сөйткен жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдық міне, келді. Сәуегейлер қанша құйқылжытқанмен, әзір бәрі бәз-баяғысынша. Таң орынынан атып тұр. Күн орынынан батып тұр. Қиямет-қайым болған жоқ. Жерден Мәді шыққан жоқ. Көктен Ғайса түскен жоқ. Мыңжылдықтар тоғысының біреуінде алты қат аспанды тастап, жерге келіп қонады-мыс «пейіш қала» да әзір көзге шалына қоймады. Ескендір Зұлқарнайынның Макарей аралдарынан, Рим папасы III Александр, Ұрым падишасы Мануил Комнин, француз королі VІІ Людовик Алтай жақтағы қайдағы бір «Иоан патшалығынан», көне орыс абыздары «бал құйылып, қаймақ ағатын» Ақсудан, мұсылмандар Қап тауынан, келттер батыс теңізіндегі шөлмек аралдан, махаяндар Шамбалдан, эзотеристер Тибет пен Бұланай тауларынан, біздің қазақтар біресе іргедегі Жиделі Байсыннан, біресе тескен таудың ар жағынан ат сабылтып іздеп келген жерұйық та әзір табыла қойған жоқ. Ондай ұшпақты қолдан жасамақ дәмеден де күдер үзіле түскендей. Ғасыр басында әлемдік төңкеріс жариялап, дүниені дүрліктіріп баққандар ғасыр аяғында жыны ауған бақсыдай жым-жырт бола қалысты. Қырқыншы жылдары Солтүстік Американың байырғы тұрғындары да біраз дүрлігіскен көрінеді. Орталарынан өз «пайғамбарларын» шығарып, осы ғасырда қайтып оралатын «әзелгі теңдік» заманына бай, кедейге бөлінбей, бірдей болып барамыз десіпті. Джон Фрам қандастарын қалталарындағы еуропалықтар әкелген көк қағаздардың көзін құртуға шақырыпты. Дүкендерде ештеңе тастамай, үптей сатып ап, ішіп-жеп, артын тоят тойына айналдырып, біраз думандатып бағыпты. Джек деген «жаңа пайғамбар» адамдардың біреуін бай, біреуін кедей көрсететін үстегі лыпа, одан арылсақ, теңсіздіктен арыламыз деп, «жаппай тыржалаңаштануға» үндепті. Соғыстан соңғы бес жыл бойы үстеріне шүберек жолатпай, мәз-мәйрам болған дүрмектерді қарудың күшімен қуалап жүріп таратыпты. Жігіт жағын әскерге алып, желіктерін әзер басыпты. Бірақ, армандаған жаңа теңдік те орнай қоймаған. Көксеген «баяғы теңдік» те орала қоймаған. Ешкім ауырмайтын, өлмейтін, ашықпайтын, масықпайтын, екіаяқтының бәрі теп-тегіс періштеге айналып шыға келетін жұмақ қоғам бүгіндері шындық түгілі қиял болудан да қалып бара жатқандай.
Иә, адамзат жиырмасыншы ғасырға неше түрлі әлеуметтік алақызбалыққа ұрынып, еліре аттапты. Енді соның бәрі су сепкендей басылып, біртүрлі есеңгіреп қалған секілді. Тәңірім, жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық табалдырығынан аттап отырған біздерді де қай-қайдағы әулекіліктерге ұрындырмай, етек жиып, ес түгендеп алуымызға мұрша бергізгей.
Төңірегімізге осы тұрғыдан көз тастасақ, көкте бір Тәңірге, жерде бір өзіңе ғана сеніп, көреміс жарықты көріп, бұйырмыс ырзықты татып, сүйгізген ұрпағын сүйіп, өлшеулі ғұмырға пейіл болудан басқаның бәрі күпірлік екендігіне көзіміз тегіс жете бастағандай. Оған да «шүкір» дейміз. Көңілге медет қыларымыз тек бір бұл емес. Ең бастысы, жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып аттадық. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Өйтіп, біреуді көріп шүкір етіп, біреуді көріп пікір ету үшін де өткенге ой, бүгінге көз жіберуге тура келді. Ол үшін, ең алдымен, бір сауалға – бұл күнге қалай жеттік? – деген сауалға жауап іздеуіміз қажет сияқты.

Азаттық төркіні алыста

Бұл – ешкімді ешқашан енжар қалдырмаған сауал. Оған жауап іздеген халықтық космогониялық аңыздар да, ежелгі заман манускриптері де, Зәбүр, Таурат, Інжіл, Құран сынды аспаннан түскен «пайғамбар кітаптары» да, көпғасырлық ғылыми ізденістер де аттың басын сонау әлімсаққа апарып бір-ақ тірейді. Бір сарасына құлақ ассаңыз: әзелгі рух ғаламшарды да, тіршілікті де, адамзатты да бір уақытта, тіпті бір мезетте жаратқан. Әр ықылымда сондай жаңа пәрмен жаратылған болмысқа разы болмай, жер кіндігін орынынан ауыстырып жіберіп отырған. Соның салдарынан өмір сүріп жатқан нәсіл жойылып кетіп, орынына жаңа нәсіл пайда болып отырған. Біз әрқайсысы ғаламшардағы жеті планетаның біреуінің ықпалында болуға тиісті жеті ықылымның бесеуін бастан кешіппіз. Әлі екеуін бастан кешпегіміз керек көрінеді. Екінші бір сарасын тыңдасаңыз: біз – Жаратқан Иенің қолынан шыққан алғашқы нәсілміз. Жаралмай жатып ренжітіп, пейіштен қуылып кетсек те, біржолата түңілдіре қоймаппыз. Түпкі анамыздың аңқаулығынан ағат басқан әзелгі күнәмізге жаңа күнәлар жамап ап, талай көңілін қалдырсақ та, бір топаннан соң бір топанға ұрындырып, тәубеге келтіріп, бір пайғамбардан соң бір пайғамбарын жіберіп, жөнге түсіріп келеді екен. Ал біржолата күдерін үздірсек, қиямет-қайым орнатып, орынымызға жаңа адамзат жаратуы әбден ықтимал көрінеді. Осыған орай, адамзаттың жаралуы мен таралуын біреулер миллиардтаған, тіпті триллиондаған жылдарға ұзартса, біреулер миллиондаған, тіпті мыңдаған жылдармен ғана шектейді.
