Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде) - Ғылыми жұмыс - Тегін рефераттар - www.Zox.kz - Қазақша рефераттар
Главная » Файлы » Ғылыми жұмыс

Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде)

Скачать реферат с сервера 09.08.2010, 05:55
загрузка...
Осындай әр қилы көзқарастардың орын алуы – бұл ғалымдар тарапынан аталмыш мәселеге бір жақты және белгілі бір тұрғыдан ғана қарауынан туындаған жағдай болса керек. Осыған орай коннотация табиғаты, нақты айтқанда, экспрессивтік, эмоционалдық және бағалауыштық микрокомпоненттер «толықтыру, үстемелеу қағидасы» («принцип дополнительности») негізінде сипатталу қажет сияқты. Бұл қағида физика ғылымынан бастау алып, қазіргі кезде лингвистикада да кеңінен қолданылып жүрген әдіс. «Толықтыру, үстемелеу қағидасы» бойынша бір объектіге қатысты қарама-қарсы келетін екі немесе одан да көп ғылыми теориялардың болуы – заңды құбылыс. Себебі: «…айтарлықтай күрделі таным объектісі бір ғана үлгіде толықтай танылуы мүмкін емес. Ол оны жан-жақты көрсете алатын, онымен байланысты құбылыстардың түрлі тобын, түрін ашып бере алатын бірнеше үлгіден тұруы қажет» [3,202] және «кез келген тұжырым – бұл күрделі және іштей қарама-қайшылықтарға толы объектінің біржақты идеализациялануы, санадағы біржақты көрінісі» [4,112] екенін ескеретін болсақ, «әрбір тұжырым тек өз орнында, өз құбылыстар тобын түсіндіру кезінде орынды» [4,112] болып табылатынын ұғамыз. Сондықтан да бағалауыштық, экспрессивтілік және эмоционалдылық микрокомпоненттерді тек денотацияға тән немесе коннотацияның ғана бөлшектері деп бөлмей, олар осы екі макрокомпоненттің объектілері бола алады деген ұстанымды құптаймыз.
Көбіне мырза, жынды, пысық, жек көру, масқара, жауыздық, тентек,
бақыраю, зымырау іспеттес лексика-семантикалық бірліктер тілдік коннотациялар ретінде танылып жүр. Дегенімен, бұл сөздердің коннотация аспектісіне тікелей қатысты болуы күмән тудырады. Себебі, коннотаттық мағына екіншілік, ол денотаттан пайда болады деген қағиданы басшылыққа алатын болсақ, аталмыш сөздердің коннотативті деп танылуы үшін олардың денотаттық мағынасы айқын көрініп тұру керек. Яғни, осы іспеттес сөздердің мағынасы коннотаттық компонент мағынасына тең келеді десек, онда олардың денотаттық мағынасы қандай деген сауал туындайды. Осыған орай көрсетілген сөздердер эмоционалды, экспрессивті және бағалауышты бояу танытып тұрғанымен, олар денотация аспектісінің объектілері болып танылуы қажет деп есептейміз. Аталмыш лексемалардың табиғатына тән микрокомпоненттер сөздің заттық-логикалық мазмұнымен тығыз байланыста болып, белгілі бір ұғым ретінде көрініс табады. Бұны зерттеушілер еңбектері де байқатады. Мысалы, ғалым В.И.Шаховский льстец, негодяй, эгоист, вздыхатель (поклонник), красться т.б. сөздерін мысалға ала отыра, «в этих примерах коннотацией является образное представление, зафиксированное в денотативной сфере семантики слов и соотносящееся с понятием, которое оно замещает в языке» [5,33] деп, сөз семантикасының экспрессивтік, эмоционалдық және бағалауыштық компоненттері денотативті де бола алады деген ой түйеді. Немесе, бірқатар зерттеушілер тарапынан бағалауыштық бірліктер екі түрге бөлініп, оның бірі рационалды (интеллектуалды) баға (ұнату, жек көру, қуаныш, қайғы, сыйлау т.б.) ретінде қарастырылуы – олардың (бағалауыштық бірліктердің) ұғыммен, демек десигнатпен тығыз байланыста танылатындығын көрсетеді. Сондай-ақ лексикалық бірліктер мен фразеологиялық жүйенің құрамындағы эмоционалды, бағалауышты және экспрессивті компоненттердің екі сипатта болатынын байқап, олардың семантикалық ерекшеліктерін денотативті және коннотативті аспектілерде қарастыру қажеттілігіне назар аудартқан тілші-ғалымдар Т.Трипольская мен В.И.Шаховскийдің көзқарастары да ерекше орын алады.
