Главная » Файлы » Педагогика

Әдебиет сабақтары арқылы оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу

Скачать реферат с сервера 01.10.2010, 17:16
загрузка...
Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – бүгінгі алға қойылған басты міндет. Ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушысы.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің негізгі идеялары Елбасының "Қазақстан-2030" стратегиялық жолдауында: "Олар... күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болады",-делінсе, ҚР-ның "Білім туралы Заңында" "Білім беру жүйесінің басты міндеттері азаматтық пен ел-жандылықты, өз Отаны ҚР-на сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін қастерлеуге, әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру" делінген. Осыған орай, бүгінгі жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, жеке тұлға талабы, қоғам қажеттілігі.
Ерте заманда елім деп еміреніп, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысқан, Махамбетше айтқанда "Қара қазан, сары баланың қамы үшін соғысқан" батырларымыз аз болмады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Исатай, Махамбет, тағы басқа батырларымыздың ерен ерліктерін ерекше айтуға болады.
Халық ауыз әдебиетінің бір саласына жататын ел қорғау, батырлық істер жайында туған халық мақалдары да халықтың бұл ой-тілегі, арман-мүддесі, патриоттық сезімі, ұлттық мақтанышы қандай екенін көрсетіп отырады. Осы тақырыптағы мақалдар, ең алдымен кімге болса да, туған жер, өсіп-өнген ел – Отанды аса қажетті, қадірлі, қымбат деп көрсетеді. Мысалы: "Ел іші – алтын бесік", "Туған жердің топырағы да ыстық", Туған жерден топырақ бұйырсын деп, отансүйгіштік сезімді дәріптеген халқымыз "Отанды қорғау – азаматтық парызың" дейді.
Ал "Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі", "Елін суйген ер болар", "Ерлік білекте емес, жүректе" т.б. мақалдар өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысу, сөйтіп дұшпаннан Отанын қорғап қалу нағыз халқын сүйген әрбір адамның міндеті болатынын танытады.
Ұлттық зердеміз бен ой-санамызға бойтұмар болар қасиетті рәміздеріміздің тарихын, мән-мазмұнын білу Отанын сүйген әрбір азаматтың перзенттік борышы. Себебі, мемлекеттік нышандар арқылы да оқушылардың бойына еліне сүйіспеншілік, мақтаныш, патриоттық сезімдер табанды сіңері хақ. Сондықтан да Туымыз, Елтаңбамыз сияқты халықтың қасиетті белгілерін оқушы қауымға қайталап оқытып отырудың артықтығы жоқ. Осы орайда сыныбымда "Менің елім – Қазақстан", "Менің Қазақстаным – менің болашағым", "Елімнің ардақты белгілері", т.б. тәрбие сағаттарын өткізіп, шәкірттерімді ұлтжанды, отансүйгіш рухта тәрбиелеуге өз үлесімді қосып келемін. Тарих тағлымына адалдық, би-шешендеріміздің үлгі-өнегесін беріктік, шешендікке, өз елін сүюге деген құштарлық сөз өнерінің бір саласы әдебиет пәні арқылы жүзеге асады.
Көркем шығармалар, ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылықтарын оқыту жеке тұлғаның өз елінің ұлылары мен халықтың тарихын тануына кең жол ашады. Әдебиетімізде ондай шығармалар көптеп саналды. Солардың бірі букіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын тек поэзияда ғана емес, өмірде де, күресте де үлкен азаматтық пен қорғай білген Ж.Молдағалиевтің "Мен қазақпын" поэмасы. Ақын шығармасы өз ұлтын сүйетін жасқа үлгі болатын шығарма.
Поэманың негізгі тақырыбы – еліңе, жеріңе, өз ұлтыңа деген сүйіспеншілік. Өз ұлтын сүю – ұлтжандылық. Ақынның елі алдындағы бірінші – халқын, ұлтын таныта білу.
XVIII ғасырда "Дала Демосфендері" деп аталған үш бидің бірі Қаз дауысты Қазыбек би:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Жау аяғына басылмаған елміз,
Дұшпан аяғына жаншылмаған елміз,-
десе, Жұбан ағамыз "Мен қазақпын" деп жырлап өтті. Ақын өмір сүрген кезең – кеңес дәуірі. Міне, сол кездің өзінде ақын атамыз қазақты бөліп алып, "Мен қазақпын" деп жырлады. Мұндай ерлік кез-келген адамның қолынан келмес еді",- деп ұғындыру оқушылардың поэманы оқуға деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.
