Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының негіздері

Скачать реферат с сервера 22.08.2010, 00:22
загрузка...
Синтаксистің стилистикаға байланысты қарастырылатын маңызды мәселелердің бір шоғырын парентеза құрайды. Ғылымда парентезаны қыстырма сөйлем, қосымша сөйлем, парентетикалық қосылымдар деп анықтайды. Тіл білімі терминдерінің сөздігінде «сөйлемнің құрамына енгізілген, бірақ онымен грамматикалық байланысқа түспейтін, сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер» айтылады [19]. Синтаксистік, ырғақтық, әуезділік тәрізді мәнерлілік белгілері поэтикалық экспрессивтілік туғызады. Парантеза ассоциативті негізде синтаксистік сөздер тізбегіне қосымша ақпарат қосады. Парентетикалық құрылымдар атқаратын қызметінің байлығына қарай экспрессивті стилистиканың өзге құбылыстарынан кем емес. Солардың кейбіреулері мыналар: айтылымның қандай да бір бөлігінің мәнін күшейту, идеяны айқындау, бағалау хабарламаның әсер ету күшін көбейту т.б.
Осы сияқты лепті сөйлем, қаратпа, сұраулы, атаулы сөйлемдердің де өзіндік экспрессивтік стилистикалық ерекшеліктерін айтуға болады. Грамматикалық стилистикадағы біртұтас сөйлем аясындағы экспрессивті құрылымдар, инверсия мен жалпылау да өзіндік сипатқа ие. Сегментацияның экспрессивті құрылымдары – парцелляция мен антиципация синтагмалық тізбектің мүшеленуінен жасалады. Қос мүшелі бірлестік болатын сегменттелген құрылымдар, бірінші бөлігі жеке позицияға шығады, ал айтылымның «темасы» деп аталатын екіншісі біріншісі туралы ақпаратқа ие («атаулы тема» немесе «атаулы көрініс» атауы осыдан шығады). Бұл Н.Х.Демисинованың монографиясында [29], Л.П.Борисованың жұмысында қарастырылған. Атаулы тақырып пен атаулы көріністің экспрессивтік синтаксистік құбылысы Л.Е.Майорованың зерттеу жұмысының нысаны болған.
4.3 Қайталау және оның экспрессивтік стилистикалық қызметі. Әрбір сөйлеу мәнісі өзіндік қайталау элементімен жан-жақты таныла алады. Бірақ кез келген қайталама стилистиканың негізі болып есептелмейді. Тек берілетін, алынатын ақпараттың эмоционалды, экспрессивті және көркем-эстетикалық ерекшелігін жеткізудегі қайталама түрі ғана стилистиканың ерекшелігі бола алады.Жұмыста қайталамалардың түрлері, олардың экспрессивтік стилистикалық қызметі кең түрде талданды.
Бесінші тарау «Функционалдық стилистика мен экспрессивтік стилистиканың бинарлық бірлігі» деп аталып, тіл бірліктерінің экспрессивтік және функционалдық қызметінің байланысы, ортақ заңдылықтары талданды.
5.1 «Функционалды стилистика мен экспрессивтік стилистиканың ара қатынасы». Лингвистикада тіл стилистикасын зерттеудің бағыттарын және соған сәйкес стилистиканың салаларын мынадай бинарлық қарама-қарсы қою әдісі арқылы ажыратып көрсетуге болады: зерттеу нысанына қарай бөлінісі (стилистикалық ресурстар немесе құрылымдық стилистика, иә болмаса экспрессивтік стилистика және функционалды стилистика); тіл мен сөйлеудің дихотомиясына қарай стильдердің бөлінісі (тіл стильдері мен сөйлеу стильдері); тілді зерттеудегі мақсат-міндетіне қарай бөлінісі (теориялық және практикалық); тілдерді өзара салыстыра зерттеу ерекшелігіне қарай бөлінісі (жеке және салыстырмалы немесе контрастивті); темпоралдық салыстыруларға қатысына қарай бөлінісі (синхронды немесе сипаттамалы және диахронды немесе тарихи). Осыған байланысты қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының жалпы стилистикалық жүйедегі орны, соның ішінде функционалды стилистикамен байланысы және қатынасы анықталады. Функционалды стилистика мен экспрессивтік стилистиканың байланысы мен айырмашылығын және бірін-бірі толықтыратын қатынасын ауызекі сөйлеу тілі мен кітаби жазба тілді, олардың лексикалық, синтаксистік жүйелерін қарама-қарсылық бірлікте алып қарастыру арқылы көз жеткізуге болады. Тілдік узуста ауызекі сөйлеу тілі кітаби жазба тілге қарағанда динамикалы болып келеді де, жаба тілдің дамуының қайнар көзі болып табылады. Ал жазба тіл ауызекі сөйлеу тілі арқылы статикалы сипат алып, оны өз тарапынан нормаға түсіріп отырады. Осы процесте ауызекі сөйлеу тілінің табиғатына тән экспрессивтілік пен кітаби тілдің табиғатына тән функционалдылық диалектикалық қатынаста танылады.
