Ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тіліне берілуінің трансформациялық модельдері - Ғылыми жұмыс - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тіліне берілуінің трансформациялық модельдері

Скачать реферат с сервера 03.09.2010, 21:48
загрузка...
КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ағылшын және қазақ тіл білімдерінің сан-салалы теориялық ұстанымдары бүгінгі күнде аудармаға қатысты зерттеулердің негізгі бағыт-бағдарын анықтауға, маңызды қорытындылар шығаруға мүмкіндік беретіндіктен, бұл тілдердегі материалдарды бір-біріне шебер аударудың жалпы және жеке лингвистика шеңберіндегі өзіндік заңдылықтарын сұрыптау және осы тұрғыдағы жұмыстардың өзге ізденістер қатарында алар орнын нақтылау қажеттігі ғалымдардың алдына тың мәселелер қойып отырғаны даусыз. Осыған орай, ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне берудің түрлі әдіс-тәсілдері де құнды зерттеулердің дүниеге келуін қамтамасыз етер алғышарттар қатарын құрауда. Ағылшын тіліндегі біріккен сөздер мен олардың қазақ тіліндегі баламаларын тексеру бүгінгі тіл білімінің алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі екендігінде дау жоқ. Себебі еліміз бүгінгі таңда түрлі халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыс пен дамудың дәнекері болып табылатын аудармаға, соның мәселелеріне үлкен мән беруде.
Мәдениетті өркендетуге арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, соның бір саласы бойынша қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды, басқа да түрлі саладағы мәтіндерді өзге тілдерге аударып, дүниежүзіне таныстыру және жаһанның озық ойлы әдеби, философиялық, ғылыми еңбектерін қазақ тіліне аудару бағытындағы істер жандана түсуде. Осы орайда аударма саласында қаншама көп жұмыстар атқарылып жатса да, әлі де бұл саладағы еңбектерді молайтудың теориялық және практикалық маңыздылығын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тіліндегі трансформацялық модельдерін қарастыру жұмысы мәселені толығымен жоймаса да, осы бағыттағы ізденістерге белгілі бір үлес болуға мүмкіндігі бар. Бұған дейінгі еңбектерді саралап, озық тәжірибелерінен үлгі алу еліміз бен өзге халықтар әдебиеті мен мәдениеті арасындағы байланыстарды нығайтуға, өркендетуге айтарлықтай септігін тигізерін ескерсек, шет тіліндегі, соның ішінде ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің сипаты, олардың қазақ тіліне аударылу жолдары туралы ғылыми зерттеулер зәрулігі мен қажеттілігі анық сезіледі.
Зерттеу нысаны. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі біріккен сөздер.
Зерттеудің пәні. Ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді құрылымдық және семантикалық тұрғыдан салыстыра-салғастыра зерттеу негізінде оларды қазақ тіліне берудің трансформациялық модельдерін екі халықтың ойлау ерекшеліктерін және ұлттық құндылықтарын зерттеп ұсыну. Соның негізінде төмендегі міндеттер қойылды:
жалпы аударма теориясының негізгі бағыттарын ағылшын тілін қазақ тіліне аударма жасаудағы негізгі бағыттарын айқындап жүйелеу және зерттеу жұмысына теориялық негіз дайындау;
ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне трансформациялауда аударманың тиімді түрлерін теориялық және практикалық тұрғыдан айқындау;
- ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің құрылымдық үлгілерін және олардың семантикалық мағыналарын талдау;
қазақ тіліндегі біріккен сөздердің құрылымдық үлгілерін және олардың семантикалық мағыналарын талдау;
ағылшын және қазақ тілдеріндегі біріккен сөздердің құрылымдық және мағыналық ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау;
ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тіліндегі баламаларын табу барысында екі халықтың ойлау ерекшеліктеріне және ұлттық құндылықтарына лайықты баламалар іздестіру арқылы трансформациялық модельдерін ұсыну;
ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің іштей трансформациялануын когнитивтік лингвистика ілімі тұрғысынан айқындау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тіліндегі трансформациялық модельдерін жасауда қолданылатын аударма әдіс-тәсілдерін қолдану теориясы мен практикасының негізгі мәні ашылды;
когнитивтік лингвистика тұрғысынан ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің іштей трансформациялануға мүмкіндігі бар екендігі нақтыланды;
ағылшын тілінің материалдарын қазақ тіліне аудару жолдарының негізгі бағыттары айқындалып, жалпы аударма теориясының мақсаттарына орай қосымша теориялық негіз әзірленді;
ағылшын және қазақ тілдерінің біріккен сөздерді зерттеу принциптеріндегі ұқсастықтар және өзгешеліктер анықталды;
ағылшын тіліндегі зат есім және сын есім негізді біріккен сөздерге этнолингвистикалық тұрғыдан баламалар қарастырылды;
ағылшын және қазақ тілдеріндегі біріккен сөздердің формалдық модельдері жасалып, семантикалық мәндері ашылды;
ағылшын және қазақ тілдеріндегі біріккен сөздердің морфологиялық және семантикалық ұқсастықтары мен айырмашылықтары сұрыпталды.
