Главная » Файлы » Жалпы Тарих

Ата жұрт

Скачать реферат с сервера 12.09.2010, 18:23
загрузка...
Тәуелсіздік алған 15 жыл ішінде Қазақстан ғасырларға бергісіз қиын да күрделі кезеңнен өтті.
Атам қазақтың әр уақытта жер, шекара, шеп мәселесіне ерекше көңіл бөлгені баршаңызға мәлім ақиқат. Біздің де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең бірінші қолға алғанымыз осы мәселе болды.
Қазақстан кешегі Кеңес Одағы кезінде дербес мемлекет болған емес. Ол әуелі екі ғасыр патшалық Ресейдің боданы, ал жетпіс жылдан астам уақыт бойына Кеңес Одағының қатардағы республикаларының бірі ғана болды. Сол Кеңес Одағы күйреп, он бес республика өз алдына бөлініп шыққанда, қазақтың кең байтақ жеріне көз алартушылар аз болмады. Бүгін солардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын: ата тарихын жақсы білетін сіздер оны өздеріңіз де аңдап отырған шығарсыздар, бірақ ондай мемлекеттер де, тіпті мұндай ұшқары пікірді ресми түрде айтып қалған оның басшылары да табылды. Міне, осындай ұлт тағдыры тарих талқысына түскен сын сағатта, біздер, сабыр сақтап, алыс-жақын көршілеріміздің бәрімен келелі келіссөздер жүргізіп, іргемізді бүтіндеп, шекарамызды бекітуге кірістік. Ең алдымен, Қытай Халық Республикасымен шекарамызды анықтап, халықаралық хаттамаға қол қойдық.
Қытай патшалық Ресеймен де, кешегі жарты әлемді билеген Кеңес Одағымен де шекара мәселесін түпкілікті шешкен емес. Қазақстанмен шешті және мәңгілікке, ешбір күмәнсіз, күдіксіз шешті.
Бұдан кейін Ресей басшылығымен 13 жыл жүргізген келіссөзіміз де нәтижелі аяқталып, осы жылдың басында екі елдің шекарасы біржолата айқындалып, тиісті құжатқа қол қойылды. Бұл Қазақстанның алты облысын Ресейге қосу туралы әңгімені қоздатушылардың аузына құм құйды.
Дәл осындай келіссөздер оңтүстіктегі Өзбекстан, Қырғызстан және Түркменстанмен де жүргізіліп, олармен де шекара мәселесін түпкілікті шештік. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы өзінің 14,5 мың шақырымдық алып шекарасының ұзына бойына бірде-бір күмәнді, күдікті орын қалдырмастан біржолата айқындап, халықаралық құжаттармен бекітті. Бұл біздің тәуелсіздік жылдарда қол жеткізген ең үлкен жетістігіміз және оны біз бүгінгі һәм болашақ ұрпақ алдында зор мақтаныш сезіммен айта аламыз.
Қазақстан экономикасы Кеңес Одағы тарқағанда сын көтермес жағдайда еді. Дүниежүзілік нарықтың талабына шыдайтын бірде-бір өнім шығара алмайтын республика кәсіпорындарының барлығы дерлік өз жұмысын тоқтатып, ауыл шаруашылығы да құлдырап, кейін кеткен еді. Тіпті республиканың өз валютасы да болмады. Міне, осы жылдарда: «әуелі - экономика, одан кейін – саясат» деген қағидатты басшылыққа алған біздер түбегейлі экономикалық реформаны жүзеге асыруды қолға алдық. Әуелі төлтеңгемізді енгіздік, кейін «Қазақстан - 2030» атты стратегиялық бағдарлама қабылдап, еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуын белес-белесімен алдын ала белгіледік. Нәтижесінде Қазақстан экономикалық реформаны жүзеге асыруда кешегі Кеңес Одағы республикаларының ең алдына шығып, біз ұстанған экономикалық модель дамушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бастады.
