Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Экологиялық таза тамақ өнімі өндірісінің экологиялық-экономикалық тиімділігі

Скачать реферат с сервера 07.11.2010, 14:36
загрузка...
КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Сапалы тамақ өнімдерін өндіру – нарықтық шаруашылықтың кезек күттірмейтін элементі болып табылады. Ол шаруашылық салалары мен халықтың қажеттілігін қанағаттандырудағы экономикалық қатынастардың негізін құрайды. Сондықтан тамақ өнімдері мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін, тамақ өнімдерін тұтыну сұранысын қамтамасыз етеді.
Сапалы өнімдерді өндіру Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру мүмкіндіктерін айқындайтын және әлемдік нарықтағы бәсекелік қабілетін арттыратын маңызды факторлардың бірі. Қазіргі кезде елімізде Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде, бұл орайда отандық өнімдердің сапасын арттыру алдыңғы кезектегі мәселеге айналды.
Қазақстан Республикасының 2007–2024 жылдарға арналған тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасында жаңа және экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалану арқылы – өмір сүру сапасының деңгейін арттыруға ерекше мән берілген. Атап айтқанда, ел экономикасына жоғары технологияларды белсенді енгізу нәтижесінде экономикалық жетістіктерге, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалануға, сондай-ақ ұлтты сауықтыру үшін тамақ өнімдерін қатаң бақылауға, халықтың жан басына шаққандағы табиғи шырындар мен сүт өнімдерін ұлғайтуға, ішкі нарықтағы тамақ өнімдерінің сапасын бақылауды күшейтуге ерекше көңіл бөлу қажеттілігі айтылған.
Біз бұған өз экономикамыздың бәсекелік қабілеттілігін арттыратын экологиялық таза технологияны қолдану нәтижесінде алынатын экологиялық таза өнімдер арқылы халықтың орташа өмір сүру деңгейінің өсуіне, генетикалық ауытқулардың азаюына, иммунитеттің нығаюына, кәсіпорындардың қосымша пайда табуына, денсаулықты қалпына келтіру шығындарын азайтуға, соның нәтижесінде еңбекке қабілеттілікті арттыруға қол жеткізе аламыз.
Соңғы он жылдықта шет мемлекеттерде қазіргі жаңа технология бойынша минералды тыңайтқыштар қолданылмаған қоспасыз, табиғи шикізаттан алынатын, экологиялық таза аймақтарда өсірілетін экологиялық таза тамақ өнімдерді өндіретін саланы дамытуға баса назар аударуда.
Еуропада 2005 жылы экологиялық таза өнімдердің нарықтағы үлесі бұрынғы 5-тен – 10 пайызға дейін артты. Еуропа елдерінде жыл сайынғы сауда көлемінің өсуі келесідей: Германияда – 5–15%, Данияда, Швеция және Швецарияда – 30–40%. Келтірілген мәліметтерден көрінгендей, Батыс Еуропада экологиялық таза тамақ өнімдерін өндіру алдыңғы орында тұр. Мұнда экологиялық таза тамақ өнімін өндіретін кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау жүйесі жүзеге асырылады, сертификатталған экологиялық таза тамақ өнімдерін өткізудің ұтымды саясаты жүргізіледі.
ТМД мемлекеттерінде, оның ішінде Қазақстан Республикасында әзірге отандық кәсіпкерлік құрылым әлсіз дамыған: себебі мұнда қаражат, өндіріс қуаты жетіспейді және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Дегенмен де елімізде шет елдердегі сияқты экологиялық таза тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпкерлік құрылымдар бар. Бірақ мұндағы экологиялық таза тамақ өнімге қызығушылық қосымша пайда табу нысанына айналды.
Экологиялық таза өнім өндіру мен тұтыну үлкен әлеуметтік-экономикалық мағынаға ие, ол – бір жағынан өндірістік – инновациялық кәсіпкерліктің арнайы түрін дамыту; екінші жағынан ұлт денсаулығы мен өмір сапасы деңгейін сипаттайтын көрсеткіштерге қол жеткізу.
