Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Идеографиялық оқу сөздігінің тілдік жүйені меңгертудегі орны

Скачать реферат с сервера 07.11.2010, 15:32
загрузка...
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Кез келген ғылым саласының дамуы барысында, оның басты кезеңдерінің ауысуы кезінде ғылыми ұғымдар мен түсініктер жүйесі тереңдетіледі, жаңаланады, қайта қарастырылып отырады. Егемен еліміздің мемлекеттік тілі ретіндегі қазақ тілінің ғылыми негіздерін нығайту, оны орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында оқыту ісінде аса күрделі, кезек күттірмей шешуді талап етіп отырған көптеген мәселелер бар. Солардың бірі – тілдік жүйені, оның грамматикалық құрылысы мен лексикалық құрамын, семантикалық құрылымын меңгеру үшін аса қажетті оқу құралдарының бірі ретіндегі оқу сөздіктерін түзу. Тіл білімі ғылымы мен лингводидактиканың ара жігінде пайда болған жаңа саланың – оқу лексикографиясының қазіргі таңдағы ең өзекті де күрделі міндеттерінің бірі – лингвистика мен лингводидактиканың даму деңгейін танытатын, белгілі бір оқу кезеңіне, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, оқыту мақсатына бағдарланған идеографиялық оқу сөздіктерін түзу болып табылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алып, қоғамдағы әлеуметттік қызметінің артуына байланысты оқу лексикографиясы да қарқынды дамып келеді. Идеографиялық оқу сөздіктері қазақ тіліндегі түсініктер мен ұғымдардың жіктелім жүйесін айқын көрсетуге жағдай жасайтын, оның мүмкіншілігін, әлеуетін ұлғайтатын, лексикалық жүйені семантикалық байланыстар тұрғысынан сипаттайтын, тілүйренім үшін ерекше маңызды оқу құралдарының бірінен саналады.
Түсіндірме сөздіктердегі әліпбилік түзілім тәртібі тілдің лексикалық құрамын бейнелеудің сан ғасырлар бойы қалыптанып, тұрақтанған, ыңғайлы әдісі болып табылады. Алайда әліпбилік сөздіктерде лексикалық бірліктердің арасындағы жүйелі семантикалық байланыс толық көрініс таба алмайды. Сөздерді әріптердің орнына сәйкес әліпби, графика және орфография заңдылықтарына орай тізбелеп беретін сөздіктердің бір кемшін тұсы осы мәселеге байланысты. Сол себепті қазақ тілін тез меңгеру ісінде идеографиялық сөздіктердің қосар үлесі зор. Алайда идеографиялық оқу сөздіктері қазақ лексикографиясында әлі де ғылыми-теориялық тұрғыдан жеткілікті түрде қарастырылмай отыр. Идеографиялық оқу сөздіктерінің құрылымы, ондағы сөздердің берілу тәртібі, сөз мағыналарының ашылу заңдылықтары, сөзтізбенің түзілу ерекшеліктері өз дәрежесінде зерттеу нысанына айналмай келеді. Қазақ лексикографиясының өткен ғасырлардағы тарихында түзілген алуан түрлі қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздіктерде қолданылған идеографиялық принциптер құрамы айқындалмай отыр. Оның үстіне, қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде жасалған түрлі тілашарларлар мен оқу құралдарында, жолсілтегіштерде, анықтамалықтарда келтірілген тақырыптық топтамаларда берілген лексиканың құрамы мен құрылымы осы кезге дейін зерделенген емес. Осындай себептерге байланысты қазақ лексикографиясындағы идеографиялық оқу сөздіктерінің негізгі ерекшеліктерін ашудың, ол сөздіктерді сапалы етіп жасаудың жолдары мен әдіс-тәсілдерін айқындаудың қажеттілігі осы тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының нысаны – идеографиялық оқу сөздігінің құрылымдық ерекшеліктері.
Зерттеу пәні – оқу лексикографиясы.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты - қазақ лексикографиясындағы идеографиялық оқу сөздіктерінің түзілім ұстанымдарын белгілеп, олардағы сөз мағынасын ашудың заңдылықтарын айқындау, олардың басқа сөздіктерден ерекшелігін анықтау болып табылады. Осы мақсатқа жету жолында төмендегі міндеттерді шешу көзделді:
-лексикалық бірліктерді идеографиялық оқу сөздіктерінде лексикографиялаудың теориялық негіздерін анықтау;
- идеографиялық сөздіктерді басқа сөздік түрлерімен салыстырып,
олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындау;
- идеографиялық оқу сөздіктерінде сөздердің берілу сипатын анықтау;
- идеографиялық оқу сөздіктерінің жасалым тарихына шолу жасау;
- қазақ лексикографиясындағы қазан төңкерісіне дейінгі сөздіктерге, сөздікшелерге талдау жасай отырып, ондағы идеографиялық сөздік үлгілерін анықтау;
- идеографиялық оқу сөздіктерге қойылатын ғылыми-теориялық талаптарды нақтылау;
- сөздіктің макроқұрылымы мен микроқұрылымын зерттеу.
Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу жұмысындағы басты дереккөздер ретінде қазақ лексикографиясы тарихындағы қазан төңкерісіне дейінгі мерзімде тілүйренім мақсатында жарық көрген Н.И.Ильминский, Ж.Кушербаев, М.Бекчурин, И.Букин, Н.С.Жетпісбаев, В.В.Радлов, Ы.Алтынсарин, А. Байтұрсынұлы еңбектеріндегі, сөздіктер мен сөздікшелердегі, тілдеткіштер мен жолсілтегіштердегі тақырыптық топтамалар, сондай-ақ, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (10 томдық), «Русско-казахский словарь» (2005), «Қазақ тілінің сөздігі» (2000), «Қазақша-орысша сөздік» (2002), екі тілді орысша-қазақша және қазақша-орысша терминологиялық сөздіктер, идеографиялық сөздіктер алынып отыр.
Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негізі ретінде қазақ лексикографиясы саласында еңбектер жазған К. Аханов, Ш.Ш.Сарыбаев, Т.Жанұзақов, Б.Қалиев, Ә.Болғанбаев, М.Малбақов т.б. ғалымдардың зерттемелеріндегі негізгі тұжырымдар, ой-пікірлер алынды. Зерттеу барысында шетелдік тіл біліміндегі Л.В.Щерба, Ю.Н.Караулов, В.В.Морковкин, А.М.Бабкин, Л.А.Новиков, П.Н.Денисов, Н.М.Шанский, Н.С.Дмитриева, Л.Саяхова, Д.Хасанова, Э.В.Кузнецова тәрізді ғалымдардың еңбектерінде айтылған тұжырымды пікірлері де басты назарда болды.
Зерттеудің әдістері. Диссертациялық жұмыстың мақсат-міндеттеріне сәйкес талдау, жинақтау, индукция, дедукция, сипаттау, саралау, семантикалық-стилистикалық талдау, тақырыптық-мағыналық топтастыру әдіс-тәсілдері қолданылды.
Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы Зерттеу нәтижесінде қол жеткізген тұжырымдар мен жаңалықтар қазақ лексикографиясында идеографиялық сөздіктердің құрылымдық мәселелерін зерделеуде ғылыми-теориялық негіздеме ретінде қызмет ете алады. Жұмыста алынған ғылыми-практикалық нәтижелерді таяу болашақта жасалатын идеографиялық сөздіктерді түзуде қолдануға болады.
Сондай-ақ, зерттеудің практикалық құндылығы ретінде диссертациялық еңбекте алынған тұжырымдар мен қорытындыларды, деректеме материалдарды жоғарғы оқу орындарының филология факультеттерінде лексикология, лексикография, сөзжасам, грамматика салаларының арнайы теориялық курстарын толықтыруда, арнаулы семинарларда, бір тілді және қос тілді оқу сөздіктерін құрастыруда қолдануға болады.
Зертттеудің ғылыми жаңалығы:
- идеографиялық оқу сөздігінің қазақ лексикографиясындағы орны, қалыптасу тарихы, және даму жолдары көрсетіледі;
- қазақ тілінде идеографиялық оқу сөздіктерін түзудің құрылымдық ерекшеліктері айқындалды;
- идеографиялық оқу сөздігін түзуде басшылыққа алынатын ғылыми ұстанымдар құрамы нақтыланды;
- қазақ лексикографиясы тарихындағы оқу сөздіктерінің құрамында берілген тақырыптық топтамалардың құрамы мен құрылымдық ерекшеліктері анықталып, салыстырмалы сипаттамасы жасалды;
- идеографиялық оқу сөздіктерінде лексикалық бірліктердің лексикографиялану ерекшеліктері, сөз мағынасынаң ашылу сипаты сараланды;
- идеографиялық сөздіктердің типтері мен жанрларын қазақ лексикографиясында дамытудың жолдары мен әдіс-тәсілдері айқындалды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- шағын көлемді идеографиялық оқу сөздігін түзуде қазақ тілінің лексикалық негізін құрайтын әмбебап минимум сөздіктің идеографиялық бөлігі инвариант қызметін атқарады;
- идеографиялық оқу сөздіктері лексикография тарихындағы ең көне, алғашқы сөздіктер болып табылады;
- қазақ тілінің өткен ғасырларда түзілген басты сөздіктердің (Н.И.Ильминский сөздігі, 1894 жылғы орысша-қазақша сөздік, 1897 жылғы қазақша-орысша сөздік, т.б.) құрылымында идеографиялық сөздіктің негізгі белгілері сақталған;
- идеографиялық оқу сөздіктерінде қазақ тілі лексикасының тақырыптық аясы толық қамтылуы керек;
- идеографиялық оқу сөздіктерінде сөздік бірліктердің денотативті-сигнификативті, экспрессивті-прагматикалық және синтагмалық сипаттары ашылуы қажет.
Зерттеу нәтижелерінің талқылануы мен жарияланымы. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен негізгі нәтижелері республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда, атап айтқанда: профессор Қ.М.Есеновтің 75 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2006), Ә.Құрышжановтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2006), «Әлемдік рухани құндылықтар және қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда, (Алматы, 2007), «Жаратылыстану ғылымдары және олардың Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудағы рөлі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық таным мәселелері» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференцияда баяндалды. Диссертация жұмысының тақырыбы бойынша республикалық ғылыми басылымдарда 8 мақала жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде жұмыстың жалпы сипаты, зерттеудің өзектілігі негізделіп, мақсаты мен міндеттері айқындалды. Зерттеудің нысаны, пәні, материалдары мен дереккөздері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, әдіснамалық негіздері, теориялық және практикалық құндылығы, қорғауға ұсынылатын басты тұжырымдары көрсетіліп, талқылануы мен жариялануы туралы баяндалды.
Жұмыстың «Идеографиялық оқу сөздік түзудің ғылыми-теориялық және тарихи негіздері» деп аталатын бөлімінде идеографиялық оқу сөздігін құрастырудың басты ғылыми-теориялық мәселелері туралы сөз болады. Идеографиялық мазмұнды сөздіктердің түзілім тарихы мен зерттелу жайы талқыланады.
