Главная » Файлы » Құқық

Шетелдерде тұратын Қазақтардың Ата Отанына тиімді оралуы мәселелері

Скачать реферат с сервера 19.08.2010, 06:25
загрузка...
Қожапенес Қошчанов
Түрікмен политехникалық
институтының кафедра меңгерушісі,
Түркіменстанның еңбек сіңірген
жаттықтырушысы

ШЕТ ЕЛДЕРДЕ ТҰРАТЫН ҚАЗАҚТАРДЫҢ
АТА ОТАНЫНА ОРАЛУЫНА ТИІМДІ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР

Бәрімізге белгілі, 1991 жылы Кеңес одағының тарқауы оның аймағына кіретін мемлкеттердің егемендік алуларына себеп болды. Өз тәуелсіздігін жариялаған әрбір мемлекет жаңа саяси, экономикалық және де ұлттық өзгерістер жолына қадам басты. Бұл жағдай сол елдерде тұратын этникалық ұлттардың тұрмыс жағдайларының төмендеуіне алып барды.
Сол қиыншылық басталған кезінде Қазақстан Республикасы Атажұртқа ораламын деген қандастарына құшағын ашқан, жанашырлық білдірген, көшіп барғандарға кейбір жеңілдіктерді жасаған әлемде 2-3 мемлекеттің бірі болды. Біз оған, қазақ ұлттың уәкілі ретінде, шексіз мақтанышымызды білдіргенбіз.
Әрине, көші-қонға тиісті мәселелердің аз уақыт ішінде толық шешімін табу мүмкін емес. Сондықтан біз осы баяндамамызда әлі күнге дейін шешілмеген кейбір проблемелардың дұрыс шешілуіне ой тастауды мақсат етіп отырмыз.
1992-2000 жылдар ішінде Түркіменстаннан көшкен қазақтар Атамекеніне барып жылы орын тапты. Себебі олар бұл жердегі сатқан үйлерінің құнына ол жерден де үй сатып ала алды. 2001-2004 жылдар аралығында көшіп барғандардың да көңілдері толды, себебі оларға Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан тұрғын үй сатып алу үшін жеткілікті қаражат берілді. Ал 2005 жылдан бастап Ата отанына қоныс аудару мәселесі қиындап бастады. Себебі, біріншіден квота бойынша тұрғын үй сатып алуға берілетін қаражат тоқтатылды. Екіншіден, Қазақстанның Астана, Алматы, Ақтау, Атырау сияқты қалаларында пәтерлердің бағасы қол жетпес бағаға көтерілді. Яғни сол қалаларда 1 шаршы метр тұрғын жердің сатып алу құны 1000-2000 долларға жетті. Ал Түркіменстанның астанасы Ашхабат қаласында 1м² тұрғын үйдің бағасы осы күнге дейін 200-250 доллардан аспайды. Сөйтіп соңғы жылдарда көшетіндердің, бұл жердегі жинаған барлық қорына ол жерден берілетін жәрдемақыларды қосқаны да орташа шарты бар тұрғын үй сатып алуға мүмкіншіліктері жетпейтін болды. Сондықтан оларды алғашқы көшіп барған кезінде баспаналы болуы үшін ҚР Үкіметінің қосымша материалдық қолдауының керек екені көрініп тұр.
Тағы да дұрыс шешетін мәселелердің бірі, онда әрбір оралманның көшкенде туысқандары немесе таныстары бар, көшкен еліндегі тұрақты жеріне сәйкес, мамандығына орай, жұмысына жағдайлы, тез үйренісіп кететін аймақтарға орналасқысы келетін өтінішін орындауға тырысу керек. Яғни олардың көбісі көшерде қаладан қалаға, ауданнан ауданға, ауылдық жерден ауылға орналасуды жоспарлайды. Қалада туып, өніп-өскен тәрбиеленген, оқыған, жұмыс жасаған кісілерге «барың дала жерді қоныстаңдар» деген ұсыныс түбінен ешкімге де ұнамас.
Қазақстан Республикасы кең байтақ даласы бар мемлкекеттердің бірі екені бәрімізге мәлім. Бұл өлкенің мол табиғи байлығын игеруге қазіргі 15 миллион халықтың аздық ететіні көрініп тұр. Сондықтан Қазақстан еліне көшіп барамын деген қандастарымызды күлер жүзбен, ыстық сезіммен қарсы алып, дұрыс орналастыруымыз керек. Сонда ғана әртүрлі салада жұмыс жасайтын адамдардың саны өседі. Соңғы жылдарды Республикамызда тұратын қазақ ұлты санының 40 пайыздан артқаны қуанышты емес пе! Бұл мемлекеттік саясатты бұдан да былай жалғастыру керек деп есептейміз. Себебі Қазақстанды Қазақстан етуде, Қазақстанды дамытуда, Қазақстанды 50 озық мемлекеттердің қатарына қосуда көптің алдын қазақ ұлты тартуы керек қой.