Ғылым да қарап жатпаған сыңайлы. Ол тіршіліктің пайда болуы мен дамуын үш кезеңге: ғарыштық эволюция, табиғи эволюция, тарихи немесе мәдени эволюция дәуірлеріне бөледі. Ғарыштық эволюция осыдан 10-15 миллиард жыл бұрын ғалам төрінде болған үлкен қопарылыстан басталыпты. Сонда пайда болған шоғырлардан бес миллиардтай жыл бұрын жұлдыздар жаратылыпты. Соның сөнбеген біреуі – Күн де, сөнген біреуі – Жер көрінеді. Жердің жасы 4,5 – 5 миллиард жыл деп есептеледі екен. Ол бұдан үш жарым миллиард жыл бұрын суынып, бір бөлігі құрғаққа, бір бөлігі мұхитқа айналыпты. Тіршілік белгісі әуелі мұхитта бой көрсетіпті. Табиғи эволюция сол арадан басталса керек. Қазақ ақыны Қашаған: «Дүниенің басы әуелде меруерт тас саналған; меруерт еріп су болған; судан түтін бу болған; аспан, жер содан жаралған; адам, лаухы, ғалам, абзал болып таралған он сегіз мың бұл ғалам: алтауы екен жәмәдат, алтауы екен нәбәдат, алтауы екен аюанат, үш алтыны қоса ғой – он сегіз мың жан болар, білмеген адам таң қалар», – десе, бүгінгі ғылым, биологиялық эволюция нәтижесінде, жер бетінде, ең кем дегенде, екі миллиондай түр өрбіген дейді. Соның бірі – адам көрінеді. Нобель сыйлығының лауреаты Жак Мононың пайымдауынша, жер бетіндегі тіршілік енді қайталанбайтындай боп, бір-ақ мезетте пайда болса керек; ғаламшар тіршілікті, биосфераны, адамды әлденеше уақыт бойы құрсағында тербеткен жоқ секілді; бәрін де кенеттен жарата салғанға ұқсайды. Сөйтіп, біздің керемет бір ұтыс ойынында ойда жоқтан қолымыз шыққан тәрізді.
Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарында адам хромосомын зерттеген америкалық генетиктер, әуелі, бүгінгі адамзаттың ар жағы бір әйелден тарағанын, артынша-ақ, сол әйелмен осыдан 188 мың жыл бұрын қатынаста болған бір еркектің түп атамыз екенін анықтапты. Иель университетінің оқымыстылары һомо sapiens (саналы адам) осыдан 270 мың жыл бұрын өмір сүрген азғантай топтан өніп-өрбіген деген қорытындыға келіпті. («Нью-Йорк Таймс», 23 қазан 1995 жыл).
Адамзаттың шығу төркінін жерден емес, ғарыштан іздейтін панспермистердің бір тобы әлгі деректі «жеті ықылым», «жеті кезең» қисынымен орайластырып, қазіргі бесінші кезеңде өмір сүріп жатқан адамзат, Інжілдің меңзеуінше, енді мың жылдан кейін ақырзаманға ұшырайды десе, екінші тобы әлі де екі нәсіл келуі керек, жер бетіндегі тіршілік әлі де 17,5 мың жылға созылуы керек деп жұбатады екен. Көңілді көп көншіте қоймайтын тұжырым екені рас. Бірақ, Дарвинге дейін жұрт, оның ішінде ұлы ғалым Ньютон да, Ашер деген епископтың есептеуінше, дүние Ғайса туғанға дейінгі 4004 жылы жаратылған дегенге сеніп келгенін ескерсек, алдымыздағы 17,5 мың жыл, тап анау айтқандай, қорқынышты көрсеткіш емес сияқты. Оның үстіне, жиырмасыншы ғасырдағы ғылыми зерттеулер адамдар мен қоршаған орта арасында жарастықты қарым-қатынас қалыптасса, дүние, ең кем дегенде, бұған дейін қанша тұрған болса, әлі де сонша уақыт тұра алатындығын айғақтайды. Адамдар мен қоршаған ортаның арасында ондай жарастық қалыптасуы үшін әуелі адамдардың өз арасындағы этникалық-әлеуметтік қарым-қатынас жарастыққа құрылуы қажет екендігі түсінікті.
Бір өкініштісі, бүгінгі таңда тіршіліктің тағдырына адамзаттың өз даму эволюциясында әлгіндей шешуші кезең келіп тұрғанын толық түсініп болмағандығымыз ең үлкен қауіп туғызып тұрғандай. Панспермистердің және бір тобы жер бетіндегі нәсілдерді енді дәуірлейтіндер мен дәурені біткендер деп екіге жіктейді. Эволюционистердің де кейбіреулері әр нәсілді әртүрлі приматтардан таратуға пейіл. Мәселен, 1939 жылы Қытайда археология қазбаларын зерттеген неміс антропологы Франс Вайденрайхтың шығарған полицентризм (көптектілік) қисыны бойынша, еуропалықтар неандерталь адамдарының еуропалық бұтағынан, негрлер африкалық бұтағынан, ал моңғол нәсілділер синантроптардан таралды-мыс. Бұл – әлгіндей жарастықтың жолына кедергі қойғысы келетін қисындар. Өйткені, олардың көмекейлерінде не тұрғаны белгілі. Бір кездегі терімшілерге тән жабайылық, көшпелілерге тән жаугершілік, егіншілерге тән өркениет барлық нәсілге де тән ортақ даму сатылары емес еді; әрқайсысы әр нәсілдің маңдайына жазылған мәңгілік сыбағасы еді; сондықтан біреулер дәйім ержете бермек те, біреулер дәйім кер кете бермек дегілері келеді.
