Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Міржақып Дулатұлы шығармаларындағы Ғаламның тілдік бейнесі

Скачать реферат с сервера 22.08.2010, 01:06
загрузка...
Тілдік тұлға осындай құрылымдық ерекшеліктерден тұратын кешенді категория ретінде кеңінен қарастырылған. Алайда, оның тілді қолдануды арнайы жоспарлауда, мәтін түзудегі сипаты, сөздерді тілдік айналымға енгізудегі кейбір ерекшеліктері назардан тыс қалып жатқанын айта кеткен жөн. Бұған, мысалы, тілдік тұлғалардың әртүрлі қырын сипаттайтын хаттар (эпистолярлық) лексикасы, драматургиясы мен аудармалары тілін де жатқызуға болады. Мәселен, М.Дулатұлының жан-жақты шығармашылығын көрсететін драмалық шығармалары, аудармалары, хаттарының молдығы оның кейбір когнитация мәселелерін зерттеуге қиындық тигізетіні байқалды. Дегенмен, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларына тән ой-сана, қазақы ұлттық мәдениет көрінісі М.Дулатұлы шығармашылығын негізгі мазмұнда тұтастырады.
ХХ ғасырдың басында жастар санасында бір бұлқыныс, ренессанс дәуірі басталғандай болды. Бұған әсер етуші ұлттық сана дамуындағы жаңаша үдеріс пен жалпы азаматтық өркениетке сәйкес орыс мәдениетінен, батыстан келіп, еніп жатқан ғылым, өнердің соңғы жетістіктері болатын. Осы жағдай сананың түрленуіне, ұлттық ойдың, болмыс-бітімнің өзгеруіне алып келді. Материалдық өмірдегі күнде болып жатқан өзгерістердің жастар санасына әсер етуі нәтижесінде, олардың алғаш байқағандары өз ұлтының кемдеу қалып бара жатқан жағдайы еді. Міне, Міржақып Дулатұлы сынды зиялы азаматтардың көзі ашық, санасының ояу болуына, ұлттың, ұлтжандылық рухтың оянуына әсер еткен де осы жаңалықтар екені сөзсіз. Қазақ даласындағы осы өзгерістер көптеген дара тұлғалардың қазақ ойының көгіне көтерілуіне мүмкіншілік жасады. Ол туралы Міржақып: Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев, сөзінде хата бар ма сынап көрсең, ақын аз Байтұрсынов Ахметтей, сөзі алтын, мағынасы меруеттей, Оралдан Әбубәкір молла шықты, Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты. Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсіп о да шықты [Іт,98] десе, С.Торайғыров: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың кегіне күн болмағанда, кім болам!» деп оқыған қазақтың халқы алдындағы міндетін нақты көрсетеді.
Қазақ сөз майталмандарының тіліне әсер ететін бірінші қайнар көз – фольклор. Міржақып шығармашылығына халық ауыз әдебиеті әсер еткен бірінші бастау екенін өз еңбектерінде фольклор жанрының үлгілері мен деректерін үзбей пайдаланылуы айғақтаса керек. Әсіресе, балаларға арналған педагогикалық еңбектерінде, оқу құралдарында фольклор үзіктері үзбей қолданылады. Мысалы, («Қобыланды мен Тайбурыл», «Қара батыр» ертегісі т.б.). Міржақып сонымен қатар, дәстүрлі шығыс әдебиетінің өзіндік ерекшелігінің бойына қабылдайды, өйткені ол кезде қазақ даласында шығыс шайырларының есімдері дәуірлеп тұрған болатын. Шығыс ойшылдарының еңбектері, ислам дінінің имандылық мәні Міржақыптың алғаш танысқан әдеби үлгілері, тұма бұлақтары болатын. Кейіннен ол алдыңғы қатарлы орыс әдебиетін оқыған, көзі ашық ағартушы дәрежесіндегі тілдік тұлғаға айналды. Соңынан Абай өлеңдері жарыққа шыққаннан бастап, Міржақып әдеби тұлғасына ерекше әсер еткен дана Абай көрсеткен жол еді.
Міржақыпты тілдік тұлға ретінде танытатын қырының бірі - оның публицистикасы екені және қазақ көсемсөзінің қалыптасу кезеңінің басында тұрғандардың да бірі Міржақып Дулатұлы болғаны зерттеушілерге аян. (М.Дулатұлының «Қазақ» газетінде, «Айқап» журналында жарияланған мақалалары). Міржақыптың ақындық жазушылығынан басқа шығармашылық тіліндегі бір көрінісі - оның аудармалары. Мысалы, оның араб тілінен аударған Әл-Фараби замандасы, арабтың ертедегі ақыны Абу Фарастың «Тағдырдан сұра, қаскүнем» өлеңі, А.С.Пушкиннен, М.Ю.Лермонтовтан, Н.Ановтан жасаған әдеби аудармаларымен қатар, әртүрлі заңдар, кітапшалар, оқу құралдарының аудармалары сақталған.
Міне, осы қасиеттерді бойына жинақтаған М.Дулатұлының таным әлемі және қоғамға, тілге деген еңбегінің қозғаушы күші тілін зерттегенде ғана айқындалады.
