Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты (ХХ ғ. 20-30-шы жж.) - Ғылыми жұмыс - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Қазақ шаруаларын отырықшылыққа көшірудегі мемлекет саясаты (ХХ ғ. 20-30-шы жж.)

Скачать реферат с сервера 09.08.2010, 05:43
загрузка...
КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс қазақ көшпелі шаруашылығының жаппай отырықшылануының «ақтаңдақ» беттерін ашып, Кеңес мемлекетінің аграрлық саясатын талдауға және оған қарсы шаруа наразылығын сипаттауға арналған.
Тақырыптың өзектілігі. Еліміз егемен болып, өз тізгінін қолға ұстап, әлемдік өркениет аясында даму сатысына қадам басқанда өткен тарихымызды саралап, бұрын тиым салынған ақиқатты бүкпесіз айтатын, оған жаңа тұрғыдан баға беретін кезең келгендіктен қарастырылып отырған мәселе өзекті екені күмән тудырмайды. 90–шы жылдардың басында тәуелсіз Қазақстан мемлекеті ерікті қоғам ретінде өз тарихы туралы ақиқатты білуге ерекше ынта қоя білді. Қазақстанның өткені, әсіресе кеңестік даму жолының басты және өзекті мәселелері тарихи ақиқат тұрғысынан қайта қаралып, түсіндірілуде.
«Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасында» Қазақстан тарих ғылымы алдында тарихи iлiм-бiлiмнiң үзiктiлiгi мен бiржақтылығынан мүмкiндiгiнше арыла отырып, өткен тарихымыздың шынайы бейнесiн жасау қажеттiгi айтылған [1].
Кеңес дәуірінде тарихи оқиғаларға, сол кездегі тіршілікке, әділдік пен зорлыққа берілетін баға кесіліп-пішіліп, өңі айналдырылып, өзгертіліп берілгендігі бәрімізге белгілі. Бұл шындықты ашық айтуға зерделеуге тәуелсіздік алған кезден бастап мүмкіндік алдық. Қазіргі кезде өз тарихымызды жан-жақты зерделеп, тәлімінен үйрену, одан сабақ алу келешек үшін маңызды екені сөзсіз. Өткен тарихи оқиғалардың маңыздылығы туралы «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» деген еңбегінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев «яғни өткенімізді тұтас күйінде, ешқандай боямасыз, қоспасыз, қаз-қалпында қабылдағанымыз ләзім. Ал өткен жылдар шежіресін үнемі әрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тәжірибенің жақсысынан үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет», - деп баға берген [2]. Түрлі мұрағат қорларында қатталып, қолға берілмей, шаң басқан шындықты жарыққа шығарып, халықтың еншісіне беру - уақыт талабы.
Жер мәселесі мемлекеттің ең басты мәселесі, тіршілік құралы ретінде әлеуметтік-экономикалық мәнін еш уақытта жоймайды. Қоғам дамыған сайын жер қатынастары ішкі-сыртқы факторларға байланысты күрделене түседі. Қазақ қоғамында жер дауы мен жесір дауы руаралық қақтығыстардың негізі болса, патша өкіметінің отаршылдығы, кейіннен Кеңес өкіметінің мемлекеттік саясаты жер мәселесін одан сайын тереңдетті.
Ресей империясы ХІХ ғ. соңында қазақ жерлерін зерттеу мақсатында Қоныстандыру басқармасы арқылы әр уезге экспедициялар шығарғаны мәлім. Бұл саясат отар аймақты онан әрі игеруге, қазақты құмдақ және шөлейт жерлерге ығыстыру мақсатында іске асырылды. Біртіндеп отаршылар көшпелі және жартылай көшпелі қазақ ауылдарын отырықшылыққа бет бұрдыру саясатын да қоя бастаған еді. Мұны тек Кеңес өкіметі ғана күшпен іске асырды.
Кеңестер Одағында жаппай ұжымдастыру үрдісі басталған кезде көшпелі және жартылай көшпелі шаруалар қожалықтарын жаппай отырықшыландыру мәселесі қоса көтерілді. Қазақстандағы отырықшыландыру ісін бастаған Ф.И. Голощекин бұл іске бірден саяси мазмұн беруге тырысты. Мұның өзі жаңа экономикалық саясат жылдары саяси тұрақтылық орныққан қазақ ауылына саяси дүрбелең туғызатын қауіп болды. Алғашында Республика үкіметі отырықшыландыру аудандарындағы ұжымшарлардың бастапқы түрі жерді бірігіп өңдейтін серіктіктер және малды бірігіп өсіретін серіктіктер болу қажеттігін көрсетті. Шын мәнісіне келгенде отырықшыландыру көрсеткіші төмен болған. Қазақстан басшылығының өзі де отырықшыландыру күшпен, дайындықсыз іске асырылғанын мойындауға мәжбүр болған, сондықтан алғашқы жылдары қателіктер мен қиыншылықтар болды. Шаруға берілген несие ақша да аз болатын. Өз отбасына арнап үй салудың негізгі ауыртпалығы зорлап отырықшыландырылған шаруаның өз мойнына түсті. Сондықтан алғашқы жылдары олар көбінесе жер үйлерге немесе балшықтан, қамыстан салынған лашықтарда тұрды. Алайда партия ұйымдары осының өзін керемет үй беріп тастағандай үлкен жиналыстарда ауыз толтырып айтатын.