Ал бүгінгі адамзаттың басым көпшілігі мойынұсынып отырған гуманистік ақыл-ой бұнымен келісе алмайды. Ол әу баста Інжілде де, Құранда да бар, өзара өзектес космогониялық кескіндемеден өрбіген-ді. Ол бойынша, бүгінгі адамзат бір ата, бір анадан тараған. Адам ата мен Хауа ананың тұңғыш ұлы Қабыл өз бауырына қол жұмсағаны үшін қарғысқа ұшырап, өсіп-өне қоймаған. Екінші ұлы Абыл ұрпақ көріп үлгермей дүние ауған. Жаратушы жер жүзін түгел басқан топаннан ол екеуінен кейін туған Сафи (Сиф) дейтін үшінші ұлдарынан тарайтын Нұх әулетін ғана аман алып қалған. Олардан бүгінгі адамзат өрбіген. Ендеше, адамзатқа әуелден де жаратушы жаппар иенің шарапаты тиген. Сондықтан, бірінің қолынан келген екіншісінің де қолынан келмекші. Бірінің жеткеніне екіншісі де жете алмақшы.
Жиырмасыншы ғасырдың ғылыми зерттеулері, негізінен, бұл қисынды белгілі мөлшерде қуаттап шыққандай. Олардың пайымдауында да, адамзат әуелден тектес, төркіндес. Олардың физиологиялық, этологиялық мінездемелері, негізінен, биологиялық эволюция сатысында қалыптасқан. Өйткені, оған алғашқы дүниеде миллиондаған биологиялық түрлердің арасынан табиғаттың дайын қорегін иемдену арқылы тірлік кешетін өз экологиялық аясын жасақтау қажет болған. Оны өзі тектестермен бірлесе отырып, қорғап, кеңейтуге тура келген. Соның арқасында келесі мәдени эволюция кезеңіне көше алған. Оған қоршаған ортадағы тек күшпен ғана еңсере алмайтын тосын құбылыстар мен алапат өзгерістер мәжбүр еткен. Олар тірі қала білуге, ол үшін құбылмалы жағдайға уақтылы икемделе білуге баулыған. Сол қабілет – мәдени эволюцияның бірден бір тетігі ретінде дамып шыңдалған. Адамзат соның арқасында ғана қалған жан иелерінен шығандай озып жетілген. Тіпті қалған жануарлардан ғана емес, бір-бірінен де озып кетер мүмкіндіктерге ие болған.
Адамзат өніп-өсе келе бастапқы мекендерін тарсынған. Жан-жаққа бытыраған. Барған жерлерінде қорек айыру мүмкіндігі азайған кезде жаңа өрістерге аяқ басқан. Ол кездегі әр қауым, М.Коэннің есептеуінше, қырық кісіден аспаған. Сонша адамға ырзық айыру үшін жүз шаршы шақырымдай жерді кезіп шығу керек болған. Осылай шарлай-шарлай жүріп, басқа құрлықтарға да аяқ басқан. Археологиялық деректерге қарағанда, алғашқы адамдар үш миллион жыл бұрын Африкада пайда болған. Палеостатик Ж.Н.Биробанның есептеуінше, бір миллион жыл бұрын саны жүз мыңға жетіп, Таяу Шығыс арқылы Еуропа мен Азияға өткен. Содан бір миллион жыл бойына сандары бір миллионға жете қоймаған. Осыдан елу мың жыл бұрын осы заманғы адам – һомо sapiens пайда болған. Қырық мың жыл бұрын sapiens neanderthalensis әлі ғылым анықтай қоймаған себеппен жойылып кеткенде жер бетінде тек һомо sapiens-тер ғана қалған. Олар бар болғаны 500 мыңдай жан болған. Негізінен Африка мен Еуразияны мекендеген. Осыдан 70 мың және 13 мың жыл бұрын қазіргі Беринг бұғазы арқылы екі дүркін Америка құрлығына асқан, жиырма мың жылдай бұрын Австралияға аяқ басқан. Осыдан 30 мың жыл бұрын сандары 5 миллионға жетіп, тағы да 20 мың жыл бойында сол қалпында тұрып қалған. Сонда ол кездегі жер бетінде бар болғаны қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарының санымен шамалас халық мекендеген болып шығады. Ежелгі терімшілер мен аңшылар бүкіл жер жүзіне тегіс тарап, кейбіреулері табиғаттың дайын ризығын иемденуді місе тұтпей, жабайы аңды қолға үйретіп, жабайы дақылды қолдан егіп, ауыл шаруашылығы мәдениетіне көшкен соң ғана төрт мың жыл ішінде, осыдан 6 мың жыл бұрын, адамдардың саны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке – 90 миллионға барған. Ауыл шаруашылығы дәуірлеген он екі мың жыл бойына жер бетіндегі халықтың саны 200 миллионнан аса алмады. Содан ХV ғасырда ғана демографиялық шарықтау байқала бастапты.
Бұл екі ортада адамзат мәдени эволюцияның терімшілік, аңшылық және ауыл шаруашылығы сатысынан өтіп, өркениет сатысына аяқ басыпты. Бірақ, барлық жердегі жағдай бірдей емес еді. Үйреншікті дағдымен-ақ күнкөріс айыруға толық жағдай бар аймақтарда эволюциялық тоқырау байқалса, тұрғындар санының көбеюіне байланысты, күнкөріс үрдісін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болған аймақтарда эволюциялық шарықтау бой көрсетіпті. Ол тек адамдардың күнкөріс айыру тәсілдерін ғана өзгертіп қоймай, болмысқа деген көзқарасын да түбегейлі өзгерткен. Үйреншікті дағдымен де күнкөріс айыруға жағдайы жеткілікті жерлерде қанағатшылдық, бәсіктік, дәстүрге құрмет үстемдік құрса, ал әлгіндей төтен өзгеріс керек аймақтарда белсенділік, жаңалыққа құштарлық, әрекетшілдік идеологиясы қанат жайыпты. Сөйтіп, адамзат технологиялық әрдеңгейлілік, идеологиялық әрұдайылық, жалпы алғанда, эволюциялық әрқилылық кезеңіне ұшырайды. Бұл қауымдардың әлеуметтік ұжымдасу деңгейінде де анық көрінеді. Қанағат кеңістігінде көпшілдік, қауымшылдық үрдістер тамыр тартса, әрекетшіл аймақтарда әр адамның жеке мүддесі басым маңызға ие болатын өзімшілдік өрістепті. Бірінші кеңістіктегі саяси салиқалылық үшін қалыптасқан дәстүр жеткілікті болса, екінші кеңістікте пәрменді ықпалға ие өктем билікті керек етіпті.