1.2.1 М.Дулатұлы тілдік тұлғасын сипаттайтын көріктеу құралдары. Тілдік тұлғаның табиғатын ашып, суреткерлік шеберлігін тану үшін оның тілінде қолданылған көріктеу тәсілдеріне зер саламыз. «Жазушының дүниені ерекше көркем түсінуі, сезінуі, оның көркемдік әдісі міндетті түрде оның шығармасында көрініс табады»[5,112]. Міржақыптың тіліндегі теңеу, эпитет, метафоралар қолданысы қазақ тіліндегі дәстүрлі қолданыспен сабақтас. Көрнекті тілдік тұлғалардың тілінде қалыптасатын мұндай жүйе – заңды құбылыс. Міржақып тіліндегі бейнелі теңеулер эпитеттік сипатта қазақ дәстүрлі үлгісінен туындаған, сондай-ақ, бұрын қолданылмаған тың теңеулер тобы да молынан ұшырасады. В.А.Маслова теңеудің табиғатын лингвомәдениеттану ғылымының өзекті мәселесі деп есептейді: «Халықтық діл (менталитет) және рухани мәдени тіл бірліктері алдымен олардың бейнелік мазмұндары арқылы жүзеге асады» [1,145]. Міржақыпта дәстүрлі –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы жасалған теңеулер көптеп кездеседі. Мысалы: қаныққандай көңіл жүдеу; кісідей арақ ішкен әуреленіп; келді мұжық көшкен бұлттай; простой біздің қазақ қара тастай; файдасыз жемісі жоқ қу ағаштай; біздің жұрттың зәрредей жоқ намысы; шортандай шабақ жұтқан жалмауыздар; тал жібектей; жақсы емес тікенектей; құрт жайлаған тамырын қу ағаштай; зиһінім (зерде) қайыршының дорбасындай; жер алу үшін хохолдар селдей ағып келеді т.т.
Міржақып тіліндегі көріктеу құралдың бірі – метафора (балау), олардың жекелік түрлері. Міржақып өлеңдері мен роман, пьеса, әңгімелерінде қазақ танымындағы дәстүрлі ұқсатулар (ассоциациялар) мол орын алған. Метафоралық қолданыс сөз қолданушының айырым танымының сол тілдегі мінезін жан-жақты бейнелейді. Міржақып поэзиясында метафоралық қолданыстар аз болғанымен, өзіндік өрнегімен сол кездегі алдыңғы түр, жаңашылдық деңгейде болғанын байқаймыз. Міржақып метафораларында өзін айқындықта көрсету орнына, бәсең солғын, басқаша айтқанда «қарапайым» көрсету кеңінен орын алады. Бұл да ақынның өзіндік табиғи қарапайымдылығының көрсеткіші болса керек. Мысалы,
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш...
Мен дағы жылағанның бірі екенмін,
Қайғырып соларды ойлап жүр екенмін.
немесе
Мен міскін бұларды ойлап қиял басқан т.т.
Міржақып метафорасында жан-жануар, ағаш, тұрмыстық-салт лексика да кездесіп отырады: Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш; Алғырдан туған сұңқарым; Іле алмай сұңқар қу маңғаз, Тұғырға құзғын қонып тұр; Есекке арғымақты қосақтасаң, өтпей ме ғұмыр зайғы бекер деген; Қу ілген қыран бүркіт біз боламыз. Сондай-ақ Міржақып өлеңдеріндегі ғашықтық концептісі шегінде байқалатын өлеңдерде қызды «құсқа», оның ішінде «аққуға» балайды. Метафора әлемді танудың үлгісі, сондықтан ауысулардың жаңа түрлері Абай үлгісімен жасалғандай көрінеді. Міржақыптың тілдік шеберлігіне әсер етуші фактордың бірі орыс поэзиясынан алған мол білімі екені байқалады. Сол себепті кейде орыс сөздері де метафоралық қолданыстардың мүшесі ретінде қолданылады:
Сырты - алтын, іші – фальші болып шығып,
Сан соғып, құрбыларым, өкінбелік!
немесе
Магниті сұлу қыздың күшті емес пе,
Жігітті көңілі сүйген қайтып тартпас...
Міржақып «жігіттің раушаны» деп жастықты, жақсы қызды «баға жетпес гауһар тасқа, қызыл түлкіге», жағымсыз кейіпкерді «жапалаққа, есекке», жақсы жігітті «қыран бүркітке, қырғи құсқа, аспаһани қылышқа», ғылымды «ағып жатқан бұлаққа», талапты жастарды «бағланға», сауатсыздықты «тұманға», оқығандарды «жау жүрек, қыран көзді арыстанға», патша империя саясатын «күнбатыстың қара бұлты» балайды. Міржақып поэзиясында өзін-өзі айқындау орын алған. Ол өзін «ағашқа, тұлпарға, міскінге» балайды.
Символ да метафора сияқты тілдік тұлғаның тіліндегі ұлттық мәдениеттің көрсеткіші ретінде көрінеді. Символдық таңба – лингвомәдениеттану мен когнитивті лингвистиканың зерттеу нысандарының бірі. Символ тілдік тұлғаның тіліндегі біріккен ой жүйелерін көрсетіп, бір-екі сөзбен береді, сол себепті символдық мәнді халқымыздың дәстүрлі ұғымдарын білдіретін сөздерден іздеуіміз керек. Символды зерттеуші Қ.Қайырбаева бұл туралы: «Сөз – символ жазушының айтпақ ойын дөп басып шығарманың бейнелігін арттыру үшін қажет. Сондықтан символдың жеке автор қолданысындағы мәнін ашу, мағынасын тану ерекше қабілет пен көкірек көзін қажет етеді», - дейді [6,11]. Сөз – символдарды ғалымдар әр түрлі қырынан зерттеген: рухани мәдениет пен материалдық мәдениетке қатысты [Е.Жанпейісов, Ж.А.Манкеева], түр-түс атауларының символдық мағынасы [Ә.Т.Қайдаров, З.Т.Ақтамбердиева], символдық мәні бар фразеологизмдер сипаты [Р.Сыздық, Г.Смағұлова, Н.Уәлиұлы], сұлулық символизмдер [А.Қ.Сейілхан], символдың когнитивтік сипаты [Қ.Ә.Жаманбаева], этномәдени атаулар символы [Қ.Т.Қайырбаева] т.т.
Ақ, қара түстері символикалық мәнге ие болады. «Жарасып ақ үйлердің қияфаты немесе қаптап тұр күн батыстың қара бұлты». Ақын қазағын «ақ» түспен, патшалық империяны «қара» түспен таңбалайды. М.Дулатұлының ұлттық танымы, ұлттық азаматтық рухы қазақ тіліндегі бұрын қалыптасқан символдар мәнінен айқын байқалады. Бұрынғы әмбебаптық қасиетіне М.Дулатұлы шығармаларындағы сөз-символдар авторлық ерекшелік мән жамайды да, кең көлемді сипатта келеді.