Ұжымдастыру мен отырықшылыққа көшіру жылдарында Қазақстанда дәстүрлі мал шаруашылығы күйреп, малынан айырылып, баспанасыз әрі аш қалған қазақтар еріксіз үкімет саясатына бас иді. Сондықтан колхозға мүшелікке жаппай еріксіз кіріп жатты. Алайда отырықшыландырудың алғашқы бесжылдығында орындалмай қалған күрделі міндеттерді Кеңес өкіметі келесі бесжылдықта жүзеге асырды. Отырықшыландыру жылдарында қазақ ауылының мәдени-әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті. Аталмыш тақырып осы жақтарымен де өзекті.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. ХХ ғ. 20-30-шы жж. аграрлық реформалар, қазақ шаруаларын жаппай ұжымдастыру және отырықшылыққа көшіру Қазақстан тарих ғылымында едәуір зерттелді. Алайда мемлекеттік саясат ретінде қалай іске асырылды, оның тарихи тамырлары, жалпы әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани нәтижелері әлі де болса терең зерттеуді қажет етеді. Оның ақтаңдақ беттерін ашу қысқа мерзімде бітетін іс емес деп ойлаймыз.
Кезінде Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев қазақ халқының экстенсивті көшпелі мал шаруашылығы жағдайында, басқа халықтармен салыстырғанда қоғамдық дамуы жағынан артта қалушылықтан құтылу үшін, шаруашылық әдісін өзгертуді, яғни көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа көшудің қажеттігін айтты. Қазақ жерлерін отарлауды үдету үшін Ф. Щербина экспедициясының материалдары негізінде әлеуметтiк мәселелер жөнiнде ақпарат алғанын айта келіп, либералдық-кадеттiк бағыттағы статистик А.А. Кауфман өз еңбектерiнде қазақ қауымына орыс қауымының белгiлерi көшкенiн көрсетеді [3]. П. Румянцев пен К.О. Валь қазақ ауылын таптық дифференциация тұрғысынан қарастыруға талпынған. Олар өз еңбегiнде көшпелi шаруашылықтағы өзгерiстердi шаруаларды отарлаумен және ауылға капиталистiк қатынастың енуiмен сипаттайды. Алайда олар фактiлердi баяндаумен шектелдi. К.О. Валь қазақтар арасындағы экономикалық қатынасты ғылыми түрде зерделесе, Б. Родневич отаршылықтан социализмге аяқ басу эволюциясын сипаттаған.
Кезінде белгілі саясаткер және зерттеуші Т. Седельников патша өкiметiнiң отарлау саясатын сынай отырып, қазақтардың жерiн тартып алу науқанын құптамады. Алайда автор қазақ даласындағы жер үшiн күрестi таптық позиция тұрғысынан емес, көшпелi және отырықшы феодалдар арасындағы күрес ретiнде қарастырды [4]. Ол осы кезде орын алған тарихи жағдайды көрсетуге тырысқан. Мысалы, Т. Седельников қазақтарға пайдалануға берiлген жердiң азаюы салдарынан олардың бiрте-бiрте отырықшы-егiншi шаруашылыққа өте бастағанын ашық жазады. Осыған орай бiрнеше шаруашылық типтерiнiң: таза мал шаруашылығы, мал шаруашылығы және егiншiлiк, таза егiншiлiк, егiншiлiк-кәсiпшiлiк пайда болып, дамығанын көрсетедi. Ол Қазақстандағы аграрлық жағдай жөнінде дәйекті пікір айтуға талпынған. Бұған жеті жыл бойы Қазақстандағы аграрлық мәселемен жан-жақты таныс болуы мүмкіндік берді. Ол өз еңбегінде А. Кауфманның тұжырымдарын өткір сынға алды [4]. «…құқықтық жағынан біз екі тұлғаның жалпы иеленуінің кәдімгі түріне тап болып отырмыз: бірінші тұлға – бұл тұтастай орыс қол астына қарайтын қазақ халқы, екінші тұлға – мемлекет»,- деп жазды [4, 17 б.]. Автор ресми түрде қазақ халқының атынан сөйлеп, Қазақстанда жер қатынасын қалпына келтіруді талап етті. Л.Чермактың еңбектерiнде қазақтардың жердi пайдалану формалары мен патша өкiметiнiң отаршыл бюрократтық әкiмшiлiгi ұтымды түрде сипатталады
ХХ ғ. 20-60-шы жж. Қазақстан ауыл шаруашылығының ерекшеліктері, жер саясатына қатысты көптеген еңбектер жарияланды. Бұл тұрғыда Ә. Бөкейханов, Т. Шонанов зерттеулері өте маңызды. Таптық тұрғыдан бұл мәселені Ғ. Тоғжанов та баяндады. 1917 ж. дейін жердi пайдалану, қазақтардың егiншiлiкпен айналысуы, көшпелілердің отырықшылануы П.В. Погорельский, Л.М. Әуезова, А. Геллердің, А. Ереновтың және т.б. еңбектерiнде баяндалады. Қазақстандағы аграрлық қатынастарға П.Г. Галузоның, Б.С. Сүлейменов еңбектерiнде сипаттама берiлген [5]. Кеңестік тарихнамада Қазақстандағы 20-30 жж, ауыл шаруашылығындағы өзгерістер, ұжымдастыру, ұжымшар-кеңшар құрылыстары, кадр мәселесі туралы Б.А. Төлепбаев, Г.Ф. Дахшлейгер, Ә.Б. Тұрсынбаев, Ф.И. Колодин, Т.А. Әйтиев, Ж. Жұмабеков және басқаларының зерттеулері бар.
О. Сексенбаев өз өзерттеуінде жер туралы заңның Кеңес дәуірінде қалай жүзеге асқанын сипаттаса, А.Д. Дауылбаев еңбегінде ауыл шаруашылығының жалпы жағдайы баяндалған. Алайда олар кеңестік идеология аясынан шыға алмады.