Халықтың көптігінен күнкөріс тәсілдерін жетілдіруге мәжбүр болған аймақтар ауыл шаруашылығына алдымен көшіпті. Астық пен ет өзін өндіруге кететін күштен қырық есе көп күш бітіреді екен. Күштің артуы ырзықты да молайтады. Күнделікті ішіп-жемнен артылып қалатын қосымша өнімді қордаландырады. Бұл дәулет көбейту мен игілік бөлісуді үйлестіретін мемлекетті туғызады. Ондай аймақтарға Жерорта теңізі мен Парсы шығанағы маңы, Индонезия аралдары, Қытайдың белгілі бір бөліктері мен Мексика жатыпты. Жер шарының қалған бөліктерін ұзақ уақытқа дейін терімшілер, аңшылар, балықшылар мекендепті. Алғашқы аймақтардың көпшілігі, осы заманғы тарихтанудың айтуынша, біздің дәуірімізге дейінгі 8000 жылдан 3500 жылға дейін ұсақ мемлекеттілікке, біздің дәуірімізге дейінгі 3500 жылдан 600 жылға дейін империялық, біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылдан біздің дәуіріміздің 500 жылына дейін антикалық, біздің дәуіріміздің 500 жылынан 1750 жылға дейін Еуропалық үрдістегі, ал эволюциялық даму өндірістік мәдениетке көшкен 1750 жылдан бастап осы заманғы үрдістегі мемлекеттілікке ие болыпты.
Бұл процесс біртіндеп әлемнің қалған бөліктеріне де өріс жаяды. Бірақ, барлығында да әлгіндей реттілікпен жүзеге аса қоймайды. Әсіресе, көшпелілер әлемінің мемлекеттенуі қалған дүниеден ерекшелеу болды. Сондықтан да батыс тарихшылары оларды көп уақытқа дейін алғашқы қауымдар дәрежесінде қабылдап келген.

Елдіктің ежелгі сүрлеуі

Теріскей Еуразия тым беріде игерілді. Оған әлденеше рет жер бетін мұз басып кеткені кедергі келтірді. Жерорта теңізі, Алдыңғы Азия, Қиыр Шығыстан санаулы географиялық дәліздер арқылы Еуразияға келген ата-бабаларымыз осыдан төрт мың жылдай бұрын жылқыны қолға үйретіп, үш мың жылдай бұрын көшпелі одақтар құра бастады. Олар көп ұзамай қос құрлықты баса көктей дамыған далалық империяларға айналды. Климаттық құбылулардан туындайтын экологиялық өзгерістер ұлан-ғайыр кеңістіктегі геосаяси ахуалды да құйқылжыта құбылтып отырыпты. Мал шаруашылығымен қорек айырып, жаугершілікпен қоныс иемденетін көшпелі мемлекеттер ұдайы соғыс жағдайында өмір сүрді. Ондай ел үшін ең басты иерархиялық көрсеткіш– күш еді. Сондықтан да батырларды ардақ тұтты. Ең мықты қолбасшы шығарған топ ең үстем ықпалға ие болды. Тіпті мемлекеттің аты да әлгіндей этникалық топтың немесе ол шығарған қолбасшының атымен аталатын.
Біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығында Еуразия жазираларында дәл сондай үстемдікке түркі тайпалары ие болған. Байкалдан Балқанға дейін созылып жатқан алып қағанаттар құрған. Екінші мыңжылдықта бірнеше хандықтарға бытырап кетіпті. Тіпті, қазіргі қазақ жеріндегі бөліктерінің өзі екіге ыдырапты. Бір тобы ислам туының астына біржолата өтіп, Таяу Шығыс, Кіші Азияда жаңа ислам империясын орнатты. Ол шектес Шығыс Еуропа елдерін қосып алды. Шын мәніндегі әлемдік империяға, өркениет еліне айналды. Ал Тұранда қалып қойған екінші бөлігі шығыс жағынан бой көтерген жаңа көшпелі империяға қосылды. Олар да Тынық мұхиттан Балтыққа дейін созылып жатқан байтақ мемлекет құрды. Бірақ, бірер ғасыр ғана өмір сүріп, жойылып кетті. Шектес те, тектес те осы екі мемлекеттің екі қилы тағдыры тек өз кезінің ғана емес, қазіргінің де талай сырын ақтарып тастайтындай. Адамзаттың ендігі дамуында күштілік те, көптік те емес, өзгеріп жатқан дүниенің даму қарқынына ілесе алатындай эволюциялық икемділіктің шешуші орынға шыққандығын аңғартқандай. Әуелде селжүктерге еріп кеткен көшпелі тайпалар жолындағы таяу шығыстық, кішіазиялық, тіпті ежелгі Элладалық, Римдік кеңістіктерді басып алумен шектеліп қалмай, ондағы өркениет дәстүрлерін меңгеруге де ерекше маңыз берді. Өзі үйреніп қоймай, өзгелерге де үйретті. Шығыс Еуропа тайпаларына сабын апарып, моншаға түсуге баулыған да солар. Батыс Еуропа елдерімен жарысып ең мықты теңіз флотын жасақтаған да солар. Сөйтіп, өз заманындағы әлемдік мәдени эволюцияның кезекті сатысына дер кезінде ауысып үлгерген де солар. Ал ондай өркениеттік қолайлы кеңістікке қолы жетпеген дәл сондай айбынды екінші мемлекет ішінен тозғындап, сырттың дүмпуіне шыдас бере алмай, быт-шыт шашылып кетті. Осы заманғы апат теориясының айтуынша, кез келген жүйе ішкі эволюциялық қуатын тауысып, келесі эволюциялық сатыға уақтылы көтеріле алмаған жағдайда, біраз уақытқа дейін тоқырауда болып, былайғы дүниеге сырттай дүрдиіп көрініп өмір сүреді екен де, күндердің күнінде төтен тап болған қысымға төтеп бере алмай, өз-өзінен күйрейді екен. Осман империясы шарықтап жатқан тұста Алтын Орданың құлдырап кетуінде де осындай заңдылық бар сияқты. Оның басып алған кеңістігінде Осман империясындағыдай іштей шыңдалуды, төтен ширығуды талап ететін өркениеттік факторлар болмады. Өзінен әлсіздерді оңай бөктеріп үйренген өктемдік өзгелерден үйренуге құлықтылық танытпайды. Дегеніне жеткен өктемдік ішкі кернеудің жетіспеуінен өз-өзінен қожырай бастады. Алауыздық – асқындаған саяси энтропияның басты көрінісі. Оны өзінен бұрын басқалар байқайды. Сырттан болмай қоймайтын дүмпу ондай дүмбілез қоғамдардың түбіне жетіп тынады.