Үшінші кезекте біз қоғамның саяси жүйесін, заң шығарушы билікті реформалауды қолға алдық. Соның нәтижесіне халықаралық, демократиялық талаптарға сай келетін Конституциямызды қабылдап, кәсіби деңгейде жұмыс істейтін қос палаталы Парламентімізді сайладық. Өзіміздің ұлттық заңдарымызды қабылдау нәтижесінде ұлттық заңнама қалыптастырып, құқықтық реформаларды жүзеге асырдық. Биыл Ата заңымыздың 10 жылдығына арналған халықаралық конференция кезінде есімдері әлемге әйгілі заңгерлер Қазақстанның ұлттық заңнамасы мен елімізде жүргізілген құқықтық реформа нәтижесінің халықаралық биік талаптарға сай екендігін ерекше атап өтті.
Төртіншіден, біз атқарушы билік жүйесін де реформалауды ойдағыдай жүзеге асырдық. Республика экономикасы мен халық санының ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіби үкімет жасақтап, жаңаша жергілікті басқару жүйесін құрдық. Мұның бәрі бізге басталған реформаларды бюрократиялық кедергілерсіз алға апаруға мол мүмкіндіктер туғызды.
Міне, осылайша іргемізді бекітіп, экономикалық дамуымызды айқындап, заң шығарушы және атқарушы биліктің жұмысын қалыпқа түсіргеннен кейін біз рухани құндылықтарымызды түгендеуге мүмкіндік алдық.
Ең әуелі, туған тілімізді түлеттік. Егер 1990-91 жылдары республикамызда қазақ тілінде оқытатын 2768 мектеп болса, 2005 жылы олардың саны 3700-ге дейін жетті. Соның нәтижесінде республика мектептерінде қазақша оқитын балалардың үлесі 60 пайызға дейін көтерілді. Қазақ тілінде білім беретін жоғары оқу орындарының саны да арта түсуде. Жыл сайын ана тілімізде шығатын кітап, газет-журнал өнімдерінің таралымы көбейіп, теледидар, радио хабарларының мөлшері де арта түсуде. Қазір Қазақстанның 14 облысының бесеуінде іс-қағаздарын жүргізу қазақ тіліне көшірілді.
Ең бастысы, елімізде қазақ халқының үлес салмағы артты. Егер 1989 жылы республикадағы қазақтардың үлесі 40 пайызға жетер-жетпес болса, қазір бұл көрсеткіш 58 пайызға жетті. Кеңес заманында биліктің есігін сығалап жүретін қандастарымыздың мемлекеттік қызметтегі үлес салмағы 80 пайызға көтерілді. Әрине, бұл салада қолға алатын істер әлі де баршылық, бірақ қол жеткізген нәтижелеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай.
Екіншіден, мүбәрак дінімізді дамытуға бар мүмкіндікті жасадық. Тек тәуелсіздік алған жылдары республика бойынша 2000-нан астам мешіт салынып, көптеген медреселер ашылды. Орталық Азиядағы жалғыз «Нұр – Мүбәрак» ислам мәдениеті университетін ашып, жоғары білімді діни мамандар даярлау ісін жолға қойдық. Астананың дәл кіре берісінде елге келген әр мейман мұсылман мемлекетіне келгенін сезінсін деп алтынмен апталған, төрт мұнара, зәулім күмбезді «Нұр - Астана» мешітін тұрғыздық.
Дін – ұстараның жүзіндей өткір ұғым, ал Қазақстан көп ұлтты ғана емес, көп дінді мемлекет. Сондықтан елі іші тыныш болуы үшін дінаралық татулық саясатын да берік ұстанып, жер жаһандағы алуан түрлі дін өкілдерінің басын қосқан әлемдік діндер лидерлерінің алғашқы съезін өткіздік. Келесі жылдың күзінде, құдай қаласа, оның 2-съезін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл да Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артқаны деп білемін.
Үшіншіден, кешегі қызыл империя кезінде жұтылып кетудің аз-ақ алдында тұрған ұлттық мәдениетімізді қайта түлетіп «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жасадық. Бұл бағдарлама бойынша қазақ жеріндегі барша тарихи, мәдени ескерткіштер қалпына келтіріліп, халқымыздың аса бай ауыз әдебиеті, әдеби, мәдени және музыкалық мұрасы жүздеген том болып жарық көруде.