Жалпы лексика-семантикалық бірліктердің денотация және коннотация аспектілерінің объектілері ретінде танылуы шарттылыққа негізделеді. Себебі сөз жеке-дара тұрып коннотаттық мағына таныта алмайтындығы белгілі (тек жалпыхалықтық сипат алған сөз-символдар жөнінде толықтай олай айта алмаймыз). Сөз мағынасының бұл бөлігі (коннотаттық компонент) тек коммуникацияда (мәнмәтінде, ситуацияда) жүзеге асып, тілдегі сөздердің семантикалық құрылымындағы белгілі бір семаның өрістілігімен және қолданыстық сипатымен байланысты болып келуіне орай ерекшеленеді. Оның айшықты көрінісінің өзекті аясы – көркем мәтін. Мысалы, Махамбеттің: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, // Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен, // Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан // Арыстан еді-ау Исатай!», - деп келетін өлең жолдарындағы көк шыбық тіркесіне назар аударайық. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» шыбық сөзі: «1. Ағаштың бұтағы, жапырағы жоқ, ұзын да жіңішке, солқылдақ жас өркені. 2. Бір нәрсені жүргізу, ұру, жазалау үшін, қамшы орнына қолданылатын жіңішке ағаш. 3. Жаңа өсіп келе жатқан жас өркен; көшет. 4. Ауыс. Таяқ, соққы» - деп көрсетілген. Алайда, шыбық сөзінің бұл семантикалық мағыналары ақын тіліндегі көк шыбық тіркесінің семантикалық сипатын ашып бере алмайтын сияқты. Аталмыш сөзқолданыстың мағынасын дәл айтып беру қиындау. Дегенмен, мынадай үш болжам жасауға болады: 1. Көк шыбық – бұл қылыш (семсер). Осы орайда біз ғалым Қ.Мұқаметхановтың зерттеуіндегі мынадай деректерге сүйенеміз. Зерттеуші «Әділ сұлтан» жырынан: «Орақтың ұлы Қарасай, // Шалқасқаны мінеді енді, // Көк шыбығын байланып, // Ғаскерінің Қарасай // Басы болып жүрді енді», - деген үзінді келтіре отыра, «Осы өлеңнің мазмұнына қарағанда, «көк шыбық» – «қылыш» деген сөз болып шығады. Олай деуімізге тағы бір толығырақ дәлелді татар әдебиетінен табамыз. «Чура батыр хикаяте» атты дастанда Шағали ханның қызы Сарқани батырларға әр кімнің өз дәрежесіне қарай сыйлық үлестіргені баяндалады. Шора батырға бір алтын қобди береді. Бұл сыйлыққа батырдың көңілі толмай, өкпелеп, қобдиды ашып та қарамай тастай салады. Бірнеше күн соғысқа шықпай жатып алады. Шағали хан қызы Сарқаниды батырға жіберіп, соғысқа неге шықпай жатқан себебін сұратады.
«Сарқани барып сұрағанда, Шора батыр айтты:
- Мен саған өкпелеп жатырмын, сен маған құр қобди бердің, ал басқа батырларға сауыт бердің, - деді.
Сонда қыз айтты:
- Қане, сол қобдиды ашып қарашы, - деді. Шора батыр қобдиды ашып қараса, ішінде «Көк шыбық» («Кук чыбык») деген қылыш бар екен. Шора батыр мұны көріп, қызға риза болып, әскерімен аттанып, көп жауды қырып салды» дейді. Сөйтіп, батырға әдейі арнап соқтырған әйгілі қиғыр қылыш – «Көк шыбық» деп аталып, ерлік жырларында ежелден қолданылатын бейнелі сөз екен», - деп түйіндейді. Сонымен, зерттеуші Қ.Мұқаметханов келтірген тілдік деректер негізінде көк шыбық мықты (көк) қылыш ретінде айшықталатынын көреміз. Дәлірек айтқанда, «көк шыбық» деп өткір, темірден жасалған (көк) семсер (шпага) аталса керек: «Шпага – семсер. Скрестить шпаги – біреумен семсерлесу» [6,1126]. Бұған, біріншіден, визуалды-бейнелі ассоциация негіз болса, екіншіден, түркі халықтарының тіліндегі кесіп, шауып, тіліп жіберетін қару-жарақ атауларының (меч, сабля, шпага) «семсер» және «қылыш» тұлғаларында келіп, бір ұғымды танытатындығы дәлел бола алады. 2. Көк шыбық деп садақ та аталуы мүмкін. Ол мынадай өлең жолдарынан танылады: «Орақтың ұлы Қарасай // Шалқасқаны ту астында жықтырып, // Көк шыбықты орта белден бүктіріп, // Көк сырлы оғын төктіріп, // Баданадай сауытын // Тері тондай жырттырып…» (Әділ сұлтан), сондай-ақ, «Жас шыбықтан жай тарттың, // Жалғыз шиден оқ аттың…» (Ер Тарғын). Көк шыбық – заттың тура атауы емес, яғни денотат емес. Ол «садақ» мағынасына қосымша, ономасиологиялық уәжі бар, тарихи сипаттағы коннотат. Яғни, ол қарудың жасалған материалы атауға уәж болған. Екіншіден, көк шыбық сөз тіркесінің коннотаттық сипатын анықтайтын микрокомпонент – «көкке» қатысты. Бұл арада «көк» сын есімі «жасыл» деген түс атауымен және содан туындайтын «жас» деген ауыспалы мағынамен синонимдес. Себебі садақтың серпімділігі мен қүштілігімен сипатталатын, әлі ағаш бұтағы боп бекімеген шыбықтан жасалғаны мәлім. Қараңыз: «... садақты тобылғы, үйеңкі т.б. ағаш шыбықтарынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды» [7,VII]. 3. Біздің ойымызша, Махамбет тіліндегі көк шыбық – бұл жебе (садақтың оғы). Бұған дәйек ретінде жоғарыда көрсетілген Махамбет шумағын қайта келтіріп, салыстыра талдап, мазмұнына үңіліп көрелік: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, // Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен, // Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан // Арыстан еді-ау Исатай!». Байқап отырғанымыздай, шумақтың мазмұнына сәйкес атқан оғы, атқаны деген сөздермен мағыналық байланыс бұл арада «көк шыбық» сөзінің мағынасы – «жебе» (садақтың оғы) деп болжауға негіз береді. Екіншіден, «көк» микрокомпонентінің коннотаттық құрылымының түзілуіне «көк» түстің мифтік танымға сәйкес «ерекше тылсымдық күш» деген мағынаның да әсері болуы мүмкін. Үшіншіден, көк шыбық тіркесінің «жебе» деген мағынасы «қандыауыз» сөзіне байланысты айшықтала түседі. Қандыауыз сөзінің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі – қару-жараққа қатысты. Мысалы, «Тасада мерген кезенген // Қанды ауызға жолығар» (Ауыз әдебиеті); «Қатынасы биік көлдерден // Қатар түзеп қу ұшар. // Алғасап тез оқ ата көрмеңіз, // Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай» (Шалкиіз); «Аударылмас қара кемедей, // Қандыауызға сырлап салған жебедей» (Ер Шобан). Келтірілген өлең жолдарының мазмұнына қарағанда, қандыауыз – бұл «садақ». Осыған орай Махамбеттің: «Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан», - деп келген өлең жолындағы «қандыауыз» сөзі – «садақ» деген мағынаны танытса, «көк шыбық» тіркесі – «жебе» мағынасында жұмсалуы мүмкін. Қалай болғанда да көк шыбық – бұл бейнелі сөзқолданыстардың бірі екені анық. Оның аталмыш контекстердегі көрініс табуы коннотаттық компонент мағынасына тең келеді.
