Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде - Ғылыми жұмыс - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі қазақ тарихының дерегі ретінде

Скачать реферат с сервера 25.08.2010, 04:02
загрузка...
Зерттеудің ғылыми-практикалық маңыздылығы. Қазақстан деректануы, Қазақстан тарихының ежелгі, ортағасырлар, жаңа заман тарихына, сонымен қатар шығыстану саласына қосымша толықтырулар беретін еңбек ретінде пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс Е.А. Бөкетова атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының кеңесінде, сондай-ақ ғылыми семинарының отырысында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары БҒСҚАК-ің журналдарында 4, халықаралық конференцияларында 7, аймақтық конференцияларында 2 мақалалар ретінде жарық көрді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
1 Қазақстан тарихы елеулі толықтырулар мен өзгерту жұмыстарын қажет етеді, сондықтанда барлық деректер қорын жинақтап, алдымен деректанулық талдау жұмыстарынан өткізу міндет. Осы тұрғыдан, қазақ тарихының барлық кезеңдеріне құнды деректер ретін беретін, бірақ тұтастай деректанулық сыннан өтпеген Қ. Халидтың «Тауарих хамса» еңбегін тарих ғылымының айналымына, ресми түрде қосу зерттеу жұмысының басты мәселесі болып табылады.
2 ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басы аралығында түрік-татар өкілдерінен шығыстану саласында еңбек еткен тарихшылардың қызметін Ресей шығыстану мектебімен байланыстыру. Осы мақсатта, Құрбанғали Халидтың тарих ғылымы саласындағы атқарған қызметін көрсете отырып, қоғамдағы азаматтық орнын белгілеу.
3 «Тауарих хамса» мазмұнындағы мәліметтерді, жалпы салаларға қарай жіктеп, тарихи деректерді бөліп алып, Қазақстан тарихи кезеңдеріне орай топтастырып, дәуірлер тарихын бірегей құнды мәліметтермен толықтыру.
4 «Тауарих хамса» мазмұнындағы тарихи-этнографиялық мәліметтерді түрлеріне қарай жіктеп, сараптап, деректанулық талдау жұмыстарынан өткізіп, шыншылдықтарын анықтап қазақ этнографиясы, қазақтың рухани мұра, қазақтың материалдық мәдениеті, сондай-ақ тарихи антропология, этнология салаларына қатысты құнды болып табылатынын көрсету.
5 Қ. Халид сынды жергілікті, түрік-татар өкілдерінен шығып, қызмет еткен шығыстанушылардың еңбектерін Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеудегі ғылыми еңбектерде пайдалануды әдетке айналдыру.
6 «Тауарих хамса» еңбегін, зерттеу барысында «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсат, міндеттерімен сабақсатығын көрсетіп, қарастыру.
7 «Тауарих хамса» еңбегінде Орталық Азия халықтарының тарихы мен этнографиясына қатысты мол деректер қорының және де аз көлемде Европа мәдениетіне де қатысты мәліметтердің кездесетінін ескеріп, осы жұмыс арқылы дүниежүзілік тарихнамадағы орнын белгілеуге жол ашу.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу анықтамадан, қысқартудан, кіріспеден, үш тараудан, негізгі бөлімдерден, қорытындыдан, пайдаланған деректер тізімінен, қосымшалардан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертацияның кіріспе бөлімінде – тақырыптың өзектілігі, ғылыми құндылығы, ізденіс деңгейі, ғылыми жаңалығы, практикалық маңызы, мақсаты мен міндеттері, методологиялық алғы шарттары айқындалды. Тақырыптың зерттелу деңгейі, теориялық және практикалық мәні анықталды.
Бірінші тарау, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресей шығыстанушылары зерттеулерінің жалпы сипаты деп аталған кезеңдер аралығындағы Ресейдегі шығыстанудың жағдайын сипаттауға арналған. Бірінші бөлім: ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы Ресейлік шығыстанушылар деп, Ресейде қалыптасқан шығыстанудың біртіндеп Ресейлік шығыстану мазмұнына ауысуы тұрғысынан сөз етілген. Яғни, Ресей тарапынан ұйымдастырылған шаралардың бір жақты емес, сонымен қатар жергілікті түрік-татар өкілдерінің көмегі мен қатысулары арқылы жүргенін сабақтастырып айту.