Төртіншіден, біз тәуелсіздікті жариялаумен қоса, оны қорғау қажет екенін ұмытпадық. Мемлекет қауіпсіздігін жүйелеп құрып, өз әскерімізді жасақтадық. Оны нығайтып, қазақтан қолбасшылар, офицерлер дайындауды алғаш рет қолға алдық.
Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіз Қазақстанның дамудың дұрыс жолын таңдап, Абай атамыз айтқандай: «ақырын жүріп, анық басуының» арқасы. Сіздер мен біздердің бірігіп атқарған берекелі жұмысымыздың нәтижесі.
Егер бiзге осы жылдар iшiнде жалпы iшкi өнiмдi екi есе ұлғайтып, бiрлесiп тағы бiр Қазақстан орнататындай межені бағындырсақ, сол күннiң орнағаны емес пе?
Егер бiз осыдан он жыл бұрынғы жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiздiң жетi жүз доллардан сәл ғана асатын көлемiн биылдың өзiнде 3400 долларға дейiн жеткiзіп, ал 2012 жылға қарай бұл мөлшердi 8-9 мың доллар деңгейiне көтерудi мақсат тұтып отырсақ, сол күннiң орныққаны емес пе?
Егер бiздiң экономикалық өсуiмiз кейiнгi жетi жыл iшiнде жылына 9-10 пайызды құраса, мемлекеттiк бюджетке түсiмнiң көлемi үш жарым – төрт есе артса, сыртқы сауда айналымы 4 есе көбейсе, экономикаға тартылған тiкелей шетел инвестициясы 40 миллиард АҚШ долларындай болса, елiмiздiң алтын-валюта резервтерi, тұтас алғанда, 15 миллиард АҚШ долларына жетсе, сөйтiп Қазақстан бүгiнде әлемнiң ең серпiндi дамып келе жатқан елдерiнiң бiрiне айналса, мұның өзi барша жұрт таныған ақиқат болса, сол күннiң біржолата келгені емес пе?
Егер бiздiң елiмiз өңiрдiң көшбасшысына, халықаралық құрметтi әрiптеске, Еуразия кеңiстiгiндегi интеграциялық процестердiң бастамашысына әрi белсендi қатысушысына айналса, сөйтiп 2009 жылы Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету ниетiн мәлiмдеп отырса, қазақтың мерейі тасып, айбыны асқаны емей немене?
Сол ер қазақтың нар заманы келгенінің келiстi көрiнiсi – сiз бен бiздiң жаңа елордамыз Астанада бас қосып отырғанымыз.
Мемлекеттiң мемлекеттiлiгi оның өз тағдырына қатысты ең маңызды мәселелердi өз бетiнше шеше алуынан танылуға тиiс. Еуразия жүрегiне, қазақ жерiнiң кiндiгiне Ақордасын тiккен Астана – Қазақ елiнiң өз қалауымен жасаған дербес таңдауы. Бiз оны осы байтақ даланың шын иесi кiм екендiгiн алыстың да, жақынның да есiне салу үшін жасадық. Бұл арқылы бiз қазақтың осы бiр құйқалы өңiрiндегi ұлттық дәстүрдi, тiлдi, өнердi, әдеттi, әдептi шайылудан, жойылудан сақтап қалу үшін жасадық. Біз оны болашақ ұрпақ үшін, еркін еліміз үшін жасадық.
Ел астанасы Арқа төсiне ауысқалы берi мемлекетiмiздiң өмiрiнде жаңа белес – жасампаздық белесi басталды. Астана құрылысы бүкiл Қазақстан экономикасын алға сүйреген локомотив сияқты болды. Қазiр бүкiл елiмiз Астанаға қарап бой түзеуде. Барлық облыс орталықтарындағы, аудан орталықтарындағы құрылыс қарқыны көңiл қуантып, көз сүйсiнтедi. Астанаға келгелi сiздер көрiп жатқан сәулеттi ғимараттардың барлығы дерлiк бюджеттен тыс қаражаттың, ең алдымен, шетелдiк инвестицияның есебiнен тұрғызылған. Бұл Қазақстанға, оның болашағына деген сенімнің белгісі.