Бірінші бөлімше 1.1 «Идеографиялық сөздік құрастырудың ғылыми-теориялық мәселелері» деп аталады. Соңғы жылдары қазақ тіл білімінде прагматикалық ұстанымдарды басшылыққа алып жазылған еңбектер көбейіп келеді. Тілді коммуникативті - прагматикалық тұрғыдан сипаттап, қарым-қатынас лингвистикасын қалыптастыру мақсатына орай тілді үйрететін пәндер қалыптасты. Олардың нысаны – қарым-қатынас жасаушылардың әлеуметтік өзгешеліктері, тілдің қызмет ететін саласы, әлеуметтік-тілдік жағдаят болып табылады. Яғни прагмалингвистикада тілде бейнеленген тілдік таңбалар адамға бағытталады, сөйленім/мәтінді дайындауда ең қолайлы бірліктер (жалпы жағдаятты, адресатты ескеріп) таңдап қолданылады. Мәтін түзуші ретіндегі адресант мәтінді қабылдаушы адресатпен, оқырманмен, тыңдарманмен яғни сөйлесудің белсенді субъектісімен ақпар алмасады.
Ғылыми мәтіннің ерекше типі ретіндегі сөздікте прагматика жетекші категория болып саналады. Біріншіден, прагматика, жетекші ерекшеліктердің бірі ретінде, мәтіннің анықтамасына енеді. Екіншіден, мәтіннің тағы бір маңызды категориясы – мәтіннің тәмәмдалымдығы да прагматика арқылы анықталады. Үшіншіден, сөздіктің прагматикалық бағдарын жасау, анықтау ісі практикалық лексикографиялық қызметтің ең маңызды элементі, сөздіктің негізгі сипаттамаларын анықтайтын элемент ретінде мойындалады. Сөздіктің прагматикалық бағдарының сипаты өзара байланысты төрт элементпен (сөздіктің интенциясы, сөздіктің аудиториясы, лексикографияланатын көлем, лексикографияланатын нысан) байланысты болады. Интенция сөздікке тән прагматиканың, яғни сөздіктік прагматиканың жетекші элементі болып табылады. Интенция - латын тілінде «сананың белгілі бір затқа, ойға, мақсатқа бағытталуы» мәнінде қолданылатын intentio сөзінің негізінде қалыптасқан терминдік аталым. Бұл жерде сөздіктің концептуалдық негізі, құндылығы, басты бағдары ұғымдарында қолданылып отыр. Сөздікте ғылыми, анықтамалық және дидактикалық интенциялар болады. Сөздіктің құрылымы мәселелеріне арналған жұмыстарды зерттеудің негізгі бағыты - жүйеден бірлікке қарай жүргізілетін мәтіндік бағыт. Бұл бағыт бойынша сөздік ғылыми-дидактикалық мазмұнды мәтін ретінде ұғынылады.
Сөздікке тән баяндау типінің өзі сөздіктің дидактикалық жанрға жататындығын және оның бойында педагогикалық дискурстың барлық негізгі сипаттарының бар екендігін байқатады. Сөздіктегі педагогикалық дискурс (discours pedagogique) оқулықтардағыдан өзгешелеу болады. Сөздікті дидактикалық жанрдағы өзге туындылармен жақындастырытын нәрсе – оны түзуші адам мен оқушы адам арасындағы ерекше сабақтастық. Француз ғалымдары К.Дюбуа мен Ж.Дюбуа өздерінің «Лексикографияға кіріспе» деп аталатын еңбегінің «Сөздіктің педагогикалық тілі» атты тарауында сөздікті дидактикалық жанрдағы туындылардың қатарына жатқызады. Авторлардың пікірі бойынша, сөздік - тілдегі жеке сөздерді қалай қолдануды үйрететін педагогикалық құрал, сөздіктің тілі адамдардың бір-бірімен күнделікті сөйлесетін тілі емес. Сөздіктің тілі – педагогикалық тіл. Ол сарапталған, талданған тіл. Педагогикалық тілдің түрі болғандықтан, сөздік оқырманды коммуникацияның нақты бір типіне бағдарлап, барша қауым мүшелерінің, яғни «мен», «сен» және «ол» арасындағы анық қарым-қатынастарға бағыттайды. Әрі сөздіктің авторы, әрі коммуникация субъектісі болып табылатын лексикограф пікірлесушілер (оқырмандар) тарапынан өзіне қойылатын сауалдарға бағдар ұстайды. Сауалдарға жауап бере отырып, лексикограф коммуникациядағы айқын субъект рөлінде көрінбейді, коммуникацияның ұжымдық субъектісі (қоғам) атынан сөйлейтін байланыстырушы, аралық бейне рөлінде көрінеді. Яғни лексикограф қоғам тарапынан жүзеге асырылатын ұжымдық айтылымның болжалды субъектісіне айналады. Оқырмандар өздерін идеалды түрдегі сөйлеуші субъект ретіндегі лексикографпен бірге, бір бүтін санайды. Ал берілетін жауаптар нақты мәдени қауымдастық атынан айтылатын соңғы ақиқат болып табылады. Сөздіктен алынатын білік, білім оқырмандардың мәтіндерді түсінуге кедергі келтірген кемістіктерінің орнын толтыруға көмектеседі. Жауаптар норманың кепілі ретіндегі лексикографтың білігі мен жекелеген оқырмандардың толымсыз білігі арасындағы алшақтықты жояды [1]. Демек, лексикографиялық хабарламаның табиғаты да ұстаздың педагогикалық хабарламасының табиғатымен бірдей. Сөздік нұсқау жасайды. Мұның өзі сөздіктегі деректерді осылайша қолданудың қажеттігін байқатады. Сөздік – анықтамалық құрал болғандықтан, оның айтылымдарының заңды күші бар, оның беретін анықтамалары құқықтық әлеуетті мәтін түзеді. Ұжымның пікірін білдіруші ретіндегі лексикограф шын мәнінде сенімхаты бар заңдастырушы болып табылады.