Міржақып шығармаларындағы оның тілдік тұлғасының тағы бір қырын көрсететін құрал - риторикалық сұраулардың қолданылуы. Риторикалық сұрау бұрыннан келе жатқан ерекшелік болғанымен, қазақ поэзиясында ХХ ғасыр басында тек осы М.Дулатұлы шығармаларынан көрінеді. Риторикалық сұраулардан оның ұлтжанды тілдік тұлғалық қыры ашылады. Бұдан «қазақ жері, алаш, ер азамат, үй» концептілері айқын көріністе жүйе құрайды. Мысалы: «Алашқа» өлеңінде «қайда» сұрағы қайталама құрайды:
Көк майса бетегелі жерің қайда?
Күмістей толқындаған көлің қайда?
Ың-жың боп жер қайысқан төрт түлікпен,
Жөңкіліп, көшіп қонған елің қайда?
Көтерген ақ киізге ханың қайда?
Міржақып поэтикасында перифраздар метафорлық сипатта Абай салған түрге жақын мазмұнда қолданылады. Мысалы: жабыққан, мұңды көңілін – тағдыр соққан шынжыр; шәкіртті – бақыт таңы; қорлықтағы елін – қос қанаты майырылған мүгедек; жалғанның қызығы – мол мекен; оқығанды – қамалға қарсы шыққан қаһарманым; сауатсыздықты - надандық шәрбаты; талапты баланы - гауһар тас; табиғи дарынды – алла жаққан кеудедегі от т.т.
Қайталамалар - ежелден тілімізбен біте қайнасып, түрленіп келе жатқан категория. Қайталамалар Р.Сыздық, Б.Момынова, Г.Әзімжанова, О.Бүркіт еңбектерінде кеңінен қарастырылғандықтан Міржақып тілінен бір-екі мысал келтіріп шектелейік. Мысалы, «Қайда?» сұрағының қайталамалық көрінісін алайық: Қақ жарған қара қылды биің қайда?
Ақ орда би түсетін үйің қайда?
Салтанат Сарыарқада құрған қазақ?
Толықсып тұрған кеше күнің қайда?
Шаң жұтқан текежәумет атың қайда?
Қалдырмас жауға тастап жақын қайда?
Қайталамалардың қолданылуы Міржақыптың дәстүрлі әдебиет шеңберінен шықпай, стильдік тәсілдерге жүгінгенін байқатады. Сондай-ақ осы тараушада жазушы тіліндегі окказионал сөздер мен көркемдегіш құрал ретінде алынған етістіктің қызметі де айқындалады. 1.2.2 Міржақып Дулатұлы дискурсындағы «ғаламның тілдік бейнесі». Дискурс орыс тілінде «речь» деген ұғымды береді, сонымен бірге, мәтін ұғымының синонимі іспеттес қолданылады. Қазақ тіл білімінде Р.Қ.Бөкейханова дискурсқа дәл анықтама береді. Біз дискурсты осы мәнде түсініп, зерттеу жұмысымызға арқау еткендіктен дәйек-сөзді сол күйінде берейік: «Дискурс сегодня – сложное коммуникативное явление, включающее, кроме текста еще и экстралингвистические факторы (знание о мире, мнения, установки, цели адресата), необходимые для понимания текста» [7,73]. Сонымен дискурсты мәтін ұғымымен барабар түсінуіміз дұрыс, тек автордың «таным әлемін» есепке алу қажет. Дискурс дәстүрлі, когнитивті, лингвомәдениеттану ғылымдарының зерттеу арқауы бола алады, бірақ әр ғылым өзінше жіктеп, өзінші бағалайды. Дискурс - тілдік тұлғаның қасиетін көрсететін тілдік факті. Дискурста тілдік тұлғаның мынадай ерекшеліктері байқалады: 1.Сөйленіс деңгейі; 2.Ұлттық таным деңгейі; 3.Сөз қорыту, түсінік, ұғыну, сезіну деңгейі; 4. Қоғамдық ойының сипаты; 5. Интеллект деңгейі.
Дискурста «ғаламның тілдік бейнесі немесе дүниенің тілдік суреті» деп те аталатын құрылым, жүйе, ой көрінеді. «Ғаламның тілдік бейнесі» күрделі ұғымдық құрылым болғандықтан, табиғатын ашып түсіндіруді әр зерттеуші өзіндік тұрғысынан шешеді. Қоршаған шындық болмыстың адам тілінде бейне құрап, адамның дүниені, әлемді көзі, тілі арқылы тани алатынын тұтас теория ретінде алғаш ұсынған неміс ғалымы Л.Вейсгербер болатын. В.фон Гумбольдтың тілдің ішкі формасы ілімін негізге алған ол, «ғаламның тілдік бейнесі» ұғымына лингвопсихологиялық концепцияларды негіз етіп алады. «Ғаламның тілдік бейнесі» - индивидтің танымдық көзқарасын көрсететін тілдік бірлік, яғни эмпирикалық тәжірибелердің жиынтығы, аралас жүйедегі білім. «Ғаламның тілдік бейнесін» докторлық зерттеуіне арқау қылған Ислам Айбарша былай дейді: «Дүниенің тілдік суреті адамның танымдық іс-әрекеті, ұлттық мәдениеті негізінде түзіледі және белгілі бір ұлт қауымдастығының өкілдеріне ортақ. Демек, дүние суреті дегеніміз – концептуалды (логикалық) және тілдік үлгілер формасымен берілетін санамен тікелей байланысты дүние туралы білімдер жиынтығы» [8,7-13].
