Наймандар Тарихы - Қалғандары - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Қалғандары

Наймандар Тарихы

Скачать реферат с сервера 22.07.2010, 12:17
загрузка...
Тарихы
Найман туралы деректер оны әуелде Хинганнан Қарпатқа дейін созылып жатқан Ұлы Даланың Ертіс пен Орхон өзендері аралығында ежелден көшіп жүрген тайпалар қатарында таниды. Ол – сонау жыл санауымызға дейінгі екінші ғасырлардан бастап дәуірлеп, Орта Азиядан Сары өзенге дейінгі байтақ аймақты жайлаған Хунну (ғұн) ұлысының, біздің жыл санауымыздың бастапқы ғасырларында қытай жазбаларында «теле» деген атпен әйгеленген байырғы киіз туырлықты қандас тайпалар қауымдастығының кесек бір сынығы. Әбілғазы жазуынша: «Наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық». Бұл ел VI-VII ғасырлардағы айбынды Түрік қағанаты заманында дүниеге келген ата жазуымызда Моңғолиядағы қазақ ғалымы әрі қайраткері Қ.Сартқожаұлының дәлелдеуінше, «Байырқу», «сегіз оғұз» тайпасы түрінде көрініс береді. Бірсыпыра ғалымдардың дәлелдеуінше, «оғұз» сөзінің көне Түрк тіліндегі бір мағынасы тайпа дегенге келеді. ( «оқ» - тайпа, «з» - жиынтық сан есім). Ал «найман» моңғолша сегіз деген сөз. Сегіз оғұз жұртын әуелі «найман аймақ» ( «сегіз тайпа») деп Х ғасырда моңғол тілдес қидандар атай бастаған екен. Кейіннен моңғол империясының дүниеге келіп дәуірлеуі, бұл сөздің негізгі атау орнында қолданыла бастауына одан әрі жағдай жасаған еді. Зерттеушілер бұл тайпа Х ғасырдан «найман» деп атала бастаса да, ХІІІ ғасырға дейінгі бұрынғы «сегіз» аты да қосарлана байқалып келгенін де ортаға тартады. Кезінде Жапон теңізінен Шығыс Түркістанға дейінгі байтақ өңірді қоластына бағындырып, наймандарға да біраз уақыт билік жүргізген Лияу әулетінің (Ұлы Қидан мемлекеті тарихы туралы жазылған жылнамаларда (Х ғасыр) наймандар батысында (Ертістен ары) қанлы, қыпшақ, шығысында (Орхон, Тола және Оңғын өзендерінің алқабы) керей, меркіт, теріскейінде (Селеңгеннің салалары) қырғыз, оңтүстігінде ұйғыр, таңғұттармен шекаралас, қоңсылас болғаны айтылады.
Рәшид-ә-диннің «Жылнамалар жинағы» мен «Моңғолдың құпия шежіресінің» көрсетуінше, Арғұн өзенінің Хайлар деп аталатын саласы мен Халқын гол өзені алқабында қоңыраттар мекендеді. Екінші мыңжылдықтың бас кезінде осы қоңыраттардан батысқа қарай Керей, Меркіт жеріне дейінгі аралықта (Онон, Керуленөзендерінің алқабы) хунну, дунхулардың бір сынығы болып табылатын түрк-моңғол жұрттары да қанатын жайып өсіп жатты. Ол тайпаларға өздерімен іргелес, кейіннен моңғол тілі деп ен тағылған тілде сөйлейтін Қидан (осы сөзден «қытай» атауы шыққан) мемлекетінің үстемдігі мен ықпал-әсері тым етене байқалатын. Түрк тайпаларының қақ ортасында жатқан осы жұрттардың соңыра моңғол тілді атанып кетуінің де бір себебі – түп-тегі Ішкі