Әдебиетті оқыту – ғылым, шығармашылық құбылыс. Олай болса, оқытудың нәтижелі, жемісті болуы, тәрбиені ұлттық бағытта өрістету , әдіс-тәсілдерді жүйелі қолдана білуге байланысты. Сөздік әдіс, көрнектілік әдіс, зерттеу әдістерінің әдебиет сабағына қосар үлестері мол. Мысалы: сөздік әдіс - әдебиет сабағының күре тамыры, себебі көркем шығармадағы сөздің мағынасын түсінбесе, одан ешқандай нәтиже шықпайды. Сондай-ақ, көркемдеп оқу әдісі – оқушының көркем шығарманы қабылдау белсенділігін, әсерлі сезімін дамытуда өте тиімді болып келеді.
Әдебиетті оқытуда кейіпкерлерді салыстырмалы әдіс-тәсілмен түсіндіру де пайдалы. М.Жұмабаев пен С.Сейфуллин шығармаларын оқыту кезінде салыстыру әдісін өз тәжірибемде былай пайдаландым:
Салыстыру әдісі
М.Жұмабаевтың "Батыр Баян" поэмасы С.Сейфуллин "Көкшетау" поэмасы
Оқиға орны – Көкше
Кейіпкерлері – Абылай, Батыр, қалмақ қызы.
Оқиға – Абылай жорығы, қазақ–қалмақ арасындағы шабуыл.
Ерекшелігі – Батыр Баян. Халықтың намысы ушін тұтқын қыз түгілі туған бауырын да аямаған өзі де ел намысы үшін құрбан болған патриот. Оқиға орны – Көкше
Кейіпкерлері – Абылай, Батыр, қалмақ қызы.
Оқиға – Абылай жорығы, қазақ–қалмақ арасындағы шабуыл.
Ерекшелігі – Батыр Адақ. Халықтар достығын тілеуші, жауына жақсылық жасайтын гуманист.
Әдебиет сабақтарында оқушылардың көркем шығармалардан алған әсерін, өз Отанына деген патриоттың сезімін арттыруға тәрбиелеудің бір жолы ол “ой толғау” әдісі. Бұл әдіспен жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін дамытуға жұмыстанып отырамын. Мысалы, оқушылар шығармаларынан үзінділер келтірсем, "Менің елім – менің болашағым" тақырыбында оқушы ой-толғанысын былайша жеткізген:
"Келешек кілті – жастарда" – дейді халық. Еліміздің бақыты үшін жастардың білімді де, іскер болып өсуі шарт. Сондықтан да мемлекетімізде біздің білім алуымыз бен салауатты өмір сүруімізге бар жағдай жасалуда. Осы қамқорлық менің туған еліме, оның халқына деген мақтаныш сезімімді еселейді. Себебі мен елімді сүйемін.
Мен елімнің болашағына, нұрлы келешегіне сенемін. Ол үшін ұлан байтақ Отанымның гүлденуіне үлес қосуға әрқашанда дайынмын.
"Туған жер" тақырыбында:
Ауылым – құтты мекенім. Әрбір адам өзінің кіндік қаны тамған, өсіп-өнген, қасиетті топырағында аунап-қунап ер жеткен, туған жерінің көркеміне үлес қосады. Мен де ауылымның болашағынан көп үміт күтемін. Ер жеткен соң ауылымның бір бұрышына кірпіш болып қалансам деген арманым бар.
"Менің елім" тақырыбында:
"Менің Отаным, туған елім – Тәуелсіз Қазақстан!" деп бар дүниеге бар дауыспен айқай салғым келеді. Мен өз елімді барлық жан дүниеммен сүйемін. Мен үшін оның әрбір тасы, суы, тіпті жәндігіне дейін бәрі-бәрі ерекше. Отанға деген ұлы махаббаттың бүкіл құпиясы да сонда. "Отан" деген біз үшін аса қасиетті сөз, киелі ұғым. Мен өзімді өте бақытты адамдардың қатарына қосамын. Сондықтан да мен әр кун сайын:
Менің елім, менің елім!
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным! –
деп шаттана жар саламын, - деп оқушы өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін мақтанышпен жазған.
Қазақ елін, жерін сүюдің үлгісі болатын тұлғалар тарихта өте көп. Қазақстанда тұратын диаспоралардың таңдаулы өкілдері Герольд Бельгер, Асылы Османова, Надежда Лушникова, Зейнеп Ахметова т.б. қазақ жерін өз елі санап кеткен көптеген азаматтарды мысалға келтіруге болады.
Қорыта келгенде, әдебиет пәні де жас ұрпақты елін сүюге үндеп, патриоттыққа тәрбиелейді.


Пайдаланылған әдебиеттер.

1.Ә.Ысқақ " Адам іздеп жүрмін".

2.Ж.Кенжалин "Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз".
Алматы 2005 ж.

3."Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл" журналы.
2009 ж. №6.

4."Қазақ тілі мен әдебиеті" журналы. 1994 ж. №2

5."Қазақ тарихы" ғылыми әдістемелік журнал.
2008 ж. №3

Категория: Педагогика | Добавил: Косжанов
Просмотров: 8665 | Загрузок: 4256 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>