Ресей тарапынан Шығысты, оның ішінде Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеу мақсатында ұйымдастырылған шаралар, бастапқы уақыттан шығыс халықтарынан шыққан өкілдердің көмегі арқылы іске асты. Мысалы, Ресейден жіберілген мамандардың жергілікті шығыстанушылармен ғылыми байланыстар орнатқаны белгілі. Осы тұрғыдан, тарау мазмұнында Ресейлік шығыстанушылар деген атаумен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы аралығында қызмет еткен топтар төмендегідей құрылыммен, яғни орыстық және түрік-татарлық деп қарастырылды. Түрік-татар тобына, бірінші орында еділ татарлары, кейін азербайжан, өзбек, қазақ және т.б. халықтардың өкілдері кірді. Бірінші орында, Ресейлік шығыстану мектебінің негізін қалаған: О.П. Сенковский, И.Н. Березин және А. Казембек және т.б. есімдері аталып, осы саласында атқарған қызметтері жөнінде айтылды. Осы мектептерде даярланған мамандар қатарында В.Г. Тизенгаузеннің, Н.Ф. Катановтың, А.А. Диваевтың және т.б. атқарған қызметтері баяндалды. Сонымен қатар, Ресейдегі шығыстанудың нық орнығуы мен жалғасуы жолында, зор қызмет атқарған В.В. Бартольд пен В.В. Радловтың еңбектеріне шолу берілді.
Ресей тарапынан даярланған мамандар мен жергілікті шығыстанушылар арасында жүрген шығармашылық байланыстардың тууына себеп болған жағдайлар, егжей-тегжейлі қарастырылды. Осы қарым-қатынастарды тиімді пайдаланған авторлардың қызметтерін көрсету мақсатында, бар деректер сараптау жұмыстарынан өтіп, түбегейлі қорытындылар жасалды. Мысалы, шығу тегі хакастық, Ресей маманы Н.Ф. Катановтың зерттеулері негізінен жергілікті шығыстанушылармен байланыста жүрген. Н.Ф. Катановтың татар-қазақ, қазақ-орыс және т.б. халықтар аралық шығармашылық байланыс орнатып, ғылымда түбегейлі жетістіктерге жеткені, жан-жақты баяндалды. Әсіресе, Н.Ф. Катановтың қазақ халқының тарихи, тарихи-этнографиялық, фольклорлық мұрасының қағаз бетіне түсіп, жарыққа шығуы жолында қызмет етуі, Қазақстан деректануы саласында айтылмай жүрген өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Сонымен, бөлім Ресейдегі шығыстанудың тармақтап дамуы, Ресей иелігіне қараған жергілікті шығыстанушылардың есебінен толығуы, тұрғысынан айтылды. Ресейлік деген атау, осы салаға Ресей жіберген зерттеушілермен қатар араласып, еңбектер жазған татар, башқұрт, азербайжан, өзбек, қазақ сияқты жергілікті зерттеушілер есімдерін жаңғырту мақсатында ұсынылған.
Екінші бөлімде, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басы аралығында, Ресейлік шығыстанудың даму жолында, тынымсыз еңбек етіп, өз үлесін қосқан Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегінің, жалпы тарихи маңыздылығы мен деректің құндылығы баяндалды.
Алдымен, нақты зерттеу жұмысын бастау үшін маңызды сұрақтардың басы ашылып, іске асты:
- біріншіден, еңбектің тілі;
- екіншіден «Тауарих хамсаның» «Өрнек» баспасынан шыққаннан кейінгі тағдыры мен көшірмелерінің жарыққа шығу тарихына байланысты зерттеу жұмыстарының нәтижелері;
- үшіншіден, «Тауарих хамсаның» 1910 жылы «Өрнек» баспасында шыққан түпнұсқасы мен 1992 жылы қазақ тіліне аударылған көшірмесі салыстырылып, айырмашылықтары ұсынылды.
Сондай-ақ, еңбек мазмұнында берілген мәліметтер тарихи кезеңдерге, ұлттардың этникалық тарихына, тарихи-этнографиялық маңыздылықтарына қарай топтарға бөлініп көрсетілді. Автордың «Тауарих хамсаны» жазу жолында жүргізген зерттеу жұмыстары, пайдаланған әдіс-тәсілдері, деректерді жинау, сараптау, талдау жолдары анықталып, нақты көрсетілді. Пайдаланған деректердің түрлері, авторға келіп жету жолдары анықталды. Сонымен қатар, Құрбанғали Халидтың өмір баянына қатысты мәліметтер ұсынылды.