Тек Алтын Орда ғана емес, күллі Шыңғыс хан империясы да осы кепті киді. Шартарапты түгел жаулап жүріп, басып алған кеңістігін рухани игеруге деген құлшыныс көрсете алмады. Ең басты мәселеде тізгінді қолдан беріп алғандықтан, әр пұшпағы әрқилы өркениеттің қолында кетті. Сөйтіп, өзі күшеюдің орынына өзгелерді күшейтіп берді. Жаулап алуға әскери тегеурін таба алғанмен, ұстап тұруға өркениеттік тегеурін таба алмады. Ондай дәрмен қалыптастыратын рух ұмтылысын туғыза алмады. Ол да сыртқы қысымның күштілігінен емес, ішкі кернеуінің аздығынан кешегі бағыныштыларына оп-оңай жем болды.
Біздің мандайымызға осындай бір пұшпағын қиыр шығыстық, бір пұшпағын таяу шығыстық, бір пұшпағын шығыс еуропалық өркениеттер талап әкеткен көшпелі империяның құр қаңқасының кеуде тұсында өмір сүру бұйырыпты. Әлемде он екі мың жылдай ауыл шаруашылығы үстемдік құрған эволюциялық кезеңде ең күшті егіншілік Қытайда, ал ең әлуетті мал шаруашылығы Байкалдан Балқанға дейін созылып жатқан түркі-моңғол кеңістігінде еді. Бірақ, XII ғасырдан бастап еуропалық аграрлық мәдениет алға шыға бастаған. Бұнымен дәл сол кезде батысқа қол салған османдар есептесіпті де, олардың сахаралық туыстары есептесе қоймапты. Олар отырықшы егіншілік пен көшпелі мал шаруашылығын енді ірге ажырасқан бастапқы кезеңіндегі дәурендеулерін мәңгілік құбылыс деп санап, өз үрдістерін қалғандардан жоғары бағалап, көп уақытқа дейін өркениет атаулыға шекесінен қарап, кергіп бағыпты. Кейін бұл қателікті кешірек түсінген кейбір бөліктері шәкірт болам деп жүріп, боданының ықпалына түсіп божырап кеткен көрінеді. Мұның өзі мәдени эволюцияның тек технологиялық процесс қана емес, этологиялық процесс екендігіне, заманына лайық құлық таба алмаған адам мен қоғам заманына лайық әрекет те таба алмайтынына, арғы-бергіде алып империялар да, ең алдымен, осыдан күйрейтініне көзімізді жеткізе түседі.
Сондай ересен көшпелі империясының ең соңғы жұрнақтары болып табылған қазақ, жоңғар хандықтары да бұл кесепат заңдылықтан аттап өте алмады. Екеуі де дәл сол жылдардан бастап Батыс Еуропада етек жая бастаған ұлттық мемлекеттер сияқты аумақтық, тілдік, этникалық, діндік және үрдістік бірыңғайлылыққа негізделген мемлекеттер еді. Сан жағынан да, табиғи байлығы жағынан да батыста дербестік танытып жатқан мемлекеттердің көпшілігінен кем емес еді. Батыстың ұлттық мемлекеттілігі эволюциялық дамудың енді үстей бастаған жаңа заңдылығынан туындаған-ды. Мұндағы қайтадан қаулап өсе бастаған халыққа ауыл шаруашылығынан күнкөріс айыру аздық етті. Жер бетіндегі игілік жылдан жылға көбейіп келе жатқан халыққа жетпейтінді шығарды. Маңайда бос жатқан кеңістік жоқ еді. Одан арғы кеңістікке шығып алуға күш аз еді. Сондықтан жер астындағы игіліктерге де қол салуға тура келді. Бұл өндірістік дамуға көшуді талап етті. Ол үшін, ең алдымен, өзің жайлап отырған кеңістіктің саяси дербестігін қамтамасыз ету керек болды. Қоныстап отырған аумақ қоныстап отырған халықпен бірге мемлекет құраушы факторға айналды. Ұлттық аумақтық мемлекеттер солай пайда болды. Олар өмір сүріп кете алды да, олармен бір дәуірде пайда болған қазақ хандығы мен жоңғар хандығы тағы да ішкі алауыздыққа ұшырап, сыртқы дүмпулерге шыдас бере алмай, құлап қалды. Бұның да ең басты себебі – эволюциялық сәйкессіздік еді. Қазақ хандығының да, жоңғар хандығының да құрылған кездері батыс еуропалық қоғамдардың қайта дәуірлеуді бастан кешіп жатқан кезеңіне, ал құлаған тұстары батыста жаппай өндірістік мәдениетке бой ұрып, оза дами бастаған кезеңге тұспа тұс келгені де кездейсоқтық емес еді. Адамзаттық дамудың мұндай қарқынына ілесе алмаған халықтардың бәрі дәл сол тұста бұлар киген кепті киген. Дәл сол кезде жаңа отаршылдықтың мейлінше қанат жаюы адамзат дамуындағы кезекті эволюциялық сәйкессіздіктің мейлінше зор ауқымда орын алғанын көрсетеді. Ол өзара қырқысып жатқан соңғы ең ірі екі көшпелі мемлекетті екі жақтан қыспаққа алды. Ол екеуінің жойылуы көшпелі үрдістің тарих сахнасынан біржолата аласталуы болып шықты. Бір кезде аграрлы мәдениет заманында әуелі даусыз басымдыққа, кейін жарыспалы басымдыққа ие болып келген көшпелі мал шаруашылығы бұдан былай таза экзотикалық сипатта ғана өмір сүре алды.