Осы орайда экологиялық таза тамақ өнімдерінің өндіру мен тұтыну бойынша сараптаулар мен талдауларды, ұтымды және маңызды факторларды, экономикалық тетіктерді қолдануға қатысты ұсыныстар мен пайымдауларды ғылыми негіздеудің маңызы арта түседі. Бұл ерекшеліктер зерттеу тақырыбының өзектілігін айқындап, оның ғылыми – тәжірибелік құндылығын көрсетеді.
1. Мәселенің зерттелу дәрежесі. Табиғатты пайдалану экономикасы, экологиялық таза тамақ өндірісі, экологиялық таза технология, сапа және бәсекеге қабілеттілік мәселелерін зерттеуге көптеген отандық және шетелдік ғалым – ізденушілер үлес қосты. Олардың қатарында: В. Игнатов, А. Кокин, Л.Батурин, Н. Бурецева, В. Данилов-Данилян, В. Протасов, С. Тяглова,
А. Молчанов, Э. Арустамов, И. Левакова, Н. Баркалов Н.А. Киприянов,
Р.Қ. Ниязбекова, М.С. Тонкопий, Е.М. Үпішев, С. Мұқаұлы. Нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылық өндірісті экологизациялау, экологиялық таза ауыл шаруашылығы өндірісімен байланысты экологиялық-экономикалық мәселелер, сапалы тамақ өнім өндірісі мен бәсекеге қабілеттілік С.А. Бабаева, С.К. Диярова, Е. Исабеков, Е. Әмірбекұлының еңбектерінде қарастырылған.
Тамақ өнеркәсібі мен халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету, сапа және бәсекегеқабілеттілік туралы ғылыми еңбектер тамақ өндірісі өнеркәсібінің дамуына үлес қосты. Дегенмен экологиялық таза тамақ өнімдерін өндіру мен тұтынудың әлеуметтік-экологиялық-экономикалық қырлары толық зерттелінбеген: экологиялық таза өнімдерге шекті бағаны есептеу әдістемесі және өндірушіге қосымша пайда алуға мүмкіндік беретін бағалау әдістемесі қарастырылмаған. Сондықтан аталған мәселелерді теориялық және әдістемелік тұрғыдан зерттеу қажеттілігі диссертациялық жұмыстың мақсаты мен міндеттерін анықтауға негіз болды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты – экологиялық таза тамақ өндірісінің тиімділігі мен бағалау жолдарының теориялық әдістемелік тәсілдерін зерттеу және экологиялық таза тамақ өндірісін дамыту туралы ұсыныстар енгізу. Осы мақсатқа сәйкес, зерттеу міндеттеріне келесілер жатады:
– экологиялық таза өндіріс пен экологиялық таза өнімді өндіру ерекшеліктерінің ғылыми-теориялық негіздерін жүйелеу;
– экологиялық таза өнім өндірудің экономикалық тиімділігін анықтауға мүмкіндік беретін баға шектерін анықтау;
– экологиялық таза тамақ өнімі өндірісін дамыту стратегиялық бағыттарын анықтап, тұжырымдамасын жасау;
– экологиялық таза өнім өндірісінің әлеуметтік-экологиялық-экономикалық тиімділігін анықтау;
– экологиялық таза тамақ өнімі өндірісін басқарудың экономикалық механизмін ұсыну
Зерттеу тақырыбы – Қазақстанда нарықтық экономика жағдайындағы экологиялық таза тамақ өнімі өндірісімен байланысты ұйымдастыру –экономикалық-экологиялық мәселелер жиынтығы.
Зерттеу нысаны ретінде Қазақстан Республикасындағы табиғи шырын өндіруші мен жеміс-көкөніс өңдеуші кәсіпорындар, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы АҚ «ЭкоПродуктГруп» алынды.
Диссертациялық жұмыстың теориялық және әдістемелік негіздерін табиғат пайдалану экономикасы, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық таза тамақ өнімі өндірісін ұйымдастыру мен басқару жөніндегі отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері құрайды. Мәселені зерттеу барысында жүйелік, логикалық, статистика – экономикалық, салыстырмалы талдау, топтастыру, сараптама әдістері қолданылды.