Екінші тарау, Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» (Бес тарих) еңбегіндегі қазақ тарихы – деп, тарихта қалыптасқан құрылым бойынша көне, ортағасыр, жаңа дәуірлерге бөлініп қарастырылды. Аталған кезеңдерге қатысты мәліметтер «Тауарих хамсада» ғылымда қалыптасқан жүйемен ұсынылмағаны ескеріліп, мәліметтер топтау жұмыстарынан өтті.
Бірінші бөлімде көне және ертеортағасырлар деп, жер бетінде адамзаттың пайда болуы, «Тауарих хамсада» ұсынылған нұсқамен беріліп, автордың осы кезеңді жазуда пайдаланған деректерінің шығу тегі анықталды. Сондай-ақ, «Тауарих хамсада» берілген адамзат тарихының пайда болу процесі тарихта қалыптасқан нұсқамен салыстырылып, ұқсастықтары мен айырмашылықтары көрсетілді. Соның ішінде, археологиялық кезеңдер, олардың ерекшеліктері, алғашқы адамдардың ерекшеліктері мен айналысқан кәсіптері, нәсілдердің пайда болып жер-жерлерге таралуы және т.б. мәселелері шығыс деректері негізінде жазылған «Тауарих хамса» мысалында іске асты.
Кезекте қола, темір ғасырларына қатысты мәліметтер өзіндік ерекшеліктеріне қарай топтастырылып, қосалқы деректермен және ғылыми тұжырымдармен салыстырылып, шыншылдықтары анықталды. Әсіресе, шығыстық деректер сорабында «Тауарих хамсада» берілген темір дәуіріндегі алғашқы тайпалық одақтық бірлестіктер тарихына байланысты мәліметтер, сақ заманы мәселелерін қайта қарау жөніндегі сұрақты жандандыра түседі.
Сондай-ақ, ертеортағасырлар кезеңінің «Тауарих хамсада» берілген нұсқасы, талдау жұмыстарынан өтіп, автордың осы кезеңді жазуда пайдаланған деректері анықталды. Нәтижесінде, автордың тарихты, әдеттегідей шығыс деректерінің негізінде жазғаны белгілі болып, шығыс авторларының тарихты жазудағы ұстанымдары талдау, салыстыру жұмыстарынан өтті. Ерте ортағасырлар тарихы «Тауарих хамсада» VІ-VІІІ ғғ. аралығымен шектеліп, алғашқы түрік хандарының тарихына қатысты мәліметтер ғылымда қалыптасқан тұжырымдармен сабақтасатыны белгілі болды. Әсіресе, «Монғол», «Татар», «Түрік», «Оғыз» атауларына қатысты мәліметтер реті талқылау жұмыстарынан өтіп, тарихта тағы бір нұсқа деректер ретінде қабылдану керектігі мәселесі көтерілді.
Сонымен қатар, шығу тегі ежелгі дәуірге кететін «ғұн», «қыпшақ», «қырғыз» сияқты этникалық топтарға қатысты еңбекте берілген деректер, қосалқы деректермен салыстырылып берілді.
Ортағасырлар тарихына қатысты мәліметтер, Алтын Орда мемлекетінің құрылып, қызмет етуі, ыдырауы, нәтижесінде пайда болған мемлекеттердің қызмет еткен жылдары мен басшыларына қатысты. Осы кезең аралығы, автор тарапынан он төрт кезеңге бөлініп қарастырылған. Он төртінші кезең қазақ хандығының құрылуымен аяқталып, заман тарихы қазақ хандығы дәуіріне ауысқан. Алтын Орда және оның ыдырау нәтижесінде құрылған мемлекеттер тарихы осы кезеңге қатысты құнды деген деректердегі («Түрік шежіресі», «Жами ат-тауарих») мәліметтермен салыстырып, «Тауарих хамсада» кеткен кемшіліктер анық басып көрсетілді. Әсіресе, Қазан, Астрахань, Сібір және т.б. хандықтардың қызмет еткен жылдарына байланысты берілген көрсеткіштердің, қосалқы деректер мен ғылыми зерттеулердегі жылдық көрсеткіштермен сәйкес келмейтіні анықталды. Жалпы, заман тарихы әдеттегідей, автор тарапынан шығыс деректерінің негізінде іске асқаны салыстыру жұмыстарының негізінде белгілі болды.