Егер 1997 жылы Астанадағы халықтың саны 200 мың болса, қазiр астаналықтар қатары 600 мыңнан асып кеттi. Егер 1997 жылы қаладағы халық санының 20 пайызы ғана біздің қандастарымыз болса, бүгінде олардың мөлшері 60 пайызға жақындады. Қалаға салынған инвестицияның көлемi 634 миллиард теңгеге жетті. Астананың ажары күн өткен сайын артып барады дей аламыз. Есiлдiң сол жағалауындағы жаңа қаланың жөнi бөлек, әрине, жан-жүрегiмдi жарып шыққан бұл идея – Қазақ мемлекетiнiң астанасын елдiң ортасына алып бару, елордаға қай өңiрден де бiрдей жететiндей ету идеясы тәуелсіздіктен кейінгі мақсат-мұраттарының бiрiне айналды. Ендiгi жерде жер бетiндегi барша қазақтың назарында тұратын, қазақтың асқақ рухы сән-салтанат құратын бас қаламыз Астана!
Қазақстан бүгінде тәуелсiздiктiң тар жол, тайғақ кешуiне өзiмiзбен бiрге түскен елдердiң маңдай алдында. Iшкi жалпы өнiмнiң жан басына шаққандағы көлемi жөнiнен Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығындағы талай елдер бiзбен салыстыруға да келмейдi. Соңғы төрт жылда жалпы iшкi өнiмнiң жиынтық өсiмi 50 пайызға жуық артқаны – бiздегi жасампаздық жұмыстың жарқын жемiсi. Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің қазiргi мөлшерi 60 миллиард долларға жуықтады. Бұл Орта Азия мемлекеттері экономикаларын түгел қосып есептегеннен де артық. Бiз қазiр жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің мөлшерi жағынан күні бүгінге дейін өзіміз тамсанып келген Түркия сияқты елдердiң алдына шықтық. Бес жылдан берi елiмiздің өсу қарқыны шамамен 9-10 пайыздық деңгейiн сақтап келедi. Және бұл көрсеткіш алдағы уақытта да сақталатын болады.
Бiз әлемнiң дамыған 50 мемлекетiнiң қатарына қосылуды мақсат етiп отырған елмiз. Құдай бұйыртса, қосыламыз да.
Стратегиядан бастау алған құжаттардың бiрi –Қазақстан Президентінің халқына Жолдауы. Ол Жолдау Қазақстанның мол мүмкіндігі мен жарқын болашағын елiмiзде ғана емес, халықаралық ауқымда да кеңiнен танытты. Әлемнiң ең iрi елдерi: АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания, Жапония, Корея т.б. мемлекеттердің басшыларының жазған хаттарында бұл Жолдау Қазақстан халқының алдынан ашылатын кемел келешектің кепiлi деп баға беруде. Бүгінде сол Жолдау бойынша халыққа жасалар жақсылықтың бәрi де рет-ретімен орындалу үстінде.
Бұл заман - тек күштiнi, бірлікті мойындаған заман. Бұл заманда әлем тек экономикалық жағынан мықты, iшкi тұтастығы берiк, ауызбiрлiгі күшті мемлекеттермен ғана санасады, сондай елдердi ғана сыйлайды. Қазақстан қазір әлем санасатын, әлем сыйлайтын сондай елге айналды.
Қазақстан қазiрдiң өзiнде айналамыздағы ағайындар қызыға қарайтын мемлекетке айналды.
Бiзде жер байлығы бар. Атырау мен Алтайдың арасындағы алып даланы арғы аталарымыз ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен қорғап қалып, бүгiнгi ұрпағына аманаттап тапсырған. Осынау құлан жортса тұяғы тозатын, қыран ұшса қияғы күйетiн ұлы кеңiстiк қандай жасампаздық жұмысымызға да жетеді.
Бiзде кен байлығы бар. Қазақ жерiнiң асты да, үстi де тұнған қазына. Мұнай да, газ да, хром да, уран да, темiр де, көмiр де, мыс та, алтын да, бәрi де баршылық. Мұндай байлықтың жер астында болғаны бір басқа да, оны өндіріп, халықтың игілігіне жарату одан да қиын. Біз осы қиын түйінді халық игілігі үшін шеше білдік. Жаңа ғасырдың екiншi он жылдығының басына қарай мұнай өндіруді 100 миллион тоннаға, ал 2015 жылы оны 150 миллион тоннаға жеткізіп, әлемдiк мұнай экспорттаушылардың алғашқы ондығына кiрудi межелеп отырмыз. Алдағы жылдары Қазақстан астық өндіруден де әлемдегі алдыңғы бестіктің қатарына кіретін болады.