Зерттеудің нормативтік-құқықтық базасын Қазақстан Республикасында қабылданған табиғат қорғау заңдары, заңдық-нормативтік, құқықтық актілер жинағы, бюллетеньдер, ҚР Президенті мен Үкіметінің Жаршысы, «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы туралы», «Тұрғындардың санитарлы-эпидемологиялық игілігі құқықтарын қорғау туралы», «Экологиялық кодекс», «Стандарттау мен сертификаттау туралы», «Тауардың пайда болу орнының атауы мен қызмет көрсету белгілері, тауарлық белгілері туралы», «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңдары, мемлекеттік бағдарламалар мен халықаралық келісім құжаттары, Президенттің «Қазақстан – 2030» Қазақстан халқына жолдауы және «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы», «Қазақстан Республикасының 2007–2024 жылдарға арналған тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасы» құрайды.
Зерттеу жұмысының ақпараттық базасын Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі комитетінің статистикалық жинақтарының мәліметтері, «ЭкоПродуктГруп» акционерлік қоғамының материалдары, тұтынушылардан сауалнамалық сұрау нәтижесінде алынған ақпараттар, ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлардың материалдары, ғылыми журналдар мен мерзімдік басылымдарда жарияланған мәліметтер құрады.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Нарық жағдайында тамақ өнеркәсібінің ғылыми-теориялық әдістемелік тәсілдерін зерттеп, экологиялық таза тамақ өндірісінің әлеуметтік-экологиялық-экономикалық тиімділігін анықтап, дамыту жолдарын ұсыну.
Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар:
1. Экологиялық таза өндіріс пен экологиялық таза өнімді өндіру ерекшеліктерінің ғылыми-теориялық негіздері жүйеленді.
2. Экологиялық таза өнім бағасында экономикалық пайда алуға мүмкіндік беретін баға шектері анықталды.
3. Экологиялық таза жеміс-көкөніс кластері мен болжау жасалынды.
4. Экологиялық таза өнім өндірісінің әлеуметтік-экологиялық-экономикалық тиімділігі айқындалды.
5. Экологиялық таза өнім өндірісін қаржыландыру көздері мен экономикалық басқару механизмі ұсынылды.
Зерттеудің ғылыми-тәжірибелік маңызы. Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері мен ұсыныстары, әдістемелік нұсқаулары келесі бағыттарда қолданылуы мүмкін:
– тұрақты даму бағдарламасын іске асыру бағыттарында;
– экологиялық таза өнім өндірумен айналысатын кәсіпорындардың іс-әрекеттерінде;
– табиғатты пайдалану экономикасы, экология пәндері бойынша дәрістік және тәжірибелік оқу үрдісін дайындауда.
Зерттеу нәтижелерінің мақұлдануы. Зерттеу жұмысы М.О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің «Менеджмент» кафедрасының ҒЗЖ жоспарына сәйкес орындалды.
Зерттеудің негізгі мазмұны мен нәтижелері мерзімдік басылымдарда жарияланды және келесі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндалды: «Қазақстан аймақтарының тұрақты даму үлгісінің қалыптасуы» /
М. Әуезов атындағы ОҚМУ (Шымкент қ., 2002 ж.); «ХХІ ғасырдың басындағы ғылымның, білімнің және қоғамның тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму проблемалары» / М. Әуезов атындағы ОҚМУ (Шымкент қ., 2003 ж.); «Қазақстандық әлеуметтік – саяси, құқықтық және экономикалық қамтамасыз ету жолы», халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы / Д.А. Қонаев атындағы Университет (Алматы қ., 2005 ж.); Халықаралық ғылыми-практикалық конференция «Әлемдік шаруашылық жүйесін жетілдірудегі орта азиялық елдердің мемлекетаралық интеграциялық байланыстарын модернизациялау» / Х.А. Иассауи атындағы ХҚТУ (Түркістан қ., 2006 ж.); «Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құру: мәселелер, тәжірибе, келешегі» / ҚазГЗУ-дің Оңтүстік Қазақстан заңтану, қаржы және қаржы құқығы институты (Шымкент қ., 2006 ж.); «Индустриалды-инновациялық даму – Қазақстанның тұрақты экономикасының негізі» / М. Әуезов атындағы ОҚМУ (Шымкент қ., 2006 ж.).