Қазақ хандығы дәуірі, негізінен қазақ-қалмақ аралық қарым-қатынастары төңірегінде қалыптасқан тарих тұрғысынан баяндалған. Автор, қалмақ этносының тарих сахнасына келу тарихынан бастап, екі халық арасында болған қақтығыстарды, кезекпе-кезек жазған. Нәтижесінде, қазақ-қалмақ аралық өткен ірі келісім шарттардың бірі «Қанды жап» бітімінің тарихы анықталды. Бітім тарихы, автор тарапынан толық баяндалған, дегенмен оқиғаның болған уақытына, оған қатысқан адамдарға, мәліметтің келіп жету тарихына байланысты кеткен кемшіліктер зерттеу жұмысының негізінде белгілі болды. Сондай-ақ, бөлім мазмұнында Абылай хан және оның төңірегінде болған оқиғаларға, хандық биліктің жойылуы, нәтижесінде қазақ қоғамында қалыптасқан жағдайларға байланысты мәліметтер толықтай тексеріс жұмыстарынан өтіп, дерек ретіндегі құндылықтары анықталды. Әсіресе, еңбекте Абылай хан және оның билігіне қатысты ел ішінде тараған кейбір оқиғалардың толық нұсқалары ұсынылған. Мысалы, ханның билік құрған заманының соңғы жылдарында Арғын руымен болған келеңсіз оқиғаның нұсқасы, ханның қайтыс болғаннан кейін Түркістан қаласына жерленуі жөніндегі мәліметтердің шыншылдығы деректер мен зерттеулерді пайдалану арқылы, талдау жұмыстарынан өтті. Сондай-ақ, Ресей тарапынан хандық биліктің ресми түрде жойылуы нәтижесінде қазақ қоғамында қалыптасқан жағдай, оның ішінде сұлтан Ғұбайдолла төңірегінде туындаған мәселелерге байланысты мәліметтер, ғылымда айтылып жүрген тұжырымдарды шыңдай түсетіні анықталды.
Отаршылдық заманға қатысты мәліметтер, бір бөлім мазмұнына топтастырылып ұсынылды. Алғашқы бекіністердің салыну тарихынан бастап олардың төңірегінде болған оқиғалар, яғни құрылу жылдары, атаулары мен маңызы, жергілікті халықтың жағдайы, көшіп келген өзге ұлттарға және т.б. байланысты берілген мәліметтер, жан-жақты талдау жұмыстарынан өтті. Қ. Халид, қазақ жерлерінде бекіністердің салынып, оның төңірегінде өрбіген тарихи мәселелерге байланысты жиған мәліметтерін, негізінен сілтемелерсіз баяндаған. Автордың жекелеген бекіністер тарихына байланысты жазбалары үстірт, әрі өте қысқа берілген. Бірақ, автордың Ресейдің отаршылдық саясатына білдірген көзқарасы мен пікірлері объективтілік танытады. Осындай жағдайлар, автордың отаршылдық саясатқа әділ баға бере отырып, фактілік материалдарды шамасынша ақиқат ретінде келтіруге әрекет жасағанын танытады.
Сондай-ақ, Қ. Халид отаршылдықтың қазақ жерлеріне ене бастауында Көшім хандығының құлауы мәселесіне байланысты берген пікірі, орыс тарихнамасында осы мәселеге байланысты туындаған пікір-таластың орынды екенін дәлелдей түсті. Және де, Сібір ханы Көшім мен казак атаманы Ермак арасында болған байланыстар, тарихтағы ашық мәселелердің бірі болып табылатынын айқындай түсті.
Кіші жүз ханы Әбілхайыр мен Ресей арасында жүрген келісім-шарттар және оның төңірегінде туындаған мәселелер, әлі күнге дейін бар деректердің назардан тыс қалуына байланысты, көптеген сұрақтардың тууына алып келеді. Осы тұрғыдан, Қ. Халидтың «Тауарих хамса» еңбегі де, жалпы отаршылдық заманға байланысты назардан тыс қалған. Автордың Кіші жүздің Ресейге қосылғаннан кейінгі екі ел арасында және ішкі қоғамда туындаған мәселелерге байланысты ойлары (астарлы) маңызды сұрақтардың тууына алып келеді. Автордың ойларын герменевтикалық әдіс арқылы ширату жаңа сұрақтардың тууына, назардан тыс қалған деректерді айналымға енгізуге жол ашты. Мысалы, бір Әбілхайырға арналып салынған бекініске Қ. Халид тарапынан берілген пікір, ғылымда қалыптасқан тұжырымға сын көзбен қарауға жол ашты.