Моңғолиядан шыққан сол қидандардың жегі құрттай дендеп кеткен жойқын ассимиляйиясына тығыз қатысы бар болуы да ғажап емес. (Мұндай мысалды алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Орыс тілі шыңдап ене бастаған жарты ғасыр ішінде, қазақтың жартысына жуығының орыс тілді болып шыға келгені көз алдымызда ғой). ХІІ ғасырдың басында Ұлы Қидан (Лияу( мемлекеті ыдырап, қидандардың біраз бөлігі Жетісу мен Орта Азияға өтіп, Қарақытай мемлекетін құрғаны белгілі (1140-1213). Олар кейінірек жергілікті халықтарға сіңісіп кетті. Ал сол ғасырдың соңына таман Онон, Керулен алқабын жайлаған тайпалардың арасынан Темүжин сынды жас көсем бастаған қият тайпасы лау етіп көтнріліп, «тарыдай шашыраған моңғолдың басын қосып», аз уақытта-ақ маңындағы елді ұйыстыра алған моңғол мемлекетіне айналды. Моңғолиялық қазақ ғалымы И.Қабышұлы Темүжинге Шыңғыс (Жеңіс, Жеңгіз) деген есімді еншілеген сол кездегі керейлердің ханы Торы (Торғыл( екенін айтады. (Торыны оған қытайлар берген «Уаң» яки, бір елдің әміршісі лауазымы бойынша Уаң хан деп те атайды. Өзі үлкен бір елдің билеушісі, әрі әкесі Есукейдің андасы болғаннан кейін Торы бұл есімді «жақсы тілек», жарым ырыс» қылып айтса айтқан шығар. Алайда Шыңғыс хан шапқан сайын төске өрлеп, маңайындағы Татар (тата, тетан) мен Қоңыратты қоластына бағындырып алғаннан кейін, Керей елінің өзіне ауыз салды. Әкесіндей болған Торыны (Уаң ханды) туған жерінен безіндіріп, ақыры ол найман қарауылдарының қолынан кездейсоқ қаза тапты. Ал ауқатты Найман мемлекетінің Шыңғыс ханмен шайқастары тарихи жылнамаларда жан-жақты жазылып қалған бір хикая.
Темүжиннің әкесі Есүкей батырдың тұсында Найманелін Инанығ Білгі қаған билеген еді. «Инанығ» - сенімді, «білгі» - білгір, кемеңгер деген сөз. Сол Инанығ білгінің заманында наймандар Қидан мемлекетінің (қарақытайлардың) қармағынан құтылып, бостандығын алады. Ол өлгеннен кейін Найман ұлысы екі баласы байбұқа (қосалқы аты – Тай, Таян. Қидандар оған Дауаң) «үлкен әмірші» (деген атақ берген, сол сөз келе-келе Таянға айналған) мен бүйректің таласына түседі. Ақыры ағайынды екеу арасындағы араздық ұлысты екіге бөліп тынады. Тай хан үлкені болғандықтан, әкесінің орнында жазық аймақты, Бүйрек таулы өңірді мекендейді. Наймандар мен шыңғыс хан әскерінің алғашқы шайқасы 1199 жылы Алтай өңіріндегі Үліңгір көлінің маңында өткен еді. Онда Шыңғыс керей ханы Торының шақыруымен одақтас ретінде көмекке келген. Сол жолы Бүйрек хан ойсырай жеңіліп, өзі Енесай қырғыздарына қашып құтылады. Арада үш жыл өтпей жатып, олар тағы да шайқас даласында бас қосқан. Бірақ бұл жолы да Шыңғыс хан мен Уаң ханның тізе қоса қимылдауы Бүйрек ханның ойсырай жеңілуіне мәжбүр етті. Ол басын әзер сауғалап, тағы да қашып құтылды. Бұдан кейін Шыңғыс ханның