Бiзде ел байлығы бар. Ел байлығы деген не? Ол – ғылым мен бiлiм, ол – жаңа технология, ол – осы заманғы инфрақұрылым, ол – экономиканы әртараптандыру. Міне, сондықтан алдағы жылдары ғылым мен жаңа технологияны дамытуға бөлінетін қаржы мөлшері 25 есеге дейін өсетін болады. Бұл еліміздегі осы заманғы әлемдік бәсекелестікке төтеп беретін жаңа техника мен технологияны дамытуға мол мүмкіндіктер туғызатын болады.
Бізде рух байлығы бар. Ол – бәрiнен бұрын, отаншылдық сезiм, қазақстандық патриотизм. Оның басты өлшемi – татулық, тыныштық, тұрақтылық. Қазақстан бұл жағынан да баянды байлыққа ие. Қазақ жерiн мекен етiп жатқан 120 ұлт пен ұлыстың, 46 конфессия мен деноминацияның өкiлдерi елiмiздегi саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келiсiмді берік ұстанып отыр. Бүгінгі қазақтар Абай атамыздың “Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп” деген өсиетіне адалдығын әрқашан танытып-ақ келеді және алдағы уақытта да таныта беретін болады.
Әрине, бiздiң, ең алдымен, мемлекеттi ұйыстырушы ұлттың – қазақ ұлтының бүгiнi мен болашағына баса назар аударуымыз керек. Ресей мен Қытай, Түркия мен Германия, АҚШ пен Франция, Швеция мен Иран, Өзбекстан мен Қырғызстан, Түркiменстан мен Ауғанстан… – тағдырдың тәлкегiмен жұмыр жердiң жүзiне жайылып кеткен бауырларымыздың Қазақстанға, Астанаға жеткен жолы сан тарау.
«Жол жүрсе өнеді» дейді дана халқымыз, ал ең басты жол – Отанға бастайтын жол, ол жырақта жүрiп сағыныштан сарғайған қандастарымыздың жүрегi арқылы өтетiн жол. Сол жол, мiне, он бес жылға жуық уақыттан берi олар жиі-жиі атамекенге алып келуде. Талайлары атамекенге жүрек жолымен келiп, туған жер төсiнде тұрақтап қалып та жатады. Оттан да ыстық Отанның ыстығына күйiп, суығына тоңып келеді. Қай жерде жүрсе де, атамекендi ардақтаған адал жүректерi туған жерiмiздiң жақсы атын шығарып келеді.Қазақтар бүгiнде дүние жүзiнiң қырықтан астам елiнде, басым көпшiлiгi Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде тұрып жатыр. Соңғы кездегi деректер бойынша, Өзбекстанда бiр жарым миллион, Қытайда 1 миллион 500 мың, Ресейде миллионға жуық, Түркiменстанда 100 мың, Моңғолияда 80 мың, Қырғызстанда 45 мың қазақ бар. Өзге елдердiң арасынан Түркия, Иран және Ауғанстанда қазақтар бiршама көп және олар жинақы орналасқан. Еуропа мемлекеттерінде қазақтар қадау-қадау, ал мұхиттың арғы жағындағы елдерде тіпті бiрен-саран кездесетiнi белгiлi. Әрбiр үшiншi адамы шекараның сыртында өмiр сүрiп жатқан қазақтың қилы тарихы осылай қалыптасты, ендi өткенге өкiне бергеннен ештеңе өзгермейдi.