Отаршылдық заманның салдарынан дәстүрлі хандық биліктің жойылуы, осы құрылымның ыдырауына алып келу мәселесін Қ. Халид құнды, әрі тарих ғылымы айналымына енбеген деректер арқылы жеткізген. Осындай мәліметтердің бірі Солтабайұлы Барақ сұлтанға қатысты. Бірақ, «Тауарих хамсаның» өзі зерттеу объектісіне алынып отырғаны ескеріліп, тұлғаға байланысты материалдар толықтай деректанулық талдау жұмыстарынан өтті. Осы мәселеге байланысты, зерттеу жұмысының барысында:
- Солтабайұлы Барақ сұлтанның осы заманға байланысты аталу керек тұлғалардың қатарында аталмай, есімі ақтаңдаққа айналуы;
- сол замандағы қоғамға, халыққа қызмет ету жолында атқарған қызметтері, осыған сәйкес қызмет еткен жері, елі, руы, шені, өмір сүрген, қызмет еткен жылдары және т.б.;
- тұлғаға байланысты мұрағат қорында, фольклор материалдарында немесе жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде сақталған мәліметтер;
- тұлғаның есімімен байланысты оқиғалар реті анықталып, «Тауарих хамсада» берілген мәліметтермен салыстырылып, екі жақты материалдар толықтырылып, тұлғаның жалпы өмірі мен қызметіне байланысты, біршама толық қанды, шыңдалған сипаттау қалыптасты.
Бөлім мазмұны, автордың отаршылдық дәуірді жазу стиліне орай қазақ жерлерімен ғана шектелмей, территориялық, әрі саяси маңызы жағынан Шығыс Түркістан территориясына қарай ауысты. Зерттеу жұмысының барысында, «Тауарих хамсада» Ресейдің отаршылдық саясатының мақсаты қазақ даласы арқылы Шығыс Түркістан территориясымен жалғасатынын, жиған деректері негізінде, дұрыс тұжырымдармен жеткізе білгені белгілі болды. Автор, Шығыс Түркістан өлкесіне байланысты Қытай мен Ресей жүргізген құпия саясатты аңдай біліп, өз гипотезаларын нағыз тарихшы сияқты жасағаны назардан тыс қалмады.
Сондай-ақ, Шығыс Түркістан өлкесінің тұрғындары дүнген халқының Қытай әкімшілігіне қарсы жүргізген көтерілістері төңірегінде туындаған мәселелерге, автор мол мәліметтер жинаған. Көтеріліс тарихының барысы қазақ-дүнген, қазақ-қалмақ аралық қарам-қатынастарына, көтеріліс басшыларына, Ресейдің ұстанған саясатына, жекелеген әкімшілік қызметкерлерге байланысты жаңа мәліметтерді ұсынады. Мәліметтер реті толықтай қосалқы деректермен салыстыру, толықтыру, шыншылдығын анықтау жұмыстарынан өтті.
Үшінші тарау, Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» еңбегіндегі тарихи-этнографиялық мәліметтер, деген атаумен үш бөлім мазмұнында берілді. Бірінші бөлімде, қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығында маңызды рөл ойнаған халықтық күнтізбеге байланысты материалдар қарастырылды. Алдымен, «Тауарих хамсада» күнтізбенің шығу тегіне байланысты мәліметтер жан-жақты талдаудан өтіп, осы мәселеге қатысты материалдар бір жүйеге келтірілді. Сол жүйе бойынша, алдымен жыл атаулары мүшел циклімен байланыстырылып, қазақ, парсы, қалмақ, қытай тілдеріндегі нұсқа атауларымен ұсынылды. Автордың жыл атауларын, нақты аталған халықтардың тілдерінде ұсыну шешімі қосалқы деректермен дәлелдей отыра болжауды қажет етті. Кезекте, қазақтың азаматтық ай аттарына және оның ерекшеліктері мен қазақ қоғамында алатын орны мәселелері қарастырылды. Қ. Халид, қазақ қоғамында пайдаланылған әрбір азаматтық ай атауына жеке-жеке тоқталып, біріншіден айдың атауына, екіншіден сол айдың халық шаруашылығында немесе қоғамында көрініс алуы мәселесін қозғаған.