Ғаламның тілдік бейнесі әр тілде әртүрлі болады. Себебі индивид сол тілдің семантикалық базасында тілді меңгереді. Осы кезде тілдегі мәдени құндылықтар сөздердің мәні арқылы ұлттық мінез бен ұлттық менталитетті қалыптастырады. Осы орайда тілші ғалым Г.Смағұлова былай дейді: «Тіл бір адамның меншігі емес десек те, сол тілде сөйлейтін жеке адам өз ұлтының бүкіл бітім болмысы, өмірлік тәжірибесін, дәстүрлерін меңгеру, сіңіру арқылы ол да аз тарапынан ұжымдық мәдениетке үлесін қосады. Осындай ерекшіліктер арқылы тұлға ретінде ұлт өкілі боп сақталады» [9,145]. Шоқан, Абай, Ыбырай, Міржақыптардың тіліндегі ғаламның тілдік бейнесінің ерекше болуы, яғни ұлттық нақышта ұлтжандылық концептілерінің келуі олардың өз ана тіліндегі барлық сөздердің мәнін түсініп, ұлттық таным позициясында шегеленуінде, сол деңгейде өсіп-өнуінде жатыр деп ойлаймыз.
Орыс тіл білімінде де «ғаламның тілдік бейнесі» зерттеушілер тарапынан қызығушылық танытып, қарастырып жүрген мәселесі. Бұл тілдік мәселе Ю.Н.Караулов, В.А.Маслова, Ю.Д.Апресян, Н.В.Уфимцева, В.И.Постовалова, Е.С.Кубрякова, Г.В.Колшанский, С.А.Васильева, Н.И.Сукаленко, Г.А.Грутян т.б. зерттеушілер еңбектерінде кеңінен сөз болуда. Г.В.Колшанский ғаламның тілдік бейнесіне мынадай анықтама береді: «Шынайы, тілдік емес, әртүрлі топтағы адамдардың тарихи, жағрафиялық, мәдени және басқа да факторлар ықпалымен біртұтас обьективті әлем шеңберінде жүзеге асқан танымдық қызметінің көрінісі» [10,31]. Демек, ғаламның тілдік бейнесі адам санасында өмір сүру тәжірибесіне қатысты қалыптасып, соның әсерінен тілінде өзгеріске түсіп, дамып отыратын ақпараттар жүйесі. М.Дулатұлы тіліндегі қазақ ұлтының кейпі оның шығармаларындағы ғаламның бейнесі ретінде байқалады. Мұны, әрине, концептілік құрылымнан ерекше нақышта көруге болады. Әр заманның өзіндік ғаламдық бейнесі тілді қолданушыларға әсерін беріп, келесі дәуір көрінісінің баспалдағы болды. М.Дулатұлының тіліндегі «ғаламның тілдік бейнесі» - сол кездің заманында озық ойға құрылған ұмтылыстан тұратын концептілер мен ақын қиялының көрсеткіші. Ғаламның тілдік бейнесі адамда ғана көрінетін, оның тілдік ерекшелігінен байқалатын тілдік бірлік. Міржақып Дулатұлының барлық шығармаларындағы қоршаған орта, әлемге деген баға ұлтжандылық, ұлтты сүю тұрғысынан берілетіні байқалады. Сол себепті, ағартушы тіліндегі ұлттық бояу қай жерде де қоюланып көрінеді.
Мысалы: Жүйрік қиял дүниені кездіріп,
Туған ел мен өскен жерден бездіріп.
Қиын қиғаш қияларға жетектеп,
Сырын айтпай, жөні қалай сездіріп.
Ере бердім мен артынан бір есер,
Қарсы келіп еркім бар ма тіресер?
Жел айдаған тұрағы жоқ қаңбақтай,
Ағынымды дедім-дағы сай кесер.
Сай орнына душар болды терең жар,
Мезгіл жетпей шығу қиын, өзі тар.
Өзінен бастаған ақын сөз соңында өз ұлтының мүшкіл халіне ауысып кете береді: Даласы жоқ елдерде қаңбақты қайдан білер, қаласы көп жерлерде «сай», «терең жар» сөздерін қайдан түсінсін? Үріккен қойдай бағу – бұл суретті мал бақпаған ел қайдан түсінер? Міне, осындай өзіндік қазақ ұлты ғұрыптары мен көріністері бейнеленген сөздің ішкі формаларын аңғартатын сөз үлгілері арқылы оған өзіндік қазақы тілдік бейнесін береді. Мәселен: туған жер мен елден бездіру; қиын қиғаш қияларға жетектеу; ағынын сай кесу (қандай әдемі сурет, таудан екпіндеген, жолындағының бәрін жапырып келе жатқан ағын сай кезіксе, орнын толтырғанша ағыны басылмай ма?) су жүрек боп сорлы қазақ бұғулы т.т. Ұлтжандылық түсінігі орын алған «мұңдану» концептісі де Міржақып өлеңдерінде жиі кездеседі. Оған себеп ақын өмірінің көбі түрмеде, айдауда, қапаста, туған жерден шалғайда өткендігі болса керек. Тағы да «мұң» концептісі арқылы танымындағы дүниенің тілдік суретін байқап қаралық:
Сенімсіз басым, пайдасыз жасым арманда,
Жетермісің тілегіңе жалғанда?
Қан тамшылап тұрса да көзден жас ағып,
«Сенікі жөн», -деп құлаққа ілген жан бар ма?
Елең етер намысқа қызып жігіт аз,
Бұл не ғажап – жұрт керең боп қалған ба?
Өлеңнің аты «Мұң» деп аталғанымен, ақын жан-дүниесін жабырқататын өзіндік, субъективтік психологиялық жай-күй емес, халқының, ұлтының соқыр, сауатсыз, надандық жағдайда өмір сүріп жатқандығы.
М.Дулатұлының тіліндегі «ғаламның тілдік бейнесі» ұлтжандылық, дін, қиял, оқу, ғылым, өнер-білім, ана тілі, қазақ жері, татулық, азаттық, әйел теңдігі концептілерінен құрылғандай сипат алады. Басты ақынның арманы - қазақ ұлтының өнер-біліміне, оқу ғылымына қолы жетіп, терезесі тең ел дәрежесіне көтерілуі. Ақын дискурсындағы ең басты ерекшелік - осындай басқа ұлттық құндылықтарға құрылған дүниенің тілдік суреті. Әлемдік этикеттің озық үлгілерін, қазақы мінездің қаймағын бұзбай, халыққа тарату - М.Дулатұлы ғаламының тілдік бейнесінде байқалатын арманы.