Тәрік болған тәуелсіздік

Қытай жаулап алған Жоңғар хандығы мемлекеттік сипатынан бірден айырылды. Ресей бодандығына өткен Қазақ хандығы біртіндеп айырылды. Ең алдымен, ортақ хан сайланбайтын болды. Кешегі үш ұлыстан тұратын тұтас ел енді біржолата үшке ыдырады. Әр ұлыс өз кезегінде әлденеше сұлтандардың иелігіне бөлшектенді. Кейін сұлтандар биліктен тайдырылып, қара сүйек өкілдеріне тізгін тиді. Ақыр аяғында далалық билеудің дәстүрлі құрылымдары мен жүйесі түгелімен жойылды. Ел төртке бөлініп, Ресейдің көршілес губернияларына бағындырылды. Басқару жүйесі ішкі Ресейдің таза аймақтық құрылымына сәйкестендірілді. Бір кездегі тұтас ел, сөйтіп, әуелі саяси, сосын аумақтық, ақыр аяғында этникалық тұтастығынан жұрдай болып шыға келді.
Отаршылдық атаулының зорлығы халықтың заңды наразылықтарын тудырды. Сырым, Атақозы, Саржала, Көктемір, Тіленші, Жоламан, Қасым, Саржан, Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Асау, Барақ, Жанқожа, Есет, Бекет, Арынғазы, Иса, Досан, Сыпатай, Ақкөз, Байзақ бастаған және 1916 жылғы көтерілістер секілді біреуі басылмай жатып, екіншісі бас көтеріп жататын ереуілдер тізбегінің аяғы жиырмасыншы ғасырдың басындағы азамат соғысына келіп ұласты. Қазақ халқы патшалық Ресейдің отаршылдығына ең көп қарсыласқан қауымдардың бірі. Бірақ, отаршылдықты тойтарып тастай алмады. Хандардың тұсында-ақ көшпелілер шабуылынан қорғанамыз деп үш тараптан шыр айналдыра қоршап алған әскерлер шебі енді әлгі ереуілдерді жаныштауды сылтауратып, ішке қарай сұғына түсті. XIX ғасырдың орта тұсында қазақ даласының оңтүстік шекараларына дейін жетіп тынды. Ақмешіт, Түркістан, Ихан, Шымкент, Әулиеата, Мерке шайқастары отаршылдыққа мойынұсынбаудың жанқиярлық үлгілерін көрсетті. Сырт қарағанда, амалсыз жасалғандай көрінетін бұл әскери баса-көктеу ұлттық биліктің түбіне біржолата жетіп тынуды көздеген-ді. Шын мәніндегі басқыншылық соғыс еді. Елдің әлгіндей наразылығын пайдалана отырып, барлығына осылар кінәлі деп, ұлттық билеуші топтың көзіне құм құйылды. Сосын бүлікшілердің өзіне ауыз салынды. Сөйтіп, ұлтты саяси дәрменсіздендіруге екі есе қарқындылық бітті.
Дәстүрлі биліктен басқа билік жүйесіне ауысу ел ұстарлар арасындағы бақастық пен бақталастықты қоздырды. Олардың патша әкімшілігіне тікелей бағынышты болуы қалған халыққа жеккөрінішті етті. Көшпелі қауымдардағы бұрыннан бар аталастық, руластық, тайпаластыққа бөлінетін көлденең жіктеліске енді әкімқаралар мен қалың бұқара болып бөлінетін деңгейлік жіктелістер қосылды. Ұлттық ынтымаққа сөйтіп екі тараптан бірдей шабуыл жасалды. Тәуелсіздік жолындағы күреске қол байлау жасайтын ішкі кедергіні көбейту айла-шарғысы барған сайын жетілдіріле түсті.
Ресей Қазақстанның саяси-аумақтық құрылымын өзгертуге асыққанымен, қалыптасқан мәдени-экономикалық үрдісін өз заманына лайықтандыруға тап онша асыға қоймады. Олай етуге әлемдік дамудың жаңа деңгейіне ол кезде әлі өзі де көтеріле қойған жоқ-ты. Оның үстіне, оған қарауындағы бодан елдердің басындағы эволюциялық сәйкессіздікті одан әрі асқындыра түсу тиімді еді. Сол бұрынғы өгіз аяң күнелтіс қалпынан асырмай ұстай тұру арқылы қалған адамзаттың даму қарқынына ілесуден қаралай күдерлерін үздіріп, әбден титықтатып, өз беттерімен ел бола алмайтындай қылып, өз-өзінен аздырып-тоздырып жіберу көзделген-ді. Қазақтар арасындағы еуропаша сауаттылықты үш пайыздан асырмаудың ар жағында да сондай гәп жатқан-ды. Алайда, бір кезде еуропалық құқықтанудың Гоббс, Локк, Монтескье сынды асқан біліктілерінің өзі жоққа шығара алмағандай, кейінгі ұрпақтың тұсында бабалары айырылып қалған мемлекеттілікті қайта талап етуге құқылы екендігін сезінуге сол үш пайыз сауаттылықтың өзі де әбден жеткілікті болды.