Автордың айлар тізбесіне ұсынған материалдары, ең алдымен реттілігінен бастап, түсіндірмелеріне дейін ғылымда қалыптасқан тұжырымдардан түбегейлі айырмашылықсыз берілген. Дегенмен, кейбір ай атаулары мен (әсіресе, қаңтар, ақпан, наурыз) олардың түсіндірмелері, біршама ретілігі, әрі атауы жағынан көпшілік деректердегі мазмұнмен келіспейтін сыңай танытты. Мұндай айырмалар, қазақ қоғамында пайдаланылған күнтізбелердің аудандық айырмашылықтары болғанын дәледеуге жол ашты.
Жоғарыда айтып кеткендей, халықтық күнтізбе дәстүрлі мал шаруашылығымен тығыз байланысты. Соның ішінде, үркер жұлдызының жыл бойындағы қозғалысы қазақтың мал шаруашылығы, оның ішінде төл алу маусымында маңызды рөл ойнаған. Қ. Халид үркер жұлдызының жыл бойындағы қозғалысын толықтай көрсеткен. Үркер жұлдызының туған уақыттан бастап жыл бойындағы қозғалысы, автор тарапынан күндік белгілеулермен, анық көрсетілген. Автор, мәліметтерінің негізінде кесте жасалып, үркердің қозғалуы қосалқы деректерде орын алуы есепке алынды. Сондай-ақ, автор үркердің аймен тоғысуын рет-ретімен көрсетіп, қазақ малшыларының қызметімен байланыста қарастырған. Жалпы, бұл мәселе қазақ есепшілерінің материалдары негізінде біршама зерттелген. «Тауарих хамсада» ай мен үркер жұлдызының тоғысуына байланысты ұсынылған кесте қазақ есепшілерінің материалдары негізінде тексеріліп, құндылығы анықталды.
Екінші бөлімде Қ. Халидтың қазақтың дәстүрлі қоғамында маңызды орын алған отбасын құрып, некелесу салтына байланысты жиған материалдары жан-жақты қарастырылды. Қ. Халид құдаласу мен қалың мал беру салтының орындалуына ерекше мән беріп, бүкіл дәстүрдің орындалу процесіне тоқталып өткен. Мәліметтер салттың орындалу ретіне қарай бір жүйеге келтірілді. Мәліметтердің шыншылдығын анықтау жұмыстарымен қатар, салт ішінде орындалатын кейбір әдет-ғұрып, дәстүрлерге байланысты түзету, толықтыру жұмыстары іске асырылды.
Жоғарыда айтып кеткендей, Қ. Халид құда түсу және қалың мал беруге ерекше мән беріп, жалпы баяндап өтпей, өзіндік мақсатпен жазған. Мұндағы мақсат құда түсу, қалың мал беру дәстүрін рулық қатынаспен білімсіз байланыста жазу. Автор, құда түсу мен қалың мал беруде орындалатын элементтерді үнемі туыстық жүйемен байланысын үзбей сипаттағанмен, нақты жазбаған. Мысалы, « ... қалың мал жинау бүкіл туыстардың міндетіне кіретін; ... қалың малға жақын-жуықтар көмек етіп; ... «Қалың мал» - көп мал болып, қыз «қалыңдық» болып оның құрметі ауырға түскен сияқты түсінік» [1, 186б.] деп жазған. Сондықтанда, Қ. Халид қалың мал беру дәстүрлі шарт, ал оны жинау бүкіл туыстың міндеті болып саналатынын, нақты айтқанымен, рулық қатынаспен байланыстыру зерттеу процесінде орындалды.
Қ. Халидтың құда түсу процесінде: «құйрық-бауыр жеу», «Құдаларды сыннан өткізу», «киіт кигізу» және «қалың малдың» көлемі мен күнін белгілеу сияқты шарттарға байланысты мәліметтері өз мазмұнында беріліп, қажетті деректанулық талдау жұмыстарынан өтті. Әсіресе, «қалың малдың» көлеміне байланысты ұсынылған сандық көрсеткіштер, шыңдалған тарихи-этнографиялық зерттеулердегі мәліметтермен салыстыру жұмыстарынан өтті. Көпшілік деректерде айтыла бермейтін «қалың малмен» қатар орындалатын «қара мал», «бас жақсы», «орта жақсы», «аяқ жақсы», «төгерек мал» дәстүрлері, Қ. Халид нұсқасында ұсынылып, талдау жұмыстарынан кейін мән-мағынасы белгілі болды. «Қалың малға» қарсы қыз жақтан «жиһаз беру» дәстүрі отбасын құрудағы, негізгі орындалу керек шарт ретінде, автор тарапынан дұрыс мағынада баяндалған.