Байқағанымыздай, коннотаттық компонент мағынасы көркем бейненің дамуы барысында пайда болып, контекст шеңберінде жүзеге асады. Сонымен қатар контекст ерекше семантикалық өріс, ассоциативті ая туғыза келе, әр түрлі мағынаның ішінен қажеттісін ғана таңдап, коннотаттық компонент мағынасының эстетикалық құндылығын арттыруына себепкер болады.
Белгілі бір сөздің денотаттық мағынасын денотаттық семалар танытса, коннотаттық компонент мағынасы коннотаттық семалар негізінде жүзеге асады. Денотаттық семалар объективті шындық дүниедегі заттар мен құбылыстардың бейнесін ассоциациялайтын, яғни тілдік тұрғыдан көрініс тапқан денотаттардың бейнесін танытатын семалар болып танылса, коннотаттық семалар лексемасы өзара ортақ болып келетін денотаттық семалардан туындай келе, белгіленген затқа деген жаңа көзқарасты, өзге қатынасты білдіретін семалар ретінде көрініс табады. Осы мәселенің теориялық-әдіснамалық қағидасын белгілеген М.Копыленко мен З.Попова еңбектерінде [8] жасалу жолына қарай денотаттық семаның екі түрі (Д1, Д2) және коннотаттық семаның үш түрі (К1, К2, К3) ажыратылады. Жұмыста осы семаларға түсініктеме беріле келе, нақты мысалдар негізінде олардың Махамбет тіліндегі көрінісі қарастырылады. Сондай-ақ «біріншілік номинация» және «екіншілік номинация» деген терминдердің ұғынылуы мен аталмыш семалардың қамтылуы көрсетіледі.
Сонымен, коннотативті сөздің ішкі формасында берілген бейне денотаттан алынып, сөйлеуші тарапынан берілген ойдың барынша нақты, ықшам, психологиялық жағынан әсерлі болуын қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, коннотаттық макрокомпонент сөздің мәнерлілігін, көркемділігін күшейту, айтар ойдың ерекше әсерлігін, эстетикалық жағын арттыру, объективті шындық дүниедегі затқа не құбылысқа субъективті көзқарасын білдіру мақсатымен қолданылатын мағына бөлшегі болып табылады.
1.2 Коннотация – семантикалық деривацияның бір көрінісі. Денотаттық компонент мағынасына тең келетін тілдік бірлік коннотаттық мағына мазмұнына ұшырау барысында жаңа мағынада, жаңа қызметте қолданылып, мазмұндық (семантикалық) өзгеріске түсетіні белгілі. Сондықтан да, «өзгеріс – деривация, деривация – процесс. Деривация - өзгеріс болғандықтан процесс» [9,20] деген қағиданы негізге ала отырып, коннотаттық макрокомпонентті, оның пайда болып, жүзеге асу процесін деривациялық процестің бір көрінісі ретінде танимыз.
Деривация бастапқы кезде негізгі сөзге жұрнақ қосу, сөздерді біріктіру, сөз тіркесі т.б. амалдар негізінде жүзеге асады деген бағытта ұғынылып келсе, қазіргі уақытта кең мағынада қарастырылып, сөздің түрлену және сөздің туындау процесін білдіретін жалпылама термин ретінде немесе белгілі бір бастапқы тілдік бірліктен кейінгі тілдік бірліктің, яғни кез келген екіншілік таңбаның пайда болу процесін танытатын атау ретінде ұғынылады. Осыған орай тіл білімі ғылымында деривациялық поцестің фонетикалық, грамматикалық және семантикалық түрлері ажыратыла келе, олар деривациялық процестің формалық және мазмұндық типтері негізінде көрініс табады. «Тілдің формалық деривациялық процесіне фонетикалық-грамматикалық құбылыстар, яғни бастапқы таңбаның тек синтагмалық өзгеруі, мазмұндық деривациялық процесіне семантикалық құбылыстар» [9,21], яғни таңбаның іштей өзгеруі жатады. Мазмұндық деривациялық процесс барысында сөз мағынасы кеңейеді, тарылады, күңгірттенеді, екіншілік және ауыспалы мағына мазмұнына ілігеді. Бұл тұрғыда коннотаттық макрокомпонент басқа да лексика-семантикалық деривациялар іспеттес осы мазмұндық деривациялық процесс нәтижесін танытады. Ғалым А.А.Уфимцева сөз семантикасының іске асу процесі сөзөзектік (лексицентристік) және мәтінөзектік (текстоцентристік) бағытта болатынын көрсете келе, оның зерттелуі де осы екі аспекті тұрғысынан жүргізілуі қажет екеніне назар аударады.