Қорғауға ұсынатын негізгі тұжырымдар:
- аударманың трансформациялық модельдерін жасауда қолданылатын әдіс-тәсілдердің теориялық және практикалық маңызы қазіргі аударма жұмыстарының мазмұнынан айқын көрінеді;
- ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің негізгі ұғымдарының бірнеше үлгіде берілуі олардың когнитивтік лингвистика тұрғысынан іштей трансформациялануын көрсететін құнды фактор саналады;
- ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне трансформациялауда орын алмастыру, сөз қосу, ауыстыру, бір компонентін түсіріп тастау және т.б. әдіс-тәсілдері қолданылады;
- ағылшын тіліндегі күрделі сөздерді қазақ тіліне аудару теориясының лингвистикалық және экстралингвистикалық бағыттары аудармаға қосымша теориялық негіз бола алады;
- ағылшын және қазақ тілдерінде күрделі сөздерді зерттеу принциптерінде ұқсастықтармен бірге айырмашылықтар да бар;
- ағылшын тіліндегі зат есім және сын есім негізді біріккен сөздерге қазақ тілінен баламалар қарастыруда этнолингвистикалық факторлар және екі халықтың ойлауы, ұлттық құндылықтары, туыс емес екі тілдің ерекшеліктері ескерілуі тиіс;
- ағылшын, қазақ тілдеріндегі біріккен сөздердің құрылымдық сипаты мен мағыналық ерекшеліктері аударма модельдерін жасауда маңызды рөл ойнайды;
Зерттеудің әдіснамалық негізі. Қазақ тіл білімінде біріккен сөздер теориясының сипатын айқындау, оның аударма теориясы ұстанымдарымен сабақтасар тұстарын зерделеу үшін ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап қазақ тіл ғылымы саласында дүниеге келген А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Н.Т.Сауранбаев сынды заңғар ғалымдардың зерттеу жұмыстары, одан кейінгі жылдарда морфология саласында жазылған А.Ысқақов, Қ.Аханов, С.Исаев, М.Балақаев, Ж.Шәкенов, Б.Қасым, Қ.Күдеринова сынды және т.б. ғалымдардың ғылыми-теориялық еңбектері негізге алынды. Ағылшын тіліндегі біріккен сөздерге қатысты Г.Пауль, О.Есперсон, И.Арнольд, Е.Круисинг, К.Гобилд, А.И.Смирницкий, П.В.Царев, Б.А.Ильиш, Г.Марчанд, М.Д.Степанова, О.В.Афанасьева, О.Д.Мешков, В.Л.Каушанская, В.В.Елисеева, С.С.Хидекель, М.Блох, Р.Квирк сынды ғалымдардың еңбектері теориялық негіздеме мақсатында зерделенді. Сондай-ақ, аударматану саласы бойынша В.Н.Комиссаров, Я.И.Рецкер, Ю.А.Найда, Л.С.Бархударов, И.И.Ревзин, В.Ю.Розенцвейг, Кэтфорд Дж, Р.К.Миньяр-Белоручев, И.Н.Гарбовский, А.Д.Швейцер, Е.В.Бреус, Л.К.Латышев, А.Попович, В.Оболевич, А.И.Федоров және отандық З.Қ.Ахметжанова, А.С.Ермағамбетова, З.Р.Загидуллин, М.Т.Қожаева, А.М.Алдашева, Ж.А.Жақыпов, Н.Сағындықова, Р.Сәрсенбаев сынды зерттеушілердің ғылыми ой-толғамдарымен қатар тақырыпқа қатысты зерттеу еңбектерінің деректері мен ғылыми тұжырымдары пайдаланылды.
Зерттеудің негізгі дереккөздері. Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде ағылшынша-орысша, ағылшынша-қазақша аударма сөздіктер, ағылшын тіліндегі классикалық әдебиеттердің аударма материалдарынан алынған екі мыңнан астам кеспе қағаздар қолданылды.
Теориялық құндылығы. Ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тілінде берілу процесіндегі аударма теориясының негіздерін анықтау арқылы, онда қолданылатын жалпы ұстанымдар мен ұғымдарды талдап көрсету негізінде тек ағылшын тіліндегі немесе қазақ тіліндегі трансформациялық модельдерге қатысты теорияның ғана емес, жалпы аударма теориясы саласының сипатын жүйелеуге мүмкіндік пайда болады. Зерттеу барысында алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдар жалпы аударма теориясы, этнолингвистика, ағылшын және қазақ тіл білімі, лингвомәдениеттану мәселелерін жан-жақты сұрыптауға, олардың теориялық принциптерін негіздеуге көмектесе отырып, жаңа ғылыми бағыттардың өзек ала бастауына әсер етеді.
Ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған көркем шығармалардан жинақталған тілдік деректер қазақ тілінің сөздік құрамын байытып, сол арқылы жалпы тіл білімінің де сұранысын өтей алатындықтан, соңғы жылдарда іргесі қаланып жатқан лингвоконцептология ілімін де дамытар маңызды арналар қатарына жатқызуға болады.
Диссертацияда ұсынылған қағидалар мен ғылыми талдаулар аударматанудың теориялық мәселелерін дамыта келе, қазіргі кездегі терминдерге қатысты көкейтесті проблемаларды шешуге де ат салысып, жалпы аударматану ғылымының теориялық тұжырымдарын дамытуға өз үлесін қосады.
Практикалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне аудару жұмыстарында, шет тілін үйрету барысында, практикалық сабақтарда қолдануға болады. Диссертацияда ұсынылған тың көзқарастар мен пікірлер қазақ тіл ғылымындағы аудармаға қатысты бағыттың дамуына септігін тигізетіндіктен, жасалған тұжырымдар мен анықтамаларды қазіргі ағылшын және қазіргі қазақ тілінің теориялық курстарында, аударма теориясы және салғастырмалы грамматика пәндерін оқытуда, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар дайындауда, арнайы курстар мен семинарлардың жаңа бағдарламаларын жасап жинақтау барысында жан-жақты пайдалануға, сонымен қатар ағылшын-қазақ тіліндегі біріккен сөздер сөздігі ретінде пайдалануға болады.
Зерттеудің жарияланымы мен талдануы.
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған ғылыми мақалаларда жүргізген зерттеу жұмыстың нәтижелері, басты қағидалары және негізгі тұжырымдары жеткілікті мөлшерде көрініс тапқан. Оның негізгі мазмұны, қағидалары мен қорытындылары автордың 9 ғылыми мақалаларына өзек болған, оның ішінде үш халықаралық ғылыми–практикалық конференцияларда: “М.О.Әуезов және қазақтанудың өзекті мәселелері” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы (2008); “Қазақ мемлекеттілігі және түркі әлемінің тарихи-мәдени құндылықтары” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы (2009); “Оқыту үдерісіндегі инновациялық технологияларды қолдану мәселелері” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы (2009). Диссертация жұмысының тақырыбы бойынша Білім мен ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізіміндегі республикалық ғылыми басылымдарда 5 мақала және Қырғызтанда жарық көретін “Түркологиялық жинақ” журналында 1 мақала жарияланған.
Диссертациялық жұмыс Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Жалпы тіл білімі кафедрасының мәжілісінде талқыланды.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Зерттеу жұмысының бірінші тарауында ағылшын және қазақ тілдеріндегі біріккен сөздердің теориялық бағыттары сөз болғандықтан сипаттау, салыстырмалы-салғастырмалы талдау, талдау әдістері қолданылды. Диссертацияның екінші тарауы жалпы аударма теориясы мен ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің қазақ тіліндегі трансформациялық модельдеріне арналғандықтан онда жүйелеу, сыни тұрғыдан баяндау, жинақтау, текстологиялық, түсіндірмелі, жүйелі-кешенді талдау әдістері қолданылды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспе мен екі тараудан, қорытынды, қосымша және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттелу деңгейі, зерттеу жұмысының нысаны мен пәні, мақсаты мен міндеттері, деректік және теориялық-методологиялық негіздері, ғылыми жаңалықтары мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдары баяндалып, зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы, сыннан өтуі мен құрылымы көрсетілген.
Жұмыстың «Ағылшын тіліндегі біріккен сөздерді қазақ тіліне берілу процесіндегі аударма теориясының негіздері» атты бірінші тарауы үш тараушадан тұрады. Оның «Аударма мәселелерінің теориялық негіздерінің бағыттары» деген бірінші тараушасында аударматанудың қалыптасу тарихына шолу жасалып, Кеңестік дәуірдегі ғалымдар мен Отандық ғұламалардың зерттеу еңбектері тақырып айналасында сарапталады. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының өзінде М.М.Морозов, Я.И.Рецкер, А.В.Федоров сынды осы саланың білгір мамандары аударма бойынша маңызды жұмыстар атқарып, олардың ізімен Н.Б.Аристов, И.М.Берман, Л.С.Бархударов, С.И.Кауфман, Т.Н.Михельсон, Э.Ф.Скороходько т.б. ғалымдар 50-60 жылдарда аударматанудың іргесін бекіте түскені нақты деректермен дәйектеле түсіндірілген. Ал кейінгі жылдарда орыс және қазақ тілдерінің аударма мәселесі жөнінде отандық ғалымдардан Ө.Айтбаев, А.М.Алдашева қалам тартса, герман тілдері мен қазақ тілі аудармасының кейбір мәселелері М.Ш.Құрманов, Р.Нұрғалиев еңбектерінде сарапталды. Ағылшын, қазақ аударма теориясы бойынша ұлттық-мәдени реңдегі сөздерді беру мәселелері А.С.Ермағамбетованың, А.Исламның еңбектерінде қарастырылады.