5.2 «Тілдік жағдай және оның қазіргі қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық жүйесінің дамуына әсері». Функционалды стилдің жүйесінде тілдік қолданыстардың шынайы сипаты көрінеді. Сондықтан да тілдің стильдік бөлінуі оның қоғамдық функциясы мен коммуникативтік қолданысы арқылы шешіледі. Сонымен қатар ол функциялардың ерекшеліктері мен салалары тілдік құралдардың бөлінуіне де әсер ететін айқындап отыру керек.
Функционалды стилистика категорияларында қоғамда қалыптасқан тілдік жағдайға байланысты бекітіледі. Тілдің қоғамда қолданылу формаларының белгілі бір қоғамға сәйкес жүзеге асырылуы қажеттілікке және әрекет түрлеріне де байланысты болады. Қазіргі кездегі Қазақстанда қалыптасқан тілдік жағдайда қазақ тілінің өзінің қоғамдағы әлеуметтік функциясында өзгерістер болып жатқаны белгілі. Сонымен қатар қазақ тілі өзінің әлеуметтік функциясын әлі де болса толық орындап отырмағаны да белгілі. Сондықтан болар бүгінгі күні қазақ тілінің ресми-іскери формасы әлі қалыптасып жатыр деуге болады. Осындай тілдік жағдайда тілдік құзіреттілік пен тәжірибенің әртүрлі типтері қалыптасып жатыр.
Қазіргі кездегі қазақ тілінің толық қолданылатын қоғамдық өмір саласы әр түрлі. Б.Хасановтың айтуы бойынша, қазақ тілі 15 негізгі және 57 кіші салаларда қолданылады. Бүгінгі күні іс қағаздарын жүргізу саласына мемлекеттік тілдің қарқынды енгізілуі қазақ тілінің ресми-іскери стилін дамытуға үлкен мүмкіншілік туғызып отырғанын да атап өткен жөн. Бірақ орыс тілінің елімізде әлі де болса, өзі позициясын бермеуі қазақ тілінің өмірдің маңызды салаларындағы функциясына кеңейтуге жағдай туғызбай отыр. Осы қазақ тілі мен орыс тілінің арасындағы функционалдық шекаралар бүгінгі күні анық белгіленіп отыр. Д.Н.Шмелевтің «В условиях двуязычия ситуация и тема разговора могут вызвать переход от одного языка к другому» деп айтуы бойынша, тілдік коммуникацияның жүзеге асуында түрлі және стилистикалық қызық құбылыстар пайда болуы мүмкін. Екі тілдің функциональдық қырынан өзара қарым-қатынасы тіл мәдениеті қырынан назар аударуды да қажет етеді.
5.3 «Ауызекі сөйлеу тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі». Функционалды стилистикада дау тудыратын көптеген мәселелер бар екені сөзсіз. Ғалымдар көркем сөйлеудегі лингвостилистиканың статусы қандай, функционалды стильді бөліп қарастырудың критерийлері қандай, сөйлеу стилі мен тіл стилін бөлу қаншалықты дұрыс, сөйлеу типтері, сөйлеудің функциональды нұсқалары (типтер, түрлер), тілдің, сөйлеудің функционалды стильдері, сөйлеу стильдері, регистрлер т.с.с. Тұжырымдар мен пікірлердің көптігіне байланысты бір ғана ғылыми жұмыс ішінде олардың барлығын қарастыру мүмкін емес.