Бұл тұрғыда сөз мағынасының қозғалысын танытып, аталмыш бағыттардың жүзеге асу процесін көрсететін тілдік дәйек ретінде Махамбет өлеңдерінің деректерін негізге алуға болады. Себебі ақын тілінде әртүрлі семантикалық деривация процесінің нәтижесін көрсететін сөздер молынан кездеседі. Олардың бірқатары жоғарыда көрсетілген мәтінөзектік (текстоцентристік) бағытты, яғни жекелеген семалар өзгерісінің мәнмәтін (контекст) негізінде жүзеге асуын көрсетсе, енді бірі сөзөзектік (лексицентристік) бағытты танытады. Сөзөзектік бағыт негізінде өзгеріске ұшыраған сөз мағынасының көрініс табуы тілдік (интралингвистикалық) және тілдік емес (экстралингвистикалық) факторларға байланысты болып келеді. Осындай ұзақ уақыт, таным әрекетінің нәтижесі болып табылатын тілдік бірліктер қазіргі тілімізде кездескенімен, кеңею, тарылу, ауыспалы мағына мазмұнына ұшырау процесінің нәтижесінде, өткен ғасырларда қолданылған мағынасынан өзге мәнді қамтитын дүниелер болып табылады. Тараушада осыған қатысты Махамбет өлең жолдарындағы қарындас, ауыр, алаш, байтақ, сан, аға, ала ту, алқалау, қара орман, жетім сөздеріне кеңінен назар аударылады.
Сонымен, синхрондық тұрғыдан қарағанда мазмұндық деривация процесінің нәтижесін танытатын дериваттардың қайнар көзі болып көне ескерткіштер тілі, халық ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулар тілі танылса, солардың бір арнасы ретінде Махамбет туындылары саналады. Жоғарыда көрсетілген сөздер бұл күндері кездескенімен, қазіргі тілдік тұрғыдан уәжденбейді. Сондықтан да олар М.М.Копыленко мен З.Д.Попова жіктемесі бойынша екінші дәрежелі коннотативті сема мазмұнын қамтитын тілдік бірліктер болып табылады. Екіншіден, олар тілдің даму барысын, сөз мағынасының жылжу процесін байқата келе, халқымыздың өткен тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен көптеген мағлұмат бере алатын мәдени коннотациялар ретінде ерекшеленеді.
1.3 Астарлы мәтін (подтекст) және коннотаттық компонент арақатынасы. «Астарлы мәтін (ой) – эксплицитті жеткізілген баяндаудан туындайтын жеткізілмеген (айтылмаған) мағыналар ағыны. Астарлы мәтін – мәтінді талдап түсіндіру нәтижесінде пайда болатын категория. Мәтіннің өз ішінде дами отырып, тікелей берілген ой үрдісімен салыстырғанда жаңа нәрсе болып табылады» [10], - деп сипатталатын астарлы мәтін категориясы мәтін мәселесіне арналған еңбектерде кеңінен қарастырылып, ерекше орын алған категориялардың бірі ретінде танылады.
Осыған қатысты И.Гальперин, В.Кухаренко, И.Арнольд, А.Камчатнов, А.Лурия, К.Долинин сияқты ғалымдар еңбектеріне шолу жасалынады.
Астарлы мәтін кез келген көркем шығармаға тән, ол алдын ала автордың шығармашылық ойымен жоспарланады. Ақпараттың бұл түрі табиғаты жағынан имплицитті болып келеді, яғни вербалды түрде айтылмайды. Сондықтан мәтінді оқу барысында ол бірден байқалмай қалуы да мүмкін.
Аталған зерттеу еңбектері және белгілі бір көркем мәтінді талдау барысы астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдары алуан түрлі болып келетіндігін байқатады. Бұл тұрғыда: «Кез келген астарлы мәтіннің мәні белгілі бір үлгінің бұзылуында жатыр» [11,60], - деп түйген И.Торсуеваның ойы да негізсіз емес. Себебі, толық айтылмаған ойлар, қалдырылып кеткен жолдар, белгілі бір жағдайға деген айтылымның сай келмеуі және тағы басқалары -–астарлы мәтіннің жасалуына негіз бола алады. Сонымен қатар астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдарының көрінісі ретінде кейіпкерлер сөздерінің арасындағы кідіріс, монологтың үзілуі, коммуниканттың тап осы кездегі жағдайға маңыздырақ болып келетін тақырыптан бейтарап тақырыпқа (немесе керісінше) кетуі, жағдаяттық қайталаулар, белгілі бір айтылымның қайта-қайта оралуы және тағы басқалары танылады.
Ал лексика-семантика тұрғысынан алғанда, белгілі бір көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің ұтымды қолданылуы да астарлы ойдың өрбіп, ұласуына себепкер бола алатынын аңғартады. Бұл тұрғыда Махамбеттің жұмбақ тәрізді жазылған «Шерниязға айтқан жұмбағы» атты өлеңі тарихи шындықты әр түрлі бүркеме сөздер мен образдар арқылы танытуымен қызықтырарлықтай.
Ақын мәнмәтіндегі қолданысына орай жағымды немесе жағымсыз сема танытатын көптеген образдар пайдаланады. Бұл өлең түгелдей бүркеме сөздер мен сөзқолданыстарға негізделген десе де болады. Мәнмәтіндегі арғымақ, лашын, сұңқар, бүркіт, аққу деген зооморфизмдер мен көп қағып дауылпазды көл шайқаған, алты айшылық жер жайқаған, қанат қақпай дәмін татқан, телегей теңіз тасып шамданғанда, жемсау құс деген сияқты икондық (бейнелі) сөз тіркестері мәтіндегі басқа да лексика-семантикалық элементтермен байланысып, ақынның көңіл-күйін, көзқарасын білдіре келе, тарихи шындықты таныта алатын мейлінше терең ойды қамтиды. Диссертациялық жұмыста ойымыз дәйекті болу үшін мәнмәтінмен қатар экстралингвистикалық факторларға да мән беріліп, сол кездегі жалпы жағдай (тарихи, әлеуметтік-саяси жағдай) ескеріле келе, «Шерниязға айтқан жұмбағы» атты өлеңі талданады.
Астарлы мәтін белгілі бір адамның жеке тезаурусына, қасиетіне, ой бағытына, өмір тәжірибесіне қарай әр түрліше ұғынылады. Ал түсіндіру кезінде пайда болатын көпмағыналық мәнмәтін көмегі арқылы ажыратылады.
