Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Аударматану терминдерінің когнитивтік-семантикалық құрылымы

Скачать реферат с сервера 21.08.2010, 23:47
загрузка...
НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Зерттеудің кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, нысаны, мақсаты мен міндеттері айқындалып, ғылыми жаңалығы мен зерттеудің теориялық және практикалық мәні көрсетілді. Сондай-ақ зерттеуге негіз болған материалдар мен дереккөздер, зерттеу әдістері мен қорғауға ұсынылған тұжырымдар, жұмыстың мақұлдануы мен жариялануы баяндалады.
Диссертацияның «Аударматану терминдерінің когнитивтік негіздері» деп аталатын бірінші бөлімінің «Аударматану ғылымының жалпы тіл біліміндегі сипаты», «Аударматану концептуалды терминологиялық аппаратының ерекшелігі», «Когнитивтік зерттеулердегі терминнің танымдық сипаты», «Аударматану терминдерінің когнитивтік-менталды сипаты» атты тараушаларында аударматану ұғымындағы терминдердің когнитивтік табиғаты, концептуалдық құрылымы және термин ұғымына қатысты теориялық мәселелері қарастырылады.
Қазіргі таңда қазақ тіл білімі ғылымында арнайы зерттеуді талап ететін салалардың бірі – аударманың лингвистикалық теориясы. Бұл сала – қазақ тілтанымы үшін әлі жетілмеген, тиісті деңгейдегі ғылыми сипатын ала қоймаған тіл білімі салаларының бірі. Сондықтан бұл ғылымның негізгі бағытын айқындап бере алатын бірқатар ұғым-түсініктердің даралана қоймау себептері де осыған тікелей байланысты. Қазіргі қазақ тіл білімінде аударма мәселесімен түбегейлі айналысып жүрген ғалым А.М.Алдашева докторлық диссертациясында «…қазірге дейін аударма теориясының басты дәйектемелері, шешуші негіздері, аударматану ғылымының басты обьектісі мен ұстанымдары, әдіс-тәсілдері мен бірлік тұлғалары, аударманың нормасы, тәржіма ісіне қойылатын талаптар сияқты маңызды жағдаяттардың анық-қанығы ғылыми тұрғыдан анықталған емес»,– деп атап өткен 1, 3. Қазақ тіл білімінде аударматану мәселесі – ХХ ғасырдың соңғы жылдары ғана қолға алынған жаңа салалардың бірі. Сондықтан қазақ тіл біліміндегі аударма теориясы да, аударма практикасы да, аударма іс-тәжірибесінің теориялық тұғыры да енді қалыптасып келе жатыр.
Қазақстан тіл білімінде Ө.Айтбайұлының аударма ғылымы және оның қалыптасуы туралы зерттеулері, А.Алдашеваның аударматанудың лингвистикалық және лингвомәдени негіздерін айқындауға арналған ғылыми зерттеулері мен Б.Хасанов, Р.З.Загидуллин, Н.Ж.Шаймерденова және т.б. ғалымдардың еңбектері аударма теориясы мәселелеріне арналды.
Тіл білімінің арнаулы салаларының қайсысын алсақ та, сол салалардың әрқайсысының өзіне тән ұғымдар жүйесі, терминологиялық аппараты болады. Ондай арнаулы ұғымдардың атаулары, ұғымдар жүйесі мен терминдері арнайы зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар, аударматану саласындағы терминологиялық жүйенің тілдік, соның ішінде, лексикалық ерекшеліктерін айқындау, аталған терминологиялық жүйе шеңберіндегі ұғымдар жүйесі мен сипаты сияқты тілдік фактілерге талдау жасау бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелері болып табылады.
Терминологиялық лексиканы зерттеп, оның теориялық мәнін, маңызын анықтауда жоғарыда аталған қазақ ғалымдарының және орыс тіл білімінде А.Реформатский, В.В.Виноградов, Н.А.Баскаков, В.И.Сифоров, Р.А.Будагов, О.С.Ахманова, В.Ф. Журавлев, В.П.Даниленко, Г.В.Степанов т.б. ғалымдардың еңбектерін атауға болады.
Бұл зерттеулерде терминжасамның ғылыми принциптері мен шарттары анықталып, сөздік жасау, салалық терминжасам мәселесі арнайы қарастырылды. Дегенмен қазіргі кездегі ғылыми лексиканың бір құрамдас бөлігі, жеке бір терминдік жүйені – тіл білімі терминологиясын даралап зерттеудің маңыздылығы өте зор.
Тілдің өзі нысан ретінде алынатын зерттеулерде тіл білімі терминдері жүйесінің бірлігі «метатіл» деп аталады. Мамандар арасында «метатіл» анықтамасы туралы пікірлер көп: метатіл – «екінші дәрежедегі» тіл 2, 7; «метатіл» – ерекше семиологиялық жүйе 3, 3; тіл білімінің «метатілі» – терминдер арасындағы жүйелі қатынастар мен жалпы ғылыми лексиканы білдіретін күрделі құбылыс 4, 297 және т.б.
Әрбір ғылым саласының дамуы тіл білімі метатілінің дамуын талап етеді. Белгілі бір ғылымның, оның ішінде, аударматану саласы метатілінің қалыптасуы мен дамуына өзара байланысты бірнеше себептер ықпал етеді: аударма теориясы бағытындағы зерттеулердің күрделенуі мен тереңдеуі; аударма теориясында жаңа бағыттардың пайда болуы; жаңа терминдік бірліктердің пайда болуы; жаңа концептуалдық аппараттың қалыптасуы мен белгілі терминдердің жаңа мазмұнмен толығуы. Соңғы жылдары аударма мәселесі көптеген лингвистикалық қырларынан қарастырылып келеді. Мысалы, психолингвистика, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, контрастивті лингвистика, мәдениаралық коммуникация, салғастырмалы стилистика және т.б. Олардың негізгілерін төмендегі сызбадан көруге болады:

Аударматану
Лексикография

Тіларалық коммуникация
Мәдениаралық коммуникация

АУДАРМА


Терминжасам
Терминшығармашылық

Терминология Терминография

Салғастырмалы стилистика

Сурет 1 – Аударманың тіл білімі салаларымен байланысы

Осы тұрғыдан алғанда, терминнің мағынасы мәселесі арнайы зерттеуді қажет етеді, себебі бұл аударматану метатілінің дамуына маңызды үлес қосады. Мағына мәселесін зерттейтін тіл білімінің семантика саласы орыс тіл білімінде М.М.Покровский, А.А.Потебня, В.В.Виноградов есімдерімен байланысты.
Тіл білімінде семантика теориясының жүйелілік мәселесін зерттеуші Л.А.Новиков өзінің зерттеуінде мағына түрлерінің мынадай жіктемесін ұсынады 2:
1) Сигнификативтік мағына (сигнификативтік мағына таңбаның сигнификатқа (ұғымға, мән-мағынаға) қатынасы арқылы айқындалады). Ол сөздің толық семантикалық мүмкіндігін, сөздің мән-мағыналық көрінісін айқындайды. Мысалы, аударматану – аударманы лингвистикалық құбылыс ретінде зерттейтін тіл білімінің саласы; жағдаят – сөйлеу әрекеті сәтінде болатын немесе айтылымда сипатталатын шындыққа сай болмыстың құрамдас бөліктерінің жиынтығы; түпнұсқа – аудармадағы бастапқы мәтін (аударма осы мәтіннен жасалады) т.б.;
2) Құрылымдық мағына (лексикалық мағынаның құрылымдық аспектісі). Бұл мағына семиотика теориясына сәйкес белгілі бір таңбалық жүйе шеңберіндегі таңбаларға деген қатынасы арқылы анықталады. Осы негізде ол өз ішінде синтагматикалық құрылымдық мағына және парадигматикалық құрылымдық мағына түрлеріне бөлінеді:
а) синтагматикалық құрылымдық мағына (лексикалық мағынаның құрылымдық-синтагматикалық аспектісі). Құрылымдық мағынаның бұл түрін валенттілік деп те атайды. Мысалы, аударма тілі, аударма теориясы, аударма процесі, аударма бірлігі, аударма лингвистикасы, аударма нормасы, аударма баламалығының нормасы және т.б.
ә) парадигматикалық құрылымдық мағына (лексикалық мағынаның құрылымдық-парадигматикалық аспектісі). Ол белгілі бір топ құрайтын лексикалық бірліктердің өзара байланысын және қарама-қарсы мағыналарын белгілейді. Мәселен: аударма