В.Ф. Шахматов көшпелi мал шаруашылығындағы дағдарыстың себептерiнiң бiрi жеке меншiк жер пайдалану және жайылымдарға жеке меншiк иелiктiң пайда болуынан деп санады [6]. Автор көшпелi шаруашылықта жердi пайдаланудың түрлерін көрсете отырып, Қазақстанның әртүрлi аудандарында жердi пайдалану бiркелкi болған жоқ деген қорытындыға келедi. С.А. Сүндетовтың еңбектерiнде ауыл шаруашылығына капитализмнiң енуi туралы мәселе сөз болады. Ә.Б. Тұрсынбаевтың зерттеуiнде үш революция тұсындағы қазақ ауылы көрсетiлiп, шаруашылық эволюциясы мен әлеуметтiк құрылысы, ұжымдастыру барысы сипатталады. Жалпы революцияға дейінгі жер мәселесі туралы, кеңестік аграрлық саясат туралы ақиқат тұрғысынан жазылған зерттеулер ХХ ғ. 90-жылдарынан бастау алады. Мысалы Г.А. Сатыбекова еңбегiнiң артықшылығы «Айқап» журналының материалдары бойынша қоныс аудару саясатына талдау жасалған [7]. Сол сияқты белгілі библиограф Ү. Субханбердина “Айқап” бетіндегі мақалалар мен хат-хабарларды жарыққа шығаруы да бұл мәселенің зерттелу ауқымын кеңейтті [8]. Г.И. Желтова партияның ұлттық саясатының Түркістандағы аграрлық қатынасты жүзеге асырудағы науқанын көрсеткен [9].
Г.Ф. Дахшлейгер Қазақстандағы ауыл мен деревнядағы әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар туралы пайымдамалар жасады. Олар қазіргі ғылым үшін маңызын жоғалтқан жоқ. Көрнекті ғалым Б.А. Төлепбанвтың іргелі зерттеулерінде Орта Азия мен Қазақстандағы аграрлық өзгерістер баяндалады. Оларда Түркістан АКСР-ы қарамағында болған Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы жер мәселесі зерттелген.
Тақырыпқа қатысты А. Жаманқұловтың кандидаттық диссертациясы алғашқы зерттеу болып табылады (“Опыт перехода казахских шаруа к оседлости (1917-1937 гг.): автореферат дисс. ... к.и.н. –Алма-Ата, 1969. -31 с.). Қазақ тілінде жазылған бұл зерттеу бай дерек көздері негізінде қазақ шаруаларының отырықшылыққа көшу тәжірибесін кеңестік кезеңдегі тұжырымдама тұрғысынан пайымдайды. Автор сол кездегі қиындықтарға қарамастан оның қайшылықтарын да көрсетуге тырысқан.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін жазылған зерттеу жұмыстарының отандық тарихнамада алатын орны ерекше. Бұл еңбектердің құндылығы сонда, оларда Қазақстанның кеңестік кезеңдегі тарихына мұрағат қойнауларында ондаған жылдар бойы құпия сақталып, ғылыми айналымға түспеген құжаттар негізінде шынайы баға берілген. Мысалы, Ж.Әбілхожиннің зерттеулерінде қазақ халқының дәстүрлі өмір сүру шаруашылығының қалай қарастырылып, кеңестік аграрлық реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру зардаптары қарастырылған. Автордың 1991 ж. «Ғылым» баспасынан шыққан «Традиционная структура Казахстана» деген монографиясында қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс-тіршілігі, оның шаруашылығы туралы теориялық пайымдаулары, оны бір мезгілде күштеп қаратудың трагедиялық сипаты аясында қарастырылған. Онда отырықшыландыру саясатына да талдау жасалған. Ө. Озғанбай еңбегінде Алаш зиялыларының еңбектеріне талдау жасай отырып, патша өкіметінің отаршылық саясатын аша білген. К. Нұрпейісов, Т. Омарбеков, М. Қойгелдиевтің зерттеулері Алаш зиялы қауымының өз заманындағы тарихи оқиғаларға атсалысқан қызметтері мен жазған еңбектеріне талдау жасағанымен құнды [12]. Ұжымдастыру жөніндегі Т. Омарбеков, М. Қозыбаев, Ж. Әбілхожин, Қ., Берденова К.Ә., Алдажұманов, Ж.Т. Таңатарова, Е. Қуандық және басқаларының зерттеулері отырықшыландыру саясатын ашуға көп үлес қосты. Көрнекті ғалым М.Х. Асылбековтың және демограф Ә.Б. Ғалиев пен М. Тәтімовтың еңбектерінде Қазақстандағы 20-30 жж. әлеуметтік-демографиялық үрдістер жан-жақты зерттеу арқауы болды.
Көрнекті ғалым М.Қ. Қозыбаевтың Қазақстан тарихындағы «ақтаңдақтарға» байланысты еңбектері және оның ұжымдастыру мен ХХ ғ. 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы зерттеулері бұл мәселені саралауға көп септігін тигізді. Ғалымның 1990 ж. зерттеушілер Ж. Әбілхожин және М. Тәтімовпен бірігіп жазған “Казахстанская трагедия” атты мақаласы “Вопросы истории” журналы арқылы Москвада жарияланып, 30-жылдардағы алапат аштық пен босқындық зобалаңын әлемге алғаш рет әйгіледі. Сол сияқты К.Н. Нұрпейісовтың қазақ шаруалары туралы бұрынғы кеңестік кезеңдегі және соңғы жылдардағы зерттеулері ХХ ғ. 20-30 жж. туралы көп мағлұмат береді.