1.4 Көркем мәтіндегі коннотацияның пресуппозициялық мәні. Айтылған ойды түсінуге мүмкіндік беретін аялық білім жиынтығы лингвистикада пресуппозиция деген термин арқылы анықталады. Ауызша немесе жазбаша түрде жүзеге асқан сөйлесім мазмұнын қабылдауда аялық білім рөлінің орасан зор екендігі, оның тілдік қарым-қатынас негізін құрайтындығы және аялық білімнің қажетті мөлшерде немесе мүлдем болмауы коммуниканттардың түсінісуін жоққа шығаратындығы ғалымдардың еңбектерінде атап көрсетілген (Ахманова О., Верещагин Е., Костомаров В., Колшанский Г., Арутюнова Н., Столнейкер Р., Ерназарова З. т.б.).
Ауызша сөйлеу актісінде продуциент (автор) пен реципиенттің (оқырман) түсінісуі пресуппозиция ортақтығымен қатар, есту, көру арқылы (дауыс ырғағы, ым, дене, бет қимылы т.б.), қабылдау қабілетімен толықтырылса, коммуникацияның жазбаша формасында тілдік ақпаратты игеру толықтай мәтінге негізделеді. Ал мәтін тілін меңгеру – бұл адамның білім деңгейіне, тезаурусына, өмір тәжірибесіне тікелей тәуелді. Әсіресе, белгілі бір дәрежедегі дайындықтың (пресуппозицияның) болуын өзге халық тілі мен ұлттық көркем сөз тілі қажет етеді. Себебі, әрбір халықтың рухани және дүниелік өмірін, елдік қасиетін, таным-түйсігін, салт-санасын, қоғамдық қатынастарын танытатын – оның тілі. Кез келген ұлт тілінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Ол халықтың рухани өмірі мен діліне байланысты болып келеді.
Осыған орай да батырлық пен ерлік, өмір шындығы образдылықпен ұштасып, шынайы түрде көрініс тапқан Махамбет өлеңдерінің рухын бүгінгі таңда саналы түрде ұғыну, эстетикалық жағынан дұрыс қабылдау, жан-тәнімен сезіну – оқырманнан белгілі бір дәрежедегі дайындықты талап ететіні сөзсіз. Бұған, бір жағынан, туындылардың көнелігі себеп болады. Ақын өз өлеңдерін XIX ғасырдың І жартысында өзімен тағдырлас, замандас болған адамдарға арнаған. Уақыт өте келе, мәдениеттің, тарихтың, саясаттың өзгеруіне сай, сол кезде түсінікті болған сөздердің, астарлы ойлардың көбі бүгінгі оқырманға беймәлім. Екінші жағынан, көркем мәтіннің мазмұны мен оның коннотациялық сипатының түсінікті болу-болмауы, автор мен оқырман пресуппозицияларының сай келу-келмеуіне байланысты болады. Махамбет поэзиясы тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні, образдарының мән-мағынасы толық танылып ашылмауы – бұл қазіргі кездегі оқырман пресуппозициясы мен ақын пресуппозициясының сай келмеуінде болса керек. Ал Махамбет пресуппозициясының (аялық білімі мен таным тереңдігі, онымен тамырлас шығармашылық сипаты) жоғары деңгейде болғанын біз ақын өлеңдерін оқи отыра аңғарамыз. Сонымен қатар оның арабша, орысша, татарша сауатты болғаны, «Құранды» терең білгені, «Қырымның қырық батырын» және өзіне дейінгі жыраулар шешендігі мен халық даналығын игергендігі де оның шығармашылық тұлғасын толықтыра түсетін жайттар.
Махамбет шығармаларындағы көркем сөздің пресуппозициясы мен тарихи коннотациясын түсіну – экстралингвистикалық жағдаят, адамның жеке танымдық ассоциациялары, аялық білім деңгейі байланысына тіреледі деген пікірімізді дәлелдей түсу үшін жұмыста Махамбеттің: «Мұсылманшылық кімде жоқ, // Тілде бар да, дінде жоқ», «Дұшпаның қарсы келгенде, // Ер дініне берік болсын!» – деген өлең жолдары талданады.
Жұмыстың екінші тарауы «Махамбет тіліндегі мәдени коннотация» деп аталады. Ассоциативті ойлау халықтың мәдени-тарихи өмірімен тығыз байланыста көрініс тауып, тілді қолданушылардың «ұжымдық есін», «мәдениет ескерткішін», «ұлт өмірінің айнасын» танытады. Сондықтан да ғаламның тілдік бейнесін қалыптастырудағы әр ұлттың өзіне ғана тән таным, ассоциативті-образды ойлау ерекшеліктерін айшықтауға бағытталған мәдени коннотацияның мәні айрықша. Бұл тұрғыда Махамбет тілінде үстеме мағына мазмұнына сәйкес сипаттауыштық, символдық, бейнелеуіштік қызметте жұмсалған жер-су, жан-жануар, құс, киім, түр-түс т.б. атаулары мен фразеологиялық сөз орамдары ұлттық-мәдени коннотация мазмұнын танытатын тілдік таңбалар ретінде көрініс табады.
2.1 Махамбет тіліндегі коннотацияның түрлері. 2.1.1 Топонимдер мен антропонимдердің коннотациясы. Өткен заман куәсі болып табылатын жер-су атаулары мен кісі аттары әрбір халықтың болмысы мен мәдениеті, тарихы мен қоғамдық өмірі жөнінен аса құнды мағлұмат беретін көне дерек көзі болып танылады. Кез келген этностың өмір-тіршілігі белгілі бір жағырафиялық кеңістікте көрініс тауып, оның тілінде таңбаланады. Сондықтан ономастикалық лексика өзінің номинативті функциясымен қатар оған тән ұлттық-мәдени таңба ретіндегі танымдық қызметімен де ерекшеленеді. Ономастикалық лексиканың дәстүрлі атауыштық қызметінен белгілі бір объект және осы объектіні сипаттайтын белгілер таңбасына ауыса алатыны бұлардың өн бойындағы экстралингвистикалық ақпараттың жоғары деңгейде шоғырлануымен түсіндіріледі.