керейлермен жауласып, Торы ханның (Уаң ханның) түбіне жеткенін жаңа айттық. Оны өлтірген Бүйрік ханның ағасы Тай ханның жасауылдары болатын. Сол хабарға көзі анық жеткен Тай бойын ашу-ыза кернеп: «Күншығыстағы аз моңғол қыр көрсететінді шығарды. Атасынан асыл жаралған Уаң ханды алуан түрлі қырмен қорқытып, безендіріп, өлімге душар етті. Сөйтіп олар бәрін иеленіп, қаған болмақшы ғой, тегі? Күн мен ай аспанды үнемі жарық етіп тұру үшінжаратылған болар. Ал жерде екі қаған бола алмайды. Ендншн сол аз моңғолды байлап әкелейік», - дейді. («Моңғолдың құпия шежіресі»). Сонда Тай ханның кіші шешесі Кербез: «Қайтпексің, ол моңғолдар қоңырсыған иісті, қомыт-қомыт киімді емес пе? Әкеліп қайтесің. Аулап жүргенің жөн ғой. Тек өңі түзу қыз-қатындарын әкеліп, қол-аяғыңды жуындарап, мал сауғызса жетпей ме?» - дейді. Тай хан маңайындағы әлі де моңғолдарға бағына қоймаған меркіт, қатаған, дүрбет тайпалары және бұрын талқандалғанкеррейлер мен татарлардың біраз блігімен одақ құрып, Шыңғыс ханға қарсы жорыққа қамданады. Алайда бұл хабарды алысымен, Шыңғыс ертерек қимылдап, одақтастар әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды тас-талқан етеді. Тай хан соғыста қаза тауып, оның ұлы Күшлік аман қалған жұртын бастап, бұл кезде Алтайдың түстігінде жүргенағасы Бүйрек ханға келіп паналайды. Осыдан кейін бүкіл найман елінің қонысы моңғолдың қоластына қараған. «Құпия шежіреде» Тай ханның кіші шешесі Кербез (Күрбесу) ханымды Шыңғыс хан алдына әкелдіріп: «Сен моңғолды сасық депсің ғой. Қандай екен», - деп өзіне тоқал етіп алғандығы жазылады.
Қанаттас отырған ірі көршілері наймандар мен керейіттерді осылайша жеңгеннен кейін бұл өңірде енді Шыңғыс ханды тоқтата алатын күш те қалмаған еді. Аз уақытта ол қазіргі моңғол жеріне сәйкес келетін аймақты түгел бағындырып алды., 1206 жылы киіз туырлықты көшпелілер Онон жағасына құрылтайға жиналып, «тоғыз сирақты ақ ту көтеріп», Шыңғысты Моңғол империясының ұлы ханы етіп көтерді. (Тарихшы И.Қабышұлы сол империя құрылар қарсаңында моңғолдар 200 мың, керейлер 600 мың, наймандар 800 мың болған екен деген дәйек айтады). Осы құрылтайдан кейін Шыңғыс хан Алтайдың күнгейінде әлі де найманның атамекенін қайтарып алуды ойлап жүрген Бүйрек ханға жорыққа аттанады. Ол бұл кезде ештеңеден хабарсыз Ұлық тау қойнауындағы Сақсу өзенің бойында аз адаммен аң аулап, сейіл құрып жүрген еді. Қас қылғандай нөпір әскер дәл оның үстінен түседі де, тұтқынға алынып, ата жауы сол жерде оның басын қағады. Оған паналап жүрген Күшлік аман қалған елді ертіп Ертіске қарай қашады. Алайда Шыңғыс хан наймандарға бұл жерде де тыныштық бермейді. 1208 жылы Ертіс жағасында наймандар мен меркіттердің бірлескен күшін тас-талқан қылады. Одан кейін бұл тайпалар Жетісуға қарай босады.