Аударма саласында еңбек еткен ғалымдардың әрқайсысы оны әр қырынан қарастырған. Мәселен, А.М.Алдашева аударматану ғылымының негізгі міндеттері мен “аударма”, “баламалылық” ұғымдарының мәнін ашып, аударма мәтінге қойылатын талаптарды анықтап, аударма сапасының көрсеткіштерін белгілеп берді [1, 74 б.].
Аударма әдеби шығарма арқылы бір халықтың өмірін келесі бір халыққа таныстыру арқылы екі ел арасында рухани көпір орнатуға ат салысады. Демек аударманың мақсаты-түпнұсқа тілді білмейтін оқырманды аударма арқылы өзге елдің әдет-ғұрпымен, мәдениетімен етене таныстыру. Л.С.Бархударов аударма ұғымына “белгілі бір мәтіннің мағынасын сақтай отырып қайта құрылуы” [2, 3 б.] деп, А.В.Федоров: “аударма дегеніміз-өзге тілдің құралдарымен баяндалған тексті екінші тілдің құралдарымен барынша толық, әрі дәл жеткізу” [3, 15 б.] деп анықтама берген. Олай болса, аударма – түпнұсқаның басқа тілде қайта өңделіп жасалуы, тіларалық және мәдениетаралық қарым-қатынас процесі, тіларалық трансформация, сөз жасау өнері.
Ғалымдар аудармаға өзіне тән ерекше талаптар қойып, оның қыры мен сырын аша түсу бағытында еңбек еткен. Мәселен, көркем аударманың өз мәтініне сөз қосып, негізгі ойдан ауытқып кетуге, ал түпнұсқаны сөзбе-сөз келтіремін деп ұғымсыз сірестіріп қоюға болмайтындығына ғалымдар бірауыздан келіседі. Бастапқы шығармадағы тілдік, стильдік ерекшеліктерді ескере отырып, оның көркемдік, идеялық қасиеттерін толық жеткізу аудармаға қойылар талаптардың бірі. Осыдан келіп, аудармашыға қойылатын түпнұсқаның мағынасы мен көркемдігін қатар беру талабы туындайды.
Е.В.Бреус аударманы тек екі тілдің байланысы ғана емес, сонымен бірге екі мәдениеттің арасындағы байланыс та көрініс табатын тіларалық қатынас әрекеті деп санайды [4, 19 б.].
Аударма туралы толығырақ және нақты теорияны В.Н.Комиссаров ұсынды. Ғалымның пікірінше, төрт лингвистикалық теория бар, соған сәйкесінше, ол аудармаға төрт анықтама береді: денотативті теория бойынша, “перевод есть процесс описания при помощи языка перевода денотатов, описанных на языке оригинала” деген анықтама берген [5, 32 б.]. Трансформациялық теория бойынша, “перевод есть нечто иное, как преобразование единиц и структур языка оригинала в единицы и структуры языка перевода” деген анықтама берген [5, 38 б.]. Семантикалық теория бойынша, “перевод “заключается в раскрытий сущности эквивалентных отношений между содержанием оригинала и перевода” деген анықтама берген. Баламалық деңгейлері теориясы тұрғысынан: “модель переводческой деятельности, основанную на предположений, что отношения эквивалентности устанавливаются между анологичными уровнями содержания текстов оригинала и перевода” деген анықтама ұсынған болатын [5, 62 б.].
И.Н.Гарбовский былай деп анықтама береді: “Аударма дегеніміз- түпнұсқаның басқа тілде қайта өңдеп жасалуы; тіларалық және мәдениетаралық коммуникация процесі; тіларалық трансформация; сөз жасау өнері” [6, 9 б.].
А.И.Федоров аударма барысында мынадай жағдайларға баса көңіл бөлу керек деп есептейді:
1 Түпнұсқа тілде кездесетін сөздердің барлығы дерлік аударма тілдің сөздік қорында кездесе бермейді;
2 Түпнұсқа тіл мен аударма тілдегі сөздердің мағынасы тек жартылай ғана сәйкес келуі мүмкін;
3 Түпнұсқа тілдегі көп мағыналы сөздің берер мағынасы аударма тілде әр түрлі сөздер арқылы берілуі мүмкін [7, 133 б.].
А.Поповичтің анықтамасына сүйенсек: “В переводе существует “мера”, которую нельзя нарушать. Нарушение этой “меры” ведет к тому, что перевод становится адаптацией” [8, 143 б.].