1.3. Міржақып Дулатұлы тілдік тұлғасының лингво-когнитивтік деңгейі. Когнитивтік лингвистика өз бастауын философиядан алатыны мәлім. Себебі бұрын тіл және ой, ой жүйесі мәселелері біріктіріле қарастырылған. Когнитивтік тіл білімі мәселелері шығыс ойшылдары Әл-Фараби және көне грек ойшылдары Аристотель, Платон, Сократ еңбектерінде алғаш қарастырылады. Бұндағы басты ерекшелік тілдің танымдық деңгейін айыруға ұмтылыс жасауда жатыр. Шетел тіл білімінің В.фон Гумбольдт және оның ізбасарлары еңбектерінде алғашқы тілді тану талпыныстары жасалды. Когнитивтік лингвистиканың алғашқы мәселелерін шешу Н.Хомский, М.Джонсон, Дж.Лакофф, Р.Лангакер, А.Вежбицкая т.б. зерттеушілердің еңбектерінде орын алады.
Бұл мәселелер орыс тіл білімінде Ю.Д.Апресян, Е.М.Кубрякова, Ю.Н.Караулов, А.Вежбицкая, Н.Д.Арутюнова, Д.С.Лихачев, В.А.Маслова, т.б. зерттеушілер еңбектерінде кеңінен қарастырылады. Танымдық тіл білімі тілдегі ұлттық мәдениет нышандары мәселесімен түйіседі де, бір-бірінің жүйелік деңгейлері аралас күйде ғылымға айналады. Лингвомәдениеттану ғылымы мен когнитивтік лингвистиканың бірлесе қарастыратын мәселелері осы байланыстан туындайды. Когнитивтік лингвистика мен лингвокультурология бір-бірімен тығыз байланыста, алайда өзіндік зерттеу ілімдері әр қилы. Мұны В.А.Маслова былайша жіктеп береді: «Если когнитивная лингвистика, вкупе с когнитивной психологией и когнитивной социологией, образующие когнитологию, пытаются ответить на вопрос о том, как в принципе организовано сознание человека, как человек познает мир, какие сведения о мире становятся знанием, как создаются ментальные пространства, то все внимание в лингвокультурологии уделяется человеку в культуре и его языку, здесь требуется дать ответы на многие вопросы, в числе которых следующие: каким видит человек мир, какова роль метафоры и символа в культуре, какова роль фразеологизмов, удерживающихся в языке веками, в репрезентации культуры, почему они так нужны человеку?» [1,8].
Қазақ тіл білімінде Ә.Қайдар, К.Хұсайын, Ж.А.Манкеева, Г.Н.Смағұлова, Н.Уәлиев бастаған лингвомәдениеттану мектебі қалыптасты. Бұнда когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану мәселелері кейде аралас, кейде өз алдына жеке зерттелу үстінде. Мәселен, Ислам Айбарша «Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті», Қ.Жаманбаева «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана», Э.Оразалиева «Когнитивтік лингвистика: қалыптасуы мен дамуы» т.б. Осы мектеп өкілі Ш.Елемесова «Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттары» еңбегінде «концепт» термин түсінігін үш топқа бөліп жүйелейді: 1.Концепт ұғымға синоним ретінде қолданылады. 2.Концепт – тіл иесі халықтың жеке тұлғаның (индивидуалдық) және ұжымдық санасындағы ұғымдардың орнын алмастырушы. 3.Концепт салт-дәстүр, ауыз әдебиеті үлгілері, дін мен идеология, адамның өмірлік жеке тәжірибесі мен мәдени маңызды құндылықтар жүйесінің өзара әрекетінің нәтижесінде қалыптасатын «әлем бейнесінің» ментальді құрылымын көрсетеді [11,94].
Өз жұмысымызда когнитивтіктен гөрі мәдени концептілік мәселесін жеке автор тілінен іздейміз. Мәдени концепті когнитивті концепті сөзінің беретін мәнінен өзгеше. Мәдени концепт – лингвомәдени таным бірлігі, онда ұлттық мәдениет көріністерінің жиынтығы бейнеленеді. Біздің мақсатымыз - М.Дулатұлын қазақ ұлтының бөлшегі ретінде қарап, оның тіл ерекшелігіндегі мәдени концептілердің жүйелік өзгешелігін ашу. Себебі адам - өз ұлттық мәдениетін бойына жинақтаушы субьект. Мәдени концептке ұлттық мәдениетке жататын барлық ерекшеліктер тән: 1) ұлттық ойлау; 2) ұлттық қабылдау; 3) ұлттық этикет; 4) ұлттық сөйлеу; 5) ұлттық ой қорыту; 6) ұлттық діл; 7) ұлт ұстанатын дін ерекшеліктері. М.Дулатұлының ағартушылық еңбектеріндегі «ұлтсүйгіштік, ұлтқа жаны ашушылық» концептілер ерекше түрде келеді. Бұл концептілердің мәнін айқындауды көкейкесті, қызықты, игілікті, борышты іс деп ұғыну қажет. Сонымен концепт туралы ойларды қорыта айтқанда, концепт жайлы А.Вежбицкаяның анықтамасын келтірген дұрыс деп есептедік: «Адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері бейнеленген және атаулары бар ғаламның тілдік бейнесі» [12,85].