жазбаша аударма

көркем аударма
3) Прагматикалық мағына (лексикалық мағынаның прагматикалық аспектісі). Мағынаның бұл түрі, негізінен, сөздің эмоционалды және экспрессивті-стилистикалық сипатын көрсетеді. Сондықтан бағалаудың спецификалық тілдік көрінісін белгілейтін лексикалық мағынаның бір түрі болып саналады. Ол аталымның экспрессивті түрінде ғана орын алады;
4) Сигматикалық (заттық, денотативтік, жағдаяттық) мағына (лексикалық мағынаның сигматикалық, заттық, жағдаяттық аспектісі). Сигматикалық мағынаның атқаратын негізгі қызметі тілдік бірліктердің нақты жұмсалуы мен белгілі коммуникативтік міндетті атқаруымен байланысты. Мысалы, «Жоғарыда айтылғандай сорақы кемшіліктер осы аудармалардың көпшілігінде-ақ бар» (Қ.Аманжолов, Шығ.жин.); «Бірақ та, мен де бір кезде асқан ақындық шеберлікті керек қылатын аудармашылық өнерге ден қоярмын деген игі тілектің жетегінде болатынмын» («Қаз.әдебиеті»); «Абайдың өз шығармалары мен аударушылық еңбегі қатар жүріп отырған» (Ғ.Мүсірепов). Байқап отырғанымыздай, метатілдік бірліктердің мағынасы лексикалық мағынаның үш түрінде ғана көрініс табады.
Сонымен, тіл білімінде «термин-мағына-ұғым» мәселесіне қатысты үш түрлі көзқарас қалыптасты:
1.Терминдердің лексикалық мағынасы бар, бірақ ол сол ұғыммен толық сәйкес келе бермейді (Л.С.Ковтун, Д.Н.Горский, К.Н.Левковская);
2.Терминдердің лексикалық мағынасы бар және ол сол ұғымды толық сипаттайды (Е.М. Галкина-Федорук, П.С.Попов, А.Шафф);
3.Терминдер – ұғыммен сәйкес келетін лексикалық мағынаға ешбір қатысы жоқ тілдік бірліктер (В.А.Звегинцев, А.А.Реформатский, Л.Н.Капанадзе).
Сонымен бірге, «Терминнің ерекшелігі оның тұрпат межесінде емес, мазмұн межесінде, яғни, оның мағына сипатында. Ғылыми термин – бұл ғылыми ұғыммен байланысты мағынасы бар тілдік бірлік. Бірақ бұл мағына ғылыми ұғымның тек негізгі және маңызды белгілерін ғана көрсетеді» деген пікірлер бар екені белгілі 5, 37.
Біздің ойымызша, термин-сөздер – ғылыми ұғымдарға сәйкес келетін арнайы терминологиялық лексикалық мағынасы бар тілдік құрылымдар.
Аударматану саласының терминологиялық жүйесіне жататын терминдердің барлығына бірдей ортақ сема (архисема) – «аудару ісі» болып табылады. Бұл – «аудару» мағынасын білдіретін өзекті сема. Жалпылаушы сема барлық терминдік атауын «аударма» деген жалпы атау төңірегіне топтастырса, даралаушы сема әр терминдік бірліктің «көркем аударма», «сөзбе-сөз аударма», «төлтума аударма», «толыққанды аударма», «еркін аударма», «баламалы аударма» секілді мағыналық ерекшеліктерін көрсетеді.
Осы негізде айқындалған терминдердің сема түрлерін, жалпылаушы және даралаушы белгілерін төмендегі кесте үлгілерімен көрсетуге болады

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Аслан
Просмотров: 2873 | Загрузок: 817 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>