Қазіргі уақытта аударма теориясында бірнеше үлгі (модель) жасалған. Олардың негізгілеріне денотаттық, семантикалық және трансформациялық үлгілер жатады. Денотаттық үлгіде аударма тіл мен өмір шындығының байланысы басты назарға алынады. Кейде аударманың жағдаяттық үлгісі деп те аталатын бұл модель өмір шындығының әлдеқандай құбылыстарының атаулары аударма тілде жоқ болса да, тілдік заңдылықтардың көмегімен салыстырудың мүмкіндігі әрқашан болады деген заңдылыққа саяды. Семантикалық үлгі аударма үдерісінде сөздің ең кіші мағыналық бөлшегі саналатын семаларға мән берумен байланысып жатады. Ал трансформациялық модельді сөздердің орындарын ауыстыру, сөйлемнің құрылымын өзгерту, сөз таптары мен сөйлем мүшелерін өзгерту, сөз қосу, сөздерді түсіру сынды әдістердің негізіндегі аударма деп түсінуге болады. Аударма теориясының зерттеу нысанының бірі болып табылатын грамматикалық трансформация жан-жақты қарастыруды қажет етеді. Аударма процесі осы трансформация кезіндегі орын алар өзгерістер негізінде қаралады.
«Ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің зерттелу бағыттары» атты екінші тараушада қазіргі ағылшын тілінде жаңа сөз жасаудың негізгі жолдары мен олар жайлы ғылыми пікірлер сараптала келіп, біріккен сөздердің зерттелу деңгейі сөз болады. Ағылшын тілінде жаңа сөз жасау конверсия, сөздерді біріктіру, префикстік және суффикстік әдістері арқылы жүргізіледі. Ағылшын тілінде біріккен сөздер сөзқосым үрдісінің нәтижесінде қалыптасады. Ал екі немесе одан көп түбірлерді қосу арқылы бір сөз жасайтын сөзжасамның бір жолы – біріктіру (сomposition). Біріккен сөздердің ағылшын тіл білімінің лексикология саласында да қарастырылуы, ең алдымен олардың сөздік құрамды байытатын ең негізгі бөлік екендігімен астарласып жатыр. Мұнда лексикологияның нысандық ерекшелігі де рөл ойнайды. Лексикологияны сөз туралы ғылым екендігін ғалымдар толық тән алады. Сондықтан ағылшын тілінде біріккен сөздердің лексикологиядан орын алуы олардың жеке сөзге жақын сипаттарының басымдығында. Ағылшын тіліндегі біріккен сөздер сөйлеу кезінде қаншалықты кең қолданылса да, теориялық жағынан олар туралы әлі де өз шешімін таппаған сұрақтар көп кездеседі. Сондықтан О.Д.Мешков [9]. Ағылшын тіліндегі күрделі сөздерге қатысты еңбегінде ағылшын сөзжасамының қыр-сырын жан-жақты айқындауда көптеген проблемаларға кезігетінін айта келіп, оларды төмендегідей санамалап шығады:
Күрделі сөздердің өзіндік ерекшеліктерін айқындау.
Күрделі сөздердің шығу төркіні проблемасы.
Күрделі сөздер мен сөз тіркестерінің арақатысы проблемасы.
Күрделі сөздердің компоненттерінің арақатысы проблемасы.
Күрделі сөздердің мағыналары проблемасы.
Сөзжасамның тілдің морфологиялық және синтаксистік құрылымымен байланысы проблемасы.
Күрделі сөздердегі ұлттық ерекшеліктер проблемасы.
Күрделі сөздерді жіктеу проблемасы.
Күрделі сөздің модельдерін сипаттау проблемасы.
Ағылшын тіліндегі күрделі сөздер төмендегідей топтарға бөлінеді:
І. Сөз таптарына қарай:
Зат есімдер, мысалы: baby-moon, address book, letter-box, match-box;
Сын есімдер, мысалы: power-happy, old-hand, new-born, light-headed;
Етістіктер, мысалы: to honey-moon, to baby-sit, to henpeck, to blackmail;
Үстеулер, мысалы: down deep, headfirst, splash down;
Шылаулар, мысалы: into, within, onto, without;
Сан есімдер, мысалы : fifty-five, seventy-eight, thirty-eight, ninety-one.
ІІ. Құрамындағы компоненттерінің қатысына қарай:
1. Аралық (neutral), олар екі түбірден ешқандай морфемаларсыз бірігуінен жасалады, мысалы, outrageous, she-goat, general public, space age, iron-clad;
2. Морфологиялық (morphological), мұнда компоненттер «o» немесе «i» дауысты яки «s» дауыссыз дәнекер дыбыстары арқылы байланысады: astrospace, handicraft, sportsman, craftsman, tradesfolk, Anglo-Saxon;
3. Синтактикалық (syntactical) немесе лексикаланған фразалар мұнда компоненттер көмекші формалар арқылы байланысады, мысалы, hold-a-lot-of-beer, sick-in-the-mud, breakfast-in-the-bedder, free-for-all, do-or-die, lily-of-the-valley, bring-and-buy sale, washing-up-liquid, Jack-of-all-trades, good-for-nothing.