Кумулятивтік қызметін жүзеге асыра отыра, топонимдер мен антропонимдер аталмыш объект жөнінде бүкіл ақпаратты қамтиды. Ал олардың сол тілді тұтынушы адам санасында, көбінесе, тарихи-әлеуметтік мазмұндағы коннотациялар туғызуы – бұл ономастикалық лексиканың тарихи оқиғалар мен аса танымал жағдаймен байланысты болуының белгісі. Топонимдер мен антропонимдер жеке-дара тұрып белгілі бір ақпаратты береді. Сондай-ақ олардың бір ерекшелігі, белгісі негізінде іштей байланысқан топтық атаулар да өзіндік бір ақпаратқа ие. Осындай топонимдік, антропонимдік лексика жүйесі белгілі бір бейне таныта алады. Мысалы, Нарын, Бекетай құмы, Жасқұс, Сағыз, Жайық, Қиғаш, Жәңгір хан Исатай, Баймағанбет сұлтан т.б. дегенде санамызда Махамбет Өтемісұлының шығармашылығы, 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс жаңғырып, тілімізге Махамбеттің өлең жолдары оралады. Себебі, Исатай-Махамбеттің көтерілісі кезінде қиян-кескі шайқастар майданы болған жер-су атаулары мен замандас адамдар аттары, ру-тайпа атаулары Махамбет поэзиясында кеңінен орын алған.
Нарынның шығысы – Бекетай құмында дүниеге келіп, Қиғаш, Тептер, Жайық өзендерінің жағалауындағы сай-салалы, шұрайлы мекенде өсіп-өрбіген Махамбет үшін Нарын, Бекетай құмы, Жайық, Қиғаш т.б. – нақты жер атаулары емес, ішкі дүниесінде өшпес орын тепкен ең қадірлі, ең қастерлі ассоциациялық ұғымдар. Бұлар ақын тілінде «туған жер, атамекен, Отан, кіндік кескен өңір» концептілік ұғымын беретін сөз-символдар.
Ақынның «Айналайын Ақ Жайық» деуінің өзі-ақ оның жерге, елге деген ыстық сезімін, сүйіспеншілігін танытады. Бұл жердегі ақ лексемасы Э.Севортянның сөздігі көрсеткен: «ағу қимылын білдіретін етістік (ағыны қатты су)» және зерттеуші Ұ.Серікбаеваның: «Ақ – кең, ұшы-қиыры жоқ, шексіз… Ақ Жайық өзенінің атауын о баста «ені кең, жайылып жатқан өзен» деп жобалауға болады» деген пікірлерін қостай келе, сонымен қатар оның «киелі, қасиетті» мағынасындағы сөз-символ іспеттес коннотаттық мәнін де көрсеткен жөн. Ал Махамбеттің: «Ауыр әскер қол ертіп, // Жасқұсқа барып кіргенде», - деп келетін өлең жолдарындағы Жасқұс құмының атауы Жәңгір ханды, «ағаш үйді» (Жәңгір хан Сарайын), әділетсіздік пен озбырлықтың орталығын елестетсе, «Көзінен тізіп жіберді-ау // Орынбор деген қалаға-ай!», - дегендегі Орынбор қаласының атауы орыс патшасының саясатын жүзеге асырушы Орынбор казачествосын бейнелеп, Махамбет үшін өз тұрмыс тіршілігінен тыс, рухани өміріне жат елдің, мекеннің коннотациялық атауын танытады.
Махамбет мұрасын зерттеушілер әр кезде де ақын өлеңдерінің өзіне дейінгі жыраулардың көптеген образдарымен, кейде тұтас жолдарымен ұштасып жатуын «өзіне дейін поэтикалық дәстүрді жинақтаушы (синтездеуші) ақын» [12,181] ретінде танытып, «… тегінде дәстүрлі жалғастық, ауысу, мұралану дегендердің өзі осы «қайталаулардан» көрінбек [13,174] дегенді баса айтатыны белгілі.
Жыраулар мұрасын әдеби тілдің қажетіне жарату – бұл байырғы лексикалық байлықты сарқа пайдалану, реңк беру, тармақ үйлесімі сияқты себептерді ескеру дей тұрғанымен, бұны біз жаңа жағдайға, тариххи шындыққа байланысты өзге мазмұнды, өзіндік бір мәнді таныту мақсатынан туындаған көркемдік қажеттілік деп табамыз. Мысалы, Махамбет бірде: «Кет-Бұғадай билерден // Ақыл сұрар күн қайда?» – деп келетін образ қолданады. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, Кет-Бұға – XIII ғасырда ғұмыр кешкен тарихи адам, атақты би. «Көне түркі тілінде «Кед» (кет, келі, кез) – күшті, мықты. «Бұғы» - бұға, бұқа, бүке – батыр, күшті адам, бөгу – дана, данышпан деген ұғым береді» [14,516]. Академик Р.Сыздықова «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінде зерттеуші А.Сейдімбековтің сөзін келтіре отыра, бұндай сөзқолданыс Доспамбет жырау тілінен сақталып келгенін растайды. Біздің ойымызша, Доспамбет жырау мен Махамбет ақын өлең жолдарындағы бұл образды тіркес тек сыртқы формасы жағынан үндесіп жатыр. Ал осы қолданысқа салынған ой мен мән әр басқа. XV ғасырда жасаған Доспамбет жыраудың: «Кет-Бұғадай билерден // Кеңес сұрар күн қайда!» деп жырлауында өзіндік бір себеп бар шығар. Ал Махамбет ақынның араға үш ғасыр салып Кет-Бұғаны аузына алуына таза тілдік факторлармен қатар, тарихи-әлеуметтік жағдай, объективті шындық итермелеген болу керек. Ақын тілінде Кет-Бұға – бұл нақты адамның есімі емес. Ол жинақы образ. «Кет-Бұғадай билер» деп келген теңеуімен ол Шыңғыс, Әбілқайыр, Абылай хан замандарында өмір сүріп, өздерінің елдің әдет-ғұрпын жақсы білуімен, дана сөздерімен, әділділігімен бүкіл байтақ елге танымал болған ақылгөй билерді, ақсақалдарды танытады. Дәлірек айтқанда, «Кет-Бұғадай билерден // Ақыл сұрар күн қайда?» деп ақын, біріншіден, өз өсиеттерімен, әділ сөздерімен бағыт берген, төреші болған, ел бірлігін көксеген би-шешендер заманының кетіп, сонымен бірге көшпелі салт-дәстүрдің де құлдырауын көрсеткені болса, екіншіден, тек жеке бас қамын ойлайтын, алдау-арбаумен күнін көретін, өз заманының әділетсіз би-сұлтандарын әшкерлегені деп түсінеміз. Яғни, Махамбет тілінде бұл жай қайталау емес, өзіндік бір тың мазмұн жүйесін құрайтын коннотаттық мағынадағы образды тіркес.