М.Дулатұлының шығармаларындағы басты ерекшелік - ХХ ғасыр басында пайда болған ағартушылық ниеттен туған жаңа мәдени концептілер жүйесінің мол көрінуі. М.Дулатұлының көркем, көсемсөз, сыни, зерттеу шығармаларының өн бойындағы қазақ ұлтының ұлттық мәдени нышандарын бейнелейтін концептілер жүйесін былай топтадық: 1) «Ұлтжандылық» концептісі; 2) «Ислам діні» концептісі; 3) «Әйел теңдігі» концептісі; 4) «Надандық» концептісі; 5) «Оқу, білім, өнер» концептісі; 6) «Қазақ тілі» концептісі. «Ұлтжандылық» мәдени концептісі. М.Дулатұлы шығармаларында «ұлтжандылық» концептісі оның қазақ ұлтының бір бөлшегі ретінде ұлтына қызмет ету мәнінен көрінеді. М.Дулатұлы шығармаларында ұстанған ең басты кредосы - «ұлтжандылық», ұлтына жаны ашу. Мұндағы тірек концептілер (тірек сөздер) күшті логикалық мәнде құрылған күйінде қолданылады. «Ұлтжандылық» концептісі Махамбет, Абай жырларынан бастау алып, ағартушылар шығармаларынан жалғасын тапқан. Мәселен, Махамбеттен келтірсек; Қорлықта жүрген халқына; Абай: Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, т.б. М.Дулатұлының «Ұлтжандылық» концептісіндегі ең басты тірек сөзі «Оян, қазақ!». «Ояну» семемасы «ұйқыдан тұру» болса, «надандықты» ақын «ұйқы» лексемасымен береді. «Надандық» сөзі мынадай синонимдер парадигмасымен беріледі: қараңғы, ұйқы, түкпір, ұмыт қалу, таршылық, ғафилдік, тұманға кіру, ғафилдік ұйқысы, надандық шәрбәтіне мас болу т.т. Бұған «ұлтжандылық» концептісіндегі «ояну» ауыс мағынадағы мәдени категориясын ақын қарсы қояды: көз қою, көңіл ашу, файда табу, дінді тану, ғылым оқу, һүнерлі (өнерлі) болу, орысша оқу, зейін арту, талап тау кеседі, ғақыл тағу, тағлым алу т.т. Ұлтжандылық концептісі М.Дулатұлының мәдени кеңістігінің бір тармағы ретінде ашылады. «Мәдени кеңістік – мәдениеттің оның өкілдерінің санасында өмір сүру формасы. Мәдени кеңістік когнитивтік кеңістікпен сәйкес, өйткені бір мәдени-ұлттық қауым өкілдерінің жеке немесе ұжымдық кеңістігінің жиынтығынан құралады» [1,48]. Қазақ мәдени кеңістігі үшін, «жер», «еркіндік» ұғымы болса, Міржақып мәдени концепциясының жүйесіндегі категорияны «қазақ жері» сөз тіректері құрайды.
«Ислам діні» концептісі. М.Дулатұлының «ислам діні» концептісі - дүниеліктен арылған, яғни діни фанатизмнің жұрнағы жоқ дүниетаным. Керісінше, ислам діні қазақтарды оқуға, имандылыққа, тәртіпке шақырып, әлемдік мәдениет ғасырлар бойы жинаған дінде көрініс тауып, бекіген құндылықтарды меңгеруге шақырушы күш. Сол кездегі ағартушылар ислам дінін қазақты алға сүйрер күш ретінде есептейді, М.Дулатұлының ойынша, ислам діні белгілі бір тәртіппен уағыздалса, сонда ғана қазаққа мол пайда боларын кәміл түсінеді.
Әуелі үйренетін бір ғылымың,
Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.
Шарттарын исламның кәміл білсең,
Ахиреттік азық берер шын ғылымың.
Бұйырған, тыйған ісің шариғаттың: [Іт,80б].
«Ислам діні» концептісінің тірек сөзі - «аллаға сыйыну» М.Дулатұлында да кездеседі. Оның «Я, алла!» өлеңінде жаратқаннан өз халқына әділдік, ғылым, өнер, білім сұрайды. Бұл оның рухани дүниесіндегі «сенім» категориясының бәйтерегі, яғни жоғары ұлттық мәдениеттегі көрсеткіші. Міржақып «Алланың алдында бәрі пенде» деген қағида ұстанады. «Әйел теңдігі» концептісі, тезаурусы, концептілік құрылымы. Әйел теңдігі концептісі бұрын қазақ тілінде ғашықтар өмірі, мұңы, сүйген адамдардың суреттеген лирикалық шығармаларынан көрінетін. Мәселен, Қыз Жібек, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу т.б. М.Дулатұлының шығармашылығында екі тақырыпта байқалады: 1) Көркем шығармалары. («Бақытсыз Жамал» романы, «Балқия» пьесасы); 2) Мақалалары. Әйел теңдігі мәселесін қазақ әдебиетінде тұңғыш жазған адам – М.Дулатұлы, сондықтан бұл концептінің тезаурусын көптеген тірек сөздер құрайды. Бесікте жатқан ұл мен қыз балаға, Ата-анасы болады құда, Өскен соң бірін-бірі сүймей тұрса, оны нешік қосуға көп болады. Бір адамның қатыны өлген болса, өзі алпыс-жетпіс жасқа келген болса, айттырып он бес жасар қыз алады. Атасына малды көп берген болса. Әйел теңдігі концептісінің когнитивтік моделі. 1) Әйел – ана. Әйел біреудің анасы; Бүкіл халықтың тәрбиесі -әйелдің қолында. Әйел – халықтың анасы. Тәрбиесіз ананың өсірген баласы қандай болмақ? Қазақ –қырғыз әйелінде теңдік, адамгершілік, сүйіспеншілік болмаған соң, ол кімді жақсылап тәрбиелесін. Сатылып кейбір қыздар кете барар. 2) Қыз - қалың мал құрбаны. Айттырып он бес жасар қыз алады. Атасына малды көп берген болса; қалады бейшараның обалына, оның дағы өзі теңі бар еді ғой; адамның қызығады малына адам; 3) Қыз – кемдік. Хисабы күң орнына бағаланар; тақия тігетін беретін, «әйел бала демеңіз», әйел дәріс айтып елге бас болмас; тоқалдан туған қыз; «ұрғашының шашы ұзын, ақылы қысқа» деген осы; «қатын-дұшпан» деген осы; «Әйел теңдігі» концептісінің концептілік құрылымы. 