ІІІ. Құрылымына қарай:
Екі түбірден тұратын негізгі күрделі сөздер, мысалы, job-hunt, hidebound, go-go, tip-top, heartache, speak-easy, double-cross, chatter-box, whitewash;
Түбірлерінде аффикстері болатын туынды (derivational) күрделі сөздер, мысалы, ear-minded, hydro-skimmer, guided missile, baked beans, runner-up, horn-rimmed, factory-packed, science-based, chain-smoker;
Үш немесе одан да көп түбірлерден тұратын күрделі сөздер, мысалы, cornflower-blue, eggshell-thin, singer-songwriter, greenhouse effect, one-parent family;
Қысқарған күрделі сөздер, мысалы. VJ-day, motocross, intervision, Eurodollar, T-shirt, math-mistress, H-bag, X-mas, G-man.
ІV. Компоненттерінің арасындағы қатынасқа қарай:
1. Бағыныңқы күрделі сөздер. Мұнда компоненттердің бірі семантикалық жағынан негізгі және басыңқы болады да, екіншісі бағыныңқы болады, бұл бағыныңқылық қатынас түрліше болуы мүмкін: салыстырмалы қатынаста, мысалы, honey-sweet, eggshell-thin, шектеу қатынасында, мысалы, breast-high, knee-deep, екпіндік қатынаста, мысалы, dog-cheap, обьектілік қатынаста, мысалы, gold-rich, себептік қатынаста, мысалы, love-sick, кеңістік қатынаста, мысалы, top-heavy, мезгілдік қатынаста, мысалы, spring-fresh, субьектілік қатынаста, мысалы, foot-sore т.б.
2. Екі компоненті де семантикалық жағынан тең дәрежедегі салаласқан күрделі сөздер. Бұл топқа бір кісі атқаратын екі қызметті білдіретін secretary-stenographer, woman-doctor т.б. күрделі сөздер жатады. Аталған топқа редупликация арқылы жасалған күрделі сөздер де жатады: fifty-fifty, no-no, pooh-pooh, pretty-pretty, blah-blah және өзара дыбыстық алмасуға ұшыраған редупликация арқылы жасалған күрделі сөздерді де жатқызуға болады: criss-cross, walkie-talkie, razzle-dazzle, bibble-babble, chit-chat.
V. Күрделі сөздер компоненттерінің орналасу тәртібіне қарай тура тәртіпті күрделі сөздер, мысалы, kill-joy және жанама тәртіпті күрделі сөздер болып бөлінеді, мысалы, nuclear-free, rope-ripe т.б.
Күрделі сөздің құрылымдық бірігуі мына мәселелерге байланысты болады: екпіннің бір болуы, бірге немесе дефис арқылы жазылуы, семантикалық тұтастығы, морфологиялық және синтаксистік функцияларының бір болуы.
Ағылшын тіліндегі жеке сөзге тән белгілер мен күрделі сөздерге тән белгілерді салыстырғанда біріккен сөздер сөз тіркестеріне қарағанда, жеке сөздерге әлдеқайда жақын деген қорытынды шықты.
Күрделі сөздер ағылшын тіліндегі әр алуан ұғымдардың атауы ретінде қызмет етеді. Олардың әркелкілігі жасалу жолдарына, мағыналық сипатына, формалық ерекшеліктеріне қарай сипатталады. Мысалы, ағылшын тілінде foot сөзінің қатысы арқылы foot way (жүргінші жолы, бір аяқ жол) foot wear (аяқ киім) foot ball (футбол добы), football (футбол), footballer (футболшы), footmark (із), footpad (жүргінші жолы, бір аяқ жол), footstool (аяққа арналған шағын орындық), foot-warmer (аяқ жылытқыш), footnote (сілтеме), footstep (із), footprint (аяқ алынған таңба (із)), foot-race (жүгіруден жарыс), footpath (бір аяқ жол), footmark (із), footfall (басылған аяқ дыбысы), т.б. күрделі зат есімдер жасалынған. Мұнда күрделі зат есімдердің компоненттерінің бірігуі, қосарлануы немесе тіркесуінің өзі мағына өзгертетіні көңіл аудартады. Бұл мысалдарда foot және ball сөздерінің тіркесе байланысуы, басқаша айтқанда бөлек жазылуы аяқпен ойнауға арналған ойын құралы деген мағынаны білдірсе, олардың бірігіп келуі, яғни бірге жазылуы доппен ойналатын ойын деген мағынаны беріп тұр. Олай болса, ағылшын тіліндегі күрделі сөздердің компоненттерінің бірігуі мен тіркесуі мағына ажыратушылық қызмет атқарады.