Ғалым Т. Омарбековтың «Зобалаң», «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері», «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан қасіреті» зерттеулерінде сталиндік-кеңестік кезеңнің қайшылықты тұстарының көлеңкелі, бірақ тарихымызда ұзақ жылдар “жабық” болып келген мәселелері жаңа, егемен елдің тарихы тұрғысынан қарастырылған. Бұл еңбектерде біз талдап отырған мәселенің де тұстары көрсетілген. Зерттеуші Қазақстандағы жаппай кеңестендіру саясатын, сауатсыздықты жою, қазақтандыру науқанын, мәдени құрылыс тарихын тың деректер арқылы ашуда Қазақ Орталық Атқару Комитетінің қызметіне тоқталып өткен. Кеңестендіру саясатының салдарларын көрсете келе, автор жаңадан бой көтеріп келе жатқан тоталитарлық қоғамға халық бұқарасына жанашыр, қамқоршы болатын ұйымдардан гөрі, осы халықты үрей психологиясы ауқымынан шығармай, белгілі бір саяси шеңбер ішінде ғана айналып әрекет жасайтын, адамдарды ресми саясатқа қарсы келмей, керісінше, оны әркез бас шұлғып қолдаумен қанағаттанатын рухта тәрбиелейтін мемлекеттік органдардың қажет болғандығын баса көрсеткен. Сондай ұйымдардың қатарында билік партиясының органы ВК(б)П Өлкелік комитетімен қатар Қазақстан Орталық Атқару Комитеті де бар еді.
Сондай-ақ ғалым ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында Қазақстанда кеңестік тоталитарлық жүйе жүргізген “Кіші Қазан”, байларды тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру сияқты төтенше саяси-шаруашылықтық науқандарына мұрағат құжаттары мен материалдары негізінде талдау жасап, шынайы ғылыми тұжырымдар түйіндеген [13].
Зерттеуші Ғ.Х. Халидуллиннің көлемді монографиялық еңбегінде («Политика советского государства в отношении казахских шаруа (1917-1940 гг.». –Алматы, 2001. -213 с.) кеңес мемлекетінің аграрлық саясатына, оның ішінде қазақ шаруаларына тікелей қатысты оқиғалар тың деректер негізінде баяндалған. Автор қазақ шаруаларының кеңес өкіметі жылдарындағы саяси-әлеуметтік жағдайын, аграрлық реформалар барысын зерттей отырып, негізгі назарды ұжымдастыру қарсаңындағы шаралар мен ұжымдастыру және оған шаруалардың қарсылық қозғалысына аударған. Монографияда көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру аграрлық реформаларды іске асыру аясында қарастырылған.
О.Х. Мұхатова еңбектерінде аграрлық тарихнамаға шынайы талдау жасалса [14], Е. Қуандықовтың еңбегі ұжымдастыру кезіндегі солақай саясатты көрсеткен [15]. Ж. Таңатарова зерттеулерінде қазақ ауылын ұжымдастырумен қатар отырықшылыққа көшіру барысы, бұл тұрғыдағы мемлекет саясаты тың деректер негізінде ашылған. Ж. Таңатарова Батыс Қазақстандағы ұжымдастыру мен отырықшыландыруға көшіру науқанын Еділ бойындағы қалмақ шаруаларындағы науқанмен салыстыра зерттеуі көп мағлұмат береді.
ХХ ғ. 20-30 жж. аграрлық саясатқа қатысты Б. Жұмағұлов, Н. Байқадамов, К. Жаулин, С. Жәкішева, Д. Қожамжарова, Н. Алпысбаева және басқаларының кандидаттық диссертацияларында да тың деректер мен пайымдаулар жасалған.
Шетелдік тарихнамада да зерттеліп отырған мәселе бойынша жарияланымдар бар. Ресейлік тарихнамада бұл мәселе В.П. Данилов еңбектерінде және басқа да зерттеулерде жол-жөнекей аталып өтеді. Американдық ғалым, саясаткер М. Олкоттың «Қазақтар» деген кітабында да бұл мәселе жалпылама түрде, негізінен кеңес кеңес тарихшыларының еңбектеріндегі деректер негізінде баяндалған. Арнайы зерттеуге тоқталсақ, бұл мәселе француз ғалымы Изабель Ойянаның КСРО қазақтарын отырықшыландыру және Қазақстан мен Орта Азия шаруаларын ұжымдастыру туралы монографиясында арнайы қарастырылған (“La sédentarisation des Kazakhs dans L´URSS de Staline. Collektivisation et changement (1928-1945)” Maisonnuve et Larose. -2006. –p.416). Автор Қазақстанда 1990 жылдардан бері қарай жарық көрген құжаттық жинақтар мен қазақстандық зерттеушілер еңбектеріне сүйене отырып, қазақ шаруаларының әлеуметтік жағдайын, отырықшылануын, ұжымдастыру барысын және оған қарсы шаруа наразылықтарын баяндайды.
Жалпы қазіргі тарихнама отырықшыландыру мәселесін әлі де зертеу қажет екенін көрсетеді.
Зерттеу жұмысының деректік негізі. Жұмыстың негiзiне тарихи, этнографиялық, статистикалық, мұрағат, баспасөз материалдары бойынша кешендi деректер алынды.
Зерттеудiң деректiк негiзiнiң бір тобын мұрағат құжаттары құрайды. Оның материалдары ҚР Орталық Мемлекеттiк мұрағатының 30, 74, 643, 1179, 64 қорларынан пайдаланылды. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорындағы материалдар да ғылыми айналымға енгізілді.
Зерттеуде сонымен қатар тақырыпқа қатысты кезеңдегі заң жинақтары, Кеңес өкіметінің қаулы-қарарлары, ұжымдастыру науқаны туралы жарияланған құжаттық жинақтар мен материалдар да кеңінен пайдаланылды. Сонымен қатар БК(б)П шешімдері мен мен құжаттық материалдары да кеңестік мемлекеттік саясатты талдауға арқау болды. Атап айтқанда БК(б)П XV съезінің стенографиялық есебі, БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті қаулылары, Қазақстан Компартиясы съездері, пленумдарының шешімдері, қарарлары, СОКП съездерінің, конференцияларының және пленумдарының материалдары да жұмыста көрініс тапты.