Ғалымдар осы еңбектері арқылы сөздік тілінің ең алдымен педагогикалық тіл болып табылатынын бұлтартпастай дәлелдейді. Оқу лексикографиясының негізгі туындысы ретіндегі оқу сөздіктерінде дәл осындай педагогикалық қызмет орын алады. Лексикограф оқырманның тілді өзбетінше меңгеруіне жағдай туғызады. Ол оқырманмен белгілі бір қашықтықтан, оқу сөздігінің беттерінен тілдесіп отырады. Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорытар болсақ, кез келген сөздіктің ең әуелі дидактикалық туынды, яғни оқытуға, үйретуге арналған туынды болып табылатындығына көз жеткіземіз.
Дидактикалық элемент сөздіктің бәрінде де бар. Алайда, ол сөздіктің түрлі типтерінде әрқилы көрінеді. Яғни, түрлі сөздіктердегі дидактикалық элементтің ашық, айқын көрінім дәрежесі (степень эксплицитности) әрқалай. Әрине, ол әсіресе ғылыми зерттеулерге қажетті материал даярлайтын таза лингвистикалық салалық сөздіктерде (этимологиялық, жиілік,т.б.сөздіктер) аз көрініс береді. Мұндай сөздіктерде міндеттеуші, белгілеуші элемент өте аз дәрежеде, ақпараттық сипаттағы материал басым дәрежеде көрінеді. Тілдегі сөздіктің ең негізгі, орталық типі – түсіндірме сөздік. Түсіндірме сөздіктерде дидактикалық интенция айқын байқалады. Ол сөздіктің құрылымындағы элементтердің барлығында да, сөзді сұрыптап алудан түсіндірме жасаудан бастап, шартты белгілер жүйесіне дейін, – бастан-аяқ көрініс береді. Тілді үйрету, оны жүйелеу, тілдегі сөздерге анықтама беру, нормалау қызметтері, яғни оқыту, жүйелеушілік, анықтамалық, нормалаушылық қызметтер - барлық тілдік сипаттамалардағы жалпыға ортақ дидактикалық қызмет түрлері болып табылады.
Лексикография теориясында сөздік түрлерін анықтау мәселесі маңызды орын алып келеді. Бұл орайда Л.В.Щербаның сөздіктерді жіктеуі бөлек. Ғалым сөздіктерді:
академиялық үлгідегі сөздік – анықтама-сөздік;
энциклопедиялық сөздік- жалпы сөздік;
тезаурус – қарапайым сөздік;
қарапайым сөздік – идеологиялық сөздік;
түсіндірме сөздік – аударма сөздік;
тарихи емес сөздік – тарихи сөздік түрінде өзара қарама-қарсы қоя отырып жіктейді [2]. Келтірілген антитезалардың ішіндегі қарапайым сөздік – идеологиялық сөздік жұбы біздің зерттеуімізде сөз болып отырған идеографиялық сөздікке төтенше қатысты екендігі анық. Бұл жерде ғалым қарапайым сөздік түрлерінде сөздік бірліктердің әліпбилік ретпен берілетініне, ал идеологиялық сөздіктерде семантикалық жүйе бойынша, тақырыптық топтамалар түрінде берілетініне ерекше назар аударады. Лексикография теориясы бойынша жазылған бұл еңбектегі бірінші антитезада (академиялық сөздік – анықтамалық сөздік) келтірілген тұжырымдардан академиялық сөздік пен анықтамалық сөздіктің әрі ғылыми, әрі нормативті сөздік болып табылатындығын аңғаруға болады. Демек, бұл екеуі де тілді үйрету ісінде оқулық пен сөздіктің міндетін бірегей түрде атқаратын оқу құралы болып табылады.
Р.Түсіпқалиева өзінің «Қазақ лексикографиясы: екітілді шағын сөздіктердің құрылымы» атты еңбегінде лексикограф ғалым А.Е. Супрунның тілді үйрету мақсатында жасалатын сөздіктердің жіктемеде ерекше орын алуын қолдап, оларды жеке қарастыруды, академик Л.В. Щербаның дихотомиялық жіктемесіне қосалқы топ ретінде қосуды ұсынатындығы туралы жаза келіп, ғалымның өз тарапынан жалпы сөздік – оқу сөздігі түріндегі жетінші дихотомиялық жұпты ұсынғанын айтады [3, 15-16 бб.]. Автор бұл ұсынысты қолдайды. Соңғы 20-30 жылда қарқынды дамып келе жатқан оқу лексикографиясының жетістіктерін, оқу сөздіктерінің мәні мен маңызын мойындай отырып, біз де өз тарапымыздан бұл ұсынысты қолдаймыз.