Қолымыздағы материалдар негізінде ағылшын тіліндегі біріккен сөздердің төмендегі модельдер бойынша жасалған мысалдарын қарастырып көрейік:
- N+N моделі-екі зат есім түбірлерінің бірігуі арқылы: hand paper, tear gas, piano keys, painter-lover, workforce, bird-dog, boat-ride, sunbather, oak tree, coffee time, cough drops, air-rifle, motorcycle, killer shark, cane sugar;
- A+N+Suf-ed моделі-сын есім түбірі+зат есім түбірі+-ed сын есім суффиксі: long-legged, grey-haired, black-eyed, lean-faced;
- Num.car+N моделі-есептік сан есім түбірі+зат есім түбірі: ten-year, two-room (екінші компонентіне еркін тіркестердегідей –s қосымшасы жалғанбайды), three-star, one-step, five-year, two-foot, three-hand, three-corner, four-square;
Num.car+N моделінен a) Num.car+N=N, яғни есептік сан есім түбірі +екі зат есім түбірлерімен байланысқан шағын моделі жасалатын жолы бар: five man crew, five-year period, one-step dance, three-star brandy;
- Num.ord+N моделі- реттік сан есім түбірі+зат есім түбірі: second-hand, first-rate, second-class, first aid, first-hand, first cousin, first-night;
Num.ord+N моделінен төмендегідей шағын моделі жасалады:
a) Num.ord+N=N реттік сан есім түбірі+зат есім түбірі зат есіммен байланысқан шағын моделі: second-hand shop, first-year-student, hundredth-year goods, first-hand newspaper;
- N+A моделі-зат есім түбірі+сын есім түбірі: world-wide, blood-thirsty, crush-proof, paper-thin, grass-green, bony-dry, worldwide, penny-wise, pound-foolish, trigger-happy, knee-high;
- N+PII моделі-зат есім түбірі+есімшенің ІІ формасының түбірі: panic-stricken, snow-covered, brick built, fin-stabilized, gravity-powdered, jeep-mounted, shoulder-fired, custom-built, paper-made, science-based, war-damaged, country-bred;
- A+A моделі-сын есім түбірі+сын есім түбірі: red-hot, dark-blue, deaf-mute, dark-green, honest-true, heavy-thick, noble-good, light-green, Anglo-French, socioeconomic, physicotechnical;
- A+PI моделі-сын есім түбірі+есімшенің І формасының түбірі: good-looking, odd-looking, hard-working, high-flying, wide-spreading, far-reaching;
- A+N моделі-сын есім түбірі+зат есім түбірі: darkroom, hot house, handyman, blueprint, greengrocer, tenderfoot, lazy-bones, black shirt, mad house, greybeard, light-skirts;
- V+N моделі-етістік түбірі+зат есім түбірі: cut-throat, pickpocket, punch card, scarecrow, call girl, turncoat, drawbridge, pushbutton, selectman;
- A+PII моделі-сын есім түбірі+есімшенің ІI формасының түбірі: soft-spoken, clean-cut, deep-cut, far-gone, foreign-built, clean-shaven;
- N+PI моделі-зат есім түбірі+есімшенің І формасының түбірі: egg-lying, water-holding, date-processing, top-selling, epoch-making, coal-forming, acid-resisting, cash-paying, cliff-nesting, fur-bearing;
- V+V моделі-екі етістік түбірлерінің бірігуінен: hearsay, makebelieve;
-PI+N моделі-есімшенің І формасының түбірі+зат есім түбірі: humming-bird, cleaning woman, diving board, frying machine, whipping boy, mocking bird;
- V+A моделі-етістік түбірі+сын есім түбірі: speak-easy;
- D+N моделі-үстеу+зат есім түбірі: output, after-life, after crop, aftermath, out-voter, outcollege, by-election, by-law, by-product, downtown, overcoat, undershirt, uproad;
- D+A моделі-үстеу+сын есім түбірі: ever-green, ever-young, ever-helpful;
Ағылшын тіліндегі кейбір күрделі сөздердің мағыналары құрамындағы компоненттердің негізгі тура мағынасына байланысты алынуы да көп кездесетін жайт. Мысалы, handbag күрделі зат есімі hand (қол) және bag (сөмке) сөздерінен бірігу арқылы жасалған да, қол сөмке деген мағынада қолданылады. Екі компонент те өз тура мағыналарында қолданылған. Осы жағдайларды назарға алғанда, ағылшын тіліндегі күрделі сөздердің құрамындағы компоненттердің мағынасы күрделі сөздің жалпы мағынасына міндетті түрде әсері болады деген қорытынды жасауға болады. Алайда компоненттердің мағынасы күрделі сөздің жалпы мағынасында дараланып көрініп тұруы керек деген пікірді ұстанбаймыз, басқаша айтқанда, күрделі сөз екі сөзден құралса сол екі сөздің аражігі ажырап тұрады деген пікірді қолдап отырған жоқпыз. Керісінше, екі түрлі мағына білдеретін сөздер күрделі сөз жасау үшін біріккенде олардың мағынасы біртұтастық сипатқа ие болады. Өйткені күрделі сөздердің мағыналарының тұтастығына қарсы келу ағылшын тілінде қолданылатын “грамматикалық тәсілдер арқылы жасалған екі немесе бірнеше түбірдің бір лексикалық бірлікке бірігуін күрделі сөз деп атаймыз” [10] деген ережеге де қарсы келу болып шығады. Күрделі сөздегі жаңа лексикалық тұтастық жаңа бір мағынаны білдіреді. Сол біртұтас мағынаны күрделі сөздің мағынасы деп есептейміз. “Біртұтастық” терминін А.И.Смирницкий енгізген болатын [10, 56 б.].