Деректердің келесі бір үлкен тобын баспасөз материалдары құрайды. Олардың қатарында ХХ ғ. 20-30 жылдарындағы “Қызыл Қазақстан”, “Народное хозяйство Казахстана”,“Большевик Казахстана”,“Советская степь”, “Еңбекші қазақ” мерзімді баспасөз материалдары да бар. Бірақ ол материалдар кеңестік ресми баспасөз бетінде жарияланғандықтан тақырыпқа бір жақты сипат беретінін айту қажет.
Зерттеу жұмысының мақсаты Кеңес өкіметінің қазақ шаруаларын отырықшыландыруға байланысты мемлекеттік саясатын талдау. Осы мақсат тұрғысынан алға мына міндеттер қойылды:
- революцияға дейінгі қазақ шаруаларының жағдайы;
- ХХ ғ. 20-жж. қазақ шаруаларын жерге орналастыру және отырықшыландыру мәселелеріне шолу жасау;
- жаппай ұжымдастыру қарсаңында қазақ шаруаларының жағдайы және отырықшылыққа көшіру мәселесі;
- көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруашылықтарын отырықшылықтандыру және ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру;
-отырықшыланатын шаруашылықтарға мемлекеттік және қоғамдық жәрдем дәрежесін айқындау;
- ауыл шаруашылығындағы күштеу саясатын талдау;
- отырықшыландыру комитеті және оның қызметін сипаттау;
- ұжымдасқан қазақ ауылдарындағы мәдени-әлеуметтік жағдай;
- отырықшыландырудың негізгі нәтижелері мен мәселелеріне анықтама жасау.
Ғылыми жаңалығы. Мұрағат құжаттары мен тарихи деректер негізінде қазақ шаруаларын отырықшыландыру мәселесі аясында Кеңес өкіметінің сыңаржақ аграрлық саясатына талдау жасалынады.
- Кеңес мемлекетінің аграрлық саясатында қазақ шаруаларының көп жағдайда дәстүрлі шаруашылық ерекшеліктері есепке алынбағаны баяндалады..
- Жұмыстың негізгі ғылыми жаңалығы көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру арнайы даярлықсыз, материалдық-техникалық негізі жасалмай, ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру аясында қосалқы науқан ретінде іске асырылуын көрсету.
Зерттеудің теориялық-методологиялық негіздері. Диисертацияның теориялық-әдіснамалық негіздерін тарихи зерттеудің жалпы ғылыми әдістерінің жиынтығымен қатар тарихи талдауға тән таным теориясы заңдылықтары құрайды. Осындай ұстанымдарды пайдалану белгілі бір тарихи оқиғалар мен процестерді саралауға мүмкіндік берді.
Жұмыста проблемалық, тарихилық, объективтілік, әлеуметтік жүйелеу, талдау, логикалық принциптер мен әдістердің қолданылуы шынайы ақиқатқа жетудің басты шарттары ретінде саналып, еңбекте кең қолданылды. Сонымен қатар қазақ шаруаларына қатысты статистикалық деректер мен құжаттар салыстырмалы түрде сараланып, тақырыптың мазмұнын ашуда объективтік принцип басшылыққа алынды.
Қорғауға ұсынылған негізгі қағидалар.
- көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын отырықшыландыру мәселесінде жер туралы кеңестік мемлекет саясатын пайымдау;
- жаппай ұжымдастыру қарсаңында қазақ шаруаларын отырықшылықтандыруға экономикалық негіздердің жетіспеуін көрсету;
- жаппай отырықшылыққа өтуде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру науқанының қатар жүргізілгенінің зардаптарын айқындау;
- отырықшыландыру науқанына қатысты мемлекеттік және қоғамдық жәрдем деңгейі төмен болуы;
- ауыл шаруашылығындағы күштеу саясаты мен отырықшыландыру науқанының қатар жүргізілуі - бұл мәселедегі кеңестік мемлекеттік саясат;
- отырықшыландыру комитеті және оның қызметі;
- шаруалар үшін жер участоктарының белгіленіп, усадьбалық жоспарлау жұмыстарының барысы;
- отырықшылыққа көшкен халықтың әлеуметтік мәселелерінің шешімін таппағандығы.
Зерттеу пәні. ХХ ғ. 20-30-жж. көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын жаппай отырықшыландыру науқанын іске асыру.
Зерттеу объектісі. Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатының бір нысаны болған қазақ шаруашылығының жаппай отырықшылануы дәстүрлі шаруашылыққа соққы болғаны және осыған қарсы қазақ шаруа қарсылығының өріс алуы.
Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Диссертацияда алынған ғылыми қорытындылар кеңестік тоталитарлық жүйенің қазақ халқының қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіне тигізген ықпалын, сталиндік-голощекиндік солақай саясаттың мәнін ашуға мүмкіндік береді. Зерттеуде пайдаланылған материалдарды, мұрағат құжаттарын талдап, оларды зерделеу нәтижесінде алынған тұжырымдар кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихынан іргелі еңбектер, оқу құралдарын жазуда септігін тигізеді деп ойлаймыз. Зерттеу нәтижесін жоғары оқу орны дәрістерінде, семинар сабақтарында пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі нәтижелері мен тұжырымдары бойынша ғылыми басылымдарда 5 мақала жарияланды. Астана, Алматы қалаларында өткен халықаралық конференцияларда 4 баяндама жасалды. Диссертация Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде талқыланып қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық зерттеу кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі айқындалып, мақсаты мен міндеттері, әдістемелік неггізі, ғылыми жаңалығы мен негізгі қағидалары, зерттеу пәні мен объектісі анықталып, тақырыптың зерттелу деңгейі мен деректерге сипаттама жасалды.