Лексикографиялық туындылардағы сөздік бірлікке анықтама беру‚ түсіндірме жасау кезінде жеке лексикалық бірліктер мен тұтас лексикалық жүйенің ішкі құрылымын‚ заңдылықтарын көрсетуге талпыныс жасалады. Осы мәселеге қатысты мынаны ескерген жөн: тілді қолданудың екі түрі бар. Ол халықтың қолданатын құралы болғандықтан қоғамдық құбылыс ретінде, жеке адамның қолданатын құралы болғандықтан индивидуалды құбылыс ретінде қарастырылады. Тіл білімінің тілді қалыптасқан қоғамдық құбылыс ретінде қарастыратын бөлігі - с и п а т т а м а л ы - ж і к т е м е л і лингвистика деп аталатын болса‚ оны жеке адамның ішкі дүниесінен өсіп шығып‚ ұлғая беретін тірі организм ретінде қарастыратын бөлігі - а н т р о п о ц е н т р и с т і к лингвистика аталып келеді. Идеографиялық сөздіктегі бірліктерге сипаттама жасалған кезде мәселенің осы екі аспектісі де міндетті түрде ескерілуі қажет деп ойлаймыз.
Оқу лексикографиясы - тіл білімі ғылымының кейінірек дамыған жас саласы. Осы саланың ғылыми-теориялық тұрғыдан қалыптасуына мүмкіндік тудырған жұмыстардың авторы В.В.Морковкин. оған «Оқу лексикографиясы – басты мазмұны лексикаға тілүйретімдік мақсатта сипаттама жасаудың теоретикалық және практикалық аспектілері болып табылатын, арнаулы мақсатта қолданылатын лексикографиялық, лингвоәдістемелік пән» түрінде анықтама бере отырып, оқу сөздігінің алатын орнының, ерекше екендігін жазады. Оның тілдік қатынас пен тілдесім құралы көлемі мен типі жағынан алуан түрлі болып келетін лексикографиялық туынды болып табылатындығын тұжырымдайды [4].
Оқу лексикографиясында, жалпы лексикографиядағы тәрізді, сөздіктің микроқұрылымын яғни оның элементтері мен параметрлерін зерттеу мәселесі маңызды орын алады. Сондықтан‚ сөздіктің тіліне жасалатын талдаудың алғашқы түрі параметрлік талдау болмақшы. Ю.Н.Караулов әлем тілдеріндегі түрлі типтегі сөздіктерді талдау нәтижесінде лексикографиялық параметрлер санын алпыс беске жеткізеді. Солардың ішіндегі қазақ тіліндегі сөздіктері үшін маңыздылары төмендегідей: «Тілдер саны. Сөздік кірісі (әліпбилік, тура және кері; мағыналық; сөздің ұзындығына байланысты әліпбилік - хронологиялық транскипциялық, т. б.). Хронологиялық параметр (сөздің бірінші жазбаша тіркелу уақыты, сөздіктің хронологиялық рамкілері). Сандық параметр (сөздіктегі сөздердің саны). Орфографиялық (әрбір әріп бойынша әліпбилік). Сөздің ұзындығы (әріптер саны). Екпін. Айтылым. Буынға бөліну. Сөз табы. Жекеше/ көпше. Сын есімдердің шырайлары. Сабақты/ салт етістік. Етістер. Райлар. Тұйық етістік. Көптік, жіктік, септік, тәуелдік жалғаулар. Көмекші етістіктер. Есімше. Етістіктің шақтары. Сөздің морфологиялық құрылымы. Сөзжасамдық параметр. Аббревиятуралар. Көп мағыналылық/ бір мағыналылық. Семантема (семантикалық эквивалент, дифиниция). Мағынаның транспозициясы. Ареалдық параметр. Синтагматикалық тіркес (еркін тіркесім). Фразеологиялық тіркес (тұрақты тіркесім). Лексикалық тіркесімділік. Иллюстративтік параметр. Стилистикалық параметр. Эмоционалды - бағамдық параметр. Нормативтілік пен вариациялық. Статистикалық (сөздің қолданым жиілігі). Лингвотарихи параметр (сөз тарихы). Лингвоелтанымдық (этномәдени, тарихи) параметр. Ономастикалық параметр. Терминологиялық параметр. Тектестік (этимологиялық, генетикалық, біртектілік) параметрі. Кірмелілік параметрі синонимдік параметр. Антонимдік параметр. Омонимдік параметр. Паронимдік параметр. Ассоциативтік параметр. Семантикалық өріс. Тақырыптық топ. Библиографиялық (сөз туралы зерттеулерді көрсету) параметр. Лексикографиялық параметр (сөз туралы қажетті дерек алуға болатын сөздіктерге сілтеме)» [5, 11 б.]. Ж.Байниязова лесикографиялық параметрлердің көпшілігінің оқу лексикографиясында жасалатын сөздіктерге тікелей қатыстылығын, оқу лексикографиясындағы тоғыз аспектіні бейнелейтін тоғыз оқу сөздігінің түрлерінде (түсіндірме, идеографиялық, фразеологиялық, лингвоелтанымдық, грамматикалық сөздіктер, синонимдердің, антонимдердің, омонимдердің, паронимдердің оқу сөздіктері) көрсетілген параметрлердің басым көпшілігі қолданылатындығын атап өтеді [5, 12 б.].