Сондай-ақ, автор «киіт», «ілу», «сүт ақы» және де «өлі-тірі» дәстүрлерін міндетті түрде орындалу керек элементтердің қатарына қосып, мағынасымен қатар, сандық өлшемдеріне байланысты, нақты көрсеткіштерді ұсынған: «Қалың мал айтса-айтпаса да бай болсын, кедей болсын – киіт, ілу және сүт ақы – осы үш нәрсе ешқашан тоқтатылмайды, «ата-күші, ана сүті» деп шарт етілген нәрсе» [1, 187б.]; көлеміне байланысты; « ... ілу қыз берген жақтың киітіне қарсы болады, мысалы, киітте жамбы болса, күйеу жақтан ілу де жамбы беріледі, қыз жақтан ат, түйе берілсе, күйеу жақтан ілу де соған қарай беріледі. Ал, сүт ақы ілуден бір дәреже төмен, ілу жамбы болса, сүт ақы – түйе, ілу түйе болса, сүт ақы – ат болады» [1, 187б.] деп жазған. Мәліметтер, қосалқы деректермен қатар қазақ халқының өмір тіршілігімен, менталитетімен, дүниетанымымен байланыста қарастырылды.
Некелесу ішінде орындалатын үлкен мерекелік, шартты шаралардың бірі «ұрын той», Қ. Халид тарапынан ұрын некелесуден бұрын келуге болмайтын, бірақ міндетті түрде атқарылатын дәстүр ретінде жеткізілген. Яғни, некелесуден бұрын ұрланып, бірақ міндетті түрде келіп кету мағынасында сипатталуы, зерттеу жұмысының барысында дұрыс жеткізілігендігі анықталды. Сонымен қатар, «ұрын тойдың» бірнеше күнге созылатыны; «ұрын» іші күйеу бірнеше сыннан өтетіні; күйеуге қойылатын талаптар мен сындардың орындалуы; балдыздардың рөлі кезекпе-кезек мағынасы жағынан қосалқы деректермен салыстыру жұмыстарынан өтті.
Үшінші бөлім, қазақтың дәстүрлі қоғамында ерекше орын алған, бірақ біршама уақыт заман өзгерістеріне байланысты өз қызметтерін тоқтатып, ұмыт болуға айналған, кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жаңғыру тұрғысынан есепке алынды. Алдымен, орындалу жағынан ауқымды емес ырым, жора түріндегі «салауат», «ала жібін аттамау», «самалық», «ереже», «қонақ асы», «тамыр болу», «қолқа салу» сияқты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер «Тауарих хамса» мазмұнынан теріп алынып, рет-ретімен қойылды. Автор, аталған ғұрыптардың қоғамда атқарған рөлі мен қатар атауларына, оның мағыналарына, шығу тегіне тоқталған. Мысалы, қазақ қоғамында өте жиі пайдаланылған «салауат», «ереже» түсініктерінің шығу тегі араптың сөздерімен байланысатынын айтқан. Түсініктер мағынасын зерттеу барысында, деректердің тарихи-этнографиялық еңбектерде, тура мағынасында қарастырылмағаны анықталып, мағынасы анық түрде сөздік арқылы белгілі болды. Нәтижесінде, мәліметтің шыншылдығы, әрі деректік тұрғыдан бірегейлігі белгілі болды. Сондай-ақ, автор «салауат» салтының қоғамда маңызды орын алғанын, әлі күнге дейін мән-мағынасын жоймаған «ала жіп» түсінігімен үйлесімді байланыста баяндаған. Зерттеу нәтижесінде «салауаттың» қазақ қоғамындағы құқықтық институт қызметінде өзіндік рөлі болғаны анықталды.
Кезекте, «қонақ асы», «тамыр», «қолқа салу» ғұрыптары «Тауарих хамса» бойынша ұсынылып, қосалқы еңбектердегі мәліметтермен шыншылдығы сыналып, құндылықтары анықталды. Зерттеу барысында аталған дәстүрлердің шығу тегі, оның ішінде бір-бірімен тығыз байланысуы жаңа көзқарастарға алып келді, ал көпшілік зерттеулерде аталған ғұрыптар жеке дара қарастырылған.