Ауызекі сөйлеу – жалпы ұлттық тілдің еркін қарым-қатынаста кодталған кітаби сөйлеумен қарама-қарсы қойылған жағдайда қолданылатын функционалды түрі. Ауызекі сөйлеу стилі көбіне ауызша-диалогты формада жүзеге асады. Бірақ ол жазбаша мәтіннің ауызекі сөйлеу белгілеріне тән емес деп айтуға болмайды. Ауызекі сөйлеу ерекшелігі әдетте тұрмыстық жағдайда, диалог құрғанда және көркем сөз шығармашылығында қолданылады. Функционалды стилистиканың шегі мен мазмұнын айқындаушы тұжырымдарды анықтауға болады: бірі-біріне қарама-қарсы қойылған және өзара диалектикалық әрекетте болатын ауызекі сөйлеу мен кітаби дәстүрлі тілдік қолдануда жалпыұлттық тілде функционалдық жоспарда екі кіші жүйе бөлінеді: ауызекі сөйлеу және кітаби. Тілдің әртүрлі функционалдық реңктерде болатыны, адам іс-әрекеті осы әрекетті жүзеге асырушы құрал ретінде тілді қолданатыны, «тіл жүйелердің жүйесі» формуласын «Тіл функционалдық стильдердің жүйесі» деп айтуға болатыны көптеген тілдер материалдарымен дәлелденіп, көрсетілген.
Сөйлеудің екі түрін қарама-қарсы қою барлық дамыған әдеби тілдерде болады. Осыған байланысты функционалды-стилистикалық саралау үдерісі әр түрлі тілдерде бірдей жүреді деуге болады. Бұл – тілдің әлеуметтік табиғатын және ауқымды түрде стильдердің экстралингвистикалық шартталатынын дәлелдейтін бір дерек. Қорытындылай келе, мынадай тұжырым айтуға болады: белгілі бір тілдің функционалды-стилистикалық бөлінуі нақты бір тарихи кезеңде құрылуына қарамастан, оған тән сипаты мен іргелі белгісі ретінде кітаби және ауызекі сөйлеудің бірі біріне қарама-қарсы қоятын қасиеті айқын көрініп тұрады. Тілді зертетушілер бірқолдан өзге функционалдық типтерде белгіленбеген ауызекі сөйлеу жүйесіндегі мына экстралингвистикалық стиль түзуші факторларды атайды: шартталған ситаутивтілік, дайындалмағандық, қарым қатынастың бейресмилігі, нақты адресатқа бағытталғаны. Сонымен қатар жалпы лингвистикалық белгілерде белгіленіп көрсетіледі: акцентуация мен интонация құралдарының жоғары белсенділігі; айтылымның рема – темалық (тема үнемі түсіп қалады) ұйымдастырылуы бұзылатын имплициттік; вербальды емес құралдың белсенділігі; нақты лексиканың көп болуы; есімдіктердің белсенділігі; сөйлемдердің толық құрылымдығының болмауы; сөз тудырудың ерекше модельдері; демеуліктердің, одағайлардың, модаль сөздердің, жалқы есімдердің белсенділігі; фразелогизмдердің, мақал-мәтелдердің кең қолданылуы; лепті және сұраулы сөйлемдердің жиі қолданылуы т.б.
5.4 «Қазақ кітаби жазба тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшеліктері». Кітаби сөз ауызекі-тұрмыстық сөзден өзінің мазмұны бойынша да ерекшеленеді. Егер де ауызша сөйлеуде тұрмыстық күнбе-күнгі

тақырыптарға байланысты әңгімелер өзек болса, кітаби-жазба сөйлеуде «жоғары материя» туралы айтылады: талдауға бағытталған ақпараттар, абстрактілі тақырыптардағы ой-толғаулар, деректерді салыстыру және оларға шолу жасау, үдерістер мен заңдылықтарды талдау т.б. қарастырылады.