Зерттеу нәтижелерінің жарияланымы. Диссертация тақырыбы бойынша 3.9 баспа табақ бетті құрайтын 13 ғылыми жұмыс жарияланған.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Aдам денсаулығы үшін қауіпті нәрсе тамақ өнімдерінде болатын – ауыр металдар (РШШ – рауалды шекті шама деңгейінен жоғары). Кез – келген тамақ өнімдерінен ауыр металдарды байқауға болады, бірақ әрбір тағамда металдық ластану дәрежесі (құрылымы) әр түрлі болып келеді.
Ауыр металдардың шамамен 70 пайызы адам ағзасына тамақ өнімдері арқылы түседі. Тамақ өнімдерінің уытты металдармен ластануы адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Өндірілетін өнімнің металлдық ластану құрылымы негізгі дайындалатын шикізатты өсіру жағдайы мен тазалылығы, оны технологиялық өңдеудің сапалылығы және пайдаланылатын қосымша материалдарға тәуелді болады.
IFOAM (органикалық ауыл шаруашылығының қозғалысы жөніндегі халықаралық федерация) анықтамасы бойынша, экологиялық таза өнім – генетикалық өзгеріске ұшырамаған, өсіру мен өндіру кезінде пестицидтер, гербицидтер, улы химикаттар қолданылмайтын өнімдер. Экологиялық таза тамақ өнімі дүние жүзінде әртүрлі терминдермен аталады. Батыс Еуропа елдерінде «биологиялық өнім», Солтүстік Еуропада «экологиялық өнім», АҚШ пен Ұлыбританияда «органикалық өнім», Финляндияда «табиғи өнім» деп аталады.
«Экологиялық таза» дәрежесін алу үшін, өнім тек таза күйінде өсіріліп қана қоймай, химиялық заттарды пайдаланбай сақталынған, қайта өңделген, жабдықталған және тұтынушыға жеткізілген өнім болуы керек. Мысалы, Еуропада «био», «эко», немесе «органик» маркаларымен белгіленген тауарлар тыңайтқыштар, улы химикаттар және пестицидтерді пайдаланылмай өндірілген өнім түрін білдіреді.
Біздің пікірімізше экологиялық таза тамақ өнімі дегеніміз – адам денсаулығына өмір бойы зиянын тигізбейтін, болашағына кері әсер етпейтін өнім және оның құрамында әр түрлі уытты заттардың, агрохимикаттардың, ауыр металдар мен радионуклидтердің болмауы тиіс.
Экологиялық таза өнімді өндірілуіне байланысты келесідей бөлуге болады:
1. Экологиялық таза өнім – бұл құрамында зиянды заттар дәстүрлі өнімдерге қарағанда аз, (жол берілетін шекті шамадан аспайтын) сапасы бойынша нормативті құжаттарға сәйкес өнімдер;
2. Экологиялық таза өнім – экологиялық таза аумақта қосымша минералды тыңайтқыштарсыз, қалдықсыз немесе аз қалдықты технологиялар көмегімен табиғи шикізаттан алынған өнім.
Ауыл шаруашылығында экологиялық таза өнім алу үшін, 3–5 жылға дейін химикаттар әсері байқалмайтын топырақ пайдаланылады.
Экологиялық таза өнім ұғымы 1924 жылы Р. Штайнердің теориялық негіздеуімен қалыптасты, ол кезде тәжірибе жүзінде биодинамикалық аграрлық қызметтер жүзеге асырыла бастады. 1930–1940 жылдар аралығында бұл идея Швейцарияда Г. Мюллердің, Ұлыбританияда Э. Бэлфер мен А. Ховордың, Жапонияда Фукуокойдың бастамасымен дами бастады (1-кесте ).