Күшлік хан Бесбалық, Тұрфай аймағы арқылы айналып, бір кезде наймандарды да билеген Қидан мемлекетінің Орта Азияға келіп жаңғырған түрі Қарақытай империясының астанасы Баласағұнға жетеді. Бұл дәуірде Жоңғар тауынан Иранға дейінгі аймақ осы Қарақытай Гөрханына (ұлы ханына) қарайтын. Наймандардың Таян сынды ханының баласы Күшлікті Гөрхан сарайында ілтипатпен қарсы алады. Жилугу Гөрхан оған қызын беріп, жақын адамдарының бірі етеді. Бұл шамада Қарақытай мемлекетінің әлсіреп, бұған дейін оған бағынышты боп келген Хорезм елінің елінің дәуірлей бастаған да кезі еді. Шамасы Гөрхан Күшлік төңірегіне жиналуға тиіс наймандарды өз мүддесіне пайдалануды көздеген де болуы керек. Әрі Күшліктің де оған осы тектес уәде бергенін біз Рәшид-әд-диннің «Жылнамалар жинағынан», Қытайдың «Жол қатынас тарихының материалдары» атты еңбегінен ұшырастырамыз. Күшлік хан Жилугуге: «Менің тайпам көп, олар қазір Еміл, Қойлық, Бесбалық жерлеріне келіп қоныстанып отыр. Маған рұқсат берсеңіз, оларды жинап, олардың күшін мен сіздерге көмек беремін», - дейді. Гөрхан мұны мақұл көріп, оған қару-жарақ, қаражат береді. Әрине Таян ханның ұлы Күшлік хан Түркістан аймағына келіпті деген хабар осы маңға Шыңғыс ханның қаһарынан ығысып келген наймандарға қатты әсер етті. Олар тез арада Күшлік ханның қоластына жиналып, жойқын күшке айналды. Бұл жағдай енді Күшлікті Гөрхан билігін тартып алу ниетіне итермеледі. Және сол кезде талайдан андысулы Мұхаммед Хорезмнің Гөрханға қарсы шыққанын естуі мұң екен, Күшлік те ойын жүзеге асырмақ боп Қарақытай әміршісіне қарсы қымилды бастап жіберді. Жасанған әскер қойсың ба, Күшлік көп ұзамай-ақ өз қайын атасының тағына отырды. Осылайша Шыңғыс хан әскерінен күйреген (1204 жыл) Найман мемлекетінің соңғы ханы арада сегіз жыл өтпей жатып, Қарақытай империясының билігін өз қолына алған. Тарихи деректерде наймандар мен керейлердің несториан дінін (христиан дініндегі бір ағым) ұстанғаны айтылады. Күшлік хан Жилугудің қызы Күнкеге үйленгенннен кейін несториан дінінен шығып, будда дініне (пұтқа табынушылық) кіреді. Ол кезде Қарақытай мемлекетіндегі жұрттың дені мұсылман дінін ұстанатын болғандықтан, Күшлік хан тарапынан олар «не несториан, не будда дініне кірсін» деген зомбылық талаптар да қойылып тұрған көрінеді.
Атамекенінен көтере қуып жіберген найман ханы Күшліктің байтақ Түркістан аймағында бұлайша дәуірлеп отырғанынан Шыңғыс хан сірә хабарсыз емес-тін. Тек ол бұл кезеңде Қытайды жаулап алу жорықтарының басы-қасында жүрді. Сол жорықтан қайтысымен, Шыңғыс хан 1218 жылы Күшлікке қарсы әйгілі қолбасшысы Жебе ноян басқарған күшті әскерін жіберді. Жебе ноян Қарақытай еліне жетісімен, баршаға дін, сенім бостандығын жариялады. Бұған дейін де өзіне мұсылмандарды қарсы қойып алған Күшлік шайқастарда шыңдалып келген моңғол әскерлерінің екпініне төтеп бере алмады. Тас-талқан болып жеңіліп, Алтай тауларына қарай қашты. Бірақ Жебе ноян оны қойммай қуалап жүріп, ақыры Сарыкөл маңында қолға түсіріп, өлтіріп тынады. Найман елінің Шыңғыс ханға қарсы жиырма жылдай уақытқа созылған қан кешті күресі осылайша аяқталды. Найман мемлекетінің күйреуі атамекендерінде қалың отырған бұл елдің құрамына кірген рулардың жан-жаққа кең ыдырап кетуіне, басқа тайпалар арасына сіңуіне әсер етті. Олардың біраз бөлігі байырғы қоныстарына жақын Ертіс, Алтай алқабында орнығып қалып, Шыңғыс ханның баласы Үгедей ханның қол астына қарады. Шапқыншылықтан ығысқандары Балқаш төңірегіне, Алакөл маңына, Сыр, Ырғыз алқабына орналасты, оңтүстікте Орта Азия хандықтары жеріне дейін жетті.