«ХХ ғ. алғашқы ширегіндегі қазақ шаруаларының жағдайы» атты бірінші тарауда патша өкіметі мен жаңадан орнаған кеңес мемлекетінің аграрлық саясатына талдау жасалған.
Отарлық езгіге түскен қазақ елінің тарихи тағдыры оның халқының негізгі құрамы болып саналатын шаруалардың жағдайымен тығыз байланысты еді. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында елдің территориясынан Ресей империясының құрамына күштеп қосып алу толық аяқталды. 1867-1868 жж. Жүргізілген әкімшілік реформасына сәйкес қазақ даласы Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарына бөлінді. Олрадың құрамына алты облыс енді (Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария). Ішкі (Бөкей) ордасы 1872 ж. Астрахан губерниясының құрамына беріліп, Маңқыстау Закаспий облысына қосылды. Сөйтіп, қазақ даласы бөлшектеліп, отарлық басқару жүйесіне бейімделді. 1881 ж. Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының орнына осы екеуін біріктірген Дала генерал-губернаторлығының құрылуы тек отарлық үстемдікті нығайтқаны болмаса, қарапайым халық бұқарасына ешқандай жеңілдік әкелмеді. Керісінше өлкені басқарудың отарлық жүйесі бұрынғыдан да күшейіп, қазақтар өзінің байырғы жерлерінен ығыстырыла берді.
1897 ж. жалпыресейлік санақ бойынша Қазақстан жерінде 4 млн. 148 мың адам тұратын еді. Олардың ішінде 3 млн. 393 мың қазақ (81,7 %), 454 мың орыс (10,9%), 80 мың украин (1,9%) бар болатын [16]. Өлкедегі халықтың 90%-дан астамы ауылдық жерлерде, селолар мен станицаларда тұратын. 1897 ж. оларда 3 млн. 666 мың адам тұрды [17]. Міне осы халық негізінен көшпенді мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысқан еді.
Қазақ жерінде ол кездегі экономиканың негізін мешеу қалған экстенсивті ауыл шаруашылығы құраған болатын. Жерді пайдалану ол кезде 1891 ж. 25 наурызда патша бекіткен Далалық ереже бойынша жүргізілді. 1893 ж. күшіне енген бұл ереженің 119-бабында өлкедегі барлық жерлер мен орман-сулар мемлекет меншігі деп жарияланды. Ал осы ереженің 120-бабы бойынша көшпенділер жайлап жүрген жерлер олардың қауым болып пайдалануына шектеусіз мерзімге қалдырылды. Қазақтар өз жерін бұрынғы әдет-ғұрпынша және аталған ереженің ұйғарымына сәйкес пайдаланады деп шешілген болатын. Бірақ патша жарлығында қазақ шаруаларына (ол бүкіл халыққа деген сөз) тиімсіз, тіптен зардабы өте зиянды бір ереже бар еді. Ол көшпенділерден артық қалған жерлер. Жер және мемлекеттік мүлік министрлігінің қарамағына көшеді деген қағида болатын. Міне, осы ереже бойынша қазақ жерлері ғасырымыздың басынан бастап бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін отарлық талан-тараждың жаңа сатысына ілікті.
Патша өкіметі ХІХ ғ. 20-шы жылдарында қазақ жерлерін мемлекеттік меншік деп жариялаған болатын. Сол кезден бастап іс жүзінде қазақ жерлері орыс крепостниктері мен отарлық жүйенің сенімді тірегі казак әскерлерінің билеп төстейтін меншігіне айналған еді. Қазақтар сол кезден бастап патша өкіметіне көп салық төлейтін болды. Оның мөлшері әр шаңырақтан 34 сомға дейін жетіп отырды. Мұның өзі белгілі бір пайдаланып отырған жер көлемімен байланысты болған жоқ. Сондықтан оны қазақтардың “қазына жерін” басып жүргені үшін төлеп отырды деп те айтуға болады.
Қазақстанның Ресейге қосылуы кезеңінде әскери-стратегиялық және отарлық мақсатпен өлкеге қоныс аударған орыс шаруалары мен казактар жергілікті халық үшін әуелде полициялық міндетті атқарған болса, ХХ ғасырдан бастап Ресей патшалығының бұл бағыттағы жұмысы негізінен империяның орталық аудандарынан орта және кедей шаруаларды ығыстырып, шығысқа, оның ішінде қазақ даласына қоныстандырып, оларды жермен қамтамасыз етуге ойысты. Ол кезде империяның ішкі губернияларындағы жеке меншік жерлердің жетіспеуі орта және кедей шаруаларға жер үлесін беруге кедергі келтірді. Сондықтан “басы артық” шаруаларды жаңа жерлерге қоныстандырып, шұрайлы жер беру арқылы оларды өздеріне қаратуға, сөйтіп бұратана халықтар арасында оларды тірек етуге патша өкіметі ерекше назар аударды.
Патша өкіметінің бұрынғы помещиктік-крепостниктік саясаты ХХ ғ. бас кезінде күйзеліске ұшырай бастаған еді. Өндіргіш күштерді тежеп отырған кедергілерді жойып, деревняда капиталистік қатынастарды одан әрі өркендетуге жол ашу қажеттігін үкімет басындағылар айқын сезінді. Патша үкіметінің басына келген П.А. Столыпин бұл бағытта көптеген шараларды іске асырды. Оның үстіне өршіп келе жатқан революциялық қозғалыс пен халық наразылығы да аграрлық қатынастарға өзгеріс енгізуге мәжбүр еткен болатын. П.А. Столыпиннің айтуы бойынша Ресей өкіметі “бейшаралар мен маскүнемдікке салынғандарға емес, әлділерге” арқа сүйеуі қажет болды. “Мықты жеке меншік иесін” жасау бағыты негізінен деревня кулактары қатарын көбейтіп, ұсақ жеке меншік иелерін жермен қамтамасыз ету саясаты арқылы іске асырылды.