Қазақстан Республикасы шетелдердегi қандастарымызды отанға оралтудың кешендi бағдарламасын жасап, жүзеге асырып келедi. Тәуелсiздiк жылдарында, яғни 1991 жылдан биылғы 1 шiлдеге дейiн елiмiзге барлығы 110 мың 591 оралмандар отбасы қоныс аударды. Сөйтiп, еліміздегі қазақтардың саны алты жүз мыңға жуық адамға көбейді. Соңғы кезде көшi-қон квотасының жыл сайынғы мөлшерiн 15 мың отбасына жеткiзiп, оған қажеттi қаржыны мемлекеттiк бюджеттен толық бөлiп отырмыз. Осы қаржының тиiмдi пайдалануын қадағалау қажет. Бұл туралы менiң Жарлығымда бiрiншi кезекте қолдау ата-жұртқа қоныс аударуға жағдайлары келмейтiн отбасыларға көрсетiлуi керек делiнген.
Қазір Қазақстан алып құрылыс алаңына айналып келедi. Таяу жылдардың өзiнде елiмiзде iрi кен орындары игерiледi, жаңа кәсiпорындар бой көтередi, көптеген темiр және автомобиль жолдары салынады, жаңа магистральды құбырлар тартылады, қалада да, далада да тұрғын үй құрылысы өрiстейдi. Осы жұмыстың бәрiн атқаруға Қазақстанның небәрi 15 миллиондық халқының қуаты жете бермейдi.
Егер халқымыздың қатарын қалыңдату мәселесiн ойдағыдай шешпесек, онда бiз сырттан қол күшiн тартуға мәжбүр боламыз. Қазiрдiң өзiнде мәжбүр болып та отырмыз. Мысалы, биылғы бiрiншi жарты жылдықта Қазақстанға 11 мыңнан астам шетел мамандары келдi, мұның өзi өткен жылғы көрсеткiштен 5 мың адам артық деген сөз. Жақын көрші елдердің азаматтары жүздеп, мыңдап Қазақстанға келіп жұмыс істеуге құмар екенін де айта кеткен жөн.
Бiз қолдан келгенiнше Қазақстанға өз күшiмен қоныс аударатындардың қатарын қалыңдатуға күш салуымыз керек. Мұның бiр жолы – елiмiздiң азаматтығын алуды жеңiлдету. Өз бетiмен, өз қаржысына келген азаматтарға заңдық-құқықтық жағынан қажеттi жеңiлдiктер жасау, қолдау көрсету мәселелерiн тиiстi орындар шешуі қажет. Бүкіл халық болып көшіп келіп жатқан ағайынға көмектесу әрбір қазақтың парызына айналуы тиіс. Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң шешiмiмен квотадан тыс келген оралмандарға жергiлiктi бюджет қаражатының есебiнен жер учаскелерi бөлiнетiнiн немесе құрылысқа көмек көрсетiлетiнiн білеміз. Бұл бастаманы әр жерлерде қолдаған жөн. Жалпы, әкiмдер жұмысының бiр өлшемi – өзi басқаратын өңiрдегi адам санының өсуi, соның iшiнде оралмандар есебiнен де өсуi болуға тиiс. Израиль, Германия сияқты өз қандастарын тарихи отандарына шақырып жатқан мемлекеттердiң бұл орайдағы тәжiрибесiне зейiн қою жөн.
Қандастарымызға қаратып айтар жайдың тағы бiрi мынау. Тарихи отанына оралған ағайын, ең алдымен, “Қазақстаным маған не бередi?” деп емес, “Мен Қазақстаныма не беремiн?” деп ойланғаны да дұрыс болар еді. Түркiстанда өткен Құрылтайда шетелдегi iскер азаматтарымыздың Қазақстанға келiп, ортақ шаруаға арласып жатқандары аздау екенiн айтқан болатынмын. Шүкiршiлiк, қазiр бұл iсте де iлгерiлеушiлiк бар екен. Сондықтан барлық облыстардағы әкімдер оралман-кәсіпкерлерге барынша жағдай туғызып, көмек қолын созуға тиіс.