Кітаби сөйлеудің лексика-стилистикалық өзіндік ерекшелігі, біріншіден, онда қолданылатын экспрессивті коннотация жағынан бейтарап тілдік айтылым құралдарының қолданылуымен айқындалады. Кітаби мәтіндердің типтендірілген түрлерінде терминология мен арнайы фразелогиялардың конуструктивті рөлі зор. Лексиканың бұл қабаты (пласты) функционалды-стилистикалық коннотациялармен сипатталады. Олар осыған сәйкес мәтіндердің табиғи құраушылары болып табылатындықтан арнайы мәтіндер аясында үнемі қолдануының бұзылуына әкелмейтінін көрсетеді. Мұндай мәтіндерді қабылдаудың автоматтануы жаңа терминнің пайда болуымен, бар терминнің дәстүрлі емес жағдайда қолданылуымен бұзылады. Кітаби сөйлеудің өзіне тән ерекшелігі ретінде абстрактілі семантикадағы зат есімдердің көп болуын атауға болады.
Осы айтылғандардың барлығы кітаби сөйлеудің объективті стилистикалық белгісі ретінде ерекше реңкін көрсетеді.
Кітаби-жазба сөйлеудің жалпы типологиялық белгісі – ауызекі сөйлеуге қарағанда, коммуникативтік бірліктердің тиянақтылығы және сәйкестілігі әлдеқайда жоғары. Осылардың арқасында мәтіннің тақырыптық – мәндік, коммуникативтік және құрылымдық бірлігі қамтамасыз етіледі. Бұлардың барлығы адамның өрелік қызметінде қолданылатын құрал ретінде қолданылуының ең қажетті шарты болып табылады.
Экспрессивті синтаксистің құралдары кітаби сөйлеудің белгілі бір типтерін стилистикалық құруға тән емес. Экспрессивті интонациялар мұндай мәтіндерде тақырыптық-заттық ақпаратттың түсінілуі мен қабылдануына кедергі болып табылады. Эмоционалды-экспрессивті бояулар тұрғысынан кейбір құбылыстар (риторикалық сұрақ, параллельді синтаксистік конструкциялар, қайталаулар, инверсиялар т.с.с.) ерекше болмауы да мүмкін. Мұндай құралдардың коммуникативтік функционалды қолданылуы классикалық типтегі кітаби сөйлеуде мәтіннің мағыналық мәнерін күшейтіп, сөйлеу қарым-қатынасының тақырыптық-денотативтік компонентіне назар аудартатыны да анық.
Кітаби-жазба сөйлеу синтаксисіне тән белгі – стилистикалық бейтараптылық сөздердің және бөлек синтаксистік топтардың орын тәртібінің көрінуі. Мысалы, анықтаушы сөздің анықталып тұрған сөздің алдына қойылуы, бастауыштың баяндауыштан бұрын келуі. Жалпы сөйлем мүшелері синтаксистік қозғауларсыз және соларға байланысты экспрессивті-прагматикалық бояудың болмауын жібермеусіз өтеді.
Айтылымның актуальды бөлінуі (тема-ремалық ұйымдастыру) сөздердің орын тәртібі арқылы көрінеді. Кітаби сөйлеудің реманы темадан кейін қойылды, ал ауызекі сөйлеуде айтылымдардың экспрессивті реңкін күшейту үшін стилистикалық инверсияларға жүгінеді. Кітаби сөйлеудегі маңызды құрылымдық ерекшелік – онда санамалап айтылатын қатарлардың болуы. Оларда белгілі бір логикамен орналастырылған бірыңғай мүшелер болады. Мұндай синтаксистік құрулар хабарлаудың толықтығын және жинақылығын көрсетеді.
Алтыншы тарау «Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мәдени ұлттық аспектісі» деп аталып, қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының ұлттық мәдени негіздері мен тілдегі ұлт болмысы танымының көрінісін талдауға арналған. Экспрессивтілік тіл мәдениетінде сөздің коммуникативтік қатысымдық сапаларын құраушы компонент ретінде анықталады.