Біздің ата-бабаларымыз түрлі себептермен өткен ғасырлардағы қуғын-сүргіндерде ежелгі атамекенін амалсыз тастап көшіп, өзге елдерді паналаған. Солардың арасында жай елдерде өздерінің адал, азат еңбектерімен қазақ атын жоймай, қазақ ұлтының мәртебесін биікке көтерген атақты, танымал тұлғалар аз болмаған. Біздер де солардың қатар-құрбысы, бүгінгі ұрпағы, балаларымызды, немере-шөберелерімізді мына көшуге тарихи себеп табылып тұрған заманда өз еліне қосқымыз келеді. Біз – оралмандар Ана тілімізді аман сақтап, салт-дәстүрімізді жоймай, бүкіл қазақ халқының ұлт ретінде өсіп өркендеуіне, ҚР-ның мәдени-рухани салада дамуына, экономикалық әл-қуатының күшеюіне өз үлесімізді қосуға дайын екендігімізді сіздерге жеткіземіз.
Кеңес одағы құлағаннан соң Атамекені бар ұлттар өз еліне, халқына қосылуды арыздады. Сол кезде Түркіменстанда 120 мың шамасында қазақ ұлты тұрған. Қазіргі кезде солардың 50 пайызы көшіп барып, түрлі жағдайда орналасып жатыр. Бұл жерде қалған бауырларымыздың да ішінде есіміз барда елімізге қосылсақ екен деп аңсап жүргендері де аз емес. Бірақ та, Атажұртқа оралу жылдан жылға қиындап бара жатыр. Көшу квотасын алу проблемаға айналған. Өз бетімен көшіп барғандардың жағдайлары төмен, көбісі үйсіз-күйсіз, жұмыссыз. Солардың хал-жағдайлары есімізге түскенде жанымызға тікен батқандай болады. Тарихи Отанына оралып барған қандастарына құшағын ашып, жанашырлық жасап, жәрдемдесіп жатқан Қазақстанымыз қайда екен деген терең ойға батасың.
Қазақстанның мол жерүсті, жерасты табиғи байлығын, егемендік жылдарында өскен экономикасы, тәуелсіздік алғалы бері жүргізетін әділ ұлттық саясатын еске ала тұра, жер жүзіне тарыдай шашылған бауырларымызды көшіріп әкелуге қамқорлық жасауға толық мүмкіншіліктеріңіздің барына шын жүректен сенеміз. Оралмандардың арасында жоғары білімді, түрлі мамандықтары бар, шебер өнерлі азаматтар аз емес. Олар Қазақстан үшін ақылды, күшті, баға жетпес асыл қазына емес пе!
Бүгінгі күнде, тарихи тағдырдың барысына қарағанда Түркіменстанда тұратын қазақ жастарының болашағы өз Ата отаны – Қазақстан деп есептейміз. Себебі бұл елдегі қазақтардың ұлттық мектептерінің, мәдени орталықтарының жоқтығынан, олардың келешекте жергілікті халыққа аралысып, сіңіп, салт-дәстүрлерін ұмытып, ассимиляцияға ұшырап, жойылып кетулері әбден мүмкін. Сондықтан жақын жылдарда көші-қонға тиісті мәселелердің дұрыс, толық шешімі табылып, біз жақын, алыс шет елдерде жүрген бауырларыңыз елге оралумен байланысты аңсаған армандарымызға жете қойсақ өздерімізді ең бақытты адамдардың қатарына қосар едік.
Осы баяндамада қозғалған мәселелердің оң шешімін табу үшін:
- алыс, жақын шетелдерде тұратын қазақтардың тұрмыс дәрежелерінің түрлілігін есепке алып, көшіп келетіндерге ерекше қабылдау жолдары жасалса;
- оралмандарға тұратын үй сатып алатын жергілікті сомада қаражат бөлінсе;
- оралмандарға ҚР-ның азаматтығын алғаннан кейін, тағы да үш жылдың ішінде тұрғын үй салу үшін жер төлемдері берілсе;
- оралмандарға, жеке тұрғын үй сатып, салып алулары үшін қаражаттарының жетпеген жағдайларында Үкімет тарапынан пайызсыз кредит бөлінсе;
- оралмандарға көшіп кеткен мекендеріне, өтініштеріне лайық қоныстауға квота берілсе;
- Қазақстанның кейбір аймақтарына көшіп баруға тілек білдірушілердің аздығын назарға алып, олардан ауысқан көші-қон, квоталар көшіп баруға көп өтініш түскен аймақтарға берілсе;
- Түркіменстаннан көшкен қазақтардың осы күнге дейін артына оралып кептегендерін, олардың тұрмыс жағдайларының төмендігін еске алып, бұл жерден бұдан бұлай көшетіндердің қажетті құжатты табыс еткендеріне оралмандық мәртебесі (куәлігі), көшіп келу квотасы ҚР-ның Түркіменстандағы елшілігіне жіберілсе, олар оралмандарға көшердің алдында тапсырылса;
- Көші-қон Комитетінің статусы Министрлік дәрежеге көтерілсе, штаты көбейтіліп бөлімдер ашылса, құқығы жоғарыланса, оралмандардың көшіп келу мәселелерінің нобайы осы уәкілетте шешілсе т.б.