Жиырмасыншы ғасыр басындағы әлемдік ауқымда асқындаған ұлт-азаттық қозғалысына атсалыса алатындай саяси күштер Қазақстаннан да табылды. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқаев, Халел және Жанша Досмұхамедовтер, Мұхамеджан Тынышбаев сынды Алаш азаматтары өз заманындағы әлемдік ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің қай-қайсысымен де иықтас тұра алды. Тап сол жылдары ұлт-азаттық қозғалысының мұншама шарықтауына тағы да сол мәдени эволюция заңдылықтары себепші болған-ды. Бір кезде Жерорта теңізі маңының түгін ешкі жеп құртыпты-мыс дейтін экологиялық апаттан басталған эволюциялық сәйкестілік жолындағы күрес күнкөріс айырудың жаңа жолдарын іздеуге, ал ол өз кезегінде соған лайық ұжымдасудың жаңа түрлеріне көшуге мәжбүр еткен. Ауыл шаруашылығы мәдениеті заманында пайда болған мемлекеттілік өндірістік өркениетке көшер тұста ұлттық мемлекетті туғызып, олар өркендей келе жаңа тұрпаттағы империялар құруға көшкен. Жер жүзілік отарлаушылық соғыс содан туындаған. Бес ғасырдай дәуірлеген отаршылдықтың асып-тасып кеткендігі сонша, өзіне мерт тапқызар жаңа авантюраларға ұрына бастады. Ол кезде жер беті түгел дерлік отарланып біткен-ді. Бес құрлықтың бесеуін де бес-алты мемлекет қол астарына қаратқан-ды. Өмірлік кеңістіктерді кеңейту соғысы бұдан былай қарай бұрынғыдай әлді мен әлсіздің арасында емес, әлді мен әлдінің арасында өрістей бастаған. Империализмге көшкен отаршылдық дүниежүзілік соғыстардың тұтануына әкеліп соқтырды. Күштінің қолымен күштіні жеңіп, екі ортада әлсіз теңдік алатын «тарихи парадокс» етек жайды. Алып империялар күйрей бастады. Ең алдымен, Шығыс Еуропадағы империялар күйреді. Оларға бодан елдер тәуелсіздікке қол жеткізді. Бұған біреулер қобалжи қараса, біреулер үміттене қарады. Ондай үміт «халықтар түрмесі» атанған Ресейдің шетаймақтарында да ояна бастады. Әсіресе, Балқан мәселесін үйлестіруді өз мойынына алған мемлекеттік құқықтың білгірі, АҚШ президенті Вудруф Вильсон ұсынған «бір ұлт бір мемлекет» кескіндемесі отар жұрттардың құлағына майдай жақса, отаршыл елдердің көбіне ұнамады. Әсіресе, патшалық Ресейге ұнамады. Қанша ұнамағанымен, процесс сол бетімен өрістей бергенде, Шығыс Еуропа империялары киген таз телпекті Ресейдің де киюі сөзсіз еді. Бір есептен солай болды да. Бірақ, оның тағдырына кенеттен киліккен шектен тыс саяси авантюризм оқиғалардың барысын мүлдем басқа жаққа бұрып әкетті. Тіпті монархияға өлердей қарсы күштердің өзі бұл мәселеде бірауыздылық таныта алмады. Бұны соғыста өлімші болып жеңілген елдегі өлердей ызалы «қаналған қатқан қақыраш» топтарға сүйенген әсіре солшыл күштер өз пайдасына жаратып кетті. Вильсон заңдастырып берген ұлттардың өзін-өзі билеу құқын большевиктердің көсемі оңды-солды желеулетіп бақты. Сол арқылы шет аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалыстарын өз жағына шығаруға тырысты.
Бұл, бірақ, таза саяси көзбояушылық еді. Ұлт тек ұлттық ынтымақ жағдайында ғана өз мүддесіне жете алатын еді. Іштен бұлтарып, сырттан шот салып жеңіске жеткен большевизм шетаймақтардағы ұлт-азаттық қозғалыстарын таптық күрес уымен уландырып бақты. Езгі көріп қалған шетаймақтың қалың бұқарасын өз дәулеттілеріне, солардың арасынан шыққан оқығандарға, солардан тұратын ұлттық саяси элитаға, сол арқылы олар күресіп жатқан ұлттық мүдделерге қарсы айдап салды. Бұрынғы бұратана халықтың онсыз да аз зиялылары екіге жарылып кетті. Біреулері байлардың сойылын соғатындар саналып ұлтшылдар атанды. Екіншілері кедейлердің сойылын соғушылар деп табылып, интернационалистер ретінде марапатталды. Соңғылардың ауызымен алдыңғыларды оңды-солды айыптап, халық алдындағы ықпалдан айыруға күш салынды. Патша заманынан қолға көп түсе қоймайтын азғантай билік жолында неден болса да тайынбауға баулынған оқығандарға өз баққұмарлығын оңай ақтап алар жаңа қисындар тауып берілді. Тапшылдыққа бой ұрғандар ұлт мүддесін ту еткен Алаш қозғалысы мен Алашорда мемлекеттілігін әлі көз ашпаған қызылшақа қалпында талап тастады. Бірақ, өздерінің қызылдар құрып беретін ұлттық мемлекеттің тізгінін ұстамақ дәмелерінен түк те шықпады. Бастапқы кезде көз алдау үшін құрылған ұлттық республикалар көп ұзамай қолжаулық мемлекеттілікке айналды. Әуелі бірнеше ұлт республикаларының басын біріктіріп, федерациялар құру арқылы жаңа мемлекеттіліктерді ұлттық сипаттан ауытқытудың алғашқы қадамы жасалды. Ұлттық құрылымдардан жоғары тұратын ұлтаралық құрылымдар түзу үрдіске