Кез-келген жеке сөздегідей күрделі сөзге де мағыналық тұтастық тән. Сөздердегі мағыналық тұтастықтың деңгейі үнемі бірдей бола бермейді. Өйткені ол мағына күрделі сөздердің жалпы мағынасында оның құрамындағы компонеттерінің жеке мағыналарының көріну деңгейіне байланысты болады. Бұл тұрғыдан алғанда, жеке лексикалық мағыналардың бірігіп біртұтас мағынаға ие болуы тұрақты тіркестердің идиомалану процесі сияқты құрамындағы сөздердің мағыналарынан ажырап барып, басқа бір тұтас мағына құрайтындығымен және компоненттердің бірі немесе бірнешеуі өз мағыналарын сақтап қалып, тұтас мағына құрайтындығымен түсіндіруге болады. Ағылшын тіліндегі күрделі сөздердің бұл сипаты оларды компоненттерінің мағыналарын сақтаған күрделі сөздер және компоненттерінің мағыналары сақталмаған күрделі сөздер деп топтастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, watchman (қарауыл), chessplayer (шахматшы) күрделі сөздерінің мағыналық құрамы компоненттердің мағыналарынан алынғаны көрінеді: watch сөзі қазақ тілінде қарау, көру деген мағыналарды білдіреді. Ал man адам деген сөз. Екеуі бірігіп қарайтын адам деген мағынаны құрап отыр. Сондай-ақ chess – шахмат және player-ойыншы сөздерінен шахмат ойыншысы деген мағына құралған. Ал blackmail (бопса), chairman (басқарушы), chatterbox (мылжың адам) деген күрделі сөздер туралы бұл тұжырымды жасай алмаймыз. Өйткені blackmail сөзінің құрамындағы black қара, mail хат-хабар деген мағыналарды білдіретін сөздерден бопса (шантаж) мағынасы құралып тұр. Демек, бұл мағына компоненттердің тура мағыналарынан тікелей туындап тұрған жоқ. Бірақ жанама түрде ол мағыналардың әсері болады. Айталық, қара сөзінің көптеген ауыспалы мағыналары бар. Сол мағыналардың бірі жағымсыз, ұнамсыз деген мағына. Талданып жатқан күрделі зат есім black қара сөзінің осы мағынасына қатысты деп есептейміз. Қазақ тілінде бопса сөзі белгілі бір жағымсыз қылықтарға (қылмыстарға) кездейсоқ куәгер болған кісі, қылмысты кісіден қылмысты жасырып жүруі үшін ақы, төлем сұрауы дегенді білдіреді. Ағылшын тіліндегі blackmail күрделі сөзіндегі black сөзі жоғарыдағы семантикалық мәндер жинақталған деп есептейміз. Сол үшін ағылшын тілінде сөйлеушілер (ағылшындар) blackmail күрделі сөзін бірден бопса деген мағынада түсінеді. Жоғарыда келтірілген chairman (басқарушы), chatterbox (мылжың адам) деген күрделі сөздер де өз компоненттерінің мағынасынан құралмаған. Бірақ chair сөзінің мағынасының семаларын (мағыналық бөлшектерін) жақсы түсінетін ағылшындар chairman күрделі зат есімін де бірден басқарушы мәнінде түсінеді. Мылжың адам мәніндегі chatterbox күрделі сөзі де өз компоненттерінің мағынасын сақтамай жасалған күрделі сөздер қатарына жатады. Сонда біртұтас мағына дегенде күрделі сөздердің құрамындағы компоненттерінің семантикалық мағыналарын ескере келе жасалған нәтижедегі мағынаны еске аламыз.
«Қазақ тіліндегі біріккен сөздердің зерттелу бағыттары» тараушасында қазақ тіліндегі біріккен сөздердің зерттелуі мен олардың ағылшын тіліндегі күрделі сөздермен ұқсастықтары мен айырмашылықтары сөз болады.

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Косжанов
Просмотров: 13201 | Загрузок: 2891 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 4.2/9
Всего комментариев: 1
1  
tuftovi

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>