1.Малына қызығады – фрейм. Әйел құрбандық, тауар құндылығы ғана. Мысалы, Біреу байдың малына «қызығады», «құда боп қызымды ал»,- деп қыздырады. 2. Көз жасы – ойсурет. Малға сатылған қыздың бейнесі «аянышты» коннотекасына ие. Мысалы, Жылаған көз жасына қарамайды, обал, сауап болғанын санамайды. 3. Тоқал алу – фрейм. Санада әбден бекіген дәстүр. Мысалы, Байлар тоқал алады қызмет үшін. 4.Қор болу – сценарий. Теңсіздіктен туған, қалыптасқан ұғым. Мысалы, Разы болып Жұманға барсам, ғұмырымша қор боламын ғой. 5.Қалың мал – фрейм. Стереотипті жүйе: қыз - қалың мал – қор болу. Мысалы, Қалың мал аз күннің ішінде жоғалып бітпейді. Міржақып шығармашылығындағы «әйел теңдігі» концептісі бұрынғы келе жатқан кертартпа салтқа қарсылық жүйесінен тұрады. Бұл концепт те бұрын қазақта болмаған тың ой жүйесі. «Надандық» концептісі. Ағартушы танымында бұл концепт адамды тұңғиыққа батырар, зор «Күшті жауымыз – надандық. Бұл надандықты жеңбей, одан құтылмай отырып, тоқсан тоғыз бостандық болса да, жұрттың ілгері басуы қиын» деп қауіптенеді. «Надандық» концептісіне құрылған тезаурус қараңғы, ұйқы, түкпір, ұмыт қалу, таршылық, саңырау, түнек, ғафилдік, тұманға кіру, ғафилдік ұйқысы, надандық шәрбәті, қара тас, сөз тіркестерін құрайды. «Оқу», «ғылым», «өнер» концептісінің когнитивтік моделі. Бұл концептіде үш ірі ұғым біріктіліп беріледі, себебі Міржақып үшін Абай, Шоқан, Шәкәрім ұстанған жүйе – ең басты жол. Оқу, ғылым, өнер қазақ үшін ең асыл, қол жетпейтін арман болғандықтан, ағартушылар бұл ұғымды бірдей қолданады. 1.Өнер – ғажап. Жүргізді автомобиль ат жекпестен; Ғамал ғып пароходпен; аз күнде жеткізеді бұл отарба; телеграф және шықты сым темірсіз; машина электрический және келді; 2.Өнер – жастардікі. Шығады асыл – тастан, һүнер – жастан; һүнерпаз қара жерге салар қайық; қанағат, көп білдім деп етпе һүнерге; біздің халық һүнерден жатыр жырақ 3.Оқу, білім – ояну. Орысша оқып һүнерлі болалық; оян, қазақ, көтер басты; құтылып надандықтан ғылым тапса; қазақты ояталық етіп һүммәт; қазақты төрге сүйреп жеткізші; ғылымның талиблары нұрын төккей, жатпалық жастар. 4.Оқу, ғылым – шәкірт. Шәкірт кітап ұстап, ойлайды ол: «ашсам сырын, тапсам ғылымжұртым-ау, қылсам еңбек, болып құлың...»; көніп жүр таршылыққа неше жылдай,қыс оқып, жаз ақша іздеп, ешбір тынбай; ұлтына қараңғыда қамаулы өскен, жарқырап жарық сәуле болғандай бас; 5.Оқу, ғылым – жалғыз үміт, тірек. Басқалармен жарысуға, тартысуға оқу- білім керек; қазақ баласына оқуға жабысудан басқа жол қалған жоқ. Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақсақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. 6.Оқу, ғылым – Абай, Шоқан үлгісі. Ғылымсыз сахара қазақтары ішінде жалғыз жұлдыздай болып жанып; орыс әдебиетінің гүл шоқтарын өз тілінде сайратқаны; мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп; танымы ауқымды; әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш – Абай сөзі, Абай аты боларға керек. Қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай;Абайдың аты жоғалуы, ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуымен, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей: (Оқу, ғылым → Абай → қазақ ұлтының оқу, ғылымға ден қоюуы құрылымы туындайды). 7. Оқу, ғылым – медресе, мектеп. Тәртіпті медресе жоқ бұл қазақта; Медресеге сайлансын екі молла, бірі оқытсын мұсылманша, бірі орысша; мектеп һәм медреселерде оқыту тәртібі жеңіл һәм мақсатқа тез жетерлік орысша, ана тілінде араб харпімен оқытылуы тиіс; бізде кеудемізді қағарлық мектеп-медреселер жоқ; Медресе «Ғалияны» естімеген қазақ жоқ;
Оқу, ғылым, өнер концептісі жүйесінен туындаған схемалар
Оқу, ғылым, өнер

М.Дулатұлы тілдік тұлғасының рухани-мәдени болмыс-бітімінің концептілер жүйесіндегі бейнесі

1.4 Міржақып Дулатұлы тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейі
«Прагматика» (грек. прагматос – іс-әрекет) – семиотика мен лингвистиканың саласы, яғни тілдегі белгілер қызметін зерттейді. Бұл терминнің лингвистикаға енуі У.Моррис еңбектерінен басталады, ал қазіргі прагматика терминін түсінуде Людвиг Витгенштейннің философиялық таным қағидасын ұстанамыз. Прагматиканың басты өзегі баяншы (сөйлеуші), (субъект) пен тыңдаушы (оқырман) арақатынасы, өзара байланысы. Сонымен қатар, бұған прагматикалық пресуппозициялар, яғни тыңдаушының жалпы білімін оның зейінін, көзқарасын, түсіну қабілетін, психологиялық ерекшелігін, тағы басқа деңгейлерін айтушының ескеруі, бағалауы кіреді. Прагматиканың басты мақсаты – сөздің қолданыс ерекшелігіндегі өзіндік ережелерді ұғындыру. Ю.Н.Караулов тілдік тұлғаның ең жоғарғы деңгейі деп прагматикалық деңгейін таниды. Себебі бұл деңгей тілдік тұлғаны дамытатын уәждер мен мақсаттардан тұрады [3,181].