Жалпы топонимдер мен антропонимдер, біріншіден, белгілі бір объектінің мазмұнын (жер бедері, жануарлар, өсімдіктер әлемі, тарихи жағдай, халықтың дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, қалыптасу кезеңі, қабаты т.б.) ашуға бейім, мүмкіндігі мол категориялар болып танылса, екіншіден, олар өзінің сипаттауыштық, символдық, аялық, бейнелеуіштік қызметтерімен ерекшелене келе, көркем мәтін тілінде танымдық тұрғыдан маңызды мағына тудырушы рөл атқарады.
2.1.2 Жан-жануар атауларының коннотациясы. Тілдік қордың ең көне әрі көлемді қабатының бірі болып жануарлар атауларына қатысты сөздер мен сөз тіркестері танылады. Бұл – жануарлардың ғасырлар бойы халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігімен (жыртқыш аңдармен күресу, аң аулау, етін, сүтін тамақ ретінде пайдалану, терісінен киім тігу, сүйегінен құрал-жабдықтар жасау, көлік ретінде пайдалану т.б.) тығыз байланыста болып, адамның дүние танымына, көзқарасының қалыптасуына мейлінше әсер тигізгенімен түсіндіріледі. Осыған орай тілде жан-жануар атауының негізінде жасалған теңеулер, метафоралық сипаттамалар, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Олардың пайда болуы о баста малға, аңға байланысты болғанымен, айналып келгенде адамға бағышталып, әртүрлі зоосипаттамалар негізінде адамның мінезі, іс-әрекеті, сыртқы көрінісі, жақсы-жаман қасиеттері айшықталады. Бұл кез келген ұлт тіліне тән құбылыс дей келе, оның әр тілде өз ұлт дүниетанымы, ділі, мәдениеті тұрғысынан жүзеге асатынын да ескереміз. Яғни, белгілі бір мағына екі түрлі ұлт тілінде әр басқа ұғымдармен коннотацияланып, өзіне ғана тән ассоциативті образдар негізінде көрініс табады.
Коннотациялық мәнді зооморфизмдер белгілі бір ойды нақты, әсерлі, көркем түрде жеткізу мақсатымен көркем әдебиет тілінде де кеңінен қолданылады. Олар белгілі бір тіркес құрамында астарлы мағына жүйесіне ілігіп, бірде жағымды мағына берсе, кейде жағымсыз мағына мазмұнын құрайды. Осымен байланысты суреткер санасында кейбір өзара ұқсас қасиеттерін салыстыру негізінде қалыптасатын ассоциация арқылы адамның орнына немесе белгілі бір құбылысты сипаттау мақсатында жануарлар атауларының ұшырасуы, яғни олардың өзіндік мінез-құлқына, пішініне, мүшелік белгілеріне, іс-әрекетіне т.б. ерекшеліктеріне байланысты метафоралық ауыс қолданылуы белгілі бір образ жасау, модальділік көзқарасын білдіру, әсерлігін күшейту мақсатында Махамбет шығармаларында ұтымды да шебер пайдаланылған. Ақынның адам мінезіне, сыртқы келбетіне, іс-әрекетіне, түрлі қасиетіне байланысты қолданылған аң атауларының семантикалық бірліктері үстеме образдылық, бағалауыштық, эмоционалдық, экспрессивтік мағына үстейді. Мысалы, Махамбеттің: «Керіскідей шандозым! // Құландай ащы дауыстым!» - деп келетін өлең жолынан «керіскі» сөзін кездестіреміз. 1962 жылы шыққан Махамбеттің өлеңдер жинағында: «Керіскендей шандозым – керіскендей – негізі – керу. Тартысуға, керісуге байланысты «төзімділік» ұғымында. Шандозым – кербездің синонимі», - деген түсінік берілген. Бұл арада Махамбет өлеңіндегі «керіскендей» сөзінің текстологиялық анықтамасына негіз болған – кер, керіс етістіктерінің қазіргі тіліміздегі мағынасы. Немесе, 2004 жылы жарық көрген Махамбет энциклопедиясында: «Керіскі – 1.Жұқа етіп басылған сырмақ, қалпақ сияқты сәнді киім, бұйым тігуге арналған ақ киіз. 2.Керіскідей – көз тартатын үлкен», - деп көрсетілген [14,515].