Бірінші бөлімнің екінші бөлімшесі «Идеографиялық сөздіктердің негізгі белгілері» деп аталады. Бұл бөлімшеде аталмыш сөздіктің негізгі айырым белгілері мен басты ұстанымдары айқындалды. Лексикалық бірліктердің лексика-семантикалық қатынасын сөз еткенде, ұғымдар тілден тыс факторларымен қатар тіл бірліктері, сөздердің парадигмалық қатары арқылы берілетіндіктен, тілдің ішкі жүйелілігі міндетті түрде ескерілуі керек. Яғни тілді үйренуге қажетті идеографиялық оқу сөздігін құрастыруда сөздердің тақырыптық және лексика-семантикалық байланыстарының маңызы зор. Қазақ тілін үйретуде мағынадан тұлғаға қарайғы функционалды-семантикалық бағытта жүзеге асырылатын, тілдік бірліктердің семантикалық жүйелілігі ұстанымына негізделетін идеографиялық оқу сөздіктерін түзуге ерекше назар аудару қажет. Мұндай сөздіктердің негізгі мақсат – тілдегі семантикалық, тақырыптық жүйеде орналасқан, белгілі бір ойды нақты, анық жеткізу үшін қажетті сөздерді таңдауға көмектесу болып табылады. Қазіргі тіл білімінде лексикография екі түрлі бағытта дамып келеді. Атап айтқанда, идеографиялық оқу сөздіктерінің түрлі аспектілерді қамтыған салалық түрлері жасалса, сонымен қатар бірнеше саланы қамтыған кешенді сөздіктер де дайындалуда. Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде салалық сөздіктерден гөрі кешенді сөздіктердің берері мол, себебі онда тіл үйренуші бір сөздіктен түрлі сала бойынша жалпы мағлұмат алып, бір ғана еңбекке иек арта алады. Сөздік бірліктерді тақырыптық жағынан топтастырғанда ішкі тілдік байланыстар да, тілдің коммуникативті, функционалды жағы, тақырып аясы, сөйлесім ортасы тәрізді тілден тыс факторлар да ескеріледі.
Қажетті тақырыптық-ситуативтік жағдаяттардың алуантүрлілігін қамтамасыз ету үшін қазақ тілінің идеографиялық лексика құрамынан тұратын тақырыптық минимумын жасау керек. Себебі тізбелерде лексикалық деңгейдің барлық көпдеңгейлігінің жүйелі көрінісі сақталып отырады. Қазақ тіліндегі идеографиялық лексиканың базалық тізбесі оның ядросын және осы ядродағы элементтердің жүйелі байланыстары жиынтығын береді. Тілді үйретудің бастапқы және жалғастырушы кезеңдеріне арналып жасалатын жалыға ортақ минимум сөздіктердің бірінші бөлігін ең жиі қолданымдағы сөздер тізбесі, екінші бөлігін тілдегі лексиканың идеологиялық жүйесін құрайтын тақырыптық тізім құрайды. Осы екінші бөлікте орналасатын, тілдегі тақырыптық топтардың басты аталымдарын қамтитын негізгі тізбе шағын көлемді идеографиялық оқу сөздігі үшін инвариант қызметін атқарады.
Идеографиялық оқу сөздіктерінің оқыту мақсаты мен тілді меңгерту құралы ретінде өзіндік ерекшеліктері бар. Оладыңр негізгі қызметі: оқыту, анықтама беру, жүйелеу. Сондай-ақ, олар ақпараттық және нормативтік қызметтерді де атқарады. Идеографиялық оқу сөздіктерінің өзіне ғана тән белгілері бар. Идеографиялық оқу сөздіктерін түзуде лексикалық жүйенің объективті жақтарымен қатар әдістемелік аспектілері де ескеріледі. Атап айтқанда, оқыту кезеңі, жас ерекшелігі, білім деңгейі, мамандығы т.б. Бұлар сөздіктің көлеміне, сөздік бірліктердің берілуіне, оларға сипаттама жасаудың әдіс-тәсілдері мен ұстанымдарына әсер етіп отырады. Психологиялық тұрғыдан алғанда, сөздіктің кімге арналғаны, адресат факторы басты назарға алынады. Оқушының жас ерекшелігіне байланысты бастапқы, жалғастырушы буындарға арналған сөздіктерге жіктеледі. Адресаттың дайындық деңгейін ескере отырып жасалған сөздіктердің түріне оқушыларға және оқытушыларға арналған сөздіктер жатады. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, сөздікті пайдаланушының әлеуметтік ортасы, тұратын жері, ұлттық ерекшелігі ескеріліп, соған сәйкес шет тілді аудиторияға арналған, екінші тілді аудиторияға арналған сөздіктер болып табылады. Семиотикалық тұрғыдан алғанда, сөздің таңбалық қасиеті, метатілдік және символдық жағы қарастырылады.
Идеографиялық оқу сөздіктерінде сөзтізбені құрайтын атау сөздерді іріктеу лингвистикалық және лингводидактикалық ұстанымдарды ескеру негізінде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бірінші кезекте коммуникативтік құндылық ұстанымы ескеріледі. Мұнда басты назарда ұғым не түсініктің тілдік жағдаяттардағы қолданылу мүмкіндігі болады. Бұл ұстаным бойыша жалпы сөйлесу үшін және белгілі бір тақырып аясында әңгіме өрбітуге қажетті сөздер сұрыпталып алынады. Лексикалық құрам қарым-қатынас саласы мен тақырыбы бойынша жіктеледі. Сөздердің тіркесім қабілеті сараланады. Мұнда өзара байланысу, тіркесу қабілеті жоғары сөздер іріктеліп алынады. Бұл оқушылардың сөздерді өзара байланыстырып, сөйлем құрап, ойын жеткізе білу дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Екінші кезекте көпмағыналылық ұстанымы ескеріледі. Мұнда полисемиялар басты назарға алынады. Сөз мағынасы көбейген сайын оның қолданылу мүмкіндігі де жиілейді, ол дерексізденіп, басқа мағыналарды қамту, ішіне алу мүмкіндігіне ие бола береді. Сондықтан көпмағыналы сөздерді үйрену арқылы оқушы сөздің қай контексте қандай мағына алып тұрғанын айыра білетін болады. Үшінші кезекте стилистикалық бейтараптық ұстанымы болады. Ол бойынша, белгілі бір топқа барлық стильде де қолданыла беретін бейтарап сөздер іріктеліп алынады. Сөзжасамдық ұстаным негізінде сөзжасамдық мүмкіндігі мол сөздер, басқа, туынды сөздерге негіз болуға қабілеті мол түбір сөздер іріктеліп алынады. Сөздің жаңа сөз тудыру мүмкіндігі көп болған сайын оның сөздікте берілу ықтималдығы да арта түседі. Қолданым жиілігі ұстанымы негізінде тілдегі лексикалық варианттар арасынан ең жиі қолданылатын атаулар алынады. Идеографиялық оқу сөздіктерінде қамтылуы тиіс сөздердің көлемі туралы ортақ пікір жоқ. П.Н.Денисов орташа сөздік 10-12 мың сөзден тұруы керек, ал үлкен сөздік 25 мыңнан аса сөзді қамтуы қажет деп есептейді [6]. Бұл мәселе негізінде әр тілдегі тақырыптық таралымның ерекшеліктеріне тәуелді болады. Тақырыптық топтардың әр тілдегі көлемі әр түрлі. Ол сол тілдегі тақырып аясының даму ерекшеліктеріне байланысты.