6.1 «Экспрессивтік стилистиканы қалыптастырудағы ұлттық лингвомәдени концепті». Тіл – ойды жеткізудің негізгі құралы болуымен қатар, рухани құндылықтарды танып білудің, ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігі. «Ұлттық өзіндік сана басқалардан бөлектенетін, өз өмірі көріністерінің бейнеленуі; өзіндік сала этнонимі (өз атауы) діл, ұлттық мінез-құлық, дүниетанымдық т.б. рухани жүйелер тарихы, халықтың білім бастаулары т.б. тығыз байланысты болып келеді [30, 91 б.].
Әдетте ұлт-тіл-мәдениет ұғымдары ажырамас бірлікте қарастырылады. Себебі ұлтсыз тіл-тілсіз ұлт болмайды. Негізінен алғанда ұлт – ортақ төл мәдениетті қалыптастыратын әлеуметтік бірлестік деп анықталса, ұлтттық тіл – халықтың ауызекі және жазба түрде ұлттық қарым-қатынас құралы қызметін атқаратын әлеуметтік тарихи категория [31, 22]. Олай болса, тіліміздегі сөздер мен қолданыстағы ұғымдардың экспрессивтік-стилистикалық сипаты бүкіл ұлттық дүниетанымның ауқымды көрсеткіші бола алады. Себебі тіліміздегі көптеген сөздер белгілі бір стильдік қабатты құрайды. Бұл тұжырымды белгілі ғалым І.Кеңесбаевтың «Стиль өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыратын дүние десе де болады» деген пікірі нақтылай түседі [32, 73 б.].
Экспрессивті стилистика тұрғысынан қазақ халқының ұлттық-мәдени ерекшеліктерін танытудың мәні мен маңызы зор. Таным теориясында оның негізгі құраушы элементі – танымдық факторды жан-жақты игерту мәселесі көзделген. Ұлттық рухани мәдениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрінің әлемдік өркениеттер диалогында танылуы тілге тікелей қатысты. Қазақ халқының төл мәдениетінің қай түрін алсақ та, оның мазмұны тіл, сөз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа тарап, жеткізіліп, экспрессивтілік қызметі айқындалады.
Ұлттық-мәдени ерекшеліктердің тіл арқылы танылуы, қазақ тіл білімінде ғылыми зерделеніп, жүйелену мәселелері өткен ғасырдын сексенінші жылдарынан нақты қолға алына бастады. Тіліміздегі «тіл және мәдениет» мәселелеріне байланысты сабақтастық жөніндегі ғылыми зерделенген тұжырымдар арқылы ғасырдың соңғы жиырма жылында зерттеу мәдени ұлттық тұрғыдан зерделеніп жүйелене бастады. Тілдің мәдени қырынан талдануы жөніндегі алғашқы тұжырымдар қазақ тіл білімінде академик Ә.Т.Қайдаров, Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, М.Балақаев, М.Серғалиев, Ө.Айтбаев, Е.Жанпейісов, Ғ.Қалиев, Н.Уәлиев, Б.Шалабай, Ф.Оразбаева, С.Сатенова, Б.Момынова, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, Г.Қосымова, Б.Қасым, М.Атабаева т.б. еңбектерінде ұсынылады.
Елтанымдық зерттеудің басты мақсаты – мәдени ұлттық-танымдық сипаттағы ерекшеліктерді тарихпен, әлеуметтік, мәдени сабақтастық негізінде тіл арқылы, тек тілі арқылы таныту болады.
Мәдени-ұлттық таным рухани қасиеттерден құралып, тіл арқылы, сөйлеу мәдениеті арқылы жүзеге асырылып отырған. Мәселен, қазіргі зерттеу еңбектерде шаршы топ алдында тілдің экспрессивті қызметін таныту, тыңдата білу мәдениет түсінігімен үндеседі.

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Аслан
Просмотров: 4745 | Загрузок: 1744 | Рейтинг: 2.4/5
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>