Түркіменстан, Қазақстан – Тәуелсіз

Бостандықты армандаған бабалар,
Сол тілекке ортақ болған аналар.
Егеменді туын тіккен елдерде,
Бақытты боп өсіп жатыр балалар.

Туларымыз желбіресін аспанда,
Достығымыз берік болсын тастанда.
Өркендесін түрікмен, қазақ халқымыз,
Тәуелсіздік бақыт нұрын шашқанда.

Түрікмен менен қазақ халқы көрші ел,
Дәстүрлі бір, ой-думанды әнші ел.
Байлығы мен жер жүзіне белгілі,
Мұнай, газды, ақ бидайлы, малшы ел.

Жақындады екі елдің арасы,
Жұпар исті түрікмен, қазақ даласы,
Сонау тұрған алыстағы Астана
Астананың гүлге толы қаласы.

Түрікменстан туып өскен жеріміз,
Қазақстан Ата отан еліміз.
Қайда тұрсақ аман-есен болайық,
Қатынасуға ашық болсын жолымыз.
29.10.08ж. Ашхабат қ.

Дүниедегі һәмме халықтың рухы (жаны) өзінің тілі, сол себепті әр миллет (халық) алдыменен ана тілін жоғалпаудың себептеріне мықтап жабысқан, бірақ тіл, дін, әдебиет сияқты нәрселер...жұрттың іштен шыққан талапты, жау жүрек, халық үшін білімін, қаламын аямайтын ер көңілді жігіттердің қызметіменен сақталады.
Уалиалла Халили. Айқаптан

АВТОР: Қосжанов Аслан

Категория: Құқық | Добавил: Аслан
Просмотров: 2012 | Загрузок: 275 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>