Бірақ бұл жерде, біздің ойымызша, «керіскідей шандозым» дегенді басқа мағыналық негізде түсіндіру қажет. Оны бұл сөздің мағынасына қатысты тарихи-салыстырмалы зерттеу барысы байқатады. Бұл сөзді біз Н.И.Ильминский нұсқасындағы (1860 ж.) «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан да кездестіреміз: «Әлекем Қозыкені керіп атты, // Қозыке керіскедей болып жатты». Немесе, М.Сералиннің қазақ тіліне аударған «Рүстем-Зораб» дастанында: «Керіскедей керіліп, // Жатыр жерде созылып», - деп келетін жолдар бар.
Керіскі - мүйіз тұмсықты жануар, яғни носорог деп Л.З.Будаговтың сөздігінде көрсетілген: «уйг. «керсъ» - носорогъ». Демек, Махамбет Исатайды керіскідей деп тұрғаны – оның бейне-бітімін, сыртқы тұлғасын теңеу негізінде батырдың соқталығын, айбатын, айбындылығы мен күшін образды түрде бергені.
Жұмыста осыған сәйкес арыстан, қабылан, жолбарыс, серке, тарлан, нар, тағы, тарпаң, жылқы (арғымақ, жүйрік ат, тұлпар, көк бедеу, қазанат т.б.), қасқыр, қара шұбар жылан, айыр құйрық шаян, төбет деген сияқты сөздердің Махамбет тіліндегі үстеме мағыналары қарастырылып, жағымды және жағымсыз семалары айшықталады.
2.1.3 Құс атауларының коннотациясы. Коннотативті жүйеде өзін және сомдап отырған бейнелерін аспан перзенті – құс атауларына балап көркем суреттеу – Махамбет поэзиясында кеңінен орын алған тәсілдердің бірі. Ақын тілінде ұшырасқан құс атаулары адам бойынан табылар әр түрлі қасиеттерді бейнелеу үшін, кейде басынан кешкен жағдайларды, көңіл-күйін таныту мақсатында поэтикалық тілдік құралдарға айналған сөздер болып табылады. Мысалы: «Мен – қарақұстан туған қалықпан, // Сөйлер сөзге жалықпан», «Мен ақсұңқардан туған құмаймын // Бір сұңқарға жұбаймын», «Аспанда ұшқан ақсұңқар, //Қолымда тұйғын, лашын», «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, // Қанатың қатты, мойның бос» т.б.
Махамбет өз тыңдармандарына әсерлі, түсінікті болу үшін, суреттеп отырған бейнені немесе оқиғаны оқушыларының көз алдына елестету үшін өлеңдерінің мазмұнын, өзінің айтпақ ойын әр алуан эпитет, метафоралық теңеулер, поэтикалық контраст негізінде шебер өрбітеді. Мысалы, мақсаттары орындалмай, жолдастары оққа ұшырап, Исатай жау қолынан қаза болған күн Махамбет өлеңінде: «Аса шапқан құлаша ат // Зымырандай болған күн. // Арқауылдың бойынан // Теріскей дауыл соққан күн», - деген сияқты образды тіркестер негізінде көрініс табады. Осы өлең үзіндісінен атты зымыран құсына теңеу үлгісін кездестіреміз.
Зымыран – суға сүңгігіш құстардың бірі. Ұлттық танымы мен көркем әлемі бір тұтасқан ақын Е.Раушановтың көрсетуі бойынша, оның әлемде 87 түрі кездеседі және әр елде ол әртүрліше аталады. Мысалы, балқар, қарашай тілінде «балыкчы чымчык» делінсе, башқұрттарда ол «балықсы торғай» деген атпен белгілі. Сонау ескі замандардан бері қарай сан елдің әдебиетінде әдеміліктің символы ретінде жырланып келе жатқан бұл құс шығыс ақындары шығармаларында ағаш бұтағына періште іліп қойған лағыл-гауһарға теңелсе, көне Қытайда оның көгілдір қауырсындарын император сарайының ханшалары бас киімдеріне қадаған. Ал орта ғасырлық Еуропада үйді «бәле-жәле, қауіп-қатерден, тіл-көзден сақтау үшін» зымыранды үйдің маңдайшасына тұмсығынан іліп қоятын болған [15].
Сондай-ақ халық танымында зымыран ерекше шапшаңдылығымен де белгілі. Оның шалт қимылы, суға оқтай зулап, судың үстінгі қабатында жүзіп келе жатқан балықты қас қағым уақытта іле жөнелуі осы құстың зымыран деп аталуына да негіз болса керек: зымыран – зымырау.
Махамбет тілінде де аталмыш құстың аса шапшаңдылығы, зымырауы басшылыққа алынғаны аңғарылады. Жоғарыда көрсетілген өлең жолындағы «Аса шапқан құлаша ат» деген жағымды образ негізінде ақын Исатай бейнесін сомдай келе, оның тез, зымырап өткен қысқа өмірін зымыран құсы арқылы танытып, қаза болғанын меңзеп тұрғандай.
Қазіргі тілде зымыран – ракетаның қазақша баламасы. Сонда зымыран (құс) және зымыран (ракета) коннотацияларының уәжі бір. Ол – «жылдамдық» семасы.
Диссертациялық жұмыста зымыран лексемасы іспеттес лашын, қарақұс, қалықпан, ақсұңқар, құмай, қыран, бүркіт, қызғыш құс, аққу, шағала құс атауларының да Махамбет тілінде көрініс тапқан үстеме мағыналары көрсетіледі.
2.1.4 Түр-түс атауларының коннотациясы. Махамбет өлеңдерінде қолданыс аясы тұрғысынан тек номинативтік және көркемдегіш-сипаттауыш қызметтерімен шектелмей, өзіндік символдық, танымдық терең мәнге ие болуымен ерекше көзге түсетін лексика-семантикалық топтар қатарына түр-түс атаулары да жатады.
Тілдегі түр-түс атаулары белгілі бір заттың сапалық сынын ғана біл
Категория: Ғылыми жұмыс | Добавил: Аслан
Просмотров: 2244 | Загрузок: 457 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>