Бұл өңірде қоныстанған наймандар ХV ғасырдың соңында Мұхаммед Шайбани ханның ықпалында болды. 16 ғасырда Марыға найманнан шыққан Қобыз би, Жолым билер әмір жүргізді. Найман Назар би Балхты биледі. Нұраталық көшпелілерді найман Ахметәлі басқарды. Шайбан тұқымы Бабаханның бір әскербасысы найман Жанмұхаммед би болды. Шежіреші Әбілғазы найман Сопырмырзаның 1604 жылы оның әкесі Араб Мұхаммед ханды өлтіру үшін қастандықұйымдастырушылардың бірі болғанын тілге тиек етеді. Осы мысалдардан-ақ наймандардың Орта Азия аймағында қабырғалы күштердің бірі ретінде әрекет еткенін байқау қиын емес. Бұл наймандар біртін-біртін жергілікті халыққа сіңісіп, өзбек, қарақалпақ қауымдастығының бір тармағы болып кетті. Өзбектерде қазақ-найман, қарақалпақта бағаналы, терістаңбалы, қырғызда бүйе найман, күн найман, мырза найман, жуанбұт найман руларының кездесуі сол араласудың бір нышаны.
Қазақ наймандары 1720 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығынан кейін Орталық Қазақстандағы Тоқырауын алқабынан Алтай мен Жоңғар тауларына дейінгі аралыққа орналасты.. М.Тынышбайұлының айтуынша, наймандардың 1810 жылы Қарқаралы мен Шыңғыстайды тастап оңтүстікке қарай сырғуы олардың соңғы қоныс аударуы болған еді. Осы тарихшы наймандардың саны 1917 жылдың қарсаңында Бұқара мен Қытайдағы руластарын қосқанда 830 мың адам төңірегінде деп көрсетеді. Орта жүз елдері арасында дәл наймандардағыдай мол таңбаны кездестіре алмайсың. Олардың ірі рулық бірлестігі ғана емес, кейде жеке руларының өзі де дербес ұран-таңбаға ие. Дәл осы ерекшеліктің өзінде оның сонау бірінші мыңжылдықта «сегіз-оғұз» деп көрініс берген сипатының әсері болуы да ғажап емес. «Сегіз тайпа» - демек, найман жұрты осынша тайпадан құралған. Алайда ғылыми деректерде олар туралы анық мәлімет жоқ.
Тарихи деректерге сүйенсек, «Найман» - қазақ шежірелерінде айтылғандай жеке адамның аты емес. Алайда халық шығармашылығы оны түп бабаның есімі етіп, өзін найманбыз дейтін бар руды (олардың арасында баяғы аласапыран замандарда басқа елдерден келіп сіңіскен жұрттар бар болса да) сол «шалдан» ғана тарқатып қояды.
Қария сөздер бойынша Найманның кешігіп көрген Тоқпан деген ұлы ер жеткен кезде Ұлы жүз Дулат бидің қызы Ақсұлуға үйленген екен дейді. Содан аз уақыт өтер-өтпесте Найманның кемпірі мен ұлы Тоқпан қатар қайтыс болады. Ақсұлу өзі түскен шаңырақтың болашағын ойлап, еліне барып, жақын сіңлілерінің бірі Әлпешті сұрап әкеліп, атасына қосады. Найман Қызейнемен алты айдай ғұмыр кешіп көз жұмады. Екіқабат қалған Әлпеш күн жетіп босанады. Баланың атын Найманнан қалған белгі ғой деп Белгібай қояды. Оның екінші аты - Өкіреш. Найманның әулие келіні Ақсұлу атасының жылын бергеннен кейін Қызынейді Найманның ұлы атасы делінетін Сарманаймен бір туысқан Шумақ дегеннің немересі Елтайға қосады. Оған атамның орнына атам болды деп Ел ата деген ат қояды. Қызыней одан Серкібай деген ұл табады. Ақсұлу Белгібайды тәрбиелеп өсіріп, он бес жасқа толғанда қайным деп оған өзі тиеді. Одан Сүйінше, Сүгірше деген екі ұл табады. Немере сіңлісі Тоқсұлуды кейіннен әпкеме қолқанат болсын деп бір сіңлісі Қаракөзді Белгібайға қосады. Қаракөзден Өтеген туады. Қазақ шежіресінде бар Найман осы төртеуінен тарайды да, тоғыз таңбалы найман аталады.
Категория: Қалғандары | Добавил: Аслан
Просмотров: 3650 | Загрузок: 486 | Рейтинг: 4.3/3
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>