«Идеографиялық оқу сөздігі үлгілерінің түзілім және зерттелім тарихы» атты бөлімшеде отандық лексикографиядағы идеографиялық сөздік үлгілері туралы сөз болады. Сөздікке дейінгі лексикографиялық туындылар мен алғашқы сөздіктер ең алдымен оқу, үйрету сөздіктері, оқу материалдары ретінде жарыққа шығып отырған. Тарихи деректердің негізінде ең көне сөздіктердің тақырыптық оқу сөздіктері болғандығы дәлелденген. Мәселен, идеографиялық оқу сөздіктерін түзу тәжірибелері біздің заманымыздан бұрынғы III мыңжылдықтағы көне шумер иероглифтерінің сөздіктерінен бастау алғаны белгілі. Одан бергі біздің заманымыздан бұрынғы II мыңжылдықтың бас кезінде тақырыптық оқу сөздікшелерінің бір түрі - шумерше-аккадша сөзтізбелер мен шағын сөздіктер, әрқилы тақырыптық топтама сөздердің тізімдері жасалған.
Қазақ тіл білімінде толыққанды идеографиялық оқу сөздіктерін құрастыру жағынан әзірге тәжірибе болмай отыр. Алайда оның шағын үлгілері баршылық. ХІХ ғасырдың өзінде-ақ алғашқы тәжірибелердің болғанын атап өтуіміз қажет. Ондай үлгілердің қатарында Н.И.Ильминскийдің «Материалы к изучению киргизского наречия» атты еңбегіндегі сөздікті [7], Ж.Көшербаевтың «Краткий русско-киргизский дорожник со словарем» атты еңбегіндегі тақырыптық топтамаларды [8], М.Бекчуриннің «Начальное руководство к изучению арабского, персидского и татарского языков» оқу құралындағы топтамаларды [9], Н.С.Жетпісбаевтың «Начальное руководство арабского, персидского и киргизского языка» аталатын оқулығындағы тақырыптық топтарды [10], Ы.Алтынсариннің еңбектеріндегі тақырыптық топтамаларды [11] атауға болады. Бұл еңбектерде бірнеше тілдің материалдарын бір-бірімен салыстыру, баламасын көрсету мақсат етілген. Мәселен, Н.И.Ильминский сөздігін алатын болсақ, онда әліпбилі сөздіктің де, идеографиялық оқу сөздігінің де белгілері кездеседі. Зерттеуші орыс халқының өкілдеріне қазақтардың мәдениетін, салт-дәстүрін, этнографиясын таныстыруды мақсат еткендіктен, қазақ халқының тұрмыс-салтына, дәстүріне байланысты лексикалық бірліктерді ұя түрінде топтастыра берген. Мысалы: Тартыс – тягаться, спорит. По прочитании муллою вначальных молитв, – что бывает в чужой кибитке, – невесту защищают девицы и часть молодежи, а другая часть молодежи держит сторону жениха. Это называется тартыс, который оканчивается подарками молодым людям. Аталған еңбектегі ұяға біріктірілген сөздік бірліктерді өз ішінен бірнеше топқа жіктеуге болады. Атап айтқанда: а) Зерттеушінің белгілі бір ұғымдық жақындығы бар, бір семантикалық өрістің лексикалық бірліктерін топтастырғаны байқалады: Қайын – женина родня по отношению к мужу, встречается только в сложении; қайын ата (и просто ата) тесть, қайын ене – теща, қайын аға – шурин старшей жены, қайын – младший шурин, қайын бике – старшая своячина, қайын сіңлі, балдыз – младшая своячина. Те же слова идут и к мужней родне по отношению к женщине), только из вежливости она откидывает слово қайын от называния старших; ә) Түбірлес сөздерді ұяда топтастырып берген: Ата -называть, атастыр – взаимно свататься (у одного сын, у другого дочь); Атақ - слава, известность, атақты – известный, знаменитый; Мамыр, мамыр ат – лошадь больная ногами, мамыр құс – птица осенью от жира и от неукрепившихся еще новых перьев неспособная летать. Отсюда время мамыр айы. Мамырла – охрамать, быть неспособной летать. Алайда зерттеуші қазақ тілін жетік меңгермегендіктен, бірқатар тұстарда сыртқы ұқсастықтарына, дыбысталуына қарап, сөздерді бір ұяға біріктірген тұстары байқалады. Мысалы: Әйтпесе – если не так, противном случае, айтсын – да будет так – ответ на благожелательное приветствия; напр. при встрече на пути один приветствует жол болсын – добрый путь! другой отвечает айтсын – әлей болсын.