Помещиктік жер иеленушіліктің негізін сақтай отырып, патша өкіметі Ресейдің орталық аудандарындағы қауымдық жерлерді кулактарға бөліп берумен ғана шектелген жоқ. Жоғарыда айтылғандай, мыңдаған шаруаларды елдің шығысына, оның ішінде отар өлкелеріне қарай қоныс аудартып, ондағы жерлерді соларға бөліп берді. Сөйтіп 1906 ж. 9 қарашадағы патша жарлығы бойынша жүргізілген аграрлық реформа Қазақстан шаруаларының тағдырына ерекше әсер етіп, олардың көпшілігін тағы да ата қонысынан ығыстырды.
Ресейдің өз ішіндегі кедей шаруаларды жер үлесі жетпегендіктен және олардың саяси-экономикалық наразылықтарын басу үшін Оралдың шығыс жағына, Сібір мен Қазақстанға және Орта Азияға қоныс аудартқанымен, патша өкіметі елде тыныштық орната алмады. Керісінше жаңа жерлерге қоныс тепкендер мен жергілікті халық арасындағы қайшылық шиеленісе түсті. Оның үстіне бұрыннан қалыптасқан қауымдықтарды күшпен тарту экономикалық жағынан әлсіз шаруалардың өз жер үлесін игере алмай, қайыршылық күйге түсуін күшейтті.
Әрине, нарықтық қатынастарды дамыту үшін П.А. Столыпин жүзеге асырған аграрлық реформа елдің бір бөлігі, әсіресе, қауымдық қатынастарға үйренген қарапайым шаруалар тарапынан қатты наразылық тудырғанымен, ауқатты шаруалар – кулактарға және помещиктерге пайдалы болды. Бүгінгі Ресейдің қоғамдық-саяси өмірінде, кейбір экономистер мен тарихшылардың, журналист-жазушылардың еңбектерінде П.А. Столыпин реформасын барынша дәріптеуде үлкен мән жатыр. Олар 1917 ж. дейінгі Ресейдің күшеюіне, әсіресе, оның 1913 ж. қарай экономикалық жетістіктерінің көтеріңкі болуына осы реформаның әсері күшті болғандығын қатты дәріптейді. Солай екені де рас. Бүгінгі бұрынғы КСРО көлемінде болып жатқан өзгерістер, аграрлық салада меңдеп келе жатқан жеке меншік қатынастар өткен тарихпен сабақтас.
Әйтсе де П.А. Столыпиннің реформасы Ресей шаруаларының, солар арқылы өз елінің мүддесін көздегенімен, барлық өзгерістер бұратана, отар халықтар үшін зардабы мол, ауыр іс болғаны айқын. Мысалы 1906 ж. бастап Қазақстанға қоныс аударушылар легі ағыла бастады. 1910 ж. кейін бұл науқан саябырлағанымен, төңкеріске дейін тоқтаған жоқ.
1891-1905 жж. аралығында Ақмола, Семей, Торғай және Орал облыстарына Ресейден және басқа да батыс облыстардан 234 134 қоныс аударушы, ал өз бетімен – 56980 адам келіп орналасқан еді. Олардан Қазақстаннан басқа жаққа кеткені небәрі 133 216 адам екен. Сөйтіп төрт облыс жеріне 1200 мың адам қоныс тепті. Көлемі жағынан аздау болса да, дәл осындай жағдай оңтүстік облыстарда да орын алды. Мысалы Жетісуға 1907-1910 жж. аралығында 104 804 адам келсе, соның тек 10 мыңы ғана тұрақтамай, басқа жаққа кеткен екен. 1906-1910 жж. аралығында Қазақстанға қоныс аударушылар саны 700 мыңға жетті. Сөйтіп ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басында Қазақстанға барлығы 1,5 млн қоныс аударушылар келіп орналасты [18].
Қоныс аударушылар отарлық әкімшілік аппаратының көмегімен ең шұрайлы деген жерлерді, әсіресе су алқаптарындағы құнарлы жерлерді басып алды да, мал баққан жергілікті халықты тақыр мен құмға итеріп тастады. Қоныс аударушылар үшін «жер қорын» ұйымдастырған патша өкіметі осы мақсатта бірнеше экспедиция ұйымдастырып, қазақтар иелік етіп, пайдаланатын жер нормасын белгіледі. Осының нәтижесінде 1906-1912 жж. арасында қазақтардан 17 млн. десятина жер күшпен тартып алынды.
Өз ата-қонысынан айырылған қазақ шаруалары жайылым және шабындық жерлерді енді қоныс аударушылардан жалға алуға мәжбүр болды. Патша өкіметі қазақтарға жер нормасын белгілей отырып, оларды да Ресей шаруаларының үлгісімен орналастырғысы келгені рас. Бірақ Мемлекеттік думаға бұл мәселе бір топ саяси партиялар мен депутаттар өкілдерінің ынтасымен қойылса да, шовинистік саясат оған ырық бермеді. Өйткені бұл бұратана, отар халықты империя азаматтарының құқылық дәрежесіне көтерумен бірдей еді. Сондықтан жер мәселесін шешуде патша өкіметі қазақтарды бұрынғы жерінен ығыстырып, белгілі мөлшерде шек қойды. Ал қауымдық-рулық жүйе өзгеріске ұшыраған жоқ.