енді. Ол үрдіс бірте-бірте асқындай келе, әлгі федерациялардың да көзін құртып тынатын одақ құрылуға ауысты. Әр республиканың дербестігін сақтаймыз деген сылтаумен мықты орталыққа қарсы шығуға дәрмені жететін аймақтық саяси күштердің аяқ-жолы байланды. Ұлттық республикалар, шын мәнінде, саяси дербестік атаулыдан атымен жұрдай, жай әншейін әлжуаз шет аймақтар боп шыға келді. Оған да місе тұтпаған орталық ұлттық аймақтардағы билікті біржолата тартып алу саясатына ашық кірісті. Бірінші басшылыққа адамдар орталықтан жіберілді. Олардың қолдарына төтенше өкілет берілді. Ұлт зиялыларының тапшыл тобы сазға отырғандарын сонда барып аңғарды. Олардың таптық идеология тұрғысындағы айтыс-таластарының өзі «ұлтшылдық ауытқу» деп бағаланды. Оларға да кешегі өз бәсекелестері киген таз телпекті киюге тура келді. Сөйтіп, ұлт біржолата рухани жұтқа ұшырады. Орталыққа бұл да аз көрінді. Енді қазақ қауымын экономикалық жағынан дәрменсіздендіру керек болды. Әуелі байларды, сосын орташаларды тап жауы ретінде құрту, іле-шала жекеменшікті жойып, колхоздастыру ұлтты ең болмаса күнкөрісін өзі айыруға ақылы жететін есі бүтін шаруа табынан да ада қылуды көздеп еді. Бұл зымияндыққа да бүкіл халық боп қарсылық көрсетілді. Шұбартау, Қарақұм, Ырғыз, Созақ, Іле бойы, Бетпаққара, Сарысу, Маңғыстау – ұлы даланың түкпір-түкпірі түгел ереуілдеді. Қызыл үгіт оған езілген бұқараның ермеуін көздеп, әзәзіл әрекеттерін күшейтті. Қалың бұқараны шаруа күйттеуден қалдырып, әртүрлі әлеуметтік желіктерге бой алдыртып, әсіреңкі әуре-сарсаңға салудың жолдары мықтап қарастырылды. Сөйтіп, ұлт санаулы жылдар ішінде барлық жағынан да өз қамын өзі жей алмайтын мүгедектікке ұшырап шыға келді. Ол жаппай аштыққа әкеліп соқтырды.
Голощекиннің «Кіші Октябрі» – Қазақстанды түпкілікті ұлтсыздандыру жолында жасалған бірінші ірі қадам еді. Бұл мақсаттағы екінші ірі қадамды екінші дүниежүзілік соғыс өз-өзінен тездетіп берді. Соғыс тұсында орталықтан көптеген ірі зауыттар көшірілді. Республиканың этнодемографиялық арасалмағы айтарлықтай өзгере бастады.
Рас, тоталитарлық идеология тұтқиыл басқыншылықты еңсере алмай, идеологиялық айлаға жүгінуге мәжбүр болды. Халықтық патриотизмді ояту үшін өткендегі қаһармандарды, тіпті отаршылдыққа қарсы күрескендердің де аттарын қайта ауызға алуға тура келді. Тапшылдық сана күштеп орнықтырылған жылдары тыйым салынған тарих пен әдебиет тараулары қайта оқытылатын болды. Бірақ, бұл уақытша шара еді. Соғыс біткен бойда ұлт-азаттық қозғалысының қайтадан әлемдік қарқын ала бастағанын, Азияда, Африкада, Латын Америкасында көптеген елдердің тәуелсіздікке ие бола бастағанын көріп, кеңес халықтарында да азаттықшыл көңіл-күй оянып кете ме деген қауіп күшейді. Майданда болып, басқа елдерді көріп аздап та болса, көзі ашыла бастаған қауымды қайтадан таптық сананың тар қалыптарына тықпалауға күш салынды. Елуінші жылдар басындағы идеологиялық шабуылдар содан өрбіді. Тарихты таптық тұрғыдан қайта жазу қолға алынды. Ұлттық тарих, ұлттық әдебиет, ұлттық мәдениет тарихының құйрық-жалы қайтадан күзеліп шыға келді. Ұлттық сананың жаңа дүмпуінен қорыққан тоталитаризм екі дүниежүзілік соғыстан кейінгі ұлт-азаттық қозғалыстарының жеңістерінен өзінше қорытындыны осылайша жасады. Ұлттық республикаларды, әсіресе Қазақстан сияқты табиғи ресурстарға аса бай елдерді ондай дәмеден біржолата күдер үздірудің шаралары алдын ала және жан-жақты қарастырылды. Оның бірден-бір «тиімді» жолы – байырғы халықты өз жерінде өзін азшылыққа ұшырату еді. Бұны жүзеге асырудың кең ауқымды іс-қимыл бағдарламасы жасақталды. Тың игеру қарқындады. Республикадағы екпінді құрылыстардың саны қаулап өсті. Индустрияландыру жаңа сатыға көтерілді. Осы заманғы қарулардың сынақ алаңдары тегістей көшіп келді. Соғыс комплекстерінің көлемі ұлғайды. Аса ірі әскери округ құрылды. Байырғы халықтың үлес салмағы қырық пайызға да жетпейтін боп құлдырай бастады. Одан әрмен мүшкілдене түсуіне бағыт ұсталды. Енді сол аз қазақтардың өзінің кім екендіктерін өздеріне ұмыттыру керек болды. Мәдениет пен білімге кең жол ашу деген желеумен өз мәдениетін өзіне өгейсітіп, өзге мәдениетке баурайтын – аккультурация саясаты ашық жүргізілді. Жаппай сауаттылық этнотәрбиеден, дәстүрлі діннен жаппай бас тарту, этномәдениет

Категория: Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану | Добавил: Косжанов
Просмотров: 3548 | Загрузок: 698 | Рейтинг: 3.0/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>