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiнiң iшiнде қандастарын тарихи отанына оралтумен жүйелi айналысып, қомақты мемлекет қаржысын жұмсап отырған жалғыз ел – Қазақстан, ал дүние жүзінде - үш елдің біреуі. Отандастарын ұшақпен тасып жеткiзуге мүмкiндiк тауып жүрген әлемдегi жалғыз ел де Қазақстан болар, тегi. Мұның бәрiнiң қадiр-қасиетiн бiлген жөн. Қазақстан бұл қадамды, ең алдымен, алыстағы ағайынға қамқорлық ретiнде жасайтынын ұмытпаған жөн. Тарихи отанына оралуын қазақ елiнiң қамқорлығындай көрмейтiн, қайта осында келуiн Қазақстанға жасаған жақсылығындай мiндет ететiн, тұла бойы тек талаптан тұратын, елiм дегенде ет бауырын елжiретудiң орнына өкпесiн ала жүгiрiп, қит етсе өкшесiн көрсетуге дайын ағайындардың аз болса да арамызда бар екендiгiн де айта кеткен жөн. Сондай-ақ елiмiздiң тұрмысқа қолайлы саналатын оңтүстiк өңiрлерiн айналшықтай берушiлiк, қалайда өз ағайындары тұратын ауылдан үй-жай берiлмесе оралманның азаматтық құқы тапталып жатқандай санаушылық та бой көрсетiп қалып жүр. Мұндай ағайынға айтарым: Қазақстанға жетiп, орналасып, қатарға iлiгiп алған соң, әркiм-ақ елiмен бiрге өз күнiн өзi көрiп кетуi керек. Мемлекеттiң мiндетi - адамдардың еңбек етiп, өмiр сүруiнiң тиiстi заңдық тетiктерiн жасау, конституциялық құқықтарына кепiлдiк беру.
Қазiргi кезде шетелдегi қазақтармен байланыс жасайтын елiмiздегi ең басты ұйым – Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы. Осы орайда қауымдастық ұйымдастырған түрлi бас қосулар, конференциялар, “дөңгелек үстел” мәжiлiстерi, өнер ұжымдарының сапарлары, әр түрлi көрмелер, әсiресе бiрнеше елде өткiзiлген кiшi құрылтайлар арқылы шеттегi ағайындар Қазақстанның қанатты қамқорлығын талай рет сезiне алды. Мысалы, Германияның Кельн, Берлин, Швецияның Вестерос, Түркияның Ыстамбұл қалаларында, Ресейдiң Алтай Республикасындағы Қосағаш ауданында өткiзiлген кiшi құрылтайлардың бәрiнен де үнемі хабардар болып, Елбасымыз Дүние жүзi қазақтары қауымдастығының төрағасы ретiнде құттықтау жолдап отырды.
Шетелдiк қандастарымызға көмек көрсету дегенде алдымыздан алфавит мәселесi алдымен шығатыны түсiнiктi. Бұл – өте күрделi мәселе. Қазiр жер бетiндегi қазақтың үш бiрдей алфавиттi ұстанып отырғаны мәлiм. Қазақстандағы, Ресейдегi, ТМД-ның бiрқатар елдерiндегi жазу – кириллица. Түркиядағы, Батыс Еуропадағы жазу – латиница. Кейiнгi кезде бұл жазуға Орталық Азиядағы кейбiр көршiлерiмiз де көшiп алды. Қытайдағы қазақтардың ұстанатын жазуы – арабшаның төте жазу үлгiсi. Бiздiң өзiмiзде де бұл жөнiнде талай пiкiрталас жүрiп жатыр. Бiреулер: “Латынға көшпей болмайды, бұл түркі әлемін біріктіретін бірден бір жол, бүкiл әлем түбiнде сол жазуға көшуі мүмкін”, деседi. Бiреулер: “Латынға көшсек қазақ фонетикасына тән бiрқатар дыбыстардан айырыламыз, кириллицада жарық көрген жүздеген миллион кiтаптарда жинақталған бiлiмнен қол үземiз" деседi. Екi пiкiрдiң де жаны бар. Сондықтан мен бұл тақырыптағы пiкiрталастарды біздің ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкілдері барынша зейiнмен зерделеп, халқымыздың тағдырына қатысты аса маңызды мәселеде бiр тоқтамға келгені жөн деп есептеймін. Мұндай мәселені асықпай, аптықпай қарап, «жеті өлшеп, бір кескен» жөн.
Тәуелсіз Қазақстан жасасын!
Астананың абыройы, Ақорданың айбыны арта берсін!
Әрқашан бірге, әрдайым алда болайық, ардақты ағайын!
Категория: Жалпы Тарих | Добавил: Косжанов
Просмотров: 1779 | Загрузок: 284 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
>