Көрнекті ғалым, профессор П.Г. Галузо П.А. Столыпин реформасы кезінде қазақ даласында да капиталистік қатынастардың ауыл шаруашылығына ене бастағанын дәлелдеп жазған болатын [19]. Бұл әсіресе жер меншігін нарықтық қатынастарға кеңінен қамту арқылы іске асырылған еді. Бірақ мұндай процесс қазақ шаруаларының өз жерін өзі жалға алып, кіріптар болуынан әрі аса қойған жоқ. Әрине тауар айналымы, рынокқа шикізат шығару (негізінен мал шаруашылығы өнімдері), мал сату, т.б. қатынастар қала мен ауыл, орталық Ресей мен Қазақстан арасында дами бастағанында дау жоқ. Бірақ аграрлық реформа отарлық саясат шеңберінде жүргізіліп, жергілікті халықтың жағдайын шиеленістіріп жіберді.
Қазақ ауылдарында бұрынғы патриархалдық қатынастар орын алып келді. Өзінің мәдени дәрежесі жағынан, әрине, қазақ ауылдары, жалпы қазақ қоғамы, өркениетті елдер қатыранан әлдеқайда төмен тұрды. Еуропалық білім алған қазақтардың өздері ол кезде санаулы ғана адамдар еді. Қазақтың алдыңғы қатарлы ойшыл азаматтары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері өз халқының мұңын шағып, оны қараңғылық қапасынан қалай шығарудың жолдарын іздеп зар қақты. Көрнекті ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері Ә. Бөкейханов өзінің еңбектерінде, қызметінде қазақ халқын оятудың саяси жолдарын іздеумен қатар, экономикалық мәселелерін де ойластырған еді. Оның «Қазақтардың жер шаруашылығы» атты еңбегі көшпенді халықты отырықшылыққа көшіру мәселесіне де назар аудартты. А. Байтұрсынов «Маса», «Қырық мысал» кітаптары арқылы қазақ халқының санасын ашуға күш салса, М. Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салды. С. Торайғыровтың «анау сайда қазақ тұр, бастарында азап тұр, ұйқысы көп ояуы аз, бұл не деген ғажап тұр» деп күйінуі де өз халқының қараңғы тұрмыс-тіршілігінен, болмысынан туған зары еді.
Күйбелең күй кешкен қазақ шаруаларының отарлық саясатқа деген наразылығын ешкім де ескерген жоқ. Саяси өмірде оларға басшылық жасай алатын күрескер ұйым ол кезде әлі жоқ болатын. Тек «Алаш» қозғалысының ұйымдасуы ғана ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сатыға өрлеуіне үміт арттырған еді. Осындай жағдайда бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы елдің жағдайын бұрынғыдан да қиындатып жіберді.
Соғыстың басталуы ең алдымен еңбекші халыққа ауыр тиді. Соғыс жылдары шаруашылық жүйесіне көптеген өзгеріс енді. Ең алдымен егістік жерлер көлемі қысқарды. Мысалы 1917 ж. 1913 ж. салыстырғанда дәнді дақылдар егістігінің көлемі 63,5 %-ға қысқарды. Оның есесіне техникалық дақылдар мен бау-бақша көлемі ұлғайды. 1914-1915 жж. әжеттәуір өнім берген астық шаруашылығы 1917 ж. күрт төмендеп кетті [20]. Сырттан әкелуі тоқтатылғаннан кейін, мақта шаруашылығын ұлғайтуға зор көңіл бөлінді. Бұрынғы тарихи әдебиет пен мұрағат деректері бойынша оқ-дәрі жасауға қажет стратегиялық маңызы бар дақылдарды өсіруге күш салғаны мәлім. Олармен елді тек Орта Азия және Қазақстан аймағы қамтамасыз етіп тұрды.
Соғыс жылдары елдің мал шаруашылығына да орасан зор нұқсан келтірді. Соғысқа қажет ат-көліктің бәрін алып кету, қазақ шаруаларын 1916 ж. көтеріліске байланысты контрибуция арқылы тонау – осының бәрі халықты әбден тұралатты. Осы жылдары тек Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың бас жылқы, 13 мың түйе реквизия арқылы алынды. Мұндай жағдай Қазақстанның басқа жерлерінде де болды.
Патша өкіметінің соғыс жыдарындағы саясаты бұратана халықтарды майдандағы қара жұмысқа алу жөніндегі 1916 ж. жарлығына ұласып, бұл бүкіл халықтың ұлт-азаттық қозғалысына әкеліп соқты. Ал мұның негізгі себептерінің бірі отарлық жағдайдағы жер мәселесі еді.
1917 ж. ақпан революциясы мен қазан төңкерісі елде түбегейлі бетбұрыстарға әкелді. Кеңес мемлекетінің Жер туралы Декретінің және басқа да шешімдерінің негізінде азамат соғысынан кейін жүргізілген аграрлық реформалар қоғамда үлкен өзгерістер туғызды. Жаңа экономикалық саясат жылдарында өріс алған ауыл шаруашылығындағы кооперативтік қозғалыс шаруашылықты қалпына келтірумен қатар біртіндеп отырықшылыққа көшу негізінің де іргетасын қалай бастаған еді. Елде пайда болған жаңа елді мекендер, жерді ерікті түрде бірлесіп пайдалану серіктестіктері, мал шаруашылығы серіктестіктері осының айғағы. Алайда кеңес мемлекеті үшін Қазақстан сияқты ұлан-ғайыр жері бар өлкені біртіндеп эволюциялық жолмен басқару, көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтарды барлық экономикалық негіздерін жасап алып барып отырықшыландыру тиімсіз болды. Бұл мемлекеттік саясат тұрғысынан туындаған еді. Сондықтан КСРО көлемінде ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру науқаны Қазақстанды да шұғыл түрде қамтып, отырықшыландыру мәселесін бір мезгілде шешу орталық билікке тиімді көр

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Аслан
Просмотров: 3279 | Загрузок: 426 | Рейтинг: 2.8/5
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>