Зерттеушінің еңбегін талдау барысында лексикалық бірліктерді осылайша ұяға біріктіріп беру керекті сөзді бірден тауып алып, сол сөзге жақын сөздердің мағыналық дамуын ашуға да мүмкіндік беретінін көреміз. Ұяның әліпби тәртібімен орналасуы сөзді тез тауып алуға жол ашады. Алайда Н.И.Ильминский сөздігінде сөздер лексика-семантикалық топтарға жіктелмеген. Сөздік бірліктерді лексика-семантикалық топтарға қарай жіктеу үлгісін Ж.Көшербаев, Ы.Алтынсарин еңбектерінен байқауға болады. Еңбектің алғысөзінде Ы. Алтынсарин: «Кез келген, оқымаған бала, әсіресе, қазақ баласы басқа тілдің құрылысы мен ерекшелігін бірден түсініп қабылдай алмайды, себебі, орыс тілі мен қазақ тілінің арасында өте үлкен айырмашылық бар. Сондықтан, біздің ойымызша, қазақ балалары үшін ең алдымен, жеке сөздерді ұғу және негізгі грамматикалық анықтамаларды жүйелі түрде меңгеру керек. Содан кейін ғана, олар орыс тіліндегі кітаптарды оқып, мазмұндай алады. Мұндай дайындықсыз оқушылар ешбір грамматикалық ерекшеліктерді елестете алмайды. Олар ұзақ уақыт бойы «он» сөзінің орнына «она» сөзін, «шел» сөзінің орнына «иду» сөзін және т.б.с.с. сөздердің түсінігі мен ұғымын шатыстырып алуы мүмкін» – деп жазады [11]. Бұл жерде зерттеушінің жекелеген сөздердің мағыналарын да, грамматикалық ерекшеліктерін де жүйелі түрде түсіндірмек болғанын көреміз. Алайда бұл топтастырудың бірқатар кемшіліктерін байқауға болады. Атап айтқанда, біріншіден, лексика-семантикалық топтарды а) Нәрселердің аттары (зат есім), ә) Зат-мақұлықтың қасиетінің аттары (сын есім), б) Есеп аттары (сан есім), в) Местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік), г) Ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу демеу), ғ) Предлог деген сөздің бөлімі (жалғау), д) Глагол деген сөздің бөлімі (етістік) түрінде жіктеу тым жалпы, сол себепті оқушының керек қылған сөзін тез тауып алу қиындық тудырады. Зерттеуші мұнда негізінен олардың қандай сөз табына қатысты болуына байланысты топтастырған. Екіншіден, бұл тым жалпы топтастыру болғандықтан, олардың мағыналары да алуан түрлі болып шыққан. Осындай ерекшелікті Ж.Көшербаев сөздігінен де байқауға болады. Әр тақырыптың өз ішінде әліпбилік жүйе сақталған. Бұл керекті сөзді тез тауып алуға мүмкіндік береді. Алайда бұл сөздіктің тақырыптық топтары да тым жалпы болып келеді. Яғни мұны әрі қарай да шағын топтарға жіктеуге болатыны байқалады. Мұндай ерекшелік әсіресе сапа мен қасиет, қимыл мен қалып топтарына тән. Қазан қаласында 1890 жылы жарыққа шыққан Нағибай Жетпісбаевтың «Начальное руководство арабского, персидского и киргизского языков с арабско-персидско-русско-киргизскими словами в конце» атты оқу құралындағы шағын сөздіктің бірқатар артықшылықтары бар. Әсіресе бұл орайда тақырыптық топтардың шағын бөліктерге жіктеле түскенін баса айтуға болады. Алайда тақырыптың ішіндегі сөздердің әліпбилік тәртібі сақталмаған. Бұл жағынан алғанда, тұтынушыларға керекті сөзді тез тауып алу жағынан біршама қиындық туғызары сөзсіз.
А. Байтұрсынұлының қазақ балаларына арнап ана тілінде сауат ашу мақсатымен жазылған «Оқу құралы» атты еңбегінде сөздер мынадай тақырыптарға жіктелген: туысқан-туған іліктес, киімдер, ойын-ойыншықтар, тамақтар-сусындар, дене мүшелері, үй саймандары, ыдыс-аяқ, малдар аты, малдан басқа төрт аяқтылар т.с.с. [12]. Тіл дамыту жұмыстарына тірек болатын лексикалық бірліктерді сұрыптау барысында әдіскер ғалым оларды тақырыптық топтарға жіктеп берген. Бұл орайда әр тақырыптық топқа енетін зат атауларын балаларға жинақтап ұсынуды мақсат еткен сияқты. Ғалымның әліпби оқулығын оқытуда балалардың тіл дамыту, тіл ұстартуға арналған тапсырмаларын да тақырыптық топтарға жіктегенін көреміз. Сол арқылы бір жағы, лексикалық бірліктердің қандай тақырыптық топтарға жататынын көрсетуді мақсат етсе, екінші жағынан баланың қажетті лексикалық бірлікті сол тақырыптық топтың ішінен таңдап алып, сөйлем немесе сөз тіркесін құруда, ойын жеткізуде пайдалану үшін қолдануына мүмкіндік берген. Сонымен қатар, мұнда қазақ ұғымына тән, қазақ тұрмысында жиі қолданылатын, көп кездесетін зат атаулары берілген. Екінші жағынан, малдар әрі қарай ұсақ топтарға (жылқы, сиыр, қой, ешкі, түйе) немесе өсі

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Косжанов
Просмотров: 3579 | Загрузок: 1153 | Рейтинг: 3.0/6
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>