Когнитивтік және прагматикалық деңгейлер кейде аралас құрылымнан көрінуі мүмкін. Уәж және мақсат - кез келген жеке адамды тілдік тұлға сатысына көтерерлік күшті, қуатты күштер, барлық адамдар мен қоғамды ілгері бастырудағы күш ретінде тілдік тұлғаның қалыптасуына әсер етуші басты факторлар. Уәж, мақсат, мүддеден ізденіс, ой тереңдігі, білім тереңдігі басталады. М.Дулатұлы – баяншы ретінде алғашқы кітабынан бастап, прагматикалық ерекшелікке ие тілдік тұлға. Көркем мәтіндегі прагматиканың қызметін зерттеген Г.Әзімжанова: «Алынған ақпаратпен қатар, субъект бойындағы іс-тәжірибесі арқылы мазмұн тұтастығын құрайтын ақпарат мәтін мазмұнына келіп қосылады» деп көрсетеді [5,7]. Олай болса, М.Дулатұлының оқу мен ғылымнан жинаған тәжірибесі оның санасындағы «ғаламның тілдік бейнесін» дамытып, мәтіннен тілдік тұлғаның болмысын көрсетуге негіз болады. Прагматикалық деңгей тілдік тұлғаның «Гамлеттік» ой-толғаныс, пайымдау, өзін-өзі тануға тырысушылықтан туған, монолог, сұрақ-жауап, риторикалық сұраулардан байқалады. Сонымен қатар көркем прозасындағы бір ойлау жүйесінен тұратын автор идеяларының тұтастығынан да аңғарылып отырады. Прагматикалық деңгей көп жүйелі, көп қабатты құрылымнан тұрғандықтан тілдік тұлғаның қоғамға деген қатынасынан күрделі түрде жүретінін білдіреді. М.Дулатұлын тәрбиелеген уәж өз ұлтының надандық шырмауында қала беру қаупі еді. Сондықтан ағартушылық қызметті таңдаған ол үндеу, шақыру тектес өлеңдер жазды. Бұл сипаттағы өлеңдер М.Дулатұлын өз ұлтына танымал етті. Оның шығармалары өзін қайраудан, өзін жетілдіруден басталып, таным ішкі ойлау жүйесін көлемді мәтінде беруден аяқталады. Мысалы,
Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,
Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай.
Шамаңды қадари хал көрсетсеңші,
Байғұс-ау оянсаңшы қарап жатпай.
Өлең арқылы халқымен диалог құру оны әңгімеге шақыру М.Дулатұлының шығармашылық ерекшеліктерінің бірі. Ағартушылық қызметті басты мақсат ету – ұлы, абыройлы іс болатын, сондықтан Міржақып, Ахмет т.б. ақындар өзін үлгі ретінде ұсынып барып тілдесуге құмарланады М.Дулатұлы тілінде бағалауыштық сипат оның терең білім дәрежесінен басталады да, сыни тұрғыдағы ой бөлісуге айналып кетеді. Ой бөлісу - Абайдан бастау алып келе жатқан прагматикалық ерекшелік. Мысалы, «Я, Алла!» атты өлеңінде Алламен сөйлескендей монолог құрылады да, ой бөлісулер кезегінен көрінеді:
Я, Алла! Ғаламыңды жаратқаның,
Жүзіне мақұлықтарды таратқаның,
Өндіріп бір адамнан мұнша халық,
Әлсізді күштілерге қаратқаның.
М.Дулатұлының прагматикалық деңгейге көтеретін мүдде, себеп, уәждері бірқатар. Айталық, «Бақытсыз Жамалдың» жазылу себебі - әйел теңсіздігі, қазақ қыздарының малға сатылып, өмірлерінің қорлықта өтуі. Ал «Оян, қазақ!» кітабының жазылу мақсаты – ойынан көрініп тұрғандай, надандықтың ұйқысынан қазағын «найзамен түртіп» ояту, өнер-білімді, ғылымды, алдыңғы озық мәдениет нышандарын насихаттау.
М.Дулатұлының философиялық пайымдаулары – оның тілдік тұлғалық қасиетін ерекшелейтін белгі. Рухани қазақы болмыс-бітімі оның ойлау жүйесінің жетілгенінен анық байқалып, Міржақып тілдік тұлғасының ерекше себеп, қырларын ашады. Мысалы: «Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды болып келген бәйгенің алдын алады, ортасы болып келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады. Дүниенің ісі осылай болған соң, адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді»[ІІт,82]. Осындағы М.Дулатұлының қазақ ұғымына жақын бәйге жарыс арқылы дүниедегі бәсекені түсіндіруі оның қазақы болмысын анық көрсетеді. Прагматикалық деңгей - ұлттық сипаттан анық байқалатын тілдік тұлға деңгейі, сол себепті ұлттық мәдениет өлшемдері тілдік тұлғаның қаратпа, ой салу, үндеулерінен байқалады. М.Дулатұлының тілдік тұлғасының прагматикалық деңгейі оның ұлтты сүю, оларға насихат айту, уәж, мақсаттарынан тұрады.
2 «М.Дулатұлы шығармаларындағы ғалам бейнесінің тілдік сипаты» деп аталатын екінші тарауда М.Дулатұлының шығармаларын лингвомәдениеттанымдық жағынан талдау барысында, оның шығармашылық жүйесін құрайтын барлық туындыларында көрініс тауып, бейнеленген, автордың сомдаған ғаламдық бейнесі мен тілдік тұлғасы, оны дәйектейтін тілдік бірліктер жан-жақты сипатталып, талданды. Атап айтқанда, көркем шығармалары, көсемсөзі, ағартушылық еңбектері, әдеби-сын зерттеулері т.б. лингвомәдени бірліктерге (лингвокультурема) баса мән берілді. В.В.Воробьев «лингвокультурема» терминін енгізе отырып, мынадай анықтама ұсынады: «Лингвокультурема - комплексная межуровневая единица, форму которой составляет единство

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Аслан
Просмотров: 4806 | Загрузок: 1092 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 5.0/2
Всего комментариев: 1
1  
Koop raxmet!!!!

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>