Сондай-ақ, қоғамдық мәні жағынан қазақ қоғамында ерекше орын алған салттың бірі «ас беру» «Тауарих хамсада», бастан-аяқ баяндалған. Автор, дәстүр тарихына көлемді материалдар ретін ұсынған. Салттың тарихына қатысты деректер, мынадай реттілікпен қойылып, біріншіден салттың қоғамдық мәні, екіншіден пайда болу уақыты, үшіншіден ас ішінде атқарылатын элементтер қарастырылды.
Қорытындыда диссертациялық тақырыптың әрбір тарауына және оның бөлімдеріне қатысты ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар беріліп, тәжірибелік мәні көрсетілді.
Бірінші тарау бойынша, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басындағы Ресейлік шығыстануды зерттеу арқылы, осы саладағы, жергілікті түрік-татар өкілдерінің қызметін көрсетіп, Орталық Азия, оның ішінде қазақ халқының тарихи кезеңдеріне байланысты еңбектерін, негізгі деректер ретінде пайдалануды ескеру. Осы тұрғыдан, Қ. Халид қызметін және оның «Тауарих хамса» еңбегін қазақ тарихына қатысты құнды дерек ретінде қарастыру.
Екінші тарау бойынша, «Тауарих хамса» мазмұнындағы Қазақстан тарихының қоғамдық кезеңдеріне қатысты мәліметтерді мазмұндарына қарай топтастырып, деректердің құндылығын ғылымның әдіс-тәсілдері арқылы анықтап, тарих ғылымының айналымына енгізу. Әсіресе, Қазақстан тарихында ақтаңдаққа айналған жекелеген оқиғаларға, тарихи тұлғаларға қатысты бірегей құнды деректерді, ресми түрде оқулықтар мазмұнына енгізу. Сондай-ақ, «Тауарих хамса» еңбегінің шығыстық деректер негізінде жазылғанын ескеріп, ежелгі дәуірге, оның ішінде жер бетінде адамзаттың пайда болу мәселесіне қатысты мәліметтерді, шығыстық нұсқадағы болжам дерек ретінде қабылдау. «Тауарих хамсаның» «Ресейдің Шығыс Түркістанға аяқ басуы» бөлімі арқылы Қазақстан тарихының жаңа заманын, оның ішінде отаршылдық дәуірдің тарихи шеңберін Шығыс Түркістан өлкесіне қарай кеңейту. Яғни, отаршылдық дәуірдегі Ресей, Қазақстан, Қытай және т.б. (дүнген, қалмақ, сарт, татар) мемлекеттер мен халықтар аралық болған саяси мәселелерді қайта қарап, дүниежүзілік тарихтағы орнын белгілеуге жол ашу.
Үшінші тарау бойынша, «Тауарих хамса» еңбегіндегі қазақ халқының рухани дәстүрлі мәдениетіне қатысты тарихи-этнографиялық материалдарды түрлеріне қарай жіктеп, деректанулық тұрғыдан талдап, шыншылдықтарын анықтау. Әсіресе, қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығында маңызды рөл ойнаған күн тізбе мәселесіне байланысты деректерді қосалқы деректермен салыстыра отырып, дәстүрлі қоғамның ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан түсіну. Күн тізбеге қатысты сандық көрсеткіштерді деректік құндылығы жағынан жоғары бағалау. Қазақ халқындағы отбасын құрып, некеге тұру дәстүріне байланысты деректерді талап қазақтың қоғамдық, ұлттық, мәдени, дәстүрлік ерекшеліктеріне байланысты мол мәліметтер, мысалдар алу. Дәстүрлі қоғамның ерекшеліктерін білдіретін ырым, жора түрлеріндегі кейбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді зерттеп, мемлекет қызметіндегі орындарын көрсету. Соның ішінде, «ас беру» салтының қоғамдағы саяси қызметін «Тауарих хамса» мазмұнындағы көлемді деректер қоры арқылы көрсету.
Жалпы, диссертациялық жұмыстың нәтижесі Қ. Халидтың шығыстану саласындағы қызметін «Тауарих хамса» еңбегіне деректанулық талдау жүргізу арқылы танытумен байланысты. Сондай-ақ, еңбекті мазмұнындағы Орталық Азия халықтарының ішінде қазақ тарихына көңілдің мол бөлінгенін және деректердің құндылығын ескеріп, деректанулық талдау жұмыстарынан өткізіп, тарих ғылымының айналымына ресми түрде қосу.

Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Аслан
Просмотров: 1741 | Загрузок: 555 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>