Органикалық тауарларды тұтыну Одағының экологиялық ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс жасауы генетикалық құрамы өзгертілген ауыл шаруашылық өнімдерінің нарықта пайда болуына қарсы күрес жүргізуіне мүмкіндік туғызды. Ал қазіргі кезде органикалық және агроөндірістің басқа да әдістерін нақты жолға қою қажеттілігі пайда болуда. «Био» сауда белгісі тұтынушыға өнімнің нақты белгіленген әдістерді қолдана отырып өндірілгендігін көрсетеді, яғни талаптарға сай келетінін бейнелейді. Бұл органикалық секторда өсірілетін өсімдік түрі мен сорты, мал, аң, құс тұқымы және балық түрлері дәстүрлі секторларда да өсірілетінін көрсетеді. Дегенмен органикалық өнімдердің тұтыну құндылығы дәстүрлі өнімдерге қарағанда ерекшеленеді. Мысалы, органикалық және дәстүрлі секторларда өсірілген, алманың элемент құрамы, түсі, көлемі бірдей болмайды, органикалық секторда өндірілген өнімде химиялық заттардың болмауы өнімнің тұтынушы үшін тартымдылығын көрсетеді.

Қазақстан Республикасындағы тамақ өнеркәсібі өнеркәсіп салаларының маңызды стратегиялық саласы және тұрғындарды сандық, сапалық тағам өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етеді. Табиғи шырын өндірісі тамақ өнеркәсібінің ішінде өзіндік маңызы бар сала болып табылады. Бұл осы сала өнімдерінің халық шаруашылығының басқа да салаларына кеңінен пайдалануымен түсіндіріледі, себебі бұл сала адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдарды заттар жинақталған тағам өнімдерімен тұрғындарды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда Қазақстандағы табиғи шырын нарығы негізінен шет елдерден әкелінген және отандық тауар өндірушілердің өнімдерінен тұрады. Алыс және жақын шет мемлекеттерден әкелініп жатқан табиғи шырындар отандық тауар өндірушілердің негізгі бәсекелестеріне айналды. Бұған қоса, ішкі өнім өндірушілер Қазақстан нарығында бәсекелік ортаның жоғарлауына ықпал етуде. Табиғи шырындардың жетіспеушілігі импортты шырындардың тұрақты өсуіне алып келді, ал ол отандық өндірушілердің бәсекеге қабілетті тауарларды өндіруіне мүмкіндік туғызды. Қазіргі уақытта импортталған арзан өнімдер Қазақстан нарығын жаулап алды.
Диссертациялық жұмыста біз шырын нарығына байланысты біршама өзекті мәселелерді қарастырдық. Қазақстан Республикасында табиғи шырын өндіретін кәсіпорындарға маркетингтік зерттеулер жасалынды.
Қазақстанда сусындар спектрі өте кең- дүкендердің сөресінен шырын, нектарлар, морс, газдалмаған және газдалған су, аз алкогольді және алкогольсіз сусындарды, квас, тониктерді көруге болады, тіпті салқындатылған шай түріндегі сусындарды да кездестіруге болады. Дегенмен әр түрлі белгідегі шырындарды қарапайым тұтынушылардың таңдауы өте қиын: яғни, сусындарды таңдауда тұтынушы денсаулық үшін пайдалы және сапалы не сапасыздығына назар аудармай, керісінше сол өнімнің арзан не қымбаттығына көңіл аударады.
Шырындарды тұтынудың жоғары деңгейін, сыра және күшті алкогольды сусындарды ұсынатын «солтүстік үлгі» деп аталатын Батыс Еуропалық сусындар саласымен салыстырсақ, Қазақстанда тұтынушылар әлі де болса Еуропаның солтүстік елдеріндегі шырынды тұтынудың орташа көрсеткіштерінен (халықтың жан басына шаққанда 24–28 л) артта қалып келеді. Германияда табиғи шырындарды тұтыну ерекше жоғары мәнге ие: онда халықтың жан басына шаққанда табиғи шырындарды тұтыну 42–44 л. Ресейде қазіргі көрсеткіш 10 л деңгейіне жетіп отыр. Ал Қазақстанда халықтың жан басына шаққанда табиғи шырындарды тұтыну 8 – литрден келеді.
Нарыққа ұсынылған өнімдерді таңдау барысында тұтынушының назары, ең алдымен, жарнамалануы көп өнімге ауады. Оның қасиеттерін алдын – ала білуі және басқа ұқсас өнімдерден ерекшелену сипаттарымен таныс болуы, тұтынушыны осы өнімді сатып алуға итермелейтіні сөзсіз.
Қазақстандағы шырын нарығын тұтыну сұранысының өсуі халықтың тұтыну қабілетінің жоғарлауына байланысты. Алайда тағы бір маңыздысы- тұтынушылардың экологиялық таза өнімге деген қызығушылығының артуында. Табиғи шырындар өніміне деген сұраныс, ірі қалалардағы өмір сүруге зиянды факторлардың әсерін бейтараптандыру, сондай-ақ ағзаға жетіспейтін дәрумендерді толықтыру қажеттілігінен туындайды.
Табиғи шырын өндіретін Оңтүстік Қазақстандық консерві зауыттарының көбі Кеңестік кезеңде салынған зауыттардың негізінде жұмыс істеуде. Соның бірі зерттеуімізге негіз болып отырған Түлкібас жеміс консерві зауыты.
Түлкібас консерві зауыты (1965 ж. іске қосылған) отандық жеміс-көкөніс өңдеуші кәсіпорындардың арасындағы ірілерінің бірі саналады.
Түлкібас консерві зауыты өнімі бойынша Қазақстандағы Алматы (25000 т.), Талдықорған (23440 т.), Сайрам (20840 т.) консерві зауыттарынан кейінгі төртінші орында болған. 1980–1992 ж.ж. аралығында Түлкібас консерві зауыты жылына 32 млн. шартты банкіге дейін консерві өнімдерін шығарып отырған. Сонымен бірге жылына 10 мың тоннаға дейін алма, 25 мың т. көкөніс (соның ішінде 20 мың. т. томат), 34 мың т. астам шие, қараөрік қайта өңделген. Қазіргі уақытта Түлкібас консерві зауыты өзінің негізгі қорларын және өнім шығару қабілеттілігін сақтап қалған жалғыз зауыт. Зауытта өндірістік инфрақұрылым және коммуникация, техникалық және ауыз су мен қамтамасыз ету көздері, табиғи газбен жұмыс істейтін қазандық және электрлік қосалқы станциялар, екі теміржол тұйықтамасы бар.
2004 жылдан бастап Түлкібас консерві зауыты «ЭкоПродуктГруп» акционерлік қоғамы деп аталады.
«ЭкоПродуктГруп» акционерлік қоғамының (Түлкібас консерві зауыты) артықшылығы шырындарды жергілікті консервантсыз шикізаттардан өндіретіндігі. Бірақ, Оңтүстік Қазақстан облысы нарығында әлі бұл зауыттың шырындарының сатылу үлесі төмен (3%), бұл өнімдерінің икемсіз сыйымдылығы 2 литрлік шыны ыдысына құйылуымен байланысты. Шырындар – тез бұзылатын өнімдер, сондықтан оларды 0,25 л, 0,5 л, 0,75л, 1л ыдыстармен және «Тетра Пак» орамымен шығару керек. «ЭкоПродуктГруп» АҚ шығаратын «Песня лета» белгісіндегі шырындар біртіндеп отандық нарықта үлкен сұранысқа ие болып келеді.
«ЭкоПродуктГруп» акционерлік қоғамы 2006-2008 жылдарға арналған өндірістік бағдарламасын жасады. Бұл бағдарламаның орындалу барысы төмендегі суретте көрсетілген (1 сурет).
«ЭкоПродуктГруп» акционерлік қоғамында табиғи шырындарды өндіру 2006 жылы – 2605831 л., ал 2007 жылы – 2319131 литрге жоспарланған. Бірақ нақты өндірілген өнім көлемі 2006 жылы – 1296905 л құраса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 1309275 л сәйкес келеді. Кестеден көріп отырғанымыздай өндірілген табиғи шырындар көлемі 2006 жылы 49,9%-ға, 2007 жылы 56,5% – ды құрап отыр, яғни 2006 жылға қарағанда табиғи шырынды өндіру көлемі 2007 жылы артып отыр. Сәйкесінше басқа өнім өндіру көлемінің жоспардан ауытқу себебіне ауа – райы жағдайының өзгеруіне байланысты шикізатпен толық қамтылмауы, технологиялық үрдістердің толық орындалмауы ықпал етті.

«Тетра Пак» орамындағы шырындардың кең таралуына қарамай, шыны ыдыстардағы шырындар да маңызды болуда. Табиғи шырындар нарығында шыны ыдыстағы импорттық шырындар жоғары бағаланады. «ЭкоПродуктГруп» акционерлік қоғамының өнімінің өз бәсекелестерінің алдында үш артықшылығы бар: біріншісі – жоғарыда аталғандай жергілікті экологиялық таза ауданда өсірілген шикізаттан өндіру мүмкіндігі; екіншісі – бағасы, үшіншісі – шырындарды тікелей сығымдау арқылы дайындау технологиясы. «ЭкоПродуктГруп» АҚ іс-әрекетіне, консервіленген жеміс және көкөніс нарығына жүргізілген талдау арқылы төмендегі қорытындыға келуге болады:
– Қазақстан нарығын әлемдік стандарттарға сай, сапалы экологиялық таза тамақ өнімдерімен, томат пастасы, табиғи шырындар, жеміс және көкөніс консервілерімен қамтамасыз етуге отандық тауар өндірушілердің толық мүмкіндігі бар, соның бірі 2012 жылға қарай Оңтүстік Қазақстан облысының консервіленген өнімге деген қажеттілігін қанағаттандыра алатын «ЭкоПродуктГруп» АҚ (Түлкібас консерві зауыты), оның нарықтағы үлесі 14,5%-ды құрайды;
– «ЭкоПродуктГруп» акционерлік қоғамының өнімі Республикалық импорт алмастыру бағдарламасына, индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасына жауап береді;
– «ЭкоПродуктГруп» АҚ тиімділігін арттыру облыс экономикасының ауыл шаруашылық секторын дамытуға серпіліс береді, көкөніс және жеміс өндірісінің көлемін ұлғайтуға, фермерлерді ынталандыруға және Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық даму оның жақсаруына мүмкіндік береді;
– 2012 жылға дейінгі кезеңде барлық деңгейдегі бюджетке «ЭкоПродуктГруп» АҚ келесі салық түрлерін төлейді: әлеуметтік салық – 120,4 млн. тенге, мүлік және жер салығы – 539,4 млн. тенге, қосымша құнға салық-322,9 млн тенге;
– өндірістен түсетін пайданың орташа нормасы 16%, алайда алынатын таза пайданы томат, алма өндірісі үшін жеке шикізат базасын құруға реинвестициялау қажет.
Қазақстан Республикасының статистикалық агенттігінің мәліметтері бойынша алынған экономикалық деректерді талдау немесе белгілі бір шешім қабылдау қандайда да бір интуитивті немесе нақты экономикалық модель негізінде іске асырылады. Мысал ретінде төмендегі кестеде көрсетілген Қазақстан Республикасындағы жеміс-көкөніс өнім өндірісі мағлұматтарды алсақ бұл кестедегі келтірілген көкөніс консервілері мөлшерін және жылдардағы көрсеткіштерді бірге алып қарасақ және уақытты t деп белгілесек, модель құру үшін 3-кестені қолданамыз.

Экологиялық таза өнім бағасының төменгі шегін анықтаймыз, онда жылдық экономикалық пайда дәстүрлі өнім өндірісінің мөлшеріндегідей болады деп есептейміз.

Цэ = dЦ = 1,5475 · 166 = 256,885 тенге /кг, (17)

Мұндай бағаның әділдігін экологиялық таза өнімге тексереміз. Ол үшін жаңа өндіріске өтудегі жылдық экономикалық пайданы есептейміз:

Пэ = 4000 [256,885 – (46,68+0.15 · 166)] = 4000 · 185,305 = 741220 тенге /жыл

Осы жағдайда, есеп нәтижелері салыстырылып отырған екі нұсқа – дәстүрлі және экологиялық таза өнім өндірісі бойынша экономикалық пайда шамасы артады. Яғни, біздің жүргізген есептеулер нәтижесінде экологиялық таза өнім бірлігіндегі бағасы 256,885 тенге / кг-ден артық болуы керек.
Дәстүрлі өнім өндірісін экологиялық таза өнім өндірісіне ауыстырғанда оның салыстырмалы түрлерін шығарудың тең мөлшерлі көлемін қамтамасыз етуге болады. Мұны технологиялық және ұйымдастыру жағынан да қамтамасыз ету қиын емес. Мәселе экономикада, кәсіпкерлік құрылымдардың экологиялық таза өнім өндірудегі қызығушылығын сақтап қалу үшін оны өткізуде жоғары пайда алу қажет.
Экологиялық таза өнім өндірісі табиғи ресурстардың жағдайымен, технологиялық үрдістердің деңгейімен, өндірісте қолданылатын заттардың сапасымен , олардың қоршаған ортаға әсерімен қалыптасады. Оларды басқару және жоғары сапалы өнім өндірісінің үрдісін экономикалық реттеу үшін жоғары мамандандырылған білім, мәліметтердің кең базасы, қамтамасыз ету мен бақылаудың сәйкес қызметтерінің болуы қажет. Осыған сәйкес, диссертациялық жұмыста экологиялық таза өнімнің экономикалық механизмі көрсетілді. Бұл қадамдар Қазақстан халқы үшін экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімі өндірісін дамытудағы әрекеттері болуы керек.
Автордың пікірінше, экологиялық таза өнімді өндіруді дамыту тұжырымдамалары келесілерді қамтиды:
– өндірістік күштерді экологиялық орналастыру;
– өнеркәсіп, энергетика, транспорт және коммуналды шаруашылықтың қауіпсіз экологиялық дамуы;
– ауыл шаруашылығының экологиялық қауіпсіз дамуы;
– қалпына келетін табиғи ресурстарды сарқылмайтын ресурс ретінде тиімді пайдалану;
– қайтарымды ресурстарды, кешенді пайдалану, ұқсату қалдықтарды көму және залалсыздандыру;
– қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласында басқаруды жетілдіру, төтенше жағдайлардың алдын алу;
– арнайы ерекшелігі бойынша өнім ассортиментін кеңейту және экологиялық таза технологияны жетілдіру;
– ғылыми-зерттеу жұмысын дамыту.
Экономикалық механизмдерді қолдана отырып Оңтүстік Қазақстан облысындағы табиғи шырын өндірудің кластерлік байланыстарын қалыптастыру қажет (3-сурет). Кластер өзегі болып шырын өндірушілер табылады. Осы салаға қатысты өнім өндірушілер мен өңдеушілер, тасымалдаушылар және өнімді өткізушілер араларында тікелей және жанама байланыс орнайды. Тікелей байланыстарға өндіріске қажетті шикізатпен, құрал – жабдықтармен, отын – энергия, су және адам ресурстарымен қамтамасыз ету, ғылыми – зерттеу жұмыстары жатса, ал жанама байланыстарға қаржылық, құрылыс, транспорт, қойма қызметтерін көрсететіндер жатады. Ауыл шаруашылығында тауар өндірушілер жерді жалға алу, жоғары сапалы тұқым және органикалық тыңайтқыш өндірушілермен байланысады.
Экологиялық таза өнім өндірісін дамыту қосымша қаржы көздерін талап етеді. Сондықтан біз зерттеу жұмысымызда экологиялық таза өнімді қаржыландыру көздерін ұсындық (4-сурет).
Экологиялық таза өнім өндірісін қаржыландырудың негізгі сенімді көзі кәсіпорынның төмендегі жолмен алынатын қаржылары: барлық деңгейдегі бюджет қаржылары, бюджеттен тыс мақсатты қорлар, азаматтардың қайтарымды қаржысы, кәсіпорын қаржылары, жеңілдікті несиелер, шетелдік инвестициялар.
Барлық деңгейдегі бюджет қаржыларын экологиялық таза өнім өндірушілердің қаржы көзі ретінде пайдалануға негізінен ірі кәсіпорындар қол жеткізе алады. Орташа және ұсақ кәсіпорындардың мүмкіндігі шектеулі, сондықтан олар басқа қаржы көздерін іздестіруі қажет.

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Косжанов
Просмотров: 10626 | Загрузок: 1261 | Комментарии: 3 | Рейтинг: 3.7/12
Всего комментариев: 3
3  
Коооп РАХМЕТ! Сіздерге алгысымды білдіремін. Ертенгі ЭКОЛОГИЯ сабагынан бес алатын шыгармын! Рахмет!!!!

2  
